Алғы сөз Мен ағылшын дәрігері Патрик Диксонның «ЖҚТБ және Сен» атты кітабының қазақ тілінде жарық көргеніне өте қуаныштымын. Ол бүгінгі күні Қазақстанда өте маңызды кітап. Оның авторы 1987 жылы мәсіхші сенушілердің назарын бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған ЖҚТБ эпидемиясы (індеті) мәселесіне аударған қауым жетекшілерінің алғашқыларының бірі. Оның «ЖҚТБ туралы ақиқат» атты алғашқы кітабы Англиядағы көптеген сенушілер қауымдарына терең әсер етіп, олардың АҚТҚ/ЖҚТБ індетіне қарсы күреске құлшынысын оятты. Диксонның жеке өзі қауымында бірнеше еріктілерден тұратын топ құрды. Өзі оларға ЖҚТБ-мен ауыратындарға күтім жасаудың, оларға үй жағдайында қызмет етіп, көмек көмек көрсетудің негізгі қағидаларын үйретті. Осы топтың үлгісі бойынша ауруларға қолдау көрсетуге арналған көптеген басқа да мәсіхшіл қызметтер пайда болды. «ЖҚТБ туралы ақиқат» атты кітаптың алғашқы басылымы жарық көргеннен кейін Англияда АСЕТ атты қайырымдылық ұйымының негізі қаланды ( Aids Care, Education, Training — ЖҚТБ: күтім, ағарту ісі, дайындау). Бұл ұйым ресми түрде ЖҚТБ-ның алдын алумен, АҚТҚ-ны жұқтырғандарға күтім көрсетумен айналыса бастады. Көп ұзамай АСЕТ әлемнің басқа да елдерінде жұмыс істей бастады. «СПИД (ЖҚТБ) және Сен» кітабы «ЖҚТБ туралы шындық» кітабының қысқартылып, қалың оқырман жұртшылыққа түсінерлік етіп берілген түрі. 2002 жылы бұл кітап осы күндері ЖҚТБ эпидемиясын басынан кешіп жатқан Африка елдерінде таратылу үшін миллион тиражбен үшінші рет басылып шығарылды. Кітаптың соңында Шығыс Еуропа елдері мен Ресейдегі, Орта Азия елдері мен Қазақстандағы АҚТҚ-ны жұқтырғандарға сенушілердің көрсетіп жатқан қызметтері жайлы бірқатар мысалдар берілген.
Соңғы бірнеше жыл ішінде ЖҚТБ-мен ауыратындар саны бұрынғы ТМД елдерінде, соның ішінде Ресейде, бұған дейін болып көрмеген жылдамдықпен көбею үстінде. 1988 жылы наурыз айында алғаш рет Иркутскіге келгенімде өзге шетелдіктер сияқты мен де жергілікті ЖҚТБ орталығында АҚТҚ-ға анализ тапсырдым. Сол жерде мен дәрігерден Иркутск облысы бойынша 20-ға жуық АҚТҚ-ны жұқтырғандардың ресми тіркелгені туралы білдім. Іштей бұл тым аз көрсеткіш, сондықтан қатты мазалануға негіз жоқ деп ойладым. Бір жылдан кейін 1999 жылдың наурыз айында қалалық ауруханалардың біріне бас сүйегі – ми жарақатымен бір жас жігіт түсті, тексеріс барысында одан АҚТҚ табылды. Шамамен сол кезде басқа ауруханадан осыған ұқсас жағдайда АҚТҚ-ны жұқтырған басқа бір ауру тіркелді. Ол да басына зақым алған жігіт оқитын училищеден болып шықты. Дәрігерлер нашақорларды анықтау үшін дереу сол оқу орнына аттанып, оқушыларды АҚТҚ-ға тексерістен өткізді. Суық хабар Иркутскіге лезде жайылды: тексеріс қорытындысы училищеде оқитын студенттердің көпшілігінде АҚТҚ-ға оң нәтиже берді! Бұл жігіттер есірткіні қан тамырына еккен, АҚТҚ-ны ортақ шприц пен инеден бір-біріне жұқтырған. Дәрігерлер нашақорларды жүйелі түрде тексере бастады, сонда жаңадан тіркелген вирус жұқтырғандар саны геометриялық прогрессиямен көбейе бастады. Осылайша жыл соңына дейін Иркутск қаласынан 2600-ден астам, облыс көлемінде 1200-ге жуық вирус жұқтырғандар анықталды. Қазір Иркутск облысында 17 000-нан астам АҚТҚ жұқтырғандар бар. Осыған ұқсас жағдайлар Ресейдің басқа қалаларынан да байқалады, бүкіл ел көлемінде ЖҚТБ эпидемиясы басталды. Ресейдегі АҚТҚ жұктырғандар санының өсу темпі Африканың вируспен ең көп залалданған облыстарындағы тарау жылдамдығын басып озды.
1998 жылы Иркутскідегі мектеп оқушылары арасында ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысын бастаған кезімде, көп адамдар қатты уайымдап, мазасызданудың қажеті жоқ. АҚТҚ тек оны жұқтырып алу қаупі ерекше төнетін топ: нашақорлар, гомосексуалдар мен жезөкшелер үшін ғана қатерлі деді. Эпидемияның басында АҚТҚ жұқтырғандардың шынымен 97% –ын нашақорлар құрады, бірақ бұл қатерлі аурудың таралуының алғашқы толқыны ғана болатын. Көп кешікпей АҚТҚ халықтың басқа топтарына да жетіп үлгерді. ЖҚТБ бұл күндері көбіне жыныстық қатынас арқылы тарайды — бұл эпидемияның екінші толқыны деп аталады. Ол біріншісіне қарағанда анағұрлым қатерлі, өйткені төсек қатынасынан ауру жұқтырып алдым-ау деп сезіктеніп АҚТҚ-ға анализ тапсыруға баратындарды табу қиын немесе некен саяқ. Ауру жұқтырғаны жайлы адамдардың көпшілігі тіпті білмейді де. Олар басқаларға ауру жұқтырып, өздерінің қауіпті өмір сүру қалпын одан әрі жалғастыра береді. Адам АҚТҚ жұқтырған болса да денсаулығы кінаратсыз болып, өзіне төніп келе жатқан қауіптен еш хабарсыз болып бірнеше жыл бойы өмір сүре бере алады.
Мен Иркутскіде АҚТҚ-ны жұқтырған алғашқы адамдармен кездестім, олармен есірткіге тәуелділерге арналған денсаулықты қайта қалпына келтіру (реабилитация) орталығында танысқан болатынмын. Бұлар не бары 20-25 жаста еді, менің құрдастарым болатын. Тәрізі олар вирусты ортақ шприц арқылы басқа нашақорлардан жұқтырған іспетті. Мен осы жігіттер мен қыздарға барып тұрдым, соңынан дос болып кеттік. Жаратқан Иенің көмегімен олар есірткіге тәуелділіктен құтылды, бұған олар сондай қуанды, әйтсе де, олар өздерінің болашақтарынан қатты қорықты. Олар өздерін жақсы сезінді, дендері сау болып көрінді. Өздері қалыпты жастар сияқты олар да тамаша өмір жайлы армандады. Алайда АҚТҚ жұқпасының құрбандарына айналды, өйткені олар өз өмірлерінде орны толмас қате жіберді. Олар сүйіспеншілік пен түсінікке мұқтаж еді. Қазір Ресейде және басқа да ТМД елдерінде осындай он мыңдаған жастар бар және олардың саны күннен күнге ұлғая түсуде.
2005 жылдың қантар айында Ресейде АҚТҚ-ны жұқтырғандар ресми түрде 305 мыңнан аса тіркелді. Ал бұл не бары ресми ғана көрсеткіш. Бұлар тек АҚТҚ-ға қанын тексергенде оған оң нәтиже бергендері ғана. Ал қаншама адам тексерілмей жүр? Дәрігерлер мұндай тексерісті наркодиспансерлерде емделгісі келетін нашақорларды, әскер қатарына шақырылғандарды дәрігерлік комиссиядан өткізгенде, жүкті әйелдерді бақылаған кезде ғана жүргізеді. Ал бұлар қоғамның шағын бөлігін ғана құрайды. Дәрігерлердің көбі АҚТҚ жұқтырғандардың шынайы саны ресми тіркелгендерден әлденеше рет көбірек деп ескертеді. Бүгінде Ресейде 900 мың адам АҚТҚ жұқтырған болуы мүмкін. ЖҚТБ-мен күрестің Бүкілресейлік федералдық орталығын басқаратын Вадим Покровский жуырдағы он жыл ішінде миллион ресейлік осы аурудан көз жұмуы мүмкін, Ресейдегі АҚТҚ /ЖҚТБ эпидемиясы тұрғындарының 30% осы ауруды жұқтырған «африкандық дәрежеге» жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қандай қорқынышты сандар! Болашақта осы адамдардан қаншама адам жыныстық қатынас арқылы ауру жұқтырмақ? Ресейде 5 жылдан кейін АҚТҚ жұқтырған қаншама бала дүниеге келмек? Осындай мәселелер бізді алаңдатып, табанды іс-әрекеттерге итермелеуге тиіс.
Бүгінгі күні бүкіл әлемнің басына төніп тұрған осындай апатпен күресте Иса Мәсіхке сенетіндердің ғана жеңіп шығатынына күмәнім жоқ. Сенушілер қауымы адамдарға өмірлеріне дұрыс бағыт беруге көмектесетін теңізшілерге арналған маяк іспетті, қоғам үшін тұз бен нұр болуға тиіс. Әлемнің көптеген басқа елдеріндегі сенушілер осы қасіретпен белсене күрес жүргізіп келеді. Олар жастар арасында ЖҚТБ-ның алдын алу жұмыстарымен айналысып, жұбайлық адалдық пен салауатты өмір салты туралы Киелі кітапта үйретілген құндылықтарға назарларын аудартады. Сенушілер қауымдары адамдардың кемшіліктерін әшкерелеп, ар-ұждандарын оятып, олардың жаман қылықтарына бола бастарына төніп тұрған өлімге соқтыратын қауіптің алдын алатын, қоғамның жағдайын дұрыс бағалап, ескертетін дауысқа айналуға тиіс. Алайда сенушілер тек айтып қана қоймай, ЖҚТБ-мен ауыратын адамдармен қарым-қатынас жасаудың үлгісіне айналып, өздері іс-жүзінде қызмет көрсетулері де қажет. Көптеген елдерде сенушілер АҚТҚ-ны жұқтырған нашақорлармен, олардың отбасыларымен жұмыс жасауда. Басқалары аурулардың үйлеріне барып, оларға күтім көрсетіп, ата-аналары өліп, жетім қалған балаларды асырап алып, балалары ЖҚТБ-дан өліп, олардың соңында қамқоршысыз қалған қарт адамдарға көмек көрсетуде. АҚТҚ жұқтырған адамдарға қызмет көрсетуді мақсат етіп қойған көптеген сенушілер ұйымдары мен қызметтері бар. Олардың кейбіреулерінін іс-тәжірибесі жайлы кітабымыздың «Әрекет жасайтын мезгіл жетті» атты соңғы бөлімінен оқи аласыздар.
ЖҚТБ-ға қарсы күреске жеке өз үлесіңізді қосу үшін сізге белгілі бір ресми ұйымның мүшесі болу міндетті емес. Егер сіз АҚТҚ-ны жұқтырған адамның жақын досына айналсаңыз, мұның өзі сіз атқарған үлкен іс. Ауру жұқтырған адамдар қоғамнан аластатылып қуылғандарға айналады, олар өздерін қоршаған адамдарға аурулары жайлы айтуға қорқады. Өйткені көбіне оларды қуғындайды, олардан тіпті ең жакын адамдары, достары қашқақтап, қорқатын болады. Заңға қайшы келетініне қарамастан ауруларына бола оларды жұмыстарынан босатады. АҚТҚ-ны жұқтырғандардың көпшілігі үшін аурудың өзі емес, маңындағы адамдардың бола олар тап болатын жалғыздықтың қорқынышы. Бұл аурулар әлі де болса тірі, бірақ көптеген басқалар үшін олар өлгендер санатында. Иса Мәсіх жер бетінде болған кезінде осы күнгі үмітсіз жағдайда жүрген АҚТҚ жұқтырғандар іспетті сол кездегі алапеспен ауыратындардан қашқақтап, бас тартқан жоқ. Иса адамдардың қате түсініктерін әшкерелеп, ауру адамдармен қарым-қатынас жасап, олардың сауығуы үшін мінажат етіп, өз істерімен оларға Құдайдың сүйіспеншілігін көрсетті. Осындай адамдарға қайырымдылық көрсету, риясыз көмек беру жайлы үйретті (мысалы, қайырымды самариялық жайлы астарлы әңгімені есіңізге түсіріңізші). Иса өз өмірімен бізге басқалар үшін өз жанын құрбан етуге баратын сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетті. Ол басқа адамдарға қатысты біздің Оның қолдары, Оның жүрегі болу жауапкершілігін бізге үлестіріп берді. Бізге, яки, Оның қауымына, маңызды үндеу тасталды: ЖҚТБ эпидемиясы өзінің таралу жылдамдығын күшейтті. Әрекет жасайтын мезгіл жетті.
Мен осы кітабымыз адамдарға ЖҚТБ ауруына қатысты қалыптасқан көптеген түсінік-нанымдарды жоюға, төніп тұрған апаттың көлемін ұғынуға көмектеседі деп үміттенемін. Мен осы кітап сіздерге АҚТҚ жұқтырған адамдарға деген Құдайдың көзқарасын ашып көрсетсін деп мінажат етемін. Жаратқан Иеміз сіздердің жүректеріңізге Өзінің рақымдылығын, іс-әрекет жасауға деген құлшынысын, өзіңізді қоршаған басқа адамдар үшін Оның істейтін қолдары мен сөйлейтін ауыздары болуға деген ынта-жігерін сала гөрсін. Осы іспен Оның қауымынан басқа кім айналыспақ?