Бала шоқан повестер



Pdf көрінісі
бет2/29
Дата07.02.2022
өлшемі1,6 Mb.
#94641
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
pdf Бала Шоқан Сапарғали Бегалин

АҚЫН АЛДЫНДА
Мысықты шығарып салып үйге келгенде, Шыңғыс киімін шешініп
жеңілденіп, ат үстінен түскен шаң-тозаңнан жуынып, дастарқан басына
келген-ді. Қанипа жайған торғын дастарқанға Сыздық əкеліп күміс құлақты
сары тегенені қойды. Күмістеген без ожаумен, қою сары қымыздың
қышқылтым иісін бұрқырата сары бəйбіше өзі сапырды.
— Шоқанжан, ана бір балшықтарың не? — деп, əкесі қалыпты мейірбан
лебізімен Шоқанға тіл қатты. Шоқан жаңағы Мысықтан қалап алған
сиырдың, қойдың балшық мүсінін қызықтай қолына ұстап, əкесінің қасына
алып келді. Тобарсып кеуіп тұрған кішкене балшық мүсін оншалықты көз
тартарлық бұйым емес. Ал Шоқан оны сондай бір жаңа ойыншық, Мысық
қолдан жасаған жанды дүниедей көріп, қызықтай ұстайды.
— Атеке, əлгі бала бар ғой, өзі шебер. Қараңызшы, мына сиыры
аумаған Қанипа жеңгенің қоңыр сиыры емес пе? Бір мүйізі сынық, — деп
балшық мүйіздің біреуін Шоқан қалтасына салғанда омырып түскен екен,
соны көрсетіп қойды. Бала қиялын қызықтай қараған ойлы сұлтан:
— Иə, дəл өзі. Бірақ мына қойының құлағы тұла бойынан үлкен екен, —
деуі-ақ, мұң, Шоқаннан қорғанып отырған Жақып:
— Түкте қойға ұқсамайды, пəлі, құйрығын қара, тап иттің құйрығы, —
деп сықылықтады. Тентек інісінің Мысыққа еркін қол жұмсай алмай
ішінен өштесіп қалған мінезін сезген Шоқан:
— Сен істей ғой, ондай шебер болсаң! — деді.
— Қой, Шоқан, бұл есерді желіктірме, балшыққа түсіп əуре болады.
Жақып ондай жаман балшықты ұстамайды, — деп, апасы тентек баласын
ерегістірмей тыйым салды.
— Немене, əкелген құстарың қайда? — деп жымиды сары бəйбіше,
Шыңғысқа əзілдей қарап.


— Көп құс кездеспеді, бір-екі үйрек алдырып ек, Есекең ауылының
ақсақалдары кездесіп, солар байланды.
Əңгіме аяқталмай сырттан кірген Бейсен:
— Хан аға, ақын келіп тұр, кіргізуге болама? — деді.
— Ə, Арыстан ақын шығар, кіргіз, — деген өзін Шыңғыс қонақшыл
жұмсақ кейіпте айтты.
— Ассалаумағалайкүм алдияр, — деп, алдынан кірген Арыстан ақын,
екі қолын кеудесіне ұстап, əдеп ишарасын көрсетті.
— Уағалайкүмүссəлəм, жоғарылатыңыз, — деп Шыңғыс өзінің оң
жағындағы төрді меңзеді. Əкесінің сырттан келген ұзын бойлы, селдір
сақалды, сары сұр кісіні құрмет тұта сəлемін қабылдап, «жоғарылатыңыз»
деп өзінің қасын меңзегеніне ойлана қалған Шоқан, Əубəкір молданың
үйретуінен дағдыланған үлкен кісіге сəлем беру əдетін істеді. Ұяла
«ассалаумағалайкум» деген əдепті балаға, жаңағы ұзын бойлы кісі
күлімдей қызықтап «əлейкүмүссəлəм, төре бала» деп, сүйсінген ықыласын
көрсетті. Бейсеннің: «ақын келіп тұр», деген өзінен мына кісінің өзгеше
қасиетті қыры бар жан деп ұғынған Шоқан, Арыстан ақыннан көз алмай,
əрбір қозғалысына пайымдай қарауда. Ақынның қасындағы екі жолдасы
төменгі жақта, тізерлей отырып қалды. Ал ақын еркіндей басып Шыңғыс
төренің қасынан жайлана отырды.
— Хан ордасы аман ба? Қарашысы түгел ме? Ханым саулығы қалпында
ма? — деп ақын, айырықша тақпақ тəріздендіре мағыналы сөйледі. Мына
сөздер де Шоқанға жаңадан естілген мəнді лебіз болып ұғылды.
— Ақын, қалай ел-жұртыңыз? — деп, Шыңғыс асыға қайталап айтатын
əдетімен ақыннан ел жайын сұрады.
— Алдияр сұлтан, халқыңыз аман, ел шаруасы жайлы. Хан ауылы
жайлаудан күзекке келді деп естіп, ордаға сəлем беріп, дидар көрсетейін
деп келдім.
— Ақын, жақсы келдіңіз, сізді көптен бір тыңдармын деген ойым
болған еді, — дегенде, тосыннан айтылған сұлтан өзін түсіне алмаған
Арыстан қыпылықтап:


— Не жайлы еді, алдияр?.. — деді.
— Сіз Қозы Көрпеш — Баян жырын аса жақсы айтады деп естіген едім,
Соны өз аузыңыздан тыңдасам.
— Алдияр, бар қолқа сол болса, ақын тіліне тоқтау бар ма. Шырағым,
— деді де, еріп келген жолдасының біреуіне қарап, — менің қобызымды
əкелші, — деді.
— Қобызыңыз, мінеки. — Арықтау ақ сары жігіт желбегей салған
шекпенінің қойнынан суырып қолына берді. Сыртқы кенеп шапанын
жеңілтектеп, жүкке таяна жайлана отырды. Қобызын аяғының қоршауына
ала, құлақ күйіне сарнатып, жанарлы үлкен көзін төндіре айналаны шарлай
бір қарап, ə дегенде жарықшақтау күрілдеп басталатын дауыспен:
«Ассалаумағалайкум, алтын орда,
Ат қағып келдім аңсап алыс жолда,
Алдында жас сұлтанның сөз сөйлейін,
Аруақ ата-бабам жар боп қолда», —
деп аңырата бір толғап алды. Ақын дастанды бастарда ойланғандай үй
аспанына бір қарап, қобыздың аңыраған қоңыр үніне қосылып:
Жыр еттім бұл дастанды ертелі-кеш,
«Түйеден нар туады молтақ өркеш,
Кешегі Ноғайлының заманында
Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш», —
деп жөнелді. Үй ішіндегі адамдардың бəрі ұйып тыңдап қалған, Шоқан
алғашқы бір ауыз өлеңді ішінен қайталады. Жақып ақын болып көзін
жұмып, екі иығын қомдап, қобыз қылып бір шыбықшаны ысқылап
отырғанын көріп Шоқан жымиып қойды. Шоқанның жымиғанын көріп,
Жақып онан сайын екілене бұлғақтады. Шоқан қабағын түйіп қой деген
ишарат етсе, ол аузын қиқалақтатып əжуалап отыр.


Ақын ұзақ жырлай келіп бір жерде:
Қарабай, Сарыбаймен аңға шықты,
Екі бай аттанды деп даңға шықты.
Екі бай қатар жортып келе жатса,
Алдынан буаз марал аң қашыпты», —
деп, екі байдың құдалық ежеқабылы басталған жерді жырлады. Осы
араға келгенде, буаз аңға мейірімділік еткен екі бай Шоқанға мейірбан
адамдар болып елестеді.
Бір сəт үзіліс істеліп, ақын да, үйдегі үлкендер де сыртқа шықты.
Бұрынғы отырған жұртшылық үстіне тағы да бірен-сарандаған адамдар
қосылды. Қайта келіп кісілер орынға отырғанда, шай жасалып, дастарқан
жайылды. Ыстықтан пысынап, қымыздың бойға жайылған қызуынан
балбырап отырған жұртқа қозы күрең ыстық шай дəл кезінде келді. Шоқан
ақын қимылына қадағалай қарайды. Осынша ұзақ жыр қай жеріне сыйып
тұр екен дегендей өне-бойын да үңіле шолиды. Əсіресе ақынның ойнақы
үлкен көзі, селдірлеу салалы сақалы ұзын жағын көсілте түскендей, сірə,
бар өнердің үясы осы-ay дегендей болады.
Шай ішіліп болып, жұрт дастарқаннан кейін серпілді.
— Ал, ақын, сіздің Безверховтармен Ұлытаудан Қарақұмға дейін
барғандағы жырлаған Қозы Көрпешіңіз осы ғой? — деді Шыңғыс төре
асығыс жеделдете айтатын əдетімен.
— Иə, алдияр, осылай басталады, əлі жыр өзегіне кіргеміз жоқ қой, —
деп, Арыстан қобызын зарлатып жырлай жөнелді.
Ақын кейде баяулата, кейде көтеріле соқтыра, əрбір уақиға тұсына
кіргенде өлең ырғағына тербетілгендей дөңгеленеді. Қозыкенің Баянды
іздеп тазша бала болып келетін, Баянның алдынан шығатын жерін сондай
бір нəзік дыбыспен жан сезіміне беріле аңыратты. Осы бір жеріне келгенде
Шоқан ақын əуеніне еріп, бір назды қоңыр дыбыс шығарғандай болды.
— Пəлі, иə, сен де ақынсың ба? — деген Жақыптың даусын естігенде,


Шоқан өзінің дыбысы шыққанын сонда абайлады.
— Ет піскен екен, ақын осы жерден тоқтатса, — деген сары бəйбішенің
хабарын Шыңғыстан бұрын естіп қалған Шоқан:
— Апеке, айта түссінші, қызық екен. Қандай жақсы айтады, - деді.
— Жақсы көрсең, асықпа, жырын аяғына дейін айтқызбай ақынды
аттандырмаймыз, ет езіліп кетеді, — деп, бəйбіше Шоқанның тілегіне
жақсы ниет айтты.
— Иə, ас дайын болса, онда ақын қалғанын кейін айтар, — деп,
Шыңғыс орнынан қозғалақтады.
— Иə, қазір бəрібір аяқталмайды, дем алалық, — деп Арыстан ақын
қобызын жүкке сүйеп қойып, жайлана отырды.
Ет желініп, қол жуылып, жұрт далаға шығып, бой көтерісті. Күн де
еңкейіп, көлеңке ұзара бастаған кез. Қотан сыртындағы қыратқа қарай
Шыңғыс бастап ауыл адамдары, ақын, қонақ бəрі жүрді. Шоқан бүтін
ойынды ұмытып, əке айналасы, ақын қасынан ұзаған жоқ. Оның құмары —
дастанды аяғына дейін тыңдау. Қорғансыз жас Қозы Көрпештің алдағы
күні не болмақ?..
Дөң басына келіп жайлана отырысты. Сөзді Шыңғыс бастады:
— Ақын, сіздің əкеңіз Толыбай, би болған кісі дейді. Сірə, ол кісіде де
ақындық болған ба екен?..
— Алдияр, тақсыр, əкеміз ақындық енерін құнттамапты. Бірақ,
қапелімде өз табатын, өткір тілді, өз əлінше əділ болған дейді. — Арыстан
осыны айтып, əке жайын есіне түсіргендей аз кідіріп қалды.
— Толыбай бидің қандай əділдігі болған екен? — Шыңғыс қазақ
ғұрпындағы əділ деп танылған билік түрлерінің үлгісін аңғарғысы келіп
сұрады.
— Алдияр, əкемнің билігін мен айтсам, өз əкемді мақтаған боламын
ғой. Мына жігіттің де аздаған ескі өзге үйірлігі бар еді. Осы айтсын. —
Арыстан, қасына еріп келген жолдасының үлкеніне сөз кезегін ұсынды.


— Сұлтан алдында, сұлтанды қоршаған топтың алдында сөйлеу қиын
да болса, ақынның əдейі сөйлеткісі келіп ұсынғанын аңғарған жігіт:
— Иə, алдияр, естігенім бар еді. Рұқсат болса, айтып көрейін, — деп
жүгіне отырып, əңгіме бастады.
— Əкем марқұм айтатын: «Ертерек кез болар, Тəлекеңнің жас кезі
білем, бір жиынға кездесіпті. Ел екі жарыла отырып айтысып жатыпты.
Сырттан келіп тыңдаса, үш рудың үш таған болып сайысқан ұлан-асыр
дауы екен. Даудың өзегі — Қышпақ руының ұрылары Бағаналы елінен
барып жылқы алады. Ұрылар жылқы алған елден қашықтап келіп бір
бүйрек тауға бекінеді. Тазымен аң қуып жүрген Жаппас руының бір топ
адамдары ұрылардың үстінен түсіп, екі жақ соғысып, бір ат, бір биені
Жаппас аңшылары айырып қалады.
Бағаналының қуғыншылары мен алған ұрылардың өкше-ізіне түсіп,
шолғыншы сала отырып, Жаппас аңшыларына кездесіп, ат пен биені
таниды. «Тапқан қуанады, таныған алады». Ағайын, алдырған малдың
көзін көріп тұрмыз, айырғандарыңа рақмет, малдың көзін өзімізге бер», —
дейді. Оған Жаппастың аңшылары: «Қан төгіп, жаудан түсірген қанды ат.
Бізге малыңды бақтырып қойып па едің?»— деп бермейді. Сонан екі жақ
жанжалдасып, Жаппастың бір аңшысының көзіне найза тиеді.
Бағаналы елінің адамдары, Қыпшақ ұрыларын қуып барып, малын
шығарады. Бірақ жолда болған жанжалды айтпайды. Сонан біраз өткенде
Жаппас елінің адамдары, Бағаналыға барып, ерінің көзіне құн сұрайды.
Осыдан үлкен дау қозғалып, үш ру ел бітімге келе алмай, кереғар даумен
керілдесіп отыр екен.
Топ үстіне кездесіп, ортасына келген Төлекеңе үш рудың өз ұстаған
билері:
— Шырағым, ара ағайынсың. «Бітер істің басына, білімді келер
қасына» деген еді. Атасы билік айтқан Атығайдың баласы екенсің, осы
даудың төрелігін айтшы, — дейді.
— Айтқызып аяқсыз қалдыратын төрелікке ие болмаймын. «Бұқа қарап
жүріп, жасауылға тұрыпты» дегендей, жолаушы жүріп билік айтып, атақ
байланып ажуа болармын. Ал шын берсеңіздер, тəңірі атын куə етіңдер.
Жығылғаның ауырламайтын, жыққаның мақтанбайтын болсаңдар ғана,


төрелігімді айтам депті. Сонда билер:
— Шырағым, өзіңде нəр бар екен. Əділдік алаңы жоқ ауыздан шығады
деген еді. Бұл ортаға бөгде ағайын көрінесің, именбей-ақ айта бер, —
десіпті.
— Онда басынан байыпты ауыздан дау жобасын тыңдалық, — деп
билерге дауларын айтқызыпты.; Алдымен сөзді Жаппас даугері бастапты:
— Ағайын, жау алған малыңа шаптым. Қан төгіп, қанды ат айырдым.
Келе қол күш қылып, айырған малымды қолмен алмақ болдың. Ара түскен
азаматымның көзін шығардың. Қол қолды табады. Мен ерімнің көзін
Бағаналы — сенен сұраймын, — депті.
— Ағайын-ау, аттанып ауылыңа келдім бе, қосыңа кіріп қомдыңа құрық
салдым ба? Алдырған малымды астыңнан таныдым. Ағайынсың, алдырған
елміз, айғақ болар малымның көзін бер, деп сауға сұрадық, бермедің. Адал
малымыз үшін найза сермеп, қол көтергенім рас. Қастықпен емес, қатеден
найза тиді. Көз жазым болды. Қыпшақ ұрысы қосымды қопарып,
жылқымды алмаса, сенің аңшыңда менің нем бар. Найзам үйіме сүйеулі,
атым кермеде байлаулы, азаматым ауылымда жатар емес пе еді? — дейді
Бағаналы даугері.
— Сонда сенің қосыңа мен кірдім бе, аулыңа барып асыр салдым ба?
Тиген найза сенікі, мен қанды қол сені білем, көзімнің құнын, Бағаналы,
сенен сұраймын, — дейді өзін толықтырып Жаппас даугері.
— Кеден болды, кеден неден болды. Қыпшақ ұзыннан өксігің жоқ,
қысқадан қарымжың жоқ, қосыма кіріп, қорамды шаптың, мал ашуы —
жан ашуы, арадағы ағайынмен арандатқан сенің қанды жорығың. Құнды,
Қыпшақ, сен тартасың, Бұзық жосығыңа сен жауапкерсің, — депті
Бағаналы даугері.
— Апыр-ау, алсам, ертеден қол жетпей жүрген есем үшін Бағаналыдан
жылқы алдым. Өз қорасы, қосы аман, көлденеңнен килігіп, олжа іздеп
шауып, қан төгіп жылқы айыратын Жаппастың қай қанының қызғаны? Ал
ұры десін, менен жылқы айырсын. Малын таныған саған өз малыңды
бермей жанжал шығарғаны қай бұзақылығы? Көзі шықса, көкіректегеннен
тартқан сазайы емес пе. Қол қолды тапса, мен Бағаналының малына
жауаптымын. Жаппастың көзіне менің қатынасым жоқ. Тиген найза


Бағаналынікі, шыққан көз Жаппастікі, екі арада мен неге жығынды болам,
бір тойда екі жар жоқ, — деп, Қыпшақ даугері көз құнын маңына
дарытпайды.
Билердің сөзін тыңдап болып Төлекең:
— Иə, би ағалар, дау жобасы сіздер айтқан болса, билік жобасын да
əздеріңіз айтып отырсыздар ғой, — деп бастапты. — Бағаналы даугері
дұрыс айтып отыр ғой, жорықты кім бастаса жосыққа сол жауапты ғой.
Қыпшақ ұрысы Бағаналыдан жылқы алмаса, Жаппастың аңшысы кімнен
жылқы айырды? Бағаналы жылқысын алдырмаса, жай жатқан Жаппаспен
жанжалдасар ма еді. Пəлені кім бастаса, барлық ауыртпалыққа сол
жауапты. Ердің құны жүз түйе, көздің құны елу тайлақ. Қастандық емес,
қатеден тиген найза, жартысы жазым тигені үшін кешіледі. Жаппастың
көзінің құны жиырма бес тайлақ. Тірідей көзіне құн алу арына ауыр болар,
құдалықпен құдай атын айтысып, сүйек болсын. Қыпшақ қыз беріп күнде
бау сүйек болсын, — депті. Билік жайын айтқан жігіт сөзін аңыра тыңдаған
Шоқан, ер құны, ел дауы деген бір үлкен сүрелі əңгіме барын білді. Əрі
жігіттің айтқыштығына разы болып əкесінің аузына қарады.
— Немене, сол билікке бəрі пəтуа етіп пе? — деп сұрады Шыңғыс.
— Иə, «айтқаным айтқан, билік бірлікті меңзейді, шырағым, бұрын
ағайын едік, енді сүйек болатын болды» деп бəрі алғыс айтыпты. Сонда
отырған Жаппастың биі ақ сақалды адам екен:
— Шырағым, елім Кіші жүз еді, аға баласы болсаң да батамды берейін.
Атыңа ат қосайын, бұдан былай атың би Толыбай болсын, — депті. Сонан
біздің Төлекемді ел би Толыбай атап кетіпті, — деп жігіт əңгімесін
аяқтады. Отырған жұрт: «əділ айтылған билік, ағайынды ашындырмай,
қандай есебін тапқан», — десті. Ұзын сүре даудың барлық екжей-текжейін
жете ұқпағанымен, ел ішінің дау-шарының бір сала собасын аңғарған
Шоқан, əжесіне осы əңгімені айтып, ол кісінің де ойын тыңдамақ болды.
Қас қарая Шыңғыс қонақтарын ертіп үйіне оралды. Бұл кезде қайтадан
дастарқан жайылып, қымыз сапырылып, тағы мəжіліс басталды.
— Ал, ақын, Қозы Көрпешіңді аяқта, — деді Шыңғыс Арыстанға қарап.
— Иə, мына кішкене төренің құмары жадырасын. Аяқтап көрелік, —


деп, Арыстан қобызын алып, жырына кірісті. Дөң басындағы мəжілісте
болмаған тентек Жақып Шоқанның қасына келіп отыра беріп:
— Өй, өзі бір шаршамайды екен. Тағы жетім баланы айта ма? — деді.
— Иə, соны айтады. Тек отыр, құтырынбай, — деп Шоқан інісіне
тыйым айтты.
Ақын біраз кібіртіктеп отырып көтеріле жырлап, Қозыке мен Қодардың
алғашқы күш сынасқан жеріне келгенде:
«Астрахандай бұл жақта қала бар ма,
Қозыкенің көңілінде ала бар ма?
Қодар құлды атына қайта салды,
Қысып қойса сол жерде шара бар ма!» —
деген жерін айтқанда, «былай қысса ғой» деп, Жақып Шоқанның
белінен қысып-қысып қойды. Шоқан үнсіз тыңдап, жыр толқынына
берілгендей ақынның əр өзіне ұйып аңырая қарайды. Осы бір кезде сары
бəйбіше Шыңғысқа əдепті үнмен: — Енді ас ішіңіздер, — деді.
— Иə, иə, тамақ желік, ақын, осы жерден кідірте тұр. Қызығы жаңа
басталып келеді, — деп, Шыңғыс жұртты тамаққа əзірленуге шақырды.
Шоқан Жақыпты алып, апасының арт жағынан барып, өздеріне жасалған
еттерін жеді. Əлі есіл-дерті Қозыке тағдыры. Əлсіз жан апат сергелдеңнің
ортасында жүр. Қайта-қайта соны ойлайды. Ол осы жырға беріліп, əлгі
Мысықтан алып келген сиырдың, қойдың балшық мүсіндерінің де не
болғанын ескерген жоқ.
Шоқан əкесімен бірге дөң басына шығып кеткенде, Жақып төсектің бас
жағында жатқан балшық мүсіндерді алып, біріне бірін соғып, сиыр қойды
сүзді, жықты деп уатып, быт-шытын шығарған-ды. Шоқан оны əлі
көрмеген.
Ет желініп, жұрт сыртқа шықты. Үркер көтеріліп, күз лебі қоңырлата
бастаған. Арқа түнінің салқын желі баяу ғана өседі. Құсмұрын алқабының
көсілген кең даласы ай сəулесіне бөленіп, буалдыр көгілдір жайқын болып


мүлгиді. Орда маңынан алшақ қарашы ауылда жусаған қой, сиырдың
ыңыранған, пысқырынған үндері түн тыныштығында елгезектене естіледі.
Анда-санда пысылдай пысқырынған көкпекті соны күзекке еркін өрістеген
түйе тобы, алуан түрлі дыбыс аңдатады. Күндізгі абыр-күбір азайғанымен,
түн тіршілігі өз арнасында əсемдікпен ырғалады. Əлдеқайда қол бетіндегі
құстардың да ыңыл-шыңыл үндері өмір думанына бөленгендей, көл
қауымы өз тілімен үн қатысады.
— Мəжілісті ертең аяқтарсыздар, сіздер бері, үйге жүріңіздер, төре дем
алады, — деп, кісі күтіп жүрген Бейсен ақынды жолдастарымен қонақ үйге
алып жүрді. Шоқан Жақыпты ертіп өздерінің үйіне барды. Ұйқы
маужыратқан Шоқан еш нəрсемен де ісі болған жоқ, төсегіне шешініп жата
кетті.
Шоқандардың сабағы тоқталып қалған. Құсмұрын алқабына келгелі
шақырған жерлерге барып Əубəкір молданың қолы тимеген-ді. Кешегі
ақын мəжілісінде де Əубəкір молда жоқ еді. Ол кісі таяу ауылда бір дуа
болып сонда шақырылып кеткен. Осындай бір бостандық, молда сабағы
үзіліс жасаған күндерде ақын мəжілісі болған Шоқанға сондай ұнаған-ды.
Таңертеңгі шайын ішіп, қонақтар Шыңғысқа сəлем бере орда үйіне
кіргенде, Шоқан мен Жақып əкелерінің қасында еді.
— Ассалаумағалайкум, аға сұлтан,
Жасы күн, жарқын өмір, қайырлы таң.
Болғайды хан ордаға қасиетті,
Туғызар елге бақыт, халқына қам, —
деп жырлай кірген Арыстанға Шыңғыс оң жақ қасын меңзеді. Басқа
қонақтар күндегі орындарына хан ишаратынан кейін жайлана отырысты.
«Ақын тілі алыстан шолиды-ау, сəлемінің ішінде арызы қабаттаса жүреді.
Адам тілінің айтпайтын өзі, ашпайтын сыры жоқ-ау. Тек бүкпелемей, ақ
ниетпен сөйлесе», — деп ойлады Шыңғыс.
— Алдияр, сізден рұқсат болса, біз ханымымызға сəлем берсек,
кешеден бері бармағанымыз да ағаттық болған тəрізді, — деді Арыстан
ақын Шыңғысқа.


— Иə, иə, ол жобалы, ханымға сəлем берелік, мен де кешеден бері
барғаным жоқ. Қозы Көрпештің аяғын да сонда жырларсыз, — деп
Шыңғыс ақын өзін құптады. — Онда, ат қамдалсын, — деп Бейсенге
қарады.
— Құп, алдияр, қазір дайын болады, — деп Бейсен есікке қарай бара
бергенде, Шоқан:
Атеке, мен де барам, — деді. «Мен де барам», — деп Жақып қосарлана
кетті.
Иə, иə, бұлардың да аттары əкелінсін! — Шыңғыс сөзін аяқтағанша
сары бəйбіше:
— Біз де барамыз, жырдың аяғын тыңдаймыз. Апама сəлем береміз.
Балалар, біздің пəуескеге мінер, — деді.
— Алақай онда тіпті жақсы болды, — Жақып Шоқанның мойнына
асыла кетті.
— Кешегі менің ойыншықтарым қайда? — деген Шоқанның сөзін ести
сала қайтадан апасының ар жағына барып тығылды. Кешегі қойған жерінен
іздегенде тек сиыр мүсін балшықтың бір сынығы ғана жатыр, өзгесі жоқ
болды.
— Мынаны талқандап сындырған сен ғой, бүлік, — деп Шоқан
Жақыпқа қарай бет алып еді, апасы:
— Шоқанжан, оны мен бағана шығартып тастадым. Қайтесің жаман
балшықты қызықтап, өзі үгіліп кілемді топырақ қылып тастапты, — деді.
— Апеке, ол жай балшық емес мүсін ғой. Өнер ғой, — деп Шоқан
қабағын түйіп, тұрып қалды. Апасы ара түскен нəрсеге əдептілік істеп
ішінен тынды да қойды.
Шыңғыстарға ат ерттеп жүрген Бейсенге келіп Шоқан:
— Бейсен аға, менің де құнанымды ерттетіңіз, мен салт мінем, — деді.
— Иə, Бейсен аға, менің де құнанымды ерттетіп беріңіз, мен Шоқанмен


бірге жүрем, — деп Жақып таяй бергенде, Шоқан:
— Жөнел, жаның барда. Менімен бірге жүрмейсің. Апекеңнің жанына
пəуескеге отыр, — деп қатты зеки сөйледі.
Əлгінде апасының қорғауымен аман қалғанын сезген Жақып,
Шоқанның қазір ызғарлана «менімен жүрмейсің» деген сөзінен тайқып
үйге жөнелді.
Салт атпен жүрген Шыңғыстар тобы, Арыстан ақын бар, ханым аулына
қарай баратын төте тепсеңмен бұрыла үлкен көл сағасына қарай ойыса бет
алды. Əкелерімен қабаттаса атқа мінген Шоқан, кешегі Мысыққа айтқан
уəдесі бойынша кісілерден бөліне құдық басына тартты. Əңгімемен
алданып алғашында абайламай қалған Шыңғыс баласының жалғыз кетіп
бара жатқанын керіп шақырып алды.
— Сен, жалғыз қайда бара жатырсың? — деп бөліне жүру себебін
сұрады.
— Атеке, кеше Мысыққа, əлгі мүсінші балаға, келем деп уəде бергем,
соған барам.
— Кейін-ақ бармайсың ба, ол бір жаққа кетіп қалар деп пе едің? —
деген əке сөзіне:
— Уəде айтып, артынан алдасам ұят болады ғой. Бұдан былай ол менің
сөзіме сенбейді ғой, — деді.
Шыңғыс Шоқанға ойлана қарады да:
— Ə, жарайды, бар. Екі айтпаған жақсы, — деді. Шыңғыстың өңінде
баласына іштей разыланған ажар бар еді.
— Тере баланың мына қылығы қандай жақсы тəртіп. Өтірік айтып
алдасам, ендігіде сенбейді ғой дейді. Болар бала... деген-ау, — деп Арыстан
бөліне жөнелген Шоқанға сыртынан сүйсіне ықылас білдірді.
Шоқан құйғыта шауып құдық басына келгенде, Мысық алдынан қарсы
шықты. Ол қолына ұстаған жаңа мүсіндерін жоғары көтере:


— Мə, Шоқан істеп қойдым. Мен сені келмей қалар деп ем!
— Жоқ, мен айттым ғой келемін деп, неге келмеймін. Уəде етпеу керек,
уəде еттің орында. Міне, сен де кеше уəде еттің, айттың, орындап тосып
отырсың, — деп Шоқан досына өзінің əдетін түсіндірді. Мысықтың бұл
мүсіндері Шоқан айтқан түйе емес, құстың (қаршығаның) тұлғасын
бейнелепті. Жəне пəуеске арбаның бейнесін жасапты. Жаңадан көргенін,
жаңа нəрсені тез танығыш Мысықтың зеректігі Шоқанға сондай ұнады.
Мына жасаған мүсіндері əлі тобарсымаған, босаңдау екен. Қолына алып
ұстап көрді де:
— Сен мүсіндерді күн көзіне қойып тобарсыт, қазір алуға əлі жас екен.
Мен саған ертең келем, — деп Шоқан үйден Мысыққа деп алып шыққан
қант, бауырсақтарын берді.
— Жарайды, тағы да көп қылып істеп қоям — деп Мысық бауырсақтың
бір-екеуін аузына тоғытып жіберіп, жымыңдап қойды.
Шоқан құнанына міне салып, Айғаным аулына қарай құйғыта жөнелді.
Ендігі ойы Қозы Көрпеш жырының аяғын тыңдаудан кешікпеу еді. Шоқан
келіп жеткенде, ханым үйінің айналасы абыржыған адамдар. Апасы да
пəуеседен жаңа ғана түсіп жатыр екен. «Кешікпеген екенмін» деп ойлады,
ол ішінен. Шыңғыстар тобының аттары кермеде, қатарласа байланып олар
үйге кіріп жайланып қалғаны байқалды. Жалғыз кіріп баруды ретсіз
көргендей, апасының үйге кіруін күтпелеп пəуеске қасында тұрып қалды.
— Ə, бəрібір бізден бұрын келген жоқсың, — деп Жақып апасына ілесе
Шоқанға қыр көрсетіп бағанағы тастап кеткен кегін қайтармақшы болды.
— Əжесіне еркелене əдеппен келіп Шоқан бетінен иіскеткенде, Жақып
та еттілеу томпақ бетін төседі.
— Өй, тентек, — деп ханым оның қолынан тартып, маңдайынан сипап
қасына отырғызды. Ханым алдында тағзыммен отырған жұрт əлі мəжіліске
кіріскен жоқ еді. Үнсіз отырысты, Айғаным өзі жандандырды. Күтуші
жігітке:
— Дастарқан жайғыз, қымыз əкелгіз. Мал қамдаңдар. Ақынды кеше
келді деп еді, жас сұлтанда арыздары болған шығар. Заман осылардікі ғой,
— деп бір ескертуін істеді.


— Иə, алдияр апеке, біз тоқтатып қалдық. Ақында кінə жоқ. Мына
балаларыңыз жыр айтқызып босатпады, — деп Шыңғыс Шоқан мен
Жақыпты алдына сала, жыр аяғының айтылуына ескерту жасай сөйледі.
— О не қылған жыр, балаларды таңсық еткен, — деп өзімшіл өр мінезді
ханым бізге жаңалық болған қандай жыр дегендей, бір жайқап өтті.
— Апеке, бұл Арыстан ақын айтқан Қозы Көрпеш, Безверховтар тобы
дəріптеген өте бір қызықты түрі. Бұл Орынбай айтуынан бөлегірек, — деді
Шыңғыс, жыр жайындағы өз болжауын түсіндіріп.
— Иə, Арыстан ақын ұзақ, қызықты жыр айтыпты, соған разы болып
бір орыс төресі үлкен сыйлық берді деп жүр еді ғой ел. Онда дұрыс екен,
балалардың естігені жақсы болған. Тыңдалық, — деген кеңшілігін білдірді.
Жырды кешегі тоқтаған жерден бастай ма, жоқ тағы басынан ханымға
қайталай ма, сол арасын шеше алмай қобызын алдырып, Арыстан құлақ
күймен күйбеңдеп бөгеліп қалды.
— Ақын, неге бөгеліп отырсың? Əлде, əлде қай жеріне тоқтағаның
есіңе түспей отыр ма? — деп, Шыңғыс ақын бөгелісін анықтағысы келіп
өзі бастады.
— Иə, алдияр, сол тоқталған жерден айта берелік пе? — деп, Арыстан
Шыңғысқа қарағанда:
— Апекем қалай дейді. Басынан айтсын ба, жоқ қалған жағын айтсын
ба? — деп Шыңғыс Айғаным ажарына қарады.
— Бас жағын сендер тыңдапсыңдар ғой, аяғын-ақ тыңдалық, тағы да
аяқталмай, балаларды босқа шаршатар, — деп Айғаным өз шешімін айтты.
«Айбас құл олай шапты, бұлай шапты,
Бəрін де тамам жолдың оймен тапты.
Əттең, айдың жарығы күндізгідей,
Ер жігіттің қадірін қыз білгендей», —


деген жерін айтқанда, Шоқан əкесінен:
— Атеке, ол қай жер? — деп сұрап қалды.
Ол, ол нағашың аулының ар жағында Қарқаралы деген тау бар, сол.
Таудың аты осыдан қойылған білем.
— Ол нағашымдар аулынан көріне ме?
— Алыстан бұлдырап көрінеді. Жарайды, өзім кейін ұғындырармын,
жыр тыңдалық, — деп, Шыңғыс Шоқанды тоқтатып тастады. Жұрт үнсіз
жыр тыңдап, ақын аузына үңіле отырысты.
Жыр ұзақ айтылып, күн еңкейе ақын Қозыке өліп, Қодарды Баян алдап
құдыққа түсіріп өлтірген жерін айтқан кезде, үй ішіндегі біраз жандар
Баянды аяп, көздеріне жас алды. Əсіресе Шоқан ойында əсер қалдырған
жері Баянның ақылымен саудагер керуендерге бейіт салдырғаны болды.
Сол бейіт қандай екен деп іштей құмартып қойды. Əредікте Арыстан
ақынның қасына келіп:
— Ақын ата, Қозы Көрпеш — Баянның бейіті сондай биік пе екен? —
деп сұрады.
— Мен кергенім жоқ, бірақ көргендер айтқанда, сондай биік, етегінен
басына қараған кісінің басынан тақиясы түседі, — дейді. Ақын осыны
айтқанда Шоқан үндемей отырып қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет