Әдеби KZ
Осы күннен бастап сыңсыған қалың ел, малдың күйіне қарай, асықпай көшіп
отырған. Бір аптадай өткен шақта Жәнібек пен Керей өздерінің он бес ұл, жеті
немере, көптеген, аға-інілерін жинаған. Жәнібек, жолай «Қызыл жыңғылдан» өтіп
бара жатқанда жігіттеріне кестіріп алған жуандығы қамшы сабындай бір құшақ
қызыл күрең тобылғыны алдына қойып, үлкен баласы әдік төре мен Керейдің
тұңғышы Бұрындыққа:
— Алдарыңдағы тобылғыдан бір-бірден алыңдар, — деген.
Аналар алған.
— Енді сындырыңдар, — деген.
Аналар қолдарындағы тобылғыларын шытыр-шытыр сындырған.
— Енді үшеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек.
Аналар үш тобылғыдан алып бәлендей күш жұмсамай бұ жолы да сындыр-
ған.
— Енді бесеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек сұлтан.
Аналар бес-бестен тобылғыны алып, әжептәуір күш жұмсап сындырған.
— Енді сегізден алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек.
әдік пен Бұрындық тобылғыны сегізден алған. Тізелеріне де салған,
табандарына да салған, маңдайларынан сорғалап тер де аққан, әйтеуір қиналып
барып, балуан тұлғалы қос арлан әзер дегенде сындырған.
— Енді оннан алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек сәл күлімсіреп.
Сындыра алмайтындарын білсе де, әдік пен Бұрындық тобылғыны оннан
алған. Сындырмақ боп әрі-бері мықшыңдап көрген. Күштерінің жетпейтінін білген
соң «құрып қалғыр, болатын емес» деп тобылғыларын лақтырып жіберген.
Жәнібек үндемей сәл ойланып отырған да:
— Міне, ел бірлігі деген осы, — деп сөзін бастаған, — жалғыз адамды жау
алады. Ал көп біріксе ешкім де жеңе алмайды. Көп қорқытады.Терең батырады.
Егер екі қолдың он саусағындай қазақтың бар рулары қос жұдырық боп түйілсе,
қандай жауына болса да қауіпті күш...
196
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |