201
Өкілетті мемлекеттік органнан бөлек, коронавирус туралы фейктерге
қарсы күреске көптеген қазақстандық медиа, соның ішінде, телеарналар
да атсалысуда. Олардың осы процесте ерекше
рөлге ие болғанын қалың
көпшіліктің бұрыннан-ақ теледидар арқылы таратылған ақпаратқа
сенетінімен және шектеу шаралары енгізілген кезде телевизия арқылы
хабардар болу ұмтылысының көбеюімен түсіндіруге болады. Мәселен,
Қазақстан аумағында жарияланған төтенше жағдайдың алғашқы
апталарында теледидар көру көрсеткіші 22%-ға артқан. Осы ретте айта
кетерлігі, пандемияға дейінгі кезеңде әдетте басқа ақпарат көздерін
қолданған адамдар (жас топтары) теледидарды бұрынғыдан әлдеқайда
көп көретін болған: 18–24 жас аралығындағы адамдардың
көрсеткіші
32%-ға, ал 25–34 жас аралығындағы адамдар көрсеткіші 41%-ға өскен.
Тұтас алғанда, қазақстандық телеарналардың рейтингі 27%-ға өсті,
ауқымы 8%-ға кеңейіп, көру уақыты 12%-ға артты. Сондай-ақ ақпарат
бағдарламаларын көру ұзақтығы 42 минутқа артқанын атап өткен жөн.
Қазақстандықтар карантинге дейінгі кезеңде жаңалықтардан хабардар
болу үшін теледидар көруге уақытының шамамен 9%-ын арнаса, карантин
жарияланғаннан бері уақытта 11%-ға ұзарған (Королева, 2020).
Тележаңалықтарды қағыс қалдырмау үрдісі – пандемия басталғалы
бері кең тараған жалпыәлемдік тренд. Журналистер бұл үрдісті
дезинформацияға қарсы күресу құралы ретінде әрқалай пайдалануға
тырысты. Мысалы, Түркияда Teyit атты тәуелсіз фактчекинг жобасы елдегі
ең ірі жаңалықтар арнасының бірі үшін күн сайын коронавирус туралы
мифтерді жоққа шығаратын бір минуттық бейнебаян шығаратын болды
(Kelly, 2020). Дегенмен телевизия да фейктерге
қарсы тұру процесінде
көрінеу жалған ақпарат таратып, кері әсерін тигізе алады (Sutu, 2019).
Сондықтан қолда бар әрқилы деректер негізінде дезинформацияға
қарсы
күресте телевизияның рөлі туралы нақты пікір айту мүмкін болмай отыр.
Сөз болып отырған проблема дүниежүзіндегі көптеген телеарналар үшін
айтарлықтай сын-қатерге айналды, олар енді көрерменге, әсіресе тікелей
эфирде болып жатқан жайттар туралы тек сенімді ақпарат жеткізудің
жаңа әдіс-амалдарын табуға тырысып бағуда (Fischer, 2020).
Пандемия басталған кезеңде күн тәртібінде алдыңғы орынға
шыққан
коронавирус туралы расталмаған, жалған ақпаратқа Қазақстан
телеарналары да жауап беруге мәжбүр болды. Осыған жауапты мемлекеттік
лауазымды қызметкерлердің ресми түсініктемелері фейктерге төтеп
беру құралына айналды. Осы ретте қалың бұқараға сарапшылар мен
мамандардың балама пікірлерін де жеткізіп отырудың маңызын жоққа
шығаруға болмайды: бұл адамдардың сыни ойлауына, қалыптасқан
жағдайды дұрыс талдауына, дұрыс шешім қабылдауына негіз болады.
Бұл жұмыс коронавирус туралы дезинформацияның таралуына қарсы
тұру шаралары аясында карантин кезінде теледидарда сөз сөйлеген
тәуелсіз сарапшылардың рөлін айқындау мақсатын көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: