Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы


Партиялық жүйелердің мәні және типологиясы



бет11/23
Дата02.01.2022
өлшемі489 Kb.
#107822
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   23
Байланысты:
Дип.-Саяси-партиялардың-құқықты

1.3.2. Партиялық жүйелердің мәні және типологиясы
Қазақстандағы саяси партиялардың рөлі мен ықпалының өсуі конституциялық құқық ғылымында партиялық жүйелерді зерттеуді өзекті мәселеге айналдырып жіберді.

Әдетте, ғылыми әдебиетте «жүйе» деп (гректің systema – бөліктерден құралған бүтін) бір-бірімен байланыста болатын және белгілі бір тұтастықты құрайтын элементтердің белгілі бір көптігін айтады [48].

Бүгінгі күнде «партиялық жүйенің» барлығы мойындаған анықтамасы жоқ.

Америкалық зерттеуші Дж. Лапаламбараның пайымдауынша, партиялық жүйе дегеніміз «екі және одан да көп бәсекелес партиялардың, ашық және еркін сайлауда бір-бірімен күрес жүргізу жағдайы». Бұл жерде партиялық жүйені сипаттайтын келесі элементтерді көрсетуге болады: 1) партиялардың белгілі бір санының болуы; 2) сайлаудағы олардың бәсекелестігі [36. 47 бет]. Оның бір партиялы мемлекеттерде партиялық жүйе жоқ деп айтқан пікірін де көп зерттеушілер қателік деп бағалайды.

С. Ньюмен партиялық жүйені «Өзінің жеке басқару жүйесін қалыптастыруға партиялардың құқығы» деп түсінеді. Бұл жерде екі түрлі ұғымның бірлігі туралы сұрақ туады: партиялық жүйе және басқару жүйесі [36. 48 бет].

Француз зерттеушісі Ф. Борелля партиялық жүйеге әлдеқайда кеңірек анықтама береді. Оның айтуынша: «Көптеген партия элементтері өзара байланысқан, бірегей бүтінді құрайды; бұл бірегей бүтінді конституциялық немесе саяси режиммен, оның ішінде өзі өмір сүріп отырған қоғаммен араластыруға болмайды. Оны құрайтын элементтер берік және өзара тығыз байланыста болған кезде ғана, партиялық жүйе туралы сөз қозғауға болады. Партиялар мен партиялық коалициялардың саны мөлшермен алғанда, тіркеліп отырулары тиіс, себебі оларға тән күш пен ықпал тұрақты болуы немесе ақырындап дамуы тиіс» [36. 48 бет].

Партиялық жүйені француз зерттеушісі М. Дюверже өзгеше түсіндіреді. Ол партиялық жүйенің өзге жақтарын: «партияның құрылымдық ерекшеліктері (орталықтандырылған және орталықтандырылмаған, жұмсақ және жұмсақ емес), олардың көлемі, саяси өмірдегі үлесі және т.б.» қарастырады. М. Дювершенің пікірінше: «Партиялық жүйе осы сипаттамалардың арасындағы қатынастарға байланысты анықталады» [36. 50 бет].

Кеңестік ғалымдардың еңбектерінде партиялық жүйені талқылайтын сұрақтар сирек көтерілетін. Себебі, көппартиялық феномені демократиялық мемлекеттің маңызды белгісі болып табылады.

Зерттеуші Л. Энтин «партиялық жүйені партиялардың қызметі және оны қалыптастыру талаптары, олардың өзара қатынасы, саяси жүйенің өзге элементтерімен, оның ішінде, мемлекеттік механизммен қатынасының негізгі бастаулары мен қағидалары көрініс табатын, мемлекетпен танылған және рұқсат етілген институт ретінде қарастырады» [49].

В. Туманов партиялық жүйенің негізгі элементі ретінде «жалпыұлттық масштабта жетекші саяси рөлге, үкіметтік билікке ие болуға мүмкіндігі бар партияны» атайды [50].

Жоғарыда келтірілген «партиялық жүйенің» анықтамаларын талдай отырып, біз партиялық жүйе белгілі бір қоғамдағы немесе мемлекеттегі саяси ұйымдардың ерекшеліктерін сипаттайды деген қорытындыға келдік. Партиялық жүйені заңмен рұқсат берілген және өздерінің мақсат-міндеттерін орындауға ұмтылатын партиялар қүрайды. Маңызды саяси институт ретінде таныла отырып, партиялық жүйе бір жағынан, мемлекет пен партия арасындағы қатынаспен, екінші жағынан, партиялардың саяси жүйенің өзге қоғамдық элементтерімен және азаматтармен қарым-қатынасымен сипатталады.

Жоғарыда аталып өткендей, құқықтанушылар мен саясаттанушылар партиялық жүйенің әртүрлі анықтамасын беруі, партиялар типологиясының әртүрін туғызды.

Қазіргі күні партиялық жүйе типологиясының кең тараған түрі тек сандық белгіге сүйенетін типология. Бұл тұрғыда, партиялық жүйелердің мынадай негізгі түрлері бар: көппартиялы, қоспартиялы және бірпартиялы.

Көппартиялы жүйе. Саяси және идеологиялық әралуандылыққа негізделген көппартиялылық, кез келген демократиялық мемлекетке тән. Бұл азаматтық қоғамның маңызды белгісі, яғни, онда өмір сүретін мүдделерді қорғайтын саяси партиялардың әртүрлілігіне алып келеді.

Алайда, атап өтуі керек, «нағыз көппартиялық жүйе тек қана партиялар санының көптігін ғана емес, сонымен бірге олардың билік үшін күресу процесіндегі өзара әрекетін, олардың билік үшін нақты күресін білдіреді» [30].

Көптеген елдердің Конституциялары көппартиялылықты бекіткен. Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабына сәйкес, елде идеологиялық және саяси әралуандылық танылады.

Демократиялық режимде көппартиялылық ерекше рөлге ие, себебі, ол қоғамдағы әр түрлі саяси күштердің бейбіт бәсекелестігі мен ынтымақтастығын қамтамасыз етеді.

Конституционалист-ғалым М. Баглайдың пікірі бойынша демократиялық тұрғыдан көппартиялық жүйенің бірқатар артықшылықтары бар:

ол, азаматтық қоғамның даму және өзін-өзі реттеу потециалын неғұрлым толық ашады және сонысымен саяси процестің демократизациясын қамтамасыз етеді;

ол, партияаралық бәсекелестік пен өзара сынау механизмін іске қосу арқылы саясатты әлдеқайда ашық жасайды: билік құрушы элита үндемеуге ұйғарған мәселені, оппозиция әрқашан жариялап отырады;

ол, шешімдерді қабылдау процесінің тиімділігін жоғарылатады, себебі, әрқашан әралуан баламалы идеялар мен концепцияларды ұсынып отырады;

ол, дағдарысты жағдайларда биліктің қажетінше жұмсақ болуын қаматамасыз етеді.

Әйтсе де, аталған жүйені мінсіздендірудің қажеті жоқ. Көппартиялылық жүйе демократияның бітіспес жауы болып табылатын партиялардың заңды қызмет жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Германиядағы ұлттық-социалистік партия 30-жылдары билікке, нақ осы көппартиялылық қағидасына сүйене отырып, сайлау арқылы келген болатын [4. 179 бет].

Көппартиялық жүйенің кемшіліктерін әлдеқайда мұқият көрсеткен Б. Чичерин еді:

адамның белгілі бір партияға жатуы, оның тек бір бағытта жылжуына ықпал жасайды;

барлық мүдделер қалай болғанда да қарсылас партияны жеңумен байланысты болады. Барлығы мемлекеттік емес, партиялық мақсаттар үшін құрбандыққа шалынады;

әр түрлі партиялардың жақтастары өз партиясы жеңу үшін қоғамның жоғары құндылықтарын, адамгершілікті бұзатын, жоятын қылықтарды жасайды немесе соны жасауға шақырады;

өзінің мақсаттарына жету үшін партиялар кез келген лас әрекеттерге барады. Мысалы, өтірік айту, жала жабу;

күшінің негізгі бөлігі оппозициямен үздіксіз күреске жұмсалғандықтан, үкіметтің билігі әлсірейді [51].

Көппартиялық жүйенің жоғарыда келтірілген негативті тұстары шын мәнінде плюралистік мемлекеттердің өмірінде орын алып отыр. Көппартиялылық – бұл ортақ игілік, саяси жүйенің дамуының бастауы, сонымен бірге бұл фактор саяси дәстүрдің қырқысуына, қоғамдық моральдық бұзылуына да алып келеді. Бұл жағдайдан шығудың жолы, біздің пікірімізше, саяси партиялардың бір-бірімен және мемлекетпен мүдделері тоқайласатын тұстарын констиуциялық тұрғыдан реттеу табылады.

Шетелдік тәжірибе, көппартиялық жүйенің бірнеше түрін жасап шығарды, енді соларға тоқталсақ.

Жетекші партиясы жоқ көппартиялы жүйе. Бұл, күштері бір-бірімен тең қарсыластар билік үшін күресетін классикалық вариант. Мұндай жағдайда, күрестің нәтижесін болжаудың өзі қиынға соғады. Бірде бір партия Парламентте көп орын ала алмайды және тиісінше, үкіметті қалыптастыру кезінде одақтар мен келісімдерге жүгінеді. Үкімет коалициялық сипатқа ие, оны қалыптастыру біршама қиындықтармен байланысты болады және белгісіз мерзімге созылуы мүмкін. Мұндай үкіметтің тұрақтылығын сақтау өте қиынға соғады. Мысалы, Франциядағы Төртінші республиканың партиялық жүйесі (12 жылда 26 үкімет); Нидерландыдағы үкіметті қалыптастыру айларға созылды; Италияда соғыстан кейінгі жылдардағы бір де бір үкімет өзінің заңмен белгіленген мерзімін толық аяқтамаған және т.б.

Жетекші партиясы бар көппартиялық жүйе.

Бұл варианттың ерекшелігі, партиялардың бірі қалғандарынан айтарлықтай басымдыққа ие болады. Жетекші позицияға ие бола отырып, ол жеке өзі немесе басқа бір одақтас партиямен бірігіп, парламент көпшілігін құрайды және тиісінше, бірпартиялы үкіметті қалыптастырады. Мұндай көппартиялық жүйе билеуші топқа тиімді болып табылады. Бұл классикалық көппартиялылықтың әлсіз тұсын – сайлаудағы бәсекелестің формальдығын сақтай отырып, сайлау нәтижесін анық болжау арқылы түзетуге мүмкіндік береді және үкімет тұрақтылығына кепілдік беріледі. Мысалы, Жапонияның 1993 жылға дейінгі партиялық жүйесін (38 жыл бойы Либералды-демократиялық партия жетекшілік жасап келді) немесе Мексиканы (Институционалды-революциялық партия басым рөлге ие) айтуға болады.

Блокты көппартиялық жүйелер.

Әдеттегі жағдайларда бұл жүйе классикалық көппартиялық жүйеден ерекшеленбейді, өзінің ерекшелігіне сайлау кезеңінде ғана ие болады. Бұған саяси күштердің бір-біріне қарсы екі блокқа бірігуі тән. Бұл кезде партиялар өздерінің сайлауалды стратегиясын блоктардың біріне жатуына байланысты анықтайды. Блоктан тыс қалған партиялар мен кандидаттардың жетістікке жету мүмкіндігі нөлге теңеледі. Мұндай жүйе өзінің кейбір белгілеріне байланысты қоспартиялық жүйені еске түсіреді. Мұндай көппартиялық жүйенің мысалы ретінде 70-жылдардың екінші жартысы мен 80-жылдардың басындағы Францияны келтіруге болады. [4. 171 бет].

Жалпы алғанда, жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарамастан, көппартиялылық - саяси жүйелердің ұзақ уақыт бойғы өркениетті дамуының нәтижесін және демократиялық қоғамның қажетті бөлігін білдіреді. Себебі, көппартиялылық билікке бір партияның монополиясын болғызбайды және адамдардың санасында ойлау мен іс-әрекеттің баламалылығын тудырады.

Қоспартиялық жүйе.

Бұл жүйенің ерекшелігі, партиялар санының көп болуына қарамастан, билікке нақты таласа алатындары және үкіметті алма-кезек қалыптастыратындары тек екеуі ғана болады. (Ұлыбритания) Бір партия билік жүргізеді, ал екіншісі оппозицияда жүріп, оны сынайды және сайлау нәтижесінде оның орнына барады. Мұндай жүйе баламалы үшінші саяси күштердің пайда болу мүмкіндігін қиындатады.

Қоспартиялықтың жағымды белгісі, ол, үкіметтің жоғары тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл жүйеде бір партиялы үкімет коалициялық келісімдердің тұрақсыздығынан зардап шекпейді. Сөйтіп, қоспартиялық жүйе үшінші партиялардың билікке келуіне жол бермейді және осы арқылы екі мақсатқа қол жеткізіледі. Біріншісі, сол режимнің радикалды қарсыластары еркін жұмыс істеулері мүмкін (заң талаптарын бұзғанға дейін), өз бағдарламаларын сайлаушылар алдында еркін насихаттауы мүмкін (яғни, идеологиялық және саяси плюрализм қамтамасыз етіледі). Екіншісі, бұл күштер билік үшін шын қауіп төндірмейді, себебі, шын мәнінде оған жете алмайды. Басқаша айтқанда, қоспартиялылықтың көппартиялылықтан ерекшелігі, ол, демократиялық режимді қорғайтын әлдеқайда сенімді құрал болып табылады. Алайда, бұл жағымды жақтарына қарамастан, қоспартиялық жүйені мінсіз модель және барлық саяси мәселелерді шешеді деп бекіту қателік болар еді. Мысалы, Ұлыбританияда консерваторлардың орнына лейбористердің келуі мемлекеттің әлеуметтік функциясының қарқындауына, ұлттандырудың (национализация) кезекті толқына, бюджеттік ресурстарды қайта бөлуге, салық саясатының өзгеруіне және т.б. алып келеді. Ал біраз уақыттан кейін партиялар орын ауыстырған кезде барлығы керісінше жүреді. Сөйтіп, биліктегі бір партияны екіншісі алмастырған кезде, мемлекеттік механизм мен қоғамдық өмірдің тұрақтылығы біршама сынаққа төтеп берулері тиіс.

Қоспартиялық жүйеде де айтарлықтай өзгерістер, қоғамдық және мемлекеттік дамудың мүлдем өзге модельдері мүмкін болады.

Бірпартиялық жүйе. Мемлекетте үкіметті қалыптастыруға монополиялық құқық берілген жалғыз, заңды жұмыс істейтін партияның болуын білдіреді. Мұндай жүйе, әдетте, өзге партиялардың қызметіне құқықтық тұрғыдан тыйым салынған, авторитарлы және тоталитарлы режимі бар мемлекеттерде орын алады. Мұндай бірпартиялық жүйелер фашистік Германия мен Италияда, социалистік мемлекеттерде өмір сүрген. Қазіргі күні бұл жүйе Қытайда, КХДР-нда, Кубада және тағы бірқатар мемлекеттерде сақталып отыр.

Жеке-дара немесе жетекші партияның үстемдігінің рөлі үнемі конституциялық деңгейде бекітіліп отырған. Мысалы, Куба Республикасының Конституциясының 5-бабына сәйкес (1976 жылғы), «Кубаның коммунистік партиясы – жұмысшы таптың марксистік-ленинистік авангарды – коммунистік қоғамға айналатын социализм құрылысының жоғарғы мақсаттарына жетуге барлық жағдайды ұйымдастыратын және бағыттайтын, қоғам мен мемлекеттің жоғарғы жетекші күші болып табылады» [52].

Егер «социалистік» Конституциялар әдетте, компартияның жетекші және бағыттаушы рөлін жариялаумен ғана шектелсе, дамушы мемлекеттердің Конституцияларында жалғыз партияның үстемдік мәртебесін арнайы конституциялық кепілдендіру туралы айтылады және тәжірибеде – партия жетекшісі, біруақытта мемлекет басшысы болып табылады.

Сөйтіп, бірпартиялық жүйе жағдайында «партия» сөзінің өзі шын мағынасын жоғалтады.

Бұл жүйенің демократиямен бірге өмір сүруі мүмкін емес. Осыған орай, бірқатар батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жалғыз ғана партия жұмыс істейтін мемлекеттерде партиялық жүйе мүлдем жоқ деген негізді пікірлермен келісуге болады.

Бірпартиялық жүйенің ерекшеліктерін мынадан байқаймыз:

мемлекеттік және партиялық аппаратты біріктіріп жіберу;

өзге партиялардың болмауына байланысты сайлау институтының формализацияға ұшырауы;

идеологиялық плюрализмді жоққа шығаратын, жалғыз партияның идеологиясын мемлекеттік тану және мемлекеттік қолдау көрсету;

адамның саяси құқықтары мен бостандықтарын шектеу, мемлекет мүддесінің жеке тұлғалар мүддесінен басым болуы;

заңдылықтың болмауы, яғни, биліктің партияның саяси еркін жетекшілікке ала отырып, ашық түрде өзін заңнан үстем қоюы.

Басқаша айтқанда, бірпартиялық жүйе бір партияның мемлекетті, қоғамды және әрбір жеке тұлғаны толық қадағалайтын қатал диктаторлық режимнің орнауына алып келеді. Мұндай жағдайда оппозициялық саяси бірлестіктердің қызметі туралы айтудың мүлдем қажеті жоқ.

Атап өту қажет, бірпартиялық саяси режим, монополист партияның өзін дағдарысқа ұшыратады. Бір партияның қолындағы шексіз және бақылаусыз билік оның жаңа идея шығару мүмкіндігін, өзін-өзі дамытуын, оның мәнін шектейді. Ары қарай өмір сүру үшін, ол жаңа саяси бастамалар мен оларды жүзеге асырудың жаңа механизмін ұсыну керек. Олай болмаған жағдайда, ол өзін-өзі жоюы тиіс, не әр түрлі ұсақ бірлестіктерге бөлініп кетеді. Тарихта бұған мысалдар жеткілікті.

Батыстық және отандық конституциялық-құқықтық және саясаттану ілімінде партиялық жүйелер типологиясының дәстүрлі сандық критериі кейбір сапалық сипаттамалармен толыға отырып, әр түрлі модификацияға ие болады. Бұл мәселеге М. Дюверже, К. Бойме, Ж. Шарло, Л. Эпстаин, Ф. Борелля, Ә. Нысанбаев, Т. Топорина, А. Булатов, Т. Мустафин, Е. Бабақұмаров және т.б. белгілі зерттеушілердің еңбектері арналған.

Партиялық жүйелер типологиясының «сандық» критерийінің кемшілігі, бәрінен бұрын, олардың қоғамның саяси жүйесіндегі рөлі мен әлеуметтік мәнін бағаламаудан білінеді.

Осыған орай, А. Купчиковтың партиялық жүйелерді мемлекеттің саяси жүйесін ескере отырып, типологиялауы қызықты болып көрінеді.

Ол партиялық жүйелерді төрт типке бөледі: 1) буржуазды-демократиялық, 2) фашистік, 3) авторитарлы, 4) социалистік [53].

Аталған типологияның артықшылығы, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық аспектілерін, жеке тұлғаның және қоғамдық бірлестіктерінің құқықтық жағдайының ерекшеліктерін есептеуден тұрады. Сонымен бірге, автор мұндай классификацияның негізіне, біруақытта қоғамдық-экономикалық формация мен саяси режимді де алады. Оның үстіне, авторитарлы партиялық жүйелерді капиталистік және социалистік деп екіге бөлуі негізсіз болып табылады. Мұндай жағдайда дұрысы партиялық жүйелерді бинарлы типологиялау, яғни бәсекелесе алатын (демократиялық) және бәсекелесе алмайтын (демократиялық емес). Бұл типологияның артықшылығы, саяси партиялар «саяси нарықта» еркін бәсекелесе алады ма деген сұрақтың қойылуында.

Алғашқы отандық саяси партиялар пайда болғаннан кейінгі бірнеше жылдан соң, қазақстандық ғылымда «Қазақстандағы партиялық жүйе дегеніміз не?» деген сұрақ өзекті болды. Зерттеушілердің басым көпшілігінің пікірі бойынша Қазақстандағы көппартиялылықтың қалыптасу процесі жаңа басталғандықтан, елде тұрақты партиялық-саяси құрылымның қалыптасқандығы туралы айту, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында әлі ертерек болатын. Әйтсе де, қазақстандық қоғамның партиялық жүйесінің дамуын неғұрлым кең тараған классификациялау түріне – бірпартиялық, қоспартиялық, көппартиялық жүйелердің біріне жатқызуға ұмтылыстар сол кезде жасалынған болатын. Әсіресе, негізгі саяси дау Қазақстанның партиялық жүйесі қай жолмен дамиды: көппартиялық жолмен бе, жоқ әлде, қоспартиялық жолмен бе? деген сұрақ төңірегінде өрбіді.

Еуразия сарапшылар институты өзінің әлеуметтік зерттеулерінің бірін жүргізу кезінде қазақстандық сайлаушыларға, «Бізге қандай партиялық жүйе ыңғайлы?»,- деген сұрақ қойған болатын.


Кесте №1


Партиялық жүйелердің типі


Республика бойынша


Оның ішінде


18-30

31-45

46-60

61+

Бірпартиялық


16,0


15,5


15,2


16,5


18,0


Қоспартиялық


8,9


7,3


8,6


10,7


9,8


Үшпартиялық


9,3


9,0


8,1


10,7


11,4


Төрт және одан көп


6,7


8,4


6,5


5,6


5,3


Шексіз көппартиялық


14,4


18,2


14,5


13,2


8,6


Партияларға қажеттілік жоқ

11,9


10,5


13,3


11,5


11,8


Жауап беруге қиналамын

32,8


31,1

33,8

31,8

35,1


Барлығы


100,0


100,0


100,0


100,0


100,0


Қазақстандықтардың көпшілігі, дәлірек айтсақ, үштен бірі (32,8%) өздеріне қандай партиялық жүйе ыңғайлы екендігін білмеген [54].

Бірпартиялық жүйені қолдап, 16% жауап берген және негізінен бұл типке жасы 61 және одан жоғары азаматтар ыңғай білдірген.

Ал көппартиялық жүйені қолдағандар негізінен ең жас азаматтар болған. Олардың жауабының пайыздық мөлшері 14,4%.

18-30 жас аралығындағы репондеттердің 20% жуығы қоғамда партиялар санының неғұрлым көп болғандығын қалайды.

Сұрақ салынғандардың 8,9% қоспартиялылықты, 9,3% үшпартиялылықты және 6,7% төрт және одан да көп партиялық жүйені қолдаған.

Жоғарыда келтірілгендерден, қазақстандық қоғам қандай партиялық жүйе өзіне қажет екендігін, әлі де болса анықталмағандығын көреміз.

Сонымен бірге, біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үлкен қолдауға ие болған көппартиялық идеиясының кезеңі аяқталып келе жатқанын байқаймыз. Қазіргі уақытта көппартиялық демократияның сөзсіз құндылығы ретінде қабылданбайды. Азаматтар партиялардың саны әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалу сапасына ықпал етпейтіндігін біліп келе жатыр. Демократиялық қоғам, партиялардың санының әлдеқайда шектеулі жағдайында дұрыс өмір сүретінін біз жоғарыда атап өттік.

Әйтсе де, қазіргі сәттегі қазақстандық қоғамның саяси дамуының нәтижесі болып, демократиялық мемлекеттің белгісі ретінде, көппартиялық жүйені қалыптастыру табылады.

Алайда, профессор Е.К. Кубеевтің айтуынша, елімізде өзіне тән сипаттамалары бар көппартиялық жүйенің орнағаны туралы айту әлі ертерек болып табылады. Тұрақты партиялық-саяси құрылым жоқ, көптеген саяси партиялар мен қозғалыстар үлкен әлеуметтік базаға ие емес. Ал шын мәніндегі көппартиялық жүйеде, саяси партиялар әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін түсіне бастайды.

Еуразия сарапшылар институтының жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің нәтижесі жоғарыда келтірілген деректі бекіте түседі.

Партиялардың дамуының ең өзекті мәселесі ретінде, респонденттердің 32,8% халықтың мұқтаждықтарына толық назар аудармауды атаған.

Одан кейін өзектілігі бойынша респонденттер жақсы жасалынған бағдарламалардың болмауын атаған. Сондай-ақ жастардың болмауын да респонденттер атап өткен.

Қазіргі партиялар осы күнгі саяси технологияларды пайдаланып күрес жүргізуді үйренбеген. Насихат жұмысы да дұрыс жолға қойылмаған. Мұны респонденттердің тиісінше 13,2% және 13,3% атап өткен.


Кесте №2. Саяси партиялардың дамуының өзекті мәселелері


Мәселе


%


Халықтың мұқтаждықтарына толық назар аудармау

32,8

Жақсы жасалынған бағдарламалардың болмауы

24,1

Партия жетекшілерінің амбициясы

17,0

Электральды бастамасының жетекші болуы

15,0

Жастардың болмауы

14,1

Әлсіз насихаттық жұмыс

13,3

Халықпен жұмыс істеудің ескірген әдістерін пайдалану

13,2

Тек белгілі бір топтың мүддесін көздеу

11,2

Қаржының жетіспеуі

9,5

Билікке қолдау көрсетуге бағытталу

9,0

Аппараттың әлсіздігі

8,9

Сандарының аз болуы


7,1

Ал азаматтар отандық партиялардың кемшіліктері ретінде адам санының аз болуын, ақпараттың әлсіздігін, билікті қолдауға бағытталуын және қаржының жетіспеуін бәрінен де аз атаған [55].

Саяси партияның жоғарыда аталған өзекті мәселелері көптеген отандық партияларға тән. Біздің пікірімізше партиялық жүйенің әлсіз дамуын өтпелі кезеңмен байланыстыруға болады. Әлеуметтік-экономикалық қатынастар дамып, саяси құқықтық институттар жетілген кезде біздің қоғамда да мықты, дамыған партиялар пайда болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет