Бала шоқан повестер



Pdf көрінісі
бет5/29
Дата07.02.2022
өлшемі1,6 Mb.
#94641
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
pdf Бала Шоқан Сапарғали Бегалин

ӨРІСТІ ӨНЕРДІҢ БЕЛГІСІ
Омбы қаласынан Шыңғыс бір айдай жатып оралды.
Оның қандай жұмыспен барғанын, неге ұзақ жатқанын Шоқан біле
қойған жоқ. Шыңғыс ауылға келгенде, өзімен бірге бір орыс жігітін ала
келді. Ол жер шенейтін, карта жасайтын адам екен. Одан да бұрын бұл
ауылға орыс төрелері келіп қонақ болатын. Бірақ Шоқан олармен тілдесіп
үйірлене алмайтын. Ал, мына жер шенегіш Сотников деген кісінің қазақ
тілін жетік білуі Шоқанға сондай жақсы болды. Ол кісі ауылға келген күні-
ақ араласып кетті. Өзі де балаларға үйірлене, əңгімелесе, олардан оқып
жүрген сабақтарын сұрай бастаған. Шоқанның арабша оқыған кітаптарына,
оның жазып, оқып үйренген сауатына айрықша мəн берді. Қазақ жерінің
көбін аралапты, бəрін айтып отырады. Тағы да бір жылтыр қағазға жердің,
таудың суреттерін сызып, сол қағаздың алаңына жылқының, қойдың
суреттерін салады. Атқа мініп тауларды, көлдерді кезіп, өсімдіктер
жинайды. Көктем кезінде Шоқан да сол кісімен бірге атқа мініп далада
жүретін болды. Оның салған суреттеріне еліктеп, таудың, көлдің бейнесін
шимайлайды. Бойы үйреніп алған Шоқан бір күні Мысықтың балшықтан
жасаған күймесін көрсетті.
— Мынаны кім жасады? — деп сұрады ол қолына алып айналдырып
көріп.
— Менің жолдасым, Мысық деген бала.
— Ол қайда?
— Ол анау алыста, ауылы бөлек.
— Оқыған ба?
— Жоқ, оқымаған.
— Мына бала өнерпаз болатын бала. Қара, мына жасаған мүсінінде,
алған тұлғасын ұға білгендік бар. Халық таланты дегендер осылар-ау. Тек


көзін ашатын білім керек. Білім беру үшін мектеп ашу керек. Ондай
заманға əлі көп уақыт бар. Өйтсе де оқу керек, бұл баланы да оқыту керек.
Кедейдің баласы ма? — деп сұрады. Шоқан:
— Иə, кедейдің баласы. Тақыр кедей. Көйлегі де жоқ, — деді.
Мысықтың кедейлігін айтқандағы Шоқанның жан күйін абайлаған
Сотников:
— Өзің қалаға барып оқуың керек. Қырдан оқып кеп білім ала
алмайсың. Оқып білімді болған соң, Мысық сияқтыларды үйретесің, —
деді. Шоқан үндемеген күйінде алыс қырға қарап тұрып қалды.
Сотников пен Шоқан екеуі далада ұзақ жүріп оралды. Құсмұрын
көлінің солтүстік алқабындағы кең тарлауда жайылып жатқан төре
ауылының қалың жылқысының ішімен жүрді. Көктемнің көк бурыл бозына
қар суымен өрістеген жылқылар шоқ-шоқ, үйір-үйір болып жайылуда.
Көктем лебімен үйір баураған жас айғыр, дөнен сəуріктер үйірге таласып
айқыш-ұйқыш асыр салуда. Əсіресе бір құла жирен дөнен үйір баурап, ішін
тартып, желігіп алған. Қалың үйірлі құла айғырдың үйірінің шетінен екі
байталды сауырлап қуа жөнелді. Құла жиреннің мойнын салып екі
байталды бастырып бара жатқанын керген құла айғыр, құлағын жымып,
кекілін маңдайына жаба, жалы жалпағынан омырауын жауып тұра
ұмтылды. Құла жирен сəурік екі байталды да алдына сала Шоқан мен
Сотниковтың алдын орағыта өте берді. Құла айғыр дəл осылардың артын
ала төтелей ұмтылды. Құла айғырдың өздеріне қарай тура шауып келе
жатқанын көрген Сотников атынан жүгіре қарғып түсті:
— Шоқан, сақтан!
Жоқ, төре, ол ана үйірінен байтал қуған сəурікке бара жатыр. Бізге
тимейді. Бұл Байғұла деген өте бір жуас айғыр. Жазда осының үйірі
алдымен байланып сауылады.
— Япыр-ай, мына түрі қандай қорқынышты, Африканың арыстаны
сияқты.
— Мен арыстан деген аңның болатынын оқығаным бар. Көргенім жоқ.
Ол қайда болатын аң? Африка деген қай жақ? — деп Шоқан əрбір өзі
түсінбеген өзін сұрап қадағалап отыратын мінезін істеді.


— Шоқан, сен Омбыға барып оқуың керек. Сонда бəрін де білесің.
Мына өзіміз тұрған жердің беті бес бөлімнен тұрады. Яки жердің өзі
жалпақ тегістік емес, жұмыр. Мысалы, əлгіндегі көрген балшықшының
жұмыртқасы тəрізді. Сол жұмыр жердің бетіндегі құрғақшылығы: Азия,
Еуропа, Африка, Америка, Австралия деп аталады. Сол бес бөлімнің
ішіндегі ғажайып жыртқыш аңдарының көбі — Африка. Африканың қалың
ормандарында арыстан, қабылан сияқты аңдар кеп болады. Онда бұл жақта
болмайтын піл деген хайуандар үйірімен жүреді, — деп Шоқанға бұрын
естіп кермеген тамаша жаңалық айтты.
— Сіз Африкада болдыңыз ба? — деп сұрады Шоқан күнде көріп
жүрген Сотниковтың өңіне ойлана қарап.
— Болғаным жоқ. Мен оны кітаптан оқығам. Жəне арыстанның қолга
үйретілгенін цирктерден, аңдар паркінен көргенім бар.
— Оларды қалай ұстап алады?
— Дүниеде адамның айласы мен ақылына бағынбайтын айуан
болмайды, — деп Сотников темекісін тұтатты.
— Мен кеше естідім. Ертең біздің ауыл жылқы күзейді. Қысырақ алады.
Сонда сіз əжем үйінің жылқышысы Жүкен ағайдың асау ұстағанын керіңіз.
Олар асауды бұғалықпен ұстағанда, қозыдай домалатады, — деп Шоқан
жаңағы Сотников айтқанына өз ойын қосты.
Шоқан мен Сотников осы бір күнгі серуендерінде өмірі көрмеген
баламен сыр алыспаған бөгде қонақ болып сыпайы ғана жүріспен қайтқан
жоқ, олар жас баладай жаңалық ашысқан дос адамдар болып оралды.
Шоқанның Сотниковпен бірге шығып, дала серуенін жасауы Шыңғыстың
өз айтуымен істелген еді. Мынау көктемнің ұзақ күндерінде əрі мал төлдеп
жатқан қызықты кезде бойын жазсын. Білім іздеген өнерлі адамның аз да
болса қолында болсын деп, Əубəкір молдаға айтып, балаларды оқудан өзі
босаттырғанды.
Шоқан кеше күні бойы көктемгі жұпар иісті далада көп жүргендіктен,
аса маужырап қайтқан. Сотниковпен бірге отырып тамақ ішті де, ертерек
жатып ұйқтап қалған-ды.
Ол оянғанда үйдің іші тұрып, бəрі далада жүргені байқалды. Бүгінгі


жылқы күзеу, қысырақ алу науқаны ойында жатқан Шоқан орнынан
əдеттегі қунақылықпен ұшып тұрды. Алдымен қонақ үйдегі Сотниковті
қарады. Ол кісі күндегі əдетімен, қағазын жайып қойып, əлденені сызып
отырғанын көрді. Есікті ақырын ғана жаба берген Шоқанды байқап қалған
Сотников артына бұрылып:
— Шоқан, сəлем қайда? — деп жымиды.
— Сəлеметсіз бе? — деді Шоқан.
— Ə, онда, бері кел, амандасайық, — деп Шоқанды қасына шақырып
алып, қолын берді. — Менің атым Сергей. Бұдан былай таңертеңгілікте
Сергей ағай, деп амандасатын бол. Сен, амандық болса Омбыға оқуға
барғанда да осы тəртіпті білуің керек болады, — деді. Шоқан өзінің
амандық тəртібін істей білмеген кемшілігін ойланып, ұялып қалды.
— Сергей ағай, жылқы күзеуді көрмейсіз бе?
— Көрем, қашан болады?
— Мен қазір білейін.
— Жарайды, маған хабарды сен айтарсың, — деп Сергей үйде қалды.
Шоқан алдымен жуынып, киімдерін киді. Сонан апасының үйіне келді.
Шай ішіп отырған апасының оң жағында отырған Жақып:
— Е, серуенші, ұйқың қанды ма? Білесің бе, бүгін мен құнаныма мініп
жылқы иірісем. Маған Жəпелбек құрық берем деді, мен тайларды
ұстаймын, — деп Шоқанға ойына алған жаңалықтарын заулатып шықты.
— Əліңе қарасайшы. Саған жылқы ұстау қайда. Жақып анадағы бір
тентектігін есіне алып үндемей қалды.
Сабырлы, балаларының əрбір өзін аужайынан аңғарып отыратын сары
бəйбіше:
— Сендер жылқы күзеуге барғанда, абайлаңдар! Асау жылқыларға
қақтығып жығылып қалмаңдар. Жақып, саған асау тайды ұстауға əлі ерте,
құр ожарланба! — деді.


Шоқан тамағын ішіп болып, далаға шыққанда, алыста ханым ауылына
қарай жөңкіле қайырылып келе жатқан жылқы тобын көрді. Ел арасының
бір сөзіне шақырылып кеткен Шыңғыс ауылда жоқ болатын. Жүрерде
балалардың атқа мінуі, қонақты күтуді Бейсенге тапсырған-ды. Шоқанның
да осы сыртқа шыққандағы күткені сол Бейсен еді. Сəскелікке өрлеп
көтерілген көктем күнінің майда жылы лебі дене сүйсіндіреді. Күресін
сыртындағы кішкене қабақшаның кенересіндегі жас тарлаудың жасыл
сабақтары тарбия есіп, алақанын жая бастаған. Шоқанның көзі осы балдыр
көк сабақтарға түсті. Кешегі Сергей ағаймен бірге жүріп қайтқаннан бері,
əрбір өсімдікке қадағалай қарайтын болған. Қыстай қар астында, мал
тұяғы, адам табаны жаншып, таптап тастаған жерден көтерілген көк тарлау
қылтанақтары оған үлкен ой салды. Жер астынан тамыры үзілмесе, үстінен
басқанға өмірі өшпейді екен деп ойлады. «Шоқанжан» деген Бейсеннің
даусы шықты.
— Міне, аттарды əкелдім. Қазір ерттеліп дайын болады, əлгі орысың
қайда? Ал тез киініңдер! — деді.
— Сіз орыс демеңіз, ол Сергей ағай, мен қазір ертіп шығайын, — деп
Шоқан үйге жөнелді.
Сергей мен Шоқандар келгенде, жылқы көлдің солтүстік ығындағы
Айғаным ауылының арғы жағындағы тепсеңде топталып иіріліп қалыпты.
Жəпелбекке ілесіп Жақып та жетіпті. Жылқының басында Шеген, Қанғожа
тұр екен. Шоқан келіп екі төреге аттан түсіп, сəлем берді. Шоқанның аттан
түскен тəртібін істеп Сергей:
— Ағайлар, саусыздар ма? — деп қолдарын алды. Ізетті амандық
артынан Қанғожа Шоқанға қарап:
— Мына қонақ ағайыңа жылқы күзеу, қысырақ алу қызығын көрсеткелі
əкелдің бе? Ол өзі мұндайды бұрын көрген бе екен? — деп күлімсіреді.
— Бұрын көрмеген екен, менен естіген соң көруге əдейі еріп келді.
Қолына үлкен сағалы пышақ ұстаған орта жастағы кісілер жылқы
күзеуге əзірленіп, қапшық көтерген, балаларын ерткен əйелдер олардың
қасына жиналды. Жалы тізесіне түскен желқуық жарау айғырларға мінген
жылқышылар, тымақтарының құлағын ішіне қарай жымырып байлап
тастапты. Бір-екеуінің қолында құрыққа ілмек баулап байлаған ұзын арқан.


Кейбіреулерінің қолында баулаған ұзын құрық.
— Кəні, əкеліңдер, алдымен Ардакөк айғырдың үйірін. Соның
жабағылары күзелсін, — деді Шеген.
— Иə, алдымен Ардакөктің үйірін, Шеген ағам тамаша дұрыс айтты, —
деп Қанғожа ағасына бірер қабат көпшік те төсеп жіберді. Бірін-бірі
көзінше сыйлағанда жорғалап тұрған төрелер əдетін жете білетін Сал:
— Екі төре еріндерінің қыбырынан-ақ ұғысады-ау, құлын күнінде
байлау көрген Ардакөктің үйіріндегі жабағыларға құрықтың керегі болмас.
Оларды жылқы тобында тұрғанда қолмен ұстау керек. Құрық көтерілсе,
жуас тайлардың өзі де желігіп ұстатпайды. Заты жылқы емес пе, — деді.
— Біз де осыны ойлап айтып тұрмыз, — деді Қанғожа. Ардакөктің үйірі
күзеушілер тобына ығыстырыла берді. Жылпос жігіттер тайларды жалынан
ала түсіп, шоқтығынан басып қалып, құлағынан жымыра тұқыртып тұрып
күзеттіріп жатыр. Қолына құрығын алып қызығып жүрген Жақып, бір құла
тай күзеліп жүре бергенде құрығын сермеп кеп қалды. Жақыптың құрығы
құла тайдың мойнына тап ете түсті. Асау жабағы құрықты жұлып ала
жөнелді. Құйындатқан жабағыдан тамам жылқы үркіп, дүркіреп, ойран-шу
болды. Жан-жақтан мықты ат, айғырға мінген жылқышылар үріккен топты
əрең қайта иірді.
— Əй, Жақып-ай, бүлік шығармасаң тұра алмайсың-ау, — деп Қанғожа
Жақыпқа ренжи қарады. Тентектігін сезіп ұялып тұрған соң, бөтен зілді өз
айтқан жоқ. Жабағыларды ұстап, күзеп жіберіп жатты.
— Шоқан, қарашы, мына тайлардың шашын алдырған баладай əп-əдемі
болып құнтиып шыға келгенін. Əрбір хайуанның мезгіліне қарай өз
көркемдігі бар, — деп қызықтай сөйледі Сергей.
— Ал құнандарды күзегенде бұдан да сұлу болады, — деп Шоқан өзі
жақсы көретін құнан күзеуін Сергейге мақтап өтті.
Осы арада қысырақ маталатын асау байтал, арда дөнен айғырлар
ұсталатын болып, ат ұстампаз жылқышылар құрықтарын ыңғайлап жылқы
тобына кіре бастады. Алдымен анадағы Сергей мен Шоқан үйірін аралап
өткен құла айғырдың үйіріндегі байталдарды ұстайтын болды.


— Құлжа құланың үйірінен төрт байтал ұсталды ғой, — деп Қанғожа
қысырақ тобын іріктейтін Жүкен жылқышыға қарады.
— Төртеу емес, Құлжаның үйірінен алты байтал ұсталады. Алдыңғы
жылғы оның үйіріндегі биенің бəрінің құлыны ұрғашы болатын. Қайта бір-
екеуі былтыр енесі қысыр болып, қайтармаға сойылып қалды ғой, — деді
— Онда Құлжаның үйірінен бір қысырақтың өзі бір-ақ маталады екен
ғой.
— Иə, тек ана күрең айғырдың үйірінен бір-екі байтал қосамыз.
— Қысырақтың саны қанша болады? — деді Сергей қасындағы
Шоқанға. Шоқан тек тобын көргені болмаса, оның саны нешеу болатынын
біле бермейтін. Ол күмілжіп Қанғожаға қарады.
— Қысырақтың саны əр қилы болатын. Кейде тоғыз байтал, айғырымен
он. Кейде сегіз, кейде жеті байталдан да маталады. Көбінесе жылқының
тобына қарай, — деп түсіндірді Қанғожа.
Құлжақұланың үйіріндегі байталдарды жеңілтек екі жас жылқышы
құрықпен қаршығадай іліп əкеліп мататып жатты. Ал күрең айғырдың
үйіріндегі екі жирен байталды ұстауға айрықша дайындалды. Өйткені
күрең айғырдың үйірі құлын күнінде байланбай, бойдақта болған, ноқта,
жүген көрмеген шүу асаулар екен. «Ол екі байталды ұстау, мыналардай
емес» десті тұрған жұрт.
— Жылқыны иірмектегеннен бері күрең өзі бастап ылғи шетке тартып,
үйірімен шыға жөнелгелі ойқастап жүр. Оған құрықты екі сермемейтін,
айғыры жүйрік те оңтайлы жылқышы болмаса, бой жазып ұстатпай кетеді,
— деп Шеген Жүкеннің өзін атқа мінгізді.
Ашаңдау, балғын денелі, жар қабақ кең иықты Жүкен жатаған теңбіл
көк айғырға мініп, құрықты қымти ұстап, күрең айғырдың үйіріне қарай
бет алды. Елең алып тұрған айғырдың үйірі тобымен жылқыдан тұра-ақ
жөнелді. Ə дегенде ұйлығып тобын жазбай ұйтқыған асау үйір, бірінен-бірі
оза құйрық атып сытыла жөнелді. Ұзын аяқ, күрең байтал алдына түсіп
құлындай құлдырады. Жүкеннің де алдымен ұстамағы сол. Теңбіл
айғырдың басын жібере артына түсіп берді. Алғашқы бетте арқан бойы
зырлап шыққан күрең байтал, жылқының ар жағымен қайта оралғанда,


аяғы бытырап теңбіл айғырдың алқымына жақындай берді. Үйіріне таяна
бергенде, қалың топқа бұрыла, жалтара бұлталақтай қашты. Қашаған
ұстауда атаққа шыққан Жүкен мен теңбіл айғыр күрең байталды
бұлтарғанымен бойын жаздырған жоқ. Жамбасынан бұрылатын оңтайлы
айғыр еркін жетіп баурап алды.Құлақ шекеден сермеп қалған Жүкеннің
құрығы тап ете түскенде, қыл мойыннан бұрап өзіне қарай қисая тартып
қалды. Күрең байталдың құйрық жағы шошаң етіп, басы Жүкен
құрығының толғауынан қайрылып, тыраң асты. Қасында таяу келе жатқан
екі жылқышы аттан қарғып түсіп, құлақтап тұрып ноқталап алды.
Жылқыны иіріп тұрған жүйрік айғырлы жылқышылар құрық атып
бөліне жөнелген асау күреңнің үйірін қалың топқа қайта қуып тықты.
Екінші бір жирен төбел байталды да Жүкен адымын ашырмай құрықтап
ұстап ноқталады.
— Апекем үйінің бұл қысырағына ана құла жирен дөненді үйірге
салалық. Өзінің сүйегі де жақсы, құлжа-құланың баласы ғой, — деп Шеген
қысырықтың айғырын белгіледі.
— Мен де соны лайықты көрем. Бірақ, өзі шүу асау, тағы болып қолға
тұрмай жүрмесе, — деді Жүкен.
— «Асауды құрық жуасытады, тентекті бұйрық жуасытады» деген
мақал бар ғой, бар қашаған қайда кетеді дейсің. Бірыңғай құла жирен
болып матастырылсын, — деді
Қанғожа. Ол осы сөздерді айтқанда, бағанадан қысырақ матау
қызығына таңдана да, ойлана қарап тұрған Сергей Қанғожаға:
— Ана жылқышы Жүкеннің қашаған ұстауы, мына сіздің мақалдай
айтқан сөздеріңіз бірінен бірі өтетін поэзия-ау, — деді. Поэзия деген сөзді
бұрын естімеген Шоқан да , Қанғожа да өрескел дегені ме, қалай деп
үндеспей қалды.
Бағанадан Жəпелбектің жанында тұрған Жақып, Шоқан мен Сергейдің
қасына келіп:
— Бəлем, Жүкен ағай, асау биені қалай ұстады. Сен үйтіп ұстай
алмайсың, — деді Шоқанға.


— Онда, сен ұстарсың.
— Бағана Қанғожа ағам ұрысқан соң, Жəпелбек құрық бермей қойды
ғой.
— Немене, құрық берсе өзің-ақ ұстайын деп пе едің?
— Мен ана жабағыларды ұстай алам, көрдің ғой құрықты қалай
салғанымды, — деп əлгі сермеген құрығы жабағыға түсіп, жылқыны
үркіткеніне мақтанып қойды.
— Малмен бірге өсіп, мінездес болған елдің баласына ол қиын болмауы
керек. Қандай жағдайда өссе, адам сол ортаның күйіне, өнеріне жаттығады.
Мына Жүкен Африканың аңын үйретіп жаттықса, қолынан келмейтін
азамат емес қой. Қандай шапшаң, қандай əдісқой, — деп Сергей өзінің
бағанадан таңданып тұрған жайына тоқталды.
Шоқан мен Сергей ауылға оралғанда, Шыңғыс та келген екен.
Сергейдің Шыңғысқа айтқан жаңалықтары кешеден бері Шоқанмен бірге
жүріп көргендері болды. Əсіресе бүгінгі жылқы күзеу, қашаған ұстау
Сергейге ерекше бір қызықты көрініс болған. Ол оны көргеніне сондай
қуанып, басшы болған Шоқанға разылығы мен алғысын айтты.
— Шыңғыс Уəлиевич, сіз Шоқанды осы күзде Омбыға оқуға беріңіз,
біздің үй де сонда, ауылды өгейсітпеспіз. Қазір дəл оқитын уақыты. Бұдан
кейіндесе, кешігеді, — деп Сергей тілек ете сөйледі.
— Əжесі де оқуға бер деп былтырдан айтып жүр. Биыл амандық болса,
Омбыға апарам. Былтыр апармағаным, бұрынғы əскери училище Кадет
корпусы болып үлкейіп ашылатын болған соң, соған беремін деп тоқтап
едім.
Өте дұрыс. Онда сабақ беретін оқытушылары жақсы адамдар. Біразы
бізбен таныс жолдастар. Корпусқа қалай да түсуіне бар күшті саламыз, —
деді Сергей достық ықыласымен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет