79
Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мінер ме екеміз?!
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз?!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз?!
Тобыршықты әндіген
Толтыра тартар ма екеміз?!
Тобылғы түбі құралай,
Бытыратып атар ма екеміз!
Жарлауға біткен жапырақ –
Жамылсақ, тоңар ма екеміз?!
Жазыққа біткен бүлдірген –
Сұғынсақ, тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екеміз!
Ел жазылып жайлауда,
Жақсылар кеңес құрғанда,
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екеміз?!
Достарыңызбен бөлісу: