ЗАҢНЫҢ ТІЛІ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БОЛУЫ ТИІС
Аннотация:
бұл мақала заңдарды мемлекеттік тілге
аударудың сапасына қатысты заң техникасына байланысты
проблемаларға арналған. Нормативтік құқықтық актілердің
мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде заңдық терминдердің
бірізділігінің сақталмауына назар аударылады. Оған күнделікті
қабылданып жатырған заңдарымыздың мемлекеттік тілдегі
нұсқаларының сапасыздығы мысал бола алады. Сапасыз заңдар
практикада іске асырылмайды, себебі оның өзі түсініксіз
жазылған.
Ключевые слова:
мемлекеттік тіл, заң тілі, заңдық
терминдер, нормативтік-құқықтық актілердің сапасыздығы.
Кіндік қанымыз тамған қасиетті атамекеніміз Қазақстан
Республикасының сонау 1991 жылы тәуелсіздігін алған сәттен
бастап, қазіргі күнге дейін жалғасын тауып, өзектілігін
жоғалтпаған, тек бір азаматтың ғана емес, түгел қоғамдың
мәселелерінің қатарына айналған – тіл мәселесі бүгінгі күннің
маңызды тақырыбы болмақ. Мемлекеттік тіл – заң мен қоғам
бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын, азаматтардың күнделікті
күнгөрістеріндегі әрбір қарым-қатынас механизмдерін реттеуші
тұрақты және аса қажетті аппарат болып табылады. Сондықтан,
ең бірінші қатарда, заңның тілі осы қоғамда тұратын азаматтар
үшін ұғынықты, әрі қолжетімді болуы тиісті деп ойлаймын.
Өйткені, халықтың өз тілінде, түсінікті жазылған заңдар
жалпылама ұлттың құқықтық санасын, қоғамның құқықтық
мәдениетін көтереді.
185
Тіл мәртебесі әрқашанда кез келген мемлекеттің мәселесі
болып табылады. Мемлекеттік билік тарапынан елеулі еліміздің
заңдарын бір ретке келтіру мақсатында сан алуан жұмыстар
жасалуда, бірақ заңдарымыз бен заңнамалық құқықтық
актілермізде аударма жағынан көптеген кемшіліктер орын
алған. Мемлекеттің тілдің мәртебесін қорғау бұл, біріншіден,
қазақ тілін еліміздегі тілдік саясаттың басты бөлігі ретінде
қарастыруға кепілдік береді. Екіншіден, егемен еліміздің тіл
саясатында мемлекеттік тілге берілген басымдылық мемлекеттің
тұтастығын айқындайтын мемлекеттік ұлт саясатының маңызды
бөлігі. Үшіншіден, әрбір елдің қуатты күші, байлық-бақыты
экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге
мәдени, рухани өрісімен де айқындалса, ал мәдени өре, рухани
талғам халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тікелей тәуелді
екені белгілі [1, 8].
Заң – мемлекетіміздің азаматтарының салауатты өмір сүру
ережесі болып табылады. Сол себептен, әр сөз нақты, әрі дәл
болуы керек деп ойлаймын. Бірақ, еліміздегі заңдар ресми тілде
талқыланып, қабылданады. Оның себебі мемлекеттік тілдегі заң
терминдері жүйеленбеген, түрлі мағына беретін немесе
баламасы дау тудыратын терминдерге толы. Ресми орыс тілінде
жазылып, мемлекеттік тілге аударылатын заңдар түрлі
қателермен ерекшеленеді. Елімізде әлі күнге дейін негізгі
заңдарымыз ең алдымен орыс тілінде қабылданып, кейін
мемлекеттік тіл – қазақ тіліне аударылады. Парламентте заң екі
тілде: қазақ және орыс тілінде қабылданады, бірақ заңның
мәтінін талқылау негізінен орыс тілінде жүреді.
ЖОО-ның заң факультетінің қазақ бөлімінде білім алушы
студент ретінде күнделікті құқықтық пәндер бойынша
сабақтарға дайындық кезінде әрқашан құқық нормалары мен
заңдық терминологияларды қазақ тіліне дұрыс аудармауға
байланысты қателерге тап боламын. Сол себепті, бір заңнама
немесе құқықтық нормативтік актіні оқып, түсіну барысында
берілген заңның қазақша нұсқасымен қатар, орысша нұсқасын
тауып оқу, орысша әдебиеттерге, қайнар көздерге жүгіну сияқты
мәселелерге тап боламын. Айта кетерлік дүние, тіпті кәсіби
заңгер мамандардың өздері азаматтық немесе әкімшілік істерді
қарағанда заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде түсініксіз
186
немесе қате аудармаларға байланысты орысша мәтініне
жүгінуге мәжбүрлі. Мысалы, Қазақстандағы түрлі сот істерінде
танылған адвокат Абзал Құспан мемлекеттік тілде өтетін
соттарға заңдардың орыс тіліндегі нұсқасымен дайындалатынын
айтады. «Заңның мемлекеттік тілдегі баптарын орыс тіліндегі
нұсқасымен салыстырып қана толық түсінемін. Себебі
заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасының сөйлемі өте күрделі», –
дейді ол [2]. Осы тұста маман түсінбеген мәтінді, қарапайым
халықтың түсінуіне кім кепілдік бере алады деген сұрақ
туындайды.
Қолданыстағы заңдардың қазақша нұсқасына зер сала
оқысақ, оған негізінен мағыналық аударма емес, сөзбе-сөз
аударма, ресми тіл емес, көркем әдебиет тілі тән екеніне көзіміз
жетеді. Соның салдарынан заңның тілі әркелкі, терминдерді
қолдануда бірізділік жоқ, мағынасы түсініксіз, заң аудармасы
сапасы мүлде сын көтермейтіндей халге жетіп отыр. Қазақстан
Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы,
Қылмыстық, Азаматтық Кодекстердің, сонымен қатар тағы
басқа нормативтік құқықтық актілердің қазақша нұсқасын алып
қарастыратын болсақ, оларға негізінен мағыналық аударма емес,
ресми тіл емес, әдеби тілі тән екеніне көзіміз жетеді. «Күмән
сөздің егесі болғанымен, куә сөздің шегесі» – демекші, сөзімізді
қуаттау үшін нақты мысалдарға жүгінелік. Негізгі заңның –
Конституцияның өзінде заң техникасының тілге қатысты
талаптары сақтала бермейді. Мысалы, Конституцияда бір сөздің
бірнеше синоним сөздерімен жазылуы («құқы», «құқығы»,
«құқысы», «хақы», «хақылы», «хақысы»), бір терминнің орнына
әртүрлі сөздердің қолданылуы («еркіндігі», «бостандығы») [3].
Әл-Фараби
атындағы
Қазақ
ұлттық
университетінің
оқытушысы, құқықтық нормативтік актілерді редакциялау,
қазақ тілінің табиғатына сай нормаландыру мәселесімен
айналысып жүрген Кенжетай Құрманбайұлы адвокаттың қазақ
тіліндегі заң мәтіндерін түсінбейтініне таңғалмайды. Ол мұны
аударма тілінің сапасымен байланыстырады. «Орыс тілінде
сөйлем "и" деген шылаумен жалғаса береді. Қазақ тіліне
аударғанда "и-дің" орнына "және" деген шылауды қойып
шұбалаңқы сөйлем құрай салады. Жүзден астам сөзі бар бір
сөйлемде "және" 11 рет қайталанған. Қазақ тілі мен орыс тілінің
187
табиғаты бөлек. Қазақ тілінде сөйлем етістікпен аяқталады» [2].
ҚР Азаматтық кодексінің қазақ тіліндегі нұсқасын зер
сала оқысақ, онда сөздердің қазіргі жазылу емлесін ескермеу,
құқықтық мағынасынан гөрі көркем әдебиеттік сипаты басым
сөздерді қолдану, стильдік үйлесімділіктің болмауы орын алған.
ҚР Азаматтық кодексінің ерекше бөлімінде «интеллектуальная
собственность»
термині
үш
түрлі
аударылған:
«интеллектуалдық меншік», «санаткерлік меншік», «зияткерлік
меншік» – бұл орысша мәтіндегі бір сөздің екі, үш сөзбен
аударылуы. Қазақ іс қағаздарының мәтіндерінде бір ұғымды
түрліше жазуын, бір жерде – “рынок”, келесіде – “нарық”, бір
мәтінде – “қағида”, екіншіде – “ереже” деп жұртты
шатастырмауымыз шарт. Азаматтық Кодекстің 47 бабында
“разделительный баланс” сөз тіркесі “бөлу балансы”, “айыру
балансы” деп екі нұсқада қолданылады. Аталған Кодекстің 240
бабында “приобретательская давность” сөз тіркесі “иелену
мерзімі” деп аударылған. Заңгер болып табылмайтын
қарапайым халыққа белгіленген затқа меншік құқығының
жалпы мерзімі ретінде түсінеді, бірақ бұл тұста оның түпкі
мағынасы болып иесіз мүлікке өзінің меншік құқығының алуын
айтамыз. Менің пікірімше, бұл жерде “иелену мерзімі” емес,
“иесіз затқа меншік құқығына ие болу мерзімі” деп түсініктірек
болып аударылуы тиісті деп ойлаймын. Азаматтық Кодекстің
242 бабында осы 240 баптың “иелену мерзімі” – “иелену
көнелігі” деп, ал 247 баптағы “Көмбе” сөзі, “Қазына” екі түрлі
жазылған [4].
Сондай-ақ ҚР Азаматтық процестік кодексінің мәтініндегі
заңдық
аудармалардың
қолданылу
ерекшелігіне
назар
аударайық. Кодекстің бүкіл мәтінінде «лица, участвующие в
деле» атауы «іске қатысатын адамдар» деп аударылған.
Мәселен, Кодекстің 5-тарауының атауында «іске қатысатын
адамдар», 43-бапта «Іске қатысатын адамдардың құрамы» және
т.б. Заңның қазақ тіліндегі мәтінінде «лицо» деген сөз «адам»
деп
аударылған.
Бұл
дұрыс
емес,
себебі
43-бапта
қарастырылғандай, іске қатысушылар деп тараптарды; үшінші
тұлғаларды; прокурорды; мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-
өзі басқару органдарын, заңды тұлғаларды немесе осы
Кодекстің 55 және 56-баптарында көзделген негіздер бойынша
188
процеске кіретін азаматтарды айтады. Мемлекеттік органдар,
жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, заңды тұлғаларды
адамдар деп атау қате, сондықтан «іске қатысушы тұлғалар» деп
өзгерту керек.
Дәл осындай аудармадағы сәйкессіздіктер мен қателіктер
АПК-ның 9-бабының 2-бөлімінде айқындалады «2. Азаматтық
сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдардың және
лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен, сондай-ақ басқа
да тұлғалардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген
әрекеттерді жасауына байланысты жеке тұлғаға келтірілген
моральдық зиян, жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға келтірілген
залалдар заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс» [5].
Аудармадағы қателік «Должностное лицо» деген сөздің
«лауазымды
адам»
деп
аударылуында.
Қазақстан
Республикасының көптеген нормативік құқықтық актілерінде
«лауазымды адам» деген ұғымға қатысты қолданылатын
«лауазымды тұлға» деген сөз тіркесін көре аламыз.
Кодекстің
орыс
тіліндегі
мәтінінде
қолданылған
«принцип» термині қазақ тіліне «қағидат» деп аударылған, оны
«қағида» деген сөзбен ауыстыруды ұсынамыз. Себебі бұған
дейін заң әдебиеттерінде, құқықтық актілерде «қағида» термині
қолданылып келген болатын, үйреншікті терминді бұрмалаудың
қажеті жоқ деп санаймыз.
Қарап отырсақ, алысқа кетпей бір баптың өзінде қаншама
қателіктер мен аударма мәселелеріне тап боламыз. Менің
ойымша, осы мәселені шешу үшін аударма процесіне емес,
заңды әзірлеу мен қабылдау процестеріне аса мұқият назар
салуымыз қажет. Қазақстан Республикасында заң қабылдау
және оның тәжірибедегі қолданысын шыңдаудың басты қайнар
көзі болып заңдарды өмірге келтіру рәсімдері болып табылады.
Заң жүзінде, мемлекетіміздің тепе-теңдігі мен қоғамдағы
тәртіпті қамтамасыз етуші заңдарымыз ең алдымен қазақ тілінде
әзірленіп, қабылданып, тек содан соң, басқа тілдерге аударылуы
тиісті. Бұл ҚР «Тіл туралы» Заңының 9-бабында көзделген,
мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп,
қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа
тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу
орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн, – деген заңға қайшы келеді [6].
189
Көршілес мемлекеттердегі заңшығару процесіне зер салып
қарайтын болсақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан
мемлекеттерінде заң өз мемлекеттік тілдерінде қабылданады.
Мемлекеттік
заңдардың
сапасын
көтеру
арқылы
мемлекеттік тіл – қазақ тіліміздің мәртебесін көтеруге қол
жеткізуіміз керек деп санаймын. Мемлекеттік тіліміздің
мәртебесін көтеру үшін, тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің
тірегі Қазақстан Республикасының Конституциясына назар
аударайық.
1995
жылы
30
тамызда
республикалық
референдумда қабылданған, Ата заңымыз – Қазақстан
Республикасының
Конституциясының
7-бабының
1-2
тармақшасына
сәйкес:
«Қазақстан
Республикасындағы
мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және
жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде
қазақ тілімен тең қолданылады», – делінген [3]. Сондай-ақ,
Қазақстан Республикасындағы «Тiл туралы» Заңның 4-бабында
«мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық
қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік
басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі», –
деп жазылған [6]. Түсінікті болу үшін атап өту қажет, осы
заңнамаларға сәйкес, мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің
мәртебесін ашық болмасада, орыс тіліне де берілген. Елімізде
орын алып жатқан сан алуан тілдік мәселелердің бастауы,
қайнар көзі осында деп ойлаймын. Тайға таңба салғандай айқын,
мемлекетімізде қабылданатын заңдар ең алдымен орыс тілінде
жазылып мақұлданып, кейін ана тілімізге аударылады. Осы
тұста тоқтап, ойланайық. Неліктен біздің мемлекетімізде билік
етуші күші бар, қоғамдық өмірдің тірегі мен ең алдымен адам
құқықтарын қорғаушы заңдары басынан бастап, мемлекеттік ана
тіліміз – қазақ тілінде жазылмасқа? Қазақ тілінде құрастырылып
жазылған заңдардың, орыс тілінен аударылып жазылған
заңдарға қарағанда мән-мағынасы да, халық алдында мәртебесі
өседі. Қазіргі аударма заңдар өз алдына көптеген мәселелерді
туындатып, мемлекет бюджетінен шығындарды көбейтіп жатыр.
Өйткені, заңдарды аудару үшін қосымша қаражат жұмсалады.
Ол туралы, Әділет министрі жаңа заң жобаларына сараптама
жасауға құқылы тұлғалар санын арттыру көзделіп отырғанын
мәлімдеді. Бір жағынан бұл жақсы. Біз ашық, демократиялық
190
қоғам құрудамыз. Бірақ сараптама сапасы үшін кім
жакапкершілік арқалайды? Оның үстіне құқықтық сараптамаға
Үкімет тапсырыс береді және ел қаржысынан ақы төленеді.
Әзірге оның сапасы сын көтермейтіне куә болудамыз. Біз тіпті
заң жобасына қоса берілетін құқықтық сараптамаларды оқуды
да қойдық. Себебі бір-біріне тамшыдай ұқсас келеді. Олардағы
ең басты критерий – заң жобасының бюджет шығысын
арттырмайды. Басты өлшем осы ма?! Ендеше құқықтық
сараптама сапасының өлшем-шартын толығымен қайта қарау
керек. Сонымен қатар, сарапшылардың жауапкершілігі туралы
да ойласқанымыз абзал [7].
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деп атап
өткен данышпан Абай атамызды еске алып, билік басында
отырған тұлғалардың орыс тілді болғандықтан, мемлекеттік
тілімізді білмей, шұрайлы, шексіз бай тегеуріні мықты асыл
қазақ тіліміздегі төл әріпті сөздері бар мәтіндерін еш түсініксіз,
бұрмалап, ежелеп оқығаны, халқымыздың ұятты, намысты
оятатын дүние деп білемін. Халық мақтанып, үлгі тұтатын билік
басында заңшығару қызметінде жүрген осындай тұлғалардың
жұмысының салдарының бірі – тіл мәселесінің шексіз
созылуына әкеліп отыр. Қазірге дейін "Көші-қон туралы" және
"Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" деп
аталатын екі заң ғана мемлекеттік тілде қабылданған. Үкімет те,
парламент депутаттары да қазақ тілінде басқа заң жобаларын
ұсынбаған [2]. Менің ойымша, мемлекеттік тілдің мәртебесін
көтеру үшін, Ата Заңымыз Конституциямызда мемлекеттік тіл,
ресми тіл дәрежесін тек қазақ тіліне беру қажет, сонда ғана бұл
мәселе түбімен шешіледі. Қазақ тілінің қолданысы кең ауқымды
аяқ жайып таралуында, тіпті елеулі еліміздің ертеңі, көздерінде
от жанған жастарымыздың арасында беделінің өсуінде үлкен
маңызды шара болмақ деп есептеймін.
Заңдық терминдердің бірізділігін қамтамасыз ету арқылы
ғана біз заңдардың қазақ тіліндегі сапасын қамтамасыз ете
аламыз. Ол үшін заңдық терминдер сөздігін құрастырып,
жалпыға бірдей міндетті қолдану үшін, оны нормативтік
құұқықтық акт нысанында қабылдау қажет.
Заңдық терминдердің көпшілігі рим құқығынан (әсіресе,
азаматтық заңдар және азаматтық процестік заңдар) енген
191
латын, ағылшын, француз тілінен шыққан терминдер
болғандықтан оларды қазақша ауадрмай-ақ сол күйінде
қалдырған жөн деп санаймыз [8, 134].
Аудармадан кейін қабылданған заңның эүзеге асуы,
өмірде қолданылуы, халықтың ол заңды қабылдай алуы өте
қиын. Себебі аз уақытта аударылған заңдарды халық түсінбейді.
Сөйтіп, заңдардығ екі тілдегі мәтіндерінің сәйкессіздігіне
әкеледі. Бұл мемлекеттік тіліміздің міртебесін төмендетеді.
Қабылданған заң жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін заңның тілі жұмыс
істеуі керек. Шынында, заңдар алдымен мемлекеттің тілінде
дайындалып, содан кейін ғана ресми тілге аударылуы тиіс.
Қорытындылай
келе,
тәуелсіз
мемлекетіміздің
құрылғанына 30 жыл өтті, алайда мемлекеттік тіл ретінде қазақ
тілінің мәртебесі тиісті деңгейге көтерілмегенін мойындауымыз
керек. Оған күнделікті қабылданып жатырған заңдарымыздың
мемлекеттік тілдегі нұсқаларының сапасыздығы мысал бола
алады. Заң мәтінінің тікелей аудармасы жүзеге асырылады және
заң терминдерінің мағынасы жоғалады, жалпыға бірдей
танылған заң терминологиялары бірнеше нұсқада аударылады.
Бұл проблемалар теріс құқықтық салдарларға – құқық
нормаларын қарапайым халықтың дұрыс түсінбеуіне және теріс
түсінуіне әкеледі. Бұл – мемлекеттік тіл мәртебесін төмендетеді
деген ойға келдім. Сондықтан да заң мемлекеттік тілде
қабылдануы қажет деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |