Национальный конгресс историков казахстана исторический факультет


ТҰЛҒАТАНУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ»



Pdf көрінісі
бет32/166
Дата20.09.2023
өлшемі3,3 Mb.
#181772
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   166
Байланысты:
thesis147359

 
ТҰЛҒАТАНУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» 
 
Байдалы Р., Ж. PhD, 
Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті 
 
Н.Назарбаевтың «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел 
есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», [1] деген 
тұжырымы өте орынды. Елбасы айтқан осындай біртуар перзенттердің қатарында еліміздің әр 
өлкесінен шыққан тұлғаларымыз бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» 
бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында 
тұлғатанудың теория-методологиялық мәселесін көтереді. Президентіміз: Тутанхамон, 
Конфуций, Ескендр Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин, және Джордж Вашингтон сияқты 
дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы 
әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілуіне септігін тигізіп отыр [2, б. 2] -дей келе 
біз бұдан кенде емеспіз дейді. Міне осыған байланысты мемлекет басшысы біріншіден, тарихи 
тұлғалардың оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, тұлғалар бейнесінің галереясы және әр 
заманда өмір сүрген тұлғалардың ғылыми-көпшілік сериялар арқылы тұлғаландыруды 
көтерді.
Міне осы бағытта біз тарихшы ғалымдарымыздың тұлғатанудағы тұжырымдарын 
қарастырамыз.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «...ғұмырнама – (араб, иран сөзі) біріншіден, жеке 
адамның өмір жолы мен өмірбаянын баяндайтын жылнама. Ғұмырнама жазу дәстүрі көне 
дәуірден басталады. Көне түркі ескерткіштері де ғұмырнама үлгісімен жазылған. Екіншіден, 
ұзақ әңгіме, хикая, басынан кешкен оқиға», [3, б. 414] деген анықтама берілсе, академик 
М.Қозыбаев: «...ғұмырнама негізінен өмірбаяннан құралған тарих», деп сөздің ұғымын ашады 
[4, б. 8]. Тарихтағы ғұмырбаян жанрының негізін қалаған грек ғалымы Плутарх еді. Элленизм 
дәуірінде Грек және Рим тарихынан құнды зерттеулер қалдырған Плутархтың антикалық 
тарихнамадағы орны айрықша. Плутархты әлемге танымал еткен өмірбаяндық шығармалары. 
Өмірбаяндық жанрдың тиімділігін оның тәрбиелік мәнімен түсіндірген Плутарх мұнда 
фактілерді талдайтын тарихшы рөлін атқармайды. Плутарх адамның психологиялық бейнесін 
әртүрлі тұжырымдар мен көзқарастарды салыстыра талдайды. Ол антика заманының ұлы 
тұлғаларының есімдерін тарихта қалдырды [5, б. 16]. Плутарх өзінің «Жизнеописания» атты 
еңбегінде: «Біз тарих емес, өмірбаян жазамыз», деген-ді, шындығында да тарих әрбір 
адамның, содан қалды қауымның, қоғамның тарихы, олардың ішінде ұлылардың өмір жолы – 
тарихтың сүбелі жанры, саласы [5, б. 16]. Сол заманның тарихи биография еуропа 
тарихнамасының ғасырлар бойы ажырамас бөлігі болып келіп, уақыт өте келе өзгерді. 
Еуропада орта ғасырдан кейін Ренессанс дәуірінде ғұмырнама қайта түлеп, жаңа дәуірде 
тарихи шығармалардың ішінде танымалдыққа ие болса, қазақтың тарихи дәстүрінде 
ғұмырнама іргелі жанрлардың бірі болған. Оған Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар 
жинағы» мен Шоқан Уәлихановтың «Абылай» немесе «Қазақ шежіресі» [5, б. 16] атты еңбегін 
жатқызған М.Қозыбаевтың тұжырымымен келісе отыра жандандырып, дамытуымыз керек. 
Шынында да қазақ шежіресінде мыңдаған адамның есімі айтылады. Олар көбінесе батырлар, 
дана абыздар, билер, ел басқарған хандар мен сұлтандар, елге сыйлы ақсақалдар. Қарап 
отырсақ әйгілі адамдардың өмір тарихы елі мен халқы үшін атқарған игілікті қызметін 
баяндайды. Міне бұлардың бәрі зерттеу нәтижесінде құнды дерекке айналады.


53 
Ресейлік тарихшы Л.П. Репин: «...тарихи өмірбаян жанры ХХ ғасырдың соңғы он 
жылдығында методологиялық ізденістің нәтижесінде әлем тарихнамасында «жаңа өмірбаян 
тарихы» бағытында қайта түледі», [5, б. 17] дейді. Шынында да біздің елімізде Батыстың 
дамыған өркениетті елдері сияқты жеке тұлғаның тарихтағы рөлі туралы еңбектер шығуда. 
Тарихнамада белгілі бір табыстарға жеттік. Бірақ бұған қарамай әліде зерттейтін тұстарымыз 
баршылық.
Профессор Ж.Артықбаев – тұлға туралы қанша айтсақ та, оған қандай мағына берсек 
те, тұлғаның маңызы ешқашан жоғалмауы керек дей келе, «...қазақ шежіресі толыққанды 
тұлғаны тәрбиелеуге ерекше мән береді, шынтуайтқа келгенде, шежіренің басты міндеттерінің 
бірі және көшпенділерде тарих мағынасы негізінен осыған келіп тіреледі. Осылайша, ерте 
уақыттан бері қазақтың далалық тарихтану дәстүрінде тарихтың негізгі категориясы тарихи 
заман емес, тұлға болып саналады. Нақты айтқанда, тұлғалар өзінің ел басқарудағы ұлы істері 
арқылы тұтас замандар мен тарихи кезеңдерді алмастырады», [6, б. 14-15] деген тұжырым 
жасайды.
Мәселен, академик М.Қозыбаев: «Тұлға – интеллект, ақыл, парасат иесі. Ол – 
өткірлігімен, тапқырлығымен, көрегендігімен, қажымас күш-қуатымен, ақыл-парасатымен, 
әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшеленген 
жан. Халық басына күн туып, қиын қыстау заман келгенде ғана тұлға өзінің өзгеден ерек ірі 
ісімен, пәрменді күшімен, құдіретті көріпкелдігімен танылады. Ендеше, тұлға – табиғат сыйы, 
табиғи ортаның туы... Мұндай тұлғалар тарихта күнде тумайды. Табиғат адам баласына оны 
анда-санда сыйлайды...», деп пайымдап, ой қорытады [5, б. 18].
Авторлар көтерген тұлға ұғымы қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Тұлға – белгілі бір 
елдің танымал адамы, қоғамға еңбегі сіңген қайраткер, айтулы азамат», [7, б. 417] делінсе,
тарихшы Х.Әбжанов: «Тұлға – өзіне тәуелді емес объективті әлемдегі (ортадағы) қажеттілікті 
(экономикалық, ғылыми, саяси, өндірістік т.с.с.) практикалық-қолданбалық, теориялық-
шығармашылық жаңашылдықпен шешкен (жүзеге асырған) немесе шешу (жүзеге асыру) 
жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект», [8, б. 252] деп анықтама беріп, тарихи 
тұлғатануды автор былай түсіндіреді. «Тұлға тұғырының биік әрі көрнекі өлшемі халқының 
санымен, оның халықаралық қатынастар мен сыртқы саясаттағы бәсекеге қабілеттілігімен, 
азат немесе отарлық күй кешуімен анықталатынын тарих әлденеше дәлелдеді» [8, б. 254]. Осы 
тезисті дәлелдей түссек қазақ тарихының тұлғалары дүние жүзі тарихынан ойып тұрып орын 
ала алмай келеді. Ол үшін біз дамыған елдер қатарында әлем өркениетінен көрінсек, онда 
Қазақстанға яғни қазақ тарихына қызығушылық артып тұлғаларымыз әлемдік деңгейде 
тұғырға қонады.
Тарихшы-этнограф Ж.Артықбаев Өмірзақ Озғанбайдың «Тарихи тұлғалар тағылымы» 
кітабына мынадай пікір білдіреді: «...Тұлға кездейсоқ тумайды, тұлға – халықтың жүздеген 
жылдық сұрыптау тәжірибесінің нәтижесі...Қазіргі қазақ халқына тұлғатану ғылымы да, 
заманға қарап сәуегейлік айта алатын ғұламалар да қажет. Сонымен бірге мемлекетіміз 
әлемдік жарысқа кірген уақытта бірегей күрескер тұлғалар да керек, себебі қай заманда 
болсын, елді ел қатарына қосатын – топ басындағы көсемдері мен ерлері». Автор тарихи тұлға 
мен тарихи заман ұғымын талдай келе Вилям Грин атап көрсеткендей, «заманды түсінудің 
кілті – тұлғатануда» деген тұжырымын айтады. «Тарихты тұлға арқылы таныту көне және 
жаңа заманның белгілі тарихи кезеңдеріне ғана емес, сонымен бірге тарихқа дейінгі уақытқа 
да қатысты. Біз тарихқа дейінгі кезең ұғымын қазақ тарихының аңыздық кезеңінде 
қолданамыз. Заман – тарихи уақытқа байланысты қолданылатын араб сөзі, ал тұлға – түпкі 
мағынасы бас дегенді білдіретін түрік-моңғол сөзі, осының тасасында ер азамат, мәдениет 
туғызушы тарихи кейіпкер бар», [6, б. 3-11] дейді ғалым. 
Профессор Тұрсын Хазретәлі: «Тұлғатануда ең бастысы – оның өмірі мен қызметін 
жан-жақты бағалау. Кімді де болса біржақты мақтау немесе біржақты қаралауға жол беру – 
тарихтың шынайы мазмұнын ашуға кедергі болады. Қазіргі кезде кейбір тарихшылар жеке 
тұлғаларға тарихи баға беруден тартынады. Олардың пікірінше, шамшылдық сипатына қарай 


54 
тарихи тұлғалардың кемшіліктерін талдап, оны жарнамалаудың қажеті жоқ деп «Жабулы 
қазан жабулы күйінде жата берсін», «Сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» деген 
психологияға ерік береді. Ал кейбір тарихшылар бұл миссияны үлкен құлшыныспен атқарып, 
кейде тым асыра сілтеп жібереді», [9, б. 76-77] дейді. Автор ары қарай ойын былай 
тұжырымдайды: «Ұлылы-кішілі бабаларымыздың тұлғасын тану көпшіліктің танымдық 
қызығушылығын арттыруға қызмет жасайды. Тұлғаларды түрлі тарихи жағдайларда жол 
берген қателіктері болса да сабақ алуға шақырып, тарихи тұлғаға толық та шынайы бағаны 
жеке адам емес, тек уақыт береді» [9, б. 76-77]. Ғалымның бұл ұстанымымен біз де келісеміз. 
Қ.Еңсеновтың «Нұртас Оңдасынов» атты еңбегінде тұлға феноменіне – ерекше, дара, 
қайталанбайтын қасиеттерге ие қайраткерге тән болмыс деп анықтама береді. Автор тұлға 
феноменінің бірнеше белгілерін көрсетеді. Атап айтсақ: біріншіден, еңбек, тәлім-тәрбие алған 
ортасы, ұстаздары; Екіншіден, көшбасшылық; Үшіншіден, тектілік; Төртіншіден, адамтану 
қасиеті, сезімталдық түйсік; Бесіншіден, туа біткен өткірлік; Алтыншыдан, ұлт жанашыры; 
Жетіншіден, ұқыптылығы; Сегізіншіден таза дидарлығы; Тоғызыншыдан, мәдениеттілігі, 
ұлағаттылығы [10, б. 345-349]. 
Біздіңше болашақ тарих өткен заманалар сырын ұғып, кемшілігі мен жеткен жетістігін 
саралап, дұрыс тұжырым жасаса ғана болады. Ал, болашақ тарих келешекте елдің үмітін 
ақтайтын жастардың бойына зор парасаттылықты, Отаны үшін отқа түсуге дайын 
жанпидалықты қалыптастыруы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде елге тұлға болып, дауыл тұрғанда 
халқына пана бола білген есіл ерлеріміздің саяси, тарихи портретін жасап, бүгінгі жас 
ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, тұлғасын танытуымыз заман талап етіп отырған басты бағыт 
екенін ұмытпағанымыз абзал. 
Қазақ әдеби тілінің сөздігінде қазақ интеллигенциясына – қазақ зиялылары деген 
анықтама берілген [11, б. 306]. Алаш зиялыларын зерттеуші М.Қозыбаев; «Intelligens – латын 
сөзі, түйсікті, ойшыл, есті, білімпаз деген ұғымды береді. Шын мәнінде, интеллигенция 
дегеніміз – ғылым мен мәдениеттің сан-саласымен кәсіби айналысушы, мәдениетті дамытып, 
таратушы, ой, рухани еңбектің адамдары. Интеллигенция – зиялылар, ең алдымен, ғылымды, 
техниканы, өнерді, білімді дамытушы жасампаздар қауымы. Олар ой еңбегіне парасат пен 
демократиялық сипат береді», [12, б. 237] деген. Х.Әбжанов: «Интеллигенция әлеуметтік 
қауым ретінде зиялылардан (интеллектуал, элита) және мамандардан тұрады. Зиялылар деп – 
интеллектуалдық ізденісі арқылы таным мен практиканың жаңа көкжиектерін ашқандарды 
жатқызуға болады. Айталық, әйгілі академик Ә.Х. Марғұлан: «Интеллектуал, элита деп 
қызметімен немесе шығармашылығымен танымның, практиканың, прогрестің жаңа қыр-
сырын ашқан, келесі баспалдағына аттауға негіз қалаған ой еңбегі адамдарының жүзден 
жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан саңлақтарын айтамыз», [8, б. 144] деп зиялы ұғымын 
толықтыра түседі. 
«Интеллигенция» деген терминді ХХ ғ. 70-ші жылдарында П.Д. Боборыкин деген орыс 
жазушысы енгізсе, қазақ тілінің қорына «Интеллигенция» сөзі кейініректе кірді. Алайда, сол 
кезге дейін зиялы қауым болмады деуге болмайды. Өйткені, ол, ой еңбегі мен дене еңбегі 
шыққан кезден сонау антикалық және ортағасырлық кезеңнен бой көрсеткен-ді [5, б. 21]. 
Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихын зерттеген, оның теориялық 
мәселелерін зерттеуші профессор З.О. Дүкенбаева «интеллигенцияны» аудармай сол 
қалпында сақтағанымен, интеллигенттерді – «зиялы», шығармашылық интеллигенцияны 
«зиялы қауым» деген атау орын алды. Біздіңше, зиялы – жалқы есім, ол нақты тарихи тұлғаға 
қаратылып айтылуға тиісті қадірлі ұғым. Қазақтың «зиялы» деген сөзінің аясы 
«интеллигенция» ұғымынан әлдеқайда кең әрі биік, ерекше құрметті сөз. Қазақ зиялысы 
батыстың да, шығыстың да әлеуметтік құбылыстарға қолданатын теория, өлшемдерімен 
өлшеп-бағалауға келмейді. «Зиялы» деген термин, біздіңше, қазақшаланған араб сөзі. 
Л.Рүстемовтың сөздігінде бұл сөздің түбірі «зийа» – араб тілінде нұрлы, сәулелі деген ұғымды 
білдіретіндігі жазылған. Зерттеуші З.Дүкенбаева қазақтың ұлттық интеллигенциясын 
зиялылар, шығармашыл интеллигенция, мемлекеттік қызметкер, мұғалімдер және мамандар 


55 
деп бес құрамды бөлікке бөледі [13, б. 8-16]. Автор өз пайымдауларының дұрыстығына 
көңілге қонымды дәлелдер келтірген. 
Дегенмен, Ақпан, Қазан төңкерісі мен азаматтық қарсыласу жылдарындағы Ақмола 
және Семей облыстарындағы қазақ зиялыларын зерттеген Н.Шаяхметов: «Ұлт зиялыларының 
екінші легінің, яғни жергілікті жерлердің деңгейінде әлеумет істерінде көзге түсіп, өзінің 
азды-көпті қызметімен халқына азаттық таңын жақындатуға ат салысқан азаматтардың 
назардан тыс қалуы, еңбегінің елеп-ескерілмеуі тарихқа қиянат, әділетсіздік», [14, б. 4] деп 
тұжырымдаған. Қазақ зиялыларын зерттеуші Н.Шаяхметов «Ел-бүгіншіл, менікі-ертеңгі 
үшін» атты оқу құралында ұлт зиялыларын екі лекке бөледі. Біріншісіне ірі тұлға, саяси 
қайраткерлер, саяси лидер ұғымдарын қолданып, олар Ресейлік, Түркістандық масштабта, 
мемлекеттік деңгейде көрінді. Сондықтан да зерттеу нысанына айналды. Екіншілері – 
жергілікті жердегі ұлт зиялылар қауымы. Олар мемлекет пен халықты байланыстыратындар, 
үкіметтің шешімдерін жүзеге асыратындар [14, б. 4-6] – деген методологиялық тұжырым 
жасайды. Біз ғалымның бұл тұжырымымен келісеміз. Осы орайда зерттеу нысанамызға алып 
отырған кез-келген тұлғаның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі арқылы белгілі бір өңірде 
болған тарихи оқиғаларды білеміз.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Элита француз сөзі. Қоғамның, не оның белгілі бір 
тобының таңдаулы өкілдері, бетке тұтар қалаулылары деген мағынаны білдіреді» [15, б. 782]. 
Оны саяси тап ұғымы мағынасында ғылыми айналымға алғаш рет Г.Моска ұсынған болса, 
элита терминін әлеуметтану мен саясаттануда ғылыми категория ретінде айналымға В.Парето 
енгізген еді. Қазіргі заманғы қоғамдық ғылымдар саласында элита ұғымының анықтамалары 
қанша көп болғанымен олардың бәріде осы категориялардағы тұлғалардың қоғамдағы 
таңдаулылар екендігіне тоқтайды [9, б. 34]. Х.Әбжанов элита ұғымын талдап, оны жинақтап: 
«Ұлттық элита дегеніміз – зерек ақыл-ойымен, тегеурінді іс-әрекетімен, интеллектуалдық 
ізашарлығымен халқының ілгерілей дамуына шарапатын тигізген, адамзат өркениетіне 
лайықты үлес қосқан, ұлтқа үлгі қабілет-қасиетке ие тұлғалардың шоғыры», [8, б. 163] дейді. 
Автор элита ұғым-түсінігін «ұлттық» – деп, оны дәстүрлі, саяси, түрікшіл деп бөліп, тарих 
қойнауынан, тереңнен алып, бүгінгі күннің жағдайатымен түсіндіреді.
Ал, М.Қозыбаев: «Ұлт элитасы деп ұлтына сенетін, оның басына түскен қиындыққа 
көнетін, өз мүддесін ұлт мүддесіне жегетін, тығырықтан жол тауып беретін, әлемдегі 2000-нан 
астам ұлт пен ұлыстардың ішінен «қазақ» деген ұлттың өркениеттік орнын тауып қана қоймай, 
оны өркениеттік дамудың даңғыл жолына салып беруге өнерін, білімін, күш-қайратын, ар-
намысын төгетін, керек кезде ең қымбаты – өмірін беретін ұлт асылдарын айтса керек. Қара 
бастың құлы емес, халқы үшін жүрегін қақ айырар ұлттың ұлы ғана ұлттың болмысын көрсете 
алады. Ұлт элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан. Зиялы қауымның ұлттық элитасы – 
ұлттың ашытқысы, қоры», дей келе М.Қозыбаев өз тұрғысынан элитаны бірнеше лекке бөледі. 
Оның олар мыналар: «Бірінші – көшбастар, топ бастар элитасы. Екінші – қазақ зиялыларының 
ұлттық мүддесін қорғап, намысын жыртатын, ел шетіне жау келсе, ұрандап шығатын ұлттық 
элитаның тірегі. Үшінші – дүбаралар. Төртінші – дүбара топқа қызмет ететіндер», [16, б. 24-
25] деп батыра және дәлелді айтқан қорытындысымен келісуге болады. 
«Алаш һәм Түркістан» зерттеуін элиталық көзқараспен тұжырымдаған Т.Хазретәлі 
контрэлитаға – билік құрылымдарына еңбегімен стратегиялық маңызды шешімдердің 
қабылдауына елеулі ықпал жасайтын тұлғаларды біріктіреді – дей келе контрэлита қатарында 
негізінен отарлық және кеңестік билікке балама позиция ұстанған Алаштық үлгідегі ұлт 
зиялыларын жатқызады [9, б. 37]. 
Біздіңше Алаш қозғалысы тұсындағы ұлт көсемі А.Байтұрсын, қазақ жерінің жоқшысы 
Ә.Бөкейхандар элитаға жатса, қалғандарын А.Тұрлыбаев сияқтыларды зиялылар қатарына 
енгізуге болады. Бір сөзбен айтқанда олар қазақ элитасының қатарында жүріп, қазақ мұратына 
қалтқысыз қызмет жасады. Бұдан шығатын қорытынды – элита бір текті емес, құрамы мен 
құрылымы күрделі. Қазіргі таңда элита тарихының жауапты кезеңі жүріп жатыр. 


56 
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде қайраткер – қоғамдық қызметке, қоғамның қандай 
да бір саласына белсене қатысып, үлкен беделге ие болған тұлға [17, б. 51]. 
Қайраткерлік ең алдымен ұлы істе танылады. Ұлы іс – халық мүддесінен туындайды. 
Ендеше қайраткер болу үшін ол парасат, ақыл иесі болуы керек. Қайраткер болар адам ұлт 
мүддесін жоғары қояды, ұлттық және жеке бастың мүдделері бір жерден танылады. Ендеше, 
қайраткер болар жанға көрегендік аз, ұлтжандылық керек. Қайраткерлік күш-қуатын, 
шешендік пен көсемдікті, тапқырлықты, өжеттікті, батылдықты қарымды іске бағыттаудан 
көрінеді. Басқаша айтқанда, қайраткерлік жасампаздықтан танылады. Халық басына күн туып, 
қиын-қыстау заманда ғана қайраткер жан ерен ісімен, пәрменді күшімен, құдіретті 
көріпкелдігімен көрінеді [16, б. 24]. 
Академик М.Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлермен тұлғалау зәру 
мәселелердің бірі екендігін айта келіп: «Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы 
толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне 
төмендетілді. Қайраткер – жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен 
қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек», деген тұжырым 
жасайды. Әрине, бұл сапалардың элита қызметіне тән екендігіне талас жоқ болғандықтан да 
ғалымның тұжырымын элитатануға қатысты деп айта аламыз. Жоғарыдағы ойды одан әрі 
өрбіткен ғалым «Отан тарихынан кейбір кездейсоқ адамдарды аластап, тарихи тұлғаларды өз 
тұғырына қондыру керек», [16, б. 33] деген пікір айтады.
М.Қозыбаев: Қазақстан тарихнамасында өткен заманғы көрнекті қайраткерлердің 
тарихи портреттері жасалмай келеді. Қазақ хандарының, билерінің, батырларының, қазақ 
ғалымдарының, зиялыларының бейнелері өте жұпыны. Жеке бастың, тұлғаның 
психологиялық ішкі сыры, кесек қимылдары тарихи шешуші сәттердегі ұлт мүддесін қорғауға 
қосқан үлестері жан-жақты ашылмай келеді», [12, б. 286] дейді. 
Қорыта айтқанда біз өз зерттеулерімізде жетекші ғалымдардың тұлғатануға қатысты 
тұжырымдарын және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы Ұлы даланың 
ұлы есімдері бөлімін басшылыққа алып, жұмыс істеуіміз керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   166




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет