ПАНДЕМИЯ (COVID-19) КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ӘЗІЛІ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНТЕРНЕТ ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ МЕМДЕРІ Дана Уразова & Ділдар Сердалы Кіріспе Қытайдың Ухань қаласында анықталып, дүниежүзіне тараған COVID-19
вирусы әлем елдерін күтпеген жерден тығырыққа тіреп, біраз әуреге
салды. Жер жүзінің түкпір-түкпірінен жайсыз ақпараттар легі ағылып
келіп жатқан шақта қоғамның реакциясы әзіл-оспақ түрінде көрініс
тапты, цифрлық технологиялар жаппай қолданылып жатқан қазіргі
заманда оның интернет-мем деген жаңа формасы да пайда болды.
Коронавирус жайлы интернет-мемдерді зерттеудің өзекті болуының
бірнеше себебі бар. Ең алдымен, көп адам түрлі әлеуметтік желіні
пайдаланып (Twitter, Facebook, Instagram), әлеуметтік мәселелерге
қатысты суреттер мен мәтіндерді өзгелерге жолдап отыратын болды.
Бұл жұмыстың мақсаты – Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың
карантин кезінде ойлап тапқан, иллюстрация жасаған мемдерін зерттеу
арқылы олардың COVID-19 туралы пікірін білу. Пайдаланушылардың
қай тақырыпқа жиі көңіл бөлгенін және қандай жайттарға назар аудара
қоймағанын анықтау.
Біз бұл мақалада Қазақстанда COVID-19 пандемиясы кезінде – 2020
жылғы наурыз айынан бастап, тамыздың ортасына дейінгі аралықта
көп тараған мемдерді талдаймыз. Осылайша мемдердің саяси және
әлеуметтік зерттеулер жүргізуде пайдалы құрал екенін, мем арқылы
дағдарыс кезіндегі қоғам реакциясын аңғаруға болатынын көрсетпекпіз.
Зерттеудің теориялық негізі – Ролан Барттың семиологияға қатысты
тұжырымдары және Франкфурт мектебі мен мәдениеттану саласының
сыни пайымдары.
Бұл зерттеудің мақсат-міндеттерін мынадай бірнеше сұрақ арқылы
айқындап беруге болады:
1) Қазақстандық мемдер қаншалық саяси сипатқа ие?
2) Қазақстандық мемдер қозғайтын/қозғамайтын тақырыптар қандай?
3) Қазақстандық мемдердегі «мен» және «өзге біреу» деген кімдер?
4) Қазақстан интернет сегментінде ксенофобиялық және нәсілшілдік
сипаттағы мемдер кездесе ме?