Қорытынды Жаңалыққа фотосурет таңдау кез келген жаңалық медиасының
журналистері мен редакторларына қалыпты жағдай секілді. Уеб-сайттар
мен әлеуметтік медиа жарияланатын мәтінді тартымды етуге және
көрнекі ретінде суретпен беруге әбден үйренгендіктен, фотосурет
қолданылмаған ақпарат табу оңай емес. Фотосурет оны түсірген адамның
айналасымен қарым-қатынасқа түсіп, белгілі бір шешім қабылдау
нәтижесінде жеке жақтауларға кіргізілген бейне болғандықтан, адамдар
күнделікті тұтынатын жаңалықтардағы фотосуреттер болып жатқан
оқиғаларды нақтырақ және көрнекі түрде түсінуімізге мүмкіндік береді.
Тағы да ескере кетер жайт, фотосурет онсыз да шындық айнасы болып
қана қалыптасатын бейнелердің одан сайын бұрмалануына да негіз болуы
мүмкін.
Зерттеуде 5 ай мерзімде
Tengrinews және
Holanews сайттарындағы
жаңалықтарда қолданылған фотосуреттер негізге алынды. Сол
арқылы зерттеудің негізгі мақсаты болған Қазақстандағы коронавирус
пандемиясы кезіндегі негізгі бейне мен оның өзгеру динамикасы
анықталып, маңызды бейнелердің қалай қалыптасқаны да қарастырылды.
Осы зерттеу фотосуреттердің аудиторияға ықпалын зерттемесе де, бұл
бейнелерді түсіне білу әр адам ойында қалыптасатын әлем картинасының
қандай болатынын ұғуымызға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесін
сараптай келе, мынадай қорытынды жасауға болады:
Қазақстандағы дәрігерлер мен аурухана «бейнесі» манипуляцияланған немесе шынайы жағдайды көрсетпейді. Жаңалықтарда қолданылған
дәрігер, аурухана, медицина қызметкерлерінің суреттері көбіне шетелдік
дереккеөздерден алынған. Елдегі аурухана іші кей жағдайларда, яғни
аурухананың «ашылу салтанатында» ғана түсірілген, сондай-ақ науқастар
өзі түсірген видео скриншоттары арқылы ғана көрінеді. Сондықтан
жергілікті аурухана мен дәрігерлер бейнесі айқын емес. Жаңалықтарда
көрнекілік үшін қолданылған суреттердегі медициналық техникалар
мен заманауи палаталар жергілікті ауруханаларда түсірілмеген. Сол
себептен науқастар мен дәрігерлерге ғана аян шындық жаңалықта
бейнеленген фотосуреттерден өзгеше болуы мүмкін. Шетелдік аурухана
палаталарын көрсеткенде, адамдардың аурухана мен дәрігерлер туралы
ойы манипуляцияланып, шындықтан алыс бейне қалыптасуы мүмкін.