Африканың тәжірибесі Бірнеше апта бұрын ғана мен осы мәселенің шешімін аса қажет ететін, яки ауру күллі ұрпақтың қырылып қалуына қауіп төндіріп тұрған елге барып келдім. Угандада Африканың кез келген басқа елдеріне қарағанда ЖҚТБ ауруы кеңінен таралған болатын. Бұл елді көбіне ЖҚТБ-дан азап шеккен ел деп болжауға болатын еді, бірақ жағдай басқаша. Уганданы әділ әрі ержүрек жетекшілер басқаратыны сөзсіз. Онда нәтижесі әлемдегі ең табысты деп саналатын науқандардың бірі ұйымдастырылды.
Африканың басқа бірнеше елдерінде ЖҚТБ мәселесі соншалықты кезек күттірмейтін қиын мәселе болса да, үкімет басы ол туралы тіс жармауды жөн көрген. Бір елде дәрігерлер АҚТҚ-ны жұқтырғандардың санын нақты білгендеріне қарамастан, ресми түрде олардың санын төмендетіп айтқан. Егер адамдар сіздің еліңізде ЖҚТБ-ға шалдыққан аурулардың көп екенін білсе, үлкен компаниялар сізбен бірге қызмет істеуден бас тартады, туристер келмейтін болады. Экономика құлдырайды және күтім көрсетуге мұқтаж өлім аузындағы мыңдаған аурулардың үстіне жұмыссыздық пен үдеп келе жатқан жоқшылық қосылады.
Уганда үкіметі елдегі үлкен мәселені ашық мойындады. Бұл халықаралық ұйымдардың көмек беруіне, сонымен бірге халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп, түсіндіру, алдын алу жұмыстарына жол ашты. Егер сіз шын мәнінде біреудің сол аурудан өлім үстінде жатқанын ресми түрде мойындамасаңыз, адамдарға қалайша өлімнің негізгі себебі осында деп айтуға болады. Орталық Африканың кейбір бөліктерінде жүк таситын машинаның әрбір үшінші жүргізушісі және түні бойы сыраханаларды кезіп жүрген жас қыздардың тең жартысы ауру жұқтырған. Жалпы алғанда сол аймақтардың әрбір бесінші тұрғыны ауру жұқтырған. Бірқатар эксперттердің айтуынша Африканың кейбір қалаларында жыныстық қатынасқа белсенді жастағылардың тең жартысы ЖҚТБ-дан өлуде.