Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы


З. АХМЕТОВ 242 I БӨЛІМ. ТІЛ КЕСТЕСІ



Pdf көрінісі
бет138/227
Дата09.02.2023
өлшемі3,11 Mb.
#168140
түріБағдарламасы
1   ...   134   135   136   137   138   139   140   141   ...   227
Байланысты:
әдебиет теориясы

З. АХМЕТОВ


242
I БӨЛІМ. ТІЛ КЕСТЕСІ
I таpay
 ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ БЕЙНЕЛЕУ ҚҰРАЛДАРЫ
Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық 
үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық 
құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол – 
айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің 
қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, 
өнімді саласы. Сондықтан поэзиядағы сөз суреттілігі, бейнелілігі 
өмір шындығынан нәр алып, соған тікелей жалғас туады. Cөз қолдану 
шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз өмір құбылыстарын танып-
білу, ұғып-түсіну қабілетімен, көркем ой-сезім қуаттылығымен терең 
тамырласып, қабысып жатады.
Поэзия тілінің сипат-ерекшелігін сөз еткенде, оны поэзиялық 
туындылардың, өлең-жырлардың мазмұнынан бөлек алып қарауға 
болмайды. Өйткені поэзияның, өлеңнің тілі, оның негізгі өзгешеліктері 
көркем шығарманың идеялық мазмұнын ашу, жеткізу талабына сай 
қалыптасады. Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, 
бейнелі. Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін сол ой-
сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Поэзия өмір шындығын асқан 
ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бей нелеп 
суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой-сезімді жеткізудің 
құралы ғана.
Поэзиядағы, өлең-жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлде қандай 
бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, 
образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан 
туады. Өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір 
сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе – ақындық 
ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі. Өлең сөз кестесіндегі, поэзия 
тіліндегі көп ерекшеліктерді дұрыс түсіну үшін, ақындық ойдың, көркем 
ойдың, өзгешелігін, дүниені эстетикалық жағынан қабылдап-танудың 
өзгешелігін жақсы ұғу шарт.
Ғылыми-теориялық ойлау жүйесіне, абстракциялық ойға не нәрсенің, 
құбылыстың болсын жалпылық сипатын, маңызды, басты қасиеттерін, 
заңдылықтарын ашып көрсету тән екені белгілі. Сондықтан дүние 
танудын бұл әдісі ғылымның әртүрлі заңда рына, теориялық қисын, 
қағидаларға, логикалық қорытындыларға сүйенеді. Ал көркем ойға, 
образды, бейнелі ой жүйесіне тән өзгешелік – не нәрсенің, қандай 
құбылыстың болсын маңызды, ішкі қасиеттеріне және көптеген ұқсас 


243
құбылыстар мен нәрселердің ортақ ерекшеліктеріне қоса олардың жеке, 
өзіндік, жалқы сипатын танып-білуге ұмтылу. «Ақын образбен ойлайды, 
ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді», – дейді 
В.Г.Белинский.
Поэзия қандай затты, құбылысты болсын жіктеп-бөлшектемей, оның 
өзгеге ортақ жалпы сипатын жалқы, өзіндік сипатынан ажыратып бөліп 
алмай, тұтас күйінде, өмірдегі қалпына сәйкес етіп алуға ұмтылады. 
Әрине, өмір құбылыстарының құпия сырын, терең жатқан мәнін, өмірдегі 
сан қилы қатынас-қайшылықтарды, көп нәрсенің ұқсас-ортақ сипаттарын 
ашып көрсететін орасан зор қуат-күш поэзияда да бар. Көптеген 
құбылыстарға ортақ сипат-қасиеттерді, аса маңызды ерекшеліктерді 
бір нақтылы суреттің, бір көркем бейненің бойына жиыстырып, типтік 
дәрежеге көтеріп көрсету – көркем өнердің, соның ішінде поэзияның 
негізгі әдісі. Поэзия өмір құбылыстарынан қорытынды-түйін жасап, көп 
нәрсеге ортақ маңызды сипат-ерекшеліктерді екшеп, жинақтап, типтік 
дәрежеге көтергенде де, сол суреттеліп отырған құбылыстардың, нәрсенің 
нақтылық, бейнелілік, образдылық сипатын, даралық ерекшеліктерін 
сақтап қалады. Яғни поэзияда қорытындылап-жинақтау мен даралау, 
ортақ сипаттар мен жекелік сипаттар ұштасып, ұласып жатады. Осы екі 
жағы тұтасып, бірігіп келгенде ғана көркем образ, көркем бейне туып, 
өмірдің көркем суреті жасалады.
Әдебиетке, поэзияға тән өмір шындығын көрнекі, айқын об раз, бейне, 
нақтылы сурет арқылы ашып көрсету әдісі дүниенің шексіз мол, сан-
алуан құбылыс-көріністерін кеңінен қамтуға және оларды ішкі-сыртқы 
ерекшеліктерімен жан-жақты сипаттауға мүмкіндік береді. Поэзияда 
адам өмірі, мінезі, іс-әрекеті, кескін-келбеті бейнеленгенде оның сан 
алуан дара, дербес өзгешеліктерін толық сақтаған және сол адам өскен 
ортанын, дәуірдің сырларын танытатын типтік қасиеттері бар жанды 
тұлға жасалып шығады. Сөз шеберінің құдыретті өнерінің туындысы 
болған осындай көркем бейне бойына жан бітіріп, қан жүргізіп қойғандай, 
бетінің нұры, көзінің жанары сәуле беріп, жүрегінің соғуы, тыныс-демі 
сезіліп тұрғандай әсер қалдырады.
Поэзиядағы өмір суретінде қандай да болсын құбылыстар, заттар 
өзінің нақтылы бейнелілік сипатын сақтап, бөлшектелмей, тұтас, табиғи 
қалпында алынатындықтан, кейде сырт көзге осын дай суреттер оп-
оңай, дайын күйінде туа қалатын өмірдің көшірмесі сияқты көрінуі де 
ықтимал. Ал асылында, күнделікті өмірде не нәрсенің, құбылыстың 
болсын маңызды, типтік сипат-ерекшеліктері мен әртүрлі кездейсоқ 
жайлар бірінен бірі айрылып-бөлінбеген күйде кездесетін болса, 
поэзиялық шығармада типтік ерекшеліктер де, сондай-ақ жекелік, 
даралық ерекшеліктер де екшеп, ажыратып алып, қайта қосып қойғандай 
әлдеқайда көрнеу тұрады. Өмір шындығы ақынның, суреткердің көркем 


244
ой көрігінен өтіп, оның эстетикалық талғам-талабына сай қорытылып 
шыққанда ғана поэзиялық шындыққа айналады. Көркем шындық 
сондықтан әйтеуір бар нәрсе, тек өмірде болатын не болған нәрсе емес, 
ақынның жан дүниесінің жарқын сәулесімен нұрланып шыққан, оның 
ақыл-парасатынан, шабытты, асқақ арманынан қуат алып, құлпырған, 
әдемілік-сұлулыққа ынтық эстетикалық сезімінен нәр алған өмір 
шындығы. Ол – өмір құбылыстарының ішкі сырын, мәнін терең ашып 
беретін, солардың сипат-қасиеттерін, типтік тұрғыдан талғап, саралап 
көрсететін шындық.
Поэзия деген сөздің өлең, жыр деген мағынасынан басқа, ретіне қарай, 
көркемдік, әсемдік деген мағынаны да беретіні тегін емес. Поэзия терең, 
нәзік сезімнен туады. Ол көңілдің толқынын, жүректің лүпілін білдіреді. 
Жалпы поэзияға тән қасиет – айтылып, баяндалып отырған нәрсе жайлы 
ұғым, түсінік беру емес, оны бейнелі түрде сипаттау, суреттілік десек, 
осы ерекшелік лирикалық өлеңдерден айрықша байқалады.
В.Г.Белинский «Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлу» деген 
еңбегінде лирика хақында былай дейді: «Поэзияның өзге шығармалары 
секілді лирикалық шығарма да ойды сөзбен жеткізеді, бірақ ол ой тікелей 
бой көрсетпей, адамның дүниені сезінуі арқылы аңғарылады да, ол 
туғызған елес-көріністі белгілі, үйреншікті ұғымдармен айқын, анық етіп 
айтып беру қиынға соғады. Мұның өте-мөте қиын болатындығы – таза 
лирикалық шығарма сурет-картина тәрізді, алайда ондағы негізгі нәрсе – 
картинаның өзі емес, біздің көңіліміздегі ол туғызған сезім»
75
.
Өлең сөз сезімге толы, мейлінше әсерлі, көркем, бейнелі болып 
келеді. Өмірді көркемдік жолмен қабылдап, сезіну, эстетикалық, 
ақындық сезім, айрықша эмоционалдық, сезімталдық – поэзия тілінің 
басты ерекшеліктерін, міне, осылар белгілейді. Өлең тілінің бейнелі
көркем, кестелі болып келуі поэзиядағы ой-сезімнің әсерлі көркемдігін, 
бейнелілігін, сұлулығын танытады. Бейнелеп айтуға, сұлу сурет жасауға 
бейімділік – өлең тіліне ең бір тән қасиет. Суреттеу, баяндаудың көрнекілігі, 
дәлдігі, нақтылығы көркем образ жасау мақсатына сәйкес келіп, суреттеп 
отырған құбылыстың типтік ерекшеліктерін де айқын, анық қамтуға 
тиіс. Поэзияда не нәрсенің болсын дараланып, жекеленіп көзге түсетін 
ерекшеліктері өмір құбылыстарының адамның мінез-әрекетінің елеулі 
сырларын, маңызды жақтарын, ішкі қасиеттерін танытатын, аңғартатын 
болғандықтан алынады. Өлең тілінің көп ерекшеліктері поэзияның ең 
негізгі, басты қасиеттерінен өрбиді яғни олар поэзияға бірден-бір тән 
дүниені эстетикалық, ақындық сезіммен қабылдау өзгешелігіне сәйкес 
қалыптасады.
75
Белинский В.Г. Собрание сочинений в трех томах. Т.ІІ. ГИХЛ. М., 1948. стр. 13.


245
Желсіз түнде жарық ай, 
Сәулесі суда дірілдеп 
Ауылдың жаны – терең сай, 
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы, 
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып,
Үрген ит пен айтаққа,
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл ғып,
Елең қағып, бос шошып.
Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?
Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» атты осы өлеңінің тіл кестесіне 
тән барлық ерекшеліктер, эпитет, метафора және басқа суреттеу, 
бейнелеу құралдары құбылысқа ақынша қарап, эстетикалық тұрғыдан 
баға беру талабына бағындырылған. Түн желсіз, ай жарық. Су бетінде 
ай сәулесі дірілдеп көрінеді. Ауылдың жанында, терең сайда өзен тасып, 
күрілдеп ағып жатыр. Ақын түнді желсіз, айды жарық, сайды терең 
деп бейнелейді, сәуленің дірілдеп көрінген қалпын, өзеннің күрілдеп 
естілген шуын нақтылап сипаттап береді. Бұл кімнің аулы, жылдың қай 
кезі, айдың қай мөлшері, қайдағы сай, ағып жатқан қандай су – оларды 
анықтап айтып жатуды мақсат етпейді. Одан әрі ауыл маңында қанша 
мал бар, ол кімнің малы, малшылары кім дегенді дәлдеп айтпайды, 
аулақта жолыққан қыз, жігіттің кім екендігі де анық емес. Әрине, дәл осы 
өлеңде суреттелмегенмен, басқа бір өлеңдерде қыз бен жігіттің сипаты 
суреттеліп, портреті жасалуы мүмкін. Мәселе – поэзияға тән көркем 
суреттеу әдісі жайлы, қандай өмір құбылысы бейнеленсе де, тек ең 
қажетті, ең маңызды қасиет-ерекшеліктер талғампаздықпен сұрыпталып 
алынатындығына көңіл аудару.
Ақын жүрегін толқытып-толғантқан нәрсе – ауыл табиғатының 
таңғажайып сұлулығы, осы табиғат көрінісінің адам жан сезімінің 
сұлулығымен ұштасатыны. Сондықтан өлеңнің әр сөзі, сурет-бейнесі де 
осыны аңғартуы керек. Мәселе нақтылы бір ауылды атауда емес, мұндағы 
мақсат мал баққан қазақ аулының бейнесін жасап беру ғой. Осындай, 
немесе осыған ұқсас сурет-көрініс қай ауылда болсын бар емес пе?! Қай 
жы лы, қашан деп анықтап жату да шарт емес. Жылдың қай мөлшері екенін 
айтып жату қажет пе? Жаздың іші екені өлеңдегі суреттен-ақ көрініп тұр. 
Жаз ортасындағы ыстық күндерде жайлауда осындай бір жайлы, желсіз, 
қоңыр салқын, айлы түн болатыны бар ғой. Ауыл адамдарының күндізгі 
шаруа әбігершілігінен қолы босап, тыным тауып, тыныс алған кезі екені, 
малдың ауыл маңында жусап жатқаны – бәрі де өлеңдегі суреттен айқын 


246
көрініп тұр емес пе? Ауылдағы түнгі дауыс-үндер қандай шеберлікпен 
бейнеленген десеңізші?! Анадайдан естіліп тұрған өзен суының күрілі, 
тау жаңғыртқан малшылардың айғайы, иттердің үргені – бәрі де тап 
басып, дәл көрсетілген.
Өлеңнің мазмұнын бағдарлап қарасақ, онда басы артық бір эпитет, 
сипаттама жоқ екеніне көзіміз жетеді. Бәрі де ауылдың көркем бейнесін 
жасауға тікелей қатысып тұр. Маужыраған желсіз, әсем түн, жарық ай – 
бұл детальдар ауыл түнінің тамаша сәтін, адамның табиғат құшағында 
отырған қалпын елестетеді. «Тау жаңғырығып», малшылардың айғайы 
мен үрген иттердің даусына үн қосып кетуі де қайталанбас ғажайып сурет. 
Ол жанды-жансыз дүниенің – ауыл адамдары мен оларды аясына алып 
тұрған табиғаттың үндесіп, бір тұтас көрінген қалпын танытады. Суда 
дірілдеп көрінген ай сәулесі табиғаттың көркемдік, сұлулығынан алған 
әсерімізді және күшейте түседі. Ағаштың жапырағын «сыбырласып өзді-
өзі» деп сипаттайтын штрихтың өзі елдің жаңа бір жаны жай тауып, тыным 
алып, тыныстап отырған кезін аңғартуда зор мәні бар. Біз айлы түннің 
адам жанын рахатқа бөлеп тербеткен тыныштығын сезінгендей боламыз. 
Таңғаларлық нәрсе – айналадағы түнгі дыбыс-үндер бұл тыныштықты еш 
бұзбайды, қайта сол сезім-әсерімізді күшейте түседі. Үйткені аулақтағы 
өзеннің шуы, иттің үргені, таудың жаңғырығы – бұлардың бәрі де түн 
тыныштығында, әсіресе анық естілетінін әркім жақсы біледі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   134   135   136   137   138   139   140   141   ...   227




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет