Патрик диксон


Кіріспе: Сенушілердің ЖҚТБ-ға қарсы күреске ат салысуы



бет3/110
Дата05.02.2022
өлшемі1,28 Mb.
#18967
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   110
Кіріспе:


Сенушілердің ЖҚТБ-ға қарсы күреске ат салысуы
ЖҚТБ: дереу әрекет ету қажет
Егер еш нәрсе өзгермесе, 200 миллионнан астам ерлер, әйелдер және балалар ЖҚТБ-дан (СПИД, ЖИТС) өлетін болады. Бұған дейін 20 миллионнан астам ересектер мен балалар ЖҚТБ-мен ауырып, қайтыс болды. Жаңа эпидемия бұрынғы қай кезге қарағанда да тезірек таралып, жыл сайын он жыл бұрынғы есеппен салыстырғанда төрт есе көп адамның өмірін алады. Адамдар оның қаупін жете түсінбейді немесе ол туралы еш ойлағылары да келмейді.
Мен өмірімде алғаш рет көрген ЖҚТБ-мен ауырған адамды ешқашан ұмытпаймын. Ол жас жігіт, студент болатын, аурухана бөлмесінде жатып қара терге малынған, қақырығына тұншығып, демін әрең алып, тұла бойын үрейлі қорқыныш билеген еді . Оның бетінде оттегінің маскасы, денесінде көптеген түтікшелер болды. Жігіт сол жан түршігерлік бөлмеде мүлдем жалғыз жан тапсырайын деп жатыр екен.
Мен әлемдік деңгейдегі күллі медициналық құралдармен жабдықталған, дәрігерлер дайындайтын Лондондағы бір ауруханада осындай аурудың жападан жалғыз қалғанын көріп, қатты күйзелдім. Бірақ 1987 жылғы жағдай осылай болатын. Бұл Ұлыбританияда өлім аузында жатқан ауруларды күтетін ешбір аурухана ЖҚТБ-мен ауырған науқастарды қабылдамайтын, әрі кейбір медбикелер АҚТҚ-ны (ВИЧ, АИТВ) жұқтырған аурулардың үйіне барудан бас тартқан кез болатын. Менің қызметтес әріптестерімнің кейбіреулері оларға қажетті дәрі-дәрмек жазып та бермейтін. Мұның бәрі олардың ЖҚТБ деген ұнамсыз диагнозы болғандығынан ғана еді.
Мен бұдан былай бекер қарап жүре алмадым. Сол бөлімшеде Құдайға рухани жағынан ұқсас етіп жаратылған көмекке өте мұқтаж бір адам жатты. Мен оның өмір сүру салты және ауруға қалай шалдыққаны жайлы барлық сезімдерімді шетке ысырып қойып, оған күтім көрсетіп, жәрдем бергеннен басқа не істей алар едім?
Тіпті оның өз отбасы сол жігіттің сырқат екенін де білмейтін. Олар өзімнен бас тартады деп қорқып, ол құпиясын өзімен бірге о дүниеге алып кетпекші болды. Ішіп жатқан дәрілері оның жан азабын жеңілдетуге еш дәрменсіз еді. Бұл өлім аузында жатқан ауруларды күтетін медицинаның одан жиырма жыл бұрынғы дамымаған күйіне ұқсас болды.
Мен дәрігер-онколог білімін алып, өлім аузында жатқан аурулардың үйлеріне барып күтім көрсетуге дайындалған едім. Мен бірнеше жыл бойы ЖҚТБ ауруынан өзімді алшақ ұстап келдім: менің мамандығым емес, аурудың осы түрі мені еш те қызықтырмады. Бірақ мен кәсіпқой әріптестерім ауруларды қараудан бас тартқан жан түршігерлік ащы шындықты өз көзіммен көргенде, кейбіреулеріміз ракпен ауырып өлімге жақын қалған адамдарға қалай күтім көрсетуге дағдылансақ, дәл сол дағдының дереу ЖҚТБ-мен ауыратындарға да кеңінен қолдануымыз қажеттігін түсіндім.
Алайда ЖҚТБ науқастарынан тек медицина қызметкерлері ғана бас тартқан жоқ. Сенушілер қауымдары да оларды саусақпен шұқып көрсетіп, моральдік пікірталас жүргізді, ал олардың нақты беретін көмегі тым аз еді. Менің де олардан айырмашылығым болмады: осынау бір ұнамсыз жаңа аурумен айналыспаудың сылтауын табуға тырыстым. Содан кейін өзімнің қаншалықты тасжүрек болғандығымды әрі осындай науқастарға деген менің көзқарасымның түбегейлі өзгеруі тиіс екендігін түсіндім. Сол жас жігіт ауруын басатын қажетті медициналық көмек алып, бірнеше күннен кейін өзінің сүйікті отбасының көз алдында мәңгілікке көз жұмды. Бірақ оның көрген азабы тұла бойымды тітірентті. Мен біржолата өзгердім.
Бұл кітап «ЖҚТБ туралы шындық» атты кітаптың қысқа нұсқасы ретінде алғаш 1989 жылы жарық көрген. Оның мақсаты әр түрлі сенушілер қауымдарын ЖҚТБ-мен жапа шеккендерге жанашырлықпен қол ұшын беруге жігерлендіру болды. Ондағы басты назар ауруларға күтім көрсету және мектептердегі ағартушылық, алдын алу шараларына бағытталды. Сенім тұрғысынан ЖҚТБ жайында қысқа да әсерлі кітап жазуды өтінген әлемнің әр жеріндегі адамдардың сұранысы бойынша бұл кітап түзетулер енгізіліп, толықтырылып, қайта басылып шықты.
Менің 1989 жылғы ескерткен барлық нәрсем дерлік, өкінішке орай, бүгінгі күнде шындыққа айналды. Дегенмен, миллиондаған адамның шеккен ауыр азабы мен қайғысы болашақта өткен-кеткеннің қайталамасы болмайды деген әлі де үміт бар. Аса уайымдататын жайт: 80-ші жылдардың соңында Африкада жайылған эпидемияның ғибраты он бес жыл өтсе де әлемнің басқа елдерінде әлі де ескерілмеген. Тіпті қазірдің өзінде де біздің басымызға бұндай күн тумайды деп ойлайтын үкіметтер мен күллі халықтардың бұл мәселені мойындамайтынын көреміз.
АҚТҚ-ны (ВИЧ-ті) жұқтырғандардың саны 60 миллионға жеткенмен, эпидемия әлі де болса өзінің бастапқы кезеңінде. Африкалық үлгідегі инфекция Азияның және басқа да құрлықтардың көптеген елдерінде кең ауқымда тарала бастады. Бірақ та біз 15 жыл бұрын Угандада көргеніміздей үкімет тарапынан ЖҚТБ-ға қарсы аса белсенді, көп сатылы шаралар жан түршігерлік аз көлемде жасалуда. Көптеген елдерде ЖҚТБ-ға қарсы күресте сенушілер алдыңғы қатарда ат салысуда. Оңтүстік Африкада архиепископ Десмонд Тутудың бағалауынша АҚТҚ-ны жұқтырғандарға көмек беру қоғамдық бағдарламаларының 60%-дан астамын сенушілер қауымдары мен ұйымдары атқаруда. Үндістандағы ЖҚТБ-ға қарсы мәсіхшілер қозғалысы 25 мың қызметшіні жұмылдырған. Олар ауруларға күтім көрсетуге немесе аурудың алдын алу шараларына өздерінің бос уақыттарында немесе толықтай ат салысатын қызметкерлер ретінде үлестерін қосуда. Бұл елеулі жетістік — күллі елді қамтитын халық қоғалысы. Біз бұны жүздеген сенушілер ұйымының өсіп келе жатқан бірлестігі — Делидегі «Мәсіхшілердің ЖҚТБ-ға қарсы бүкіл халықтық одағы» арқылы білеміз.
Мұны, сонымен қатар, бастамасы 1988 жылы кішігірім ұйымнан ұласқан Мәсіхтің атынан жанашырлықпен әрекет етуге тырысатын тәуелсіз агенттіктердің дүниежүзілік «АСЕТ» бірлестігінен де көреміз. Бұны, сондай-ақ, «Операция Мобилизация», «Самариялықтың қапшығы», «Тир Фонд», «Уорлд Вижн», «Мәсіхшілік көмек» және «Құтқару Әскер» тәрізді жүздеген сенушілер ұйымдарының қызметтерінен көреміз.
Уганда — үкімет және сенімге негізделген ұйымдар жұмыла әрекет еткенде қандай нәтиже шығатынын көрсететін тамаша мысал. ЖҚТБ-ның алдын алу бағдарламасы ауруды жұқтырудың санын, әсіресе, жастар арасында 22%-дан 8%-ға дейін күрт төмендетті. Бұл жетістікке қауымдардың көмегінсіз қол жеткізу мүмкін емес еді. Бұл — болашаққа үміт туғызатын үлгі.

Әр дәстүрді ұстанатын мәсіхшілер қарапайым екі мақсат үшін еш қиындықсыз біріге алады:



  • АҚТҚ/ЖҚТБ мәселесіне тап болғандардың бәріне бірдей шартсыз, жанашырлықпен қол ұшын беру

  • Қауымның тарихи тәлімін құрметтеп қолдайтын нәтижелі алдын алу шаралары

Біз — мәсіхшілер ЖҚТБ мәселесіне тап болғанда, көбінесе ешқандай әрекет етпейміз немесе бір нәрсенің бұрыс екендігін мәлімдеу үшін Киелі кітапқа не қауым ілімдеріне сілтеме жасауға асығамыз. Осындай әрекетімізден біз Құдайдың мейірімі мен сүйіспеншілігін, кешірімін, әрі көптеген адамдардың ауруды өздерінің теріс қылықтарының кесірінен емес, басқалардың кесірінен жұқтырғандығын ұмытып кетеміз. Құдай сөзінің тәлімдерін дұрыс түсінгенімізбен, өзіміздің іс-әрекетіміз бен арақатынасымызда мүлдем алшақ кетуіміз мүмкін. (Яғни, мейірім, сүйіспеншілік атаулыны көрсетуден ада болуымыз мүмкін).


Мысал үшін «Жохан жазған Ізгі хабардағы» Иса және неке адалдығын бұзған әйел туралы әңгімені алайық. Шын мәнінде әңгіме жұрт алдына шығарылмаған ер адам жайлы. Екі адам күнә жасаса да, ер адамды, оның күнәсін көзге іліктірмей, ашынған бір топ еркек тек әйелді өз беттерімен жазалаудың сылтауын іздеуде. Исаның өмір сүрген заманында иерархия болатын: әйелдердің неке адалдығын бұзуы өлім жазасына кесілетін, басқа күнәлар соншалықты ауыр жазаланбайтын, ал еркектің неке адалдығын бұзуы сөзге тұрмайтын жайт секілді еді.
Исаға осы екіжүзді көзқарас жиіркенішті болды. Ол бір-ақ ауыз сөзбен үкім айтушылардың бетін қайтарды: «Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын». «Бүгінгі тұрғыдан айтқанда, сіз газет дүңгіршектеріндегі әдепсіз журналдарға көзін тікпейтін, ешқашан қызғанбайтын, ешкімді табаламайтын, боқтық сөз айтпайтын, не ешкімнің сыртынан өсек айтпайтын, еш уақытта өзгеге деген ашуыңызды балаларыңыздан қайтармайтын, шындықты еш жасырмайтын, әрі ешқашан машинаңыздың жылдамдығын шегінен асырмайтын мінсіз адам болсаңыз, онда алға шығып, әйелге тас лақтырыңыз» (Жохан жазған Ізгі хабар 8:1-8 қараңыз).
Ешкім орнынан қозғалмады. Алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетпейінше, Иса олардан көз алмай қарап отырды. Басқаларға күнәнің дәрежесіне қарап үкім шығару жайлы барлық мүмкіндікті Иса бір ауыз сөзбен-ақ түгелдей жоққа шығарды. Біз бәріміз де күнә жасап, Құдайдың рақымынан құр алақан қалғанбыз және бәріміз де Құдайдың рақымынсыз рухани өліміз. Басқаларды саусақпен шұқып мінеп, ал өзімізді дәріптеп мінбеге көтеруге Иса тыйым салады. Ол дүниедегі үкім айтуға қақылы жалғыз адам болса да, әйелге: «Мен де саған үкім шығармаймын», — деді де, «Бара бер, бұдан былай күнә жасама!» — деп жөніне жіберді.
Мәсіхші бола тұра біз, Исаның айтқан екі нәрсесінің арасында қалып қоямыз: біз немесе әдеп пен ахлақ (мораль) жайлы айтуға асығып, басқаларға үкім шығарып күнә жасаймыз немесе нақты әдеп пен ахлақ ережелері жоқ терең тұңғиыққа құлай тұра, Құдайдың мейірімділігі мен сүйіспеншілігін жариялауға асығамыз. Құдайдың шексіз сүйіспеншілігін және Оның мүлтіксіз өмір жайлы ережелерін бірге ұстанатын Исаның жолымен жүру үшін бізге Оның көмегі қажет.
Жаратылыстың басталуынан Аянға дейін Киелі кітап ілімдері мынаны үйретеді: өздерін өмір бойына бір-біріне арнап некелескен әйел мен еркектің жыныстық қатынастағы біртұтастығы — бір тамаша сый әрі екеуінің арасындағы махаббат пен достықтың шарықтау шегі. Құдай жыныстық қатынасты ұнатады, бірақ некеден тыс жыныстық қатынас Оған ұнамайды. Киелі кітап некеден тыс жыныстық қатынастың күнә екендігін анық айтады. Мәсіхшілер қауымдары осы ілімді үнемі ұстанып келген, әрі иудаизм мен исламда да солай үйретіледі.
Киелі кітап бізге жыныстық қатынасты екі адам «біртұтас» болғандағы құпия, рухани оқиға ретінде көрсетеді. Біз бұл оқиғаның тәндік жағын көреміз. Ерекше, қайталанбас адамды жасау үшін, әйелдің жарты жасушасы еркектің жарты жасушасымен қосылып, сөзбе-сөз айтқанда, біртұтас дене құрайды. Осындай бір-біріне қарама-қайшы талаптармен біз қалай өмір сүре аламыз? Исаның салып кеткен жолы анық: біз мұқтаждардың бәріне бірдей олардың соған қалай тап болғанына қарамастан, Құдайдың шартсыз сүйіспеншілігін көрсетуге шақырылғанбыз.
Егер менің үйімнің жанында машина соғылып, біреу ауыр жарақат алған болса, мен оған жәрдем беру үшін жүгіріп далаға шығамын. Мен оның мас болғандықтан апатқа ұшырағанын біліп, кетіп қалмаймын. Оған «жедел жәрдем» машинасында не жатқан палатасында маскүнемдіктің зияндығы жайлы уағыз да айтпаймын. Бірақ та мас күйде машина жүргізу қаншалықты қауіпті екендігі туралы барлық таныстарыма айтатын боламын.
Біз АҚТҚ/ЖҚТБ-ны жұқтырған адамдарға жәрдем беріп, күтім мен сүйіспеншілік көрсетуге шақырылғанбыз. Біз адамдарға барынша көмек беруге шақырылған қызметшілерміз және бұл біздің артықшылығымыз. Тіпті олардың өмір сүру салтын қоштамаса да, мәсіхшілердің науқастарға соншама қамқорлық пен күтім көрсететініне көпшілік қатты таңырқайды.
Мен Исаның жоғалған ұл жайлы айтқан әңгімесі туралы жиі ойлаймын. Ол өзіне тиесілі еншісін алып, оны үйінен шалғай жерде ысырап етті. Егер ол үйінен алыста жүргенде АҚТҚ-ны жұқтырып, ақылға келуге мұршасы болмай көзін жұмса, не болар еді? Мен оның әкесінің бір күні ертеңгілік тамақта газет оқып отырып, ұлының қайтыс болғандығы жайлы хабарландыруды көргендегі күйін көз алдыма елестете аламын. Ол жасқа булыға: «Он жыл бойы ешқандай телефон да шалмай, хат та жазбай, хабар-ошарсыз кеткен ұлымыздан қалған белгі осы», — деп жұбайын шақырар еді.
ЖҚТБ ауруына шалдыққан көптеген адамдар ешбір үмітсіз әрі Құдайсыз бұ дүниеден өтіп жатыр. Біздің көктегі Әкеміз адамдардың өз бетімен жүруіне еркіндік берсе де, Ол ешбір жанның да құрығанын қаламайды, қайта, Өзінен бір күн болса да ажырамауын тілеп, олар үшін аза тұтып қайғырады. ЖҚТБ ауруына шалдыққандар бүгінгі күннің алапестері — арам деп саналған науқастары. Олардан жұрттың бәрі де үркіп, алыстан қашады. Исаның алапеспен ауырған адамға қолын тигізгені 2000 жыл бойы еске алынып айтылып жүрген тарихқа енді. Бұл Өзінің жанын біз үшін қиғаннан кейінгі Құдайдың сүйіспеншілігінің ең керемет көрінісі болды.
Ерікті жәрдем беруші мәсіхші науқастың үйіне кіргенде, Иса да онымен бірге сол үйге енеді. Исаның Өзінің денесі жоқ, Оның рухани денесі — сенушілер қауымы. Оның көмек берер қолы, жүрер аяғы, жайдарлы күлкісі, жұбататын даусы, елжіреген жүрегі, басынан сипап еркелетері — біздерміз.
Адамдар өмірде байқай алатын Құдайдың тек бір ғана бөлігі — Исаның мендегі не сіздегі өмірі болатын шығар. Біз үйге кіріп біреуді құшақтасақ, оған су, дәрі не тамақ әкеліп берсек немесе біреудің қолын алатын болсақ, біз де тарихқа енеміз. Демек, біз Құдайдың сүйіспеншілігін көрсетіп, көбіне өзін Құдайдан мүлдем алшақ сезінетіндерге Оның жүрек сырын ашамыз.
Құдай жолын елеп-ескермеудің нәтижесінде болған дүниежүзілік апаттан қалай құтқарылуға болады? Егер әркім есірткі қолдануын қойып, өмір бойы бір ғана адаммен тұратын болса, 30 жылға жетпей-ақ АҚТҚ жер бетінен толықтай аластатылатыны шындық. Бірақ бәрі де бұрынғы қарқынмен жалғаса берсе, дәл сондай уақыт аралығында бұл аурудан 200 миллион адамның өмірі қыршын кетері сөзсіз. Сақтандырғыш ЖҚТБ ауруына шалдығу қаупін төмендетеді дейді. Біреуі АҚТҚ-ны жұқтырып алғаны мүмкін бір жұптың сақтандырғышты 50 жыл бойы «көмегі тиіп қалар» деп қолданатынына қалайша үміт артуға болады? Ал егер олар өздерінен кейін ұрпақ қалдырғысы келсе немесе сақтандырғыш сенімді ақтамаса ше? Денсаулық сақтауға арнап бөлінген жылдық қаржысы әр адамға шаққанда 2 доллардан ғана тиетін миллиондаған түгі жоқ пақыр кедей халықтан тұратын, қаржы қоры жұтаң елдерде сақтандырғыш тым қымбатқа түседі. Бізге бұл мәселенің дұрыс шешімін табу керек. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былай деп жариялады: «АҚТҚ-ны таратуды тоқтатудың ең тиімді жолы — жыныстық қатынасты үзілді-кесілді тыю немесе ауруды жұқтырмаған жұбайлардың бір-біріне адал болуы. Егер бұл мүмкін емес болса, сақтандырғышты дұрыс пайдалану ауруды жұқтыру қаупін азайтады».
Көптеген жұптар үшін өз дендерінің саулығына сенімді болудың бірден-бір жолы — екеуінің де АҚТҚ-ға анализ тапсыру. Кейбір елдердегі ЖҚТБ-мен ауыратын әйелдердің шамамен 35%-ы некеге дейін өздерінің пәктігін сақтап келсе де, күйеулерінің басқалармен қатынасы арқылы ауру жұқтырғандықтан қаза табуда. Бұл — күрделі де сезімтал мәселе. АҚТҚ-ға анализ тапсырамын деген әркім ең алдымен мамандардан ақыл-кеңес алғаны жөн.



Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   110




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет