Бірінші тарау ЖҚТБ — сізге де төніп тұрған қатер! Келешекте біраз жыл шамасында осы дүниедегі әрбір адам өзінің таныстарының біреуі ЖҚТБ-дан (СПИД, ЖИТС) өлгенін еститін болады. Қазіргі күндері жер шарында тұратын әрбір жүзінші ересек адам АҚТҚ-ны (ВИЧ, АИТВ) жұқтырған. Ол біреудің бауыры, қарындасы не сіңлісі, бөлесі, ағасы, бір көшеде тұратын көршісі, дүкен сатушысы, мектептегі не жұмыстағы бір танысы. Бұл Африканың көптеген елдердерінде және оңтүстік-шығыс Азияның кейбір аймақтарында, сонымен қатар ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде күнделікті жағдайға айналған. Сіз бұл туралы білмеуіңіз де мүмкін, себебі ЖҚТБ жайлы мәлімет көбіне құпия сақталуда. Сізге адам рак ауруынан не қандай да бір басқа аурудан қайтыс болды деп айтуы мүмкін, бірақ шын мәнінде сол адамның ажалы ЖҚТБ-дан болған. 2004-жылғы АҚТҚ-ны жұқтырғандардың саны шамамен 60 миллион болғаны ықтимал — нақты санын ешкім білмейді. Бүгінгі таңда АИТ вирусы дүние жүзінде бес жыл бұрынғы уақытқа қарағанда екі есе артық жылдамдықпен таралуда.
Кейбір адамдар қорқыныштан өзін қоярға жер таппайды. Олар «ЖҚТБ» деген сөзді естісімен теледидар каналын бірден басқасына ауыстырады. Оларға кеше кеште ғана сөйлескен адамы осы ауруға шалдыққан болса керек деген ойдың өзі қорқынышты. Олар ЖҚТБ-мен ауыратын адамның қолын ұстағаны немесе байқамай оның стақанын алып, одан ішкені туралы ойлай қалса болғаны, дүрліге кетеді. Егер олар өздерін қоршаған адамдардың бірнешеуі ауру жұқтырғандығын білетін болса, дүрбелең емес, байбаламға басады.