329
сақтау министрлігінің ауру жұқтырғандар саны көбейген кезде дәрі-
дәрмектің жетіспеуі, ауруханаларда орын, вирусқа қарсы аппаратураның
болмауы, жедел жәрдем көліктері мен медицина мамандарының
жеткіліксіздігі мәселелерімен бет-бет келгенде, күреске дайын емес екені
білінді. Оған қоса, пандемия кезеңінде министрліктің айналасындағы
мекемелерде болған жемқорлық істерінің ашылуы ел азаматтарын
үмітсіз күйге түсірді. Маусым айының екінші жартысынан бастап
өлім-жітім хабарларының көптігінен Facebook әлеуметтік желісі көңіл
айту платформасына айналды. Қайтыс болған азаматтарды жерлеуге
байланысты мәселелер де халықтың ашу-ызасын тудырды. Оның үстіне
2020 жылдың 6 шілдесі күні Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне үкіметтің
отшашу атып тойлау әрекеті онсыз да терісіне сыймай әрең отырған
халықты дүрк көтеріп, әлеуметтік наразылық шырқау шегіне жетті.
Пандемия кезеңі музыкасындағы протест атмосфера осы оқиғаға
байланысты туды. Алдымен Instagram және Youtube қолданушысы Саян
Сейдіғали өзінің парақшасында «Өтірік» атты әніне отшашу бейнеленген
графикалық көріністер қосып жариялады. Бұл жаңа ән емес еді. Алайда
автордың отшашу графикалық көріністерін қосып, әнге клип жасап, 7
маусым күні Instagram мен Youtube парақшаларында жариялауы билік
әрекетіне наразылығының аса қатты болғанын көрсетеді. Сейдіғалидің
(2020) блюз жанрында жазылған аталған әнінің сөздері мынадай:
Тарасайық енді / Көп сөз болып кетті / Алғашында сендім / Сөз
түбіне жетті / Қайталай бермеші / Уәдеңе тойдым / Уақытым бар емші /
Бақытымды жойдың / Өтірікпен өмір / Сүру қандай азап / Батыр болсаң
көндір / Дәл көзіме қарап / Көзіме қарашы / Көңілімді аулашы / Көндірші,
өтінем / Жүректі! / Сорлы қылдың мені / Бар ма мендей тағы / Сау болса да
дені / Сынып қалған сағы.
Отшашу мәселесіне байланысты мықты музыкалық протесті Ирина
Кайратовна тобының 2020 жылдың 29 желтоқсанында жарық көрген 5000
атты әнінің клипінен көреміз. Жалпы бұл әнге Қазақстанның модерн
тарихында болған қайғылы оқиғалар мен тәуелсіздік жылдарында көзге
түскен жемқорлық мәселелері арқау болған. COVID-19 пандемиясы
кезеңінде ел үкіметінің сәтсіз басқаруын көрсету үшін 6 шілде күнгі
отшашу оқиғасы қолданылған (Ирина Кайратовна, 2020). Аталған топтың
бұл композициясынан бұрын жасаған вайндары арасында мизогиния
мен хомофобия сипатында ғадауат тілді көзқарастар кездескен болатын
және топ мүшелері қазірге дейін өкініш білдіріп, кешірім сұраған
жоқ. Сондықтан осы демократиялық талаптары мен протест тілді
шығармаларын жай ғана топтың PR акциясы және популист ұстанымы
деп бағалауды жөн көрдік.
Достарыңызбен бөлісу: