19
Информатиканы табысты оқыту
Оқыту мен оқу өзара тығыз байланысты үдеріс. Мұғалімдер оқушылардың қалай
оқитынын неғұрлым жақсы түсініп, өздерінің оқыту тәжірибесін жақсартқан сайын, олардың
балаларды тиімді оқуға жетелеу қабілеті соғұрлым арта түспек. Ауқымды зерттеу жүргізу
арқылы оқушылардың үлгеріміне ықпалы зор әдіс-тәсіл ретінде төмендегі стратегиялар
анықталды:
-
белсенді оқу;
-
кері байланыс;
-
сенімін нығайту (мысалы, оқушының өзіне деген, өз мүмкіндігіне деген сенімін
нығайту үшін мадақтауды пайдалану, қолдау көрсету);
-
оқыту сапасы (мысалы, көптеген саралау жаттығуларын жоспарлау және іске асыру).
Информатика сабақтарының ерекшеліктеріне сабақтың басым бөлігінде компьютердің
қолданылуын жатқызуға болады. Осыған байланысты оқу үдерісінде
көрсету,
зертханалық
жұмыс және
тәжірибелік сабақ (практикум) түріндегі сабақтар кеңінен қолданылады.
Сондай-ақ, өндірістердің есептеу және жаңа ақпараттық технологиялар орталықтарына
экскурсия ұйымдастырылуы да мүмкін.
Көрсету. Мұғалім компьютер көмегімен сабақ тақырыбына сәйкес әртүрлі оқу
материалдарын (интерфейс элементтері, бағдарлама үзінділері, сызбалар, т.с.с.) экраннан
(тақтадан) көрсетіп, таныстырады. Мұндай сабақтың негізгі мақсаты – оқушыларға жаңа
ақпарат беру.
Зертханалық жұмыс сабақтарында оқушылар оқу мақсаттарына байланысты
тапсырмаларды компьютерде жеке орындайды. Зертханалық жұмыстарды орындау
барысында компьютерде бағдарламалық құралдармен жұмыс жасау дағдыларын дамыту
басты назарда болады. Мұндай сабақтар оқушыларға жаңа материалдарды меңгеру немесе
өткен тақырыптар бойынша білгенін бекіту, алған білім, дағдыларын бағамдауға бағытталған
болуы мүмкін. Мұғалім сабақта барлық оқушыны түсінікті жазылған нұсқаулықпен
қамтамасыз етіп, жұмысты әрбір оқушының жеке орындауын бақылап, қажетінше бағыт-
бағдар беріп отыруы маңызды. Сондай-ақ, тапсырманы жылдам орындайтын оқушылар үшін
күрделі тапсырмалар дайындап, деңгейіне сәйкес тапсырмалар беру арқылы олардың өзіндік
танымдық үдерісін дамытуды ескеру қажет.
Тәжірибелік сабақтардың мазмұны ілгеріде игерген білімді бекіту, меңгерген білімін
тәжірибеде қолдану дағдыларын дамытуды қамтиды. Мұндай сабақтарда оқушылар әртүрлі
есептер шығарады, блок-схемалар, алгоритмдер құрып, бағдарламалар жазады, компьютерде
орындайды. Мұғалім сабақты жоспарлау барысында оқушылардың танымдық мүмкіндіктері
мен талаптарына сәйкес тапсырмаларды іріктеуді ойластыру керек.
Оқушылар оқуда жоғары жетістіктерге жетуі үшін мұғалімдер сабақта белсенді оқуды
қолдайтын тиімді әдіс-тәсілдерді қолданады.
Диалог. Қазіргі сабақта қолданылатын белсенді оқыту – бұл, ең алдымен, диалог арқылы
оқыту (сұхбаттасу), мұнда мұғалім мен оқушылардың өзара бірігіп әрекет етуі жүзеге
асырылады.
Бұл әрекеттестіктің ерекшелігі:
-
оқу үдерісіне қатысты тұлғалардың (мұғалім, оқушы) бір мағыналық кеңістікте болуы;
-
күрделі мәселелер өрісінде шешілетін тапсырмаларды бірігіп көтеру, яғни бірыңғай
шығармашылық кеңістікке қосылуы;
-
тапсырмаларды орындауға қажетті әдіс-тәсілдерді таңдауда өзара келісімнің болуы.
Танымдық үдерісте оқушылардың біріккен іс-әрекеттері әрбір оқушының өз үлесін қосу
арқылы бірігіп жаңа білімді игеруін білдіреді. Мұнда олар бір-біріне қолдау көрсету арқылы
өзінің білгенімен, жаңа идеяларымен, тәжірибелерімен бөліседі, осылайша өзінің танымдық
әрекетін де дамытады.