Әдеби KZ айқаста Қарашыңмен қатар тұрып, жан аямай ұрысты. Суға кетер бала дариядан
шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, не баяғыдан бері қорқып келгенінің ызасын
қайтарайын деді ме, ол астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып,
жау шебінің ортасына қарсы шапты. Таяу жерден жіберген бірнеше жебе үстіндегі
кереге көз шынжыр сауыттың быт-шытын шығарып, ақырында ат үстінен құлатты.
Құлаған ханның денесін аламыз деп, екі жақ бірдей жан аяспай қырылысып
жатқанда, сан жағынан жараланған Шайх-Хайдар хан қансырап, қиналып барып,
ақырғы рет жарық дүниеге бір қарады да, көзін мәңгі жұмды. Бұл жолы да
ұтылғанын білген Қарашың батыр, соғысқа ең алғашқы рет қатынаспақ боп Шайх-
Хайдар қолына ерген он жеті жасар Мұхамед-Шайбани мен он бес жасар Махмуд
Сұлтанды қан сасыған қырғыннан аман-есен алып шығып, қалың ши арасына кіріп
жоқ болды.
Шайх-Хайдар қаза болғаннан кейін, оған ерген әмір, сұлтандар елді-елдеріне
тарап кетті. Көбі өздерінің қасқырға жеке шабатын арлан тазы емес, тек қора
күзетуге жарайтын бұралқы төбеттер екендіктерін көрсетті. Бұрын топтанып
арсылдап үріп, сырт адамға айбар шексе, онысы айтақтайтын, бастарын қосатын
әміршілері болғандықтан екен. Әміршілері ажал тауып еді, енді олар өз
қалаларының қақпасының алдында отырып алып, тек жат адамды жуытпай құр
сырттай қыр көрсетіп абалауға ғана жарады.
Мұндай жағдай қазақ, моғол, Жағатай хандары мен Әбілқайыр ұрпағына қарсы
Ақсақ Темір әмірлеріне жаман тиген жоқ, Көк Ордаға бағынатын қалаларды жеке-
жеке жаулап, біртіндеп талан-тараж етіп ала бастады. Әбілқайырдың кезіндегі
айбарлы Ордадан «әне-міне» дегенше құр бөлшектенген уәлиеттер ғана қалды.
Бұл Ақсақ Темірден кейін, қайта лаулап көтерілген Өзбек хандығының тағы да бір
құлдырап құлауы еді.
Жәнібек бас жауы Әбілқайыр ордасын жеңгеннен кейін көңілі азырақ сая
тапты. Сөйткенше қыс та түсті. Қалың қол қасына ұстайтын ол кезде хан қоры
бәлендей бай емес, сыпайлардың өзіне ас керек болса, аттарына шөп керек. Қазақ