Травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметі
Осы Қағида "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 32-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленген және травматологиялық және ортопедиялық медициналық ұйымдардың статусы мен өкілеттілігін анықтайды.
Халыққа (ересек адамдар мен балаларға) травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсететін ұйымдар (бұдан әрі - Ұйымдар) жарақаттар мен сүйек-бұлшықет жүйесі ауруларымен ауыратын науқастарды анықтауға, емдеуге және медициналық оңалтуға бағытталған іс-шараларды уақтылы жүргізу мақсатында құрылады.
Ұйымдардың жұмысын (республиканың, облыстың, қаланың) штаттан тыс бас травматолог – ортопед маманы үйлестіреді.
Травматологиялық және ортопедиялық көмек жарақаттар мен сүйек-бұлшықет жүйесі ауруларымен ауыратын науқастарды уақтылы анықтауды, емдеуді және медициналық оңалтуды қамтиды.
Халыққа (ересек адамдар мен балаларға) травматологиялық және ортопедиялық көмек консультациялық-диагностикалық немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетіледі.
Травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсететін ұйымдардың негізгі міндеттері мен функциялары Халыққа травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсететін ұйымдардың негізгі міндеттері:
балалар мен ересектер арасында жарақаттар мен сүйек-бұлшықет жүйесі ауруларының профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
диагностиканың қазіргі заманғы әдістерін қолдана отырып, жарақаттар мен сүйек-бұлшықет жүйесі ауруларын ерте диагностикалау;
жарақаттар мен сүйек-бұлшықет жүйесі ауруларымен ауыратын науқастарды травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету хаттамаларына сәйкес емдеу;
бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарымен және қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, жарақаттанудың профилактикасы бойынша іс-шаралар өткізу;
"Стационарды алмастыратын көмек көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 798 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5951 тіркелген) тәулік бойы медициналық қадағалауды қажет етпейтін науқастарға стационарды алмастыратын және оңалту көмегін көрсету (бұдан әрі – медициналық айғақтары болған жағдайда стационарды алмастыратын көмек көрсету) мынадай жағдайларда белгіленеді:
- емделушіні дәрігер тексеріп-қарауы үшін гипстік байлауды қою, ауыстыру немесе алу, деформацияларды түзету кезеңінен кейінгі медициналық айғақтардың болуы;
- ұзақ мерзім бойы кешендік тексеру жүргізуді талап ететін аурудың диагнозын қою және/немесе нақтылау;
- пациентке белгілі дайындықты талап ететін күрделі диагностикалық зерттеуді жүргізу үшін медициналық айғақтардың болуы;
- амбулаторлық жағдайда (операциядан кейінгі жараны таңып-байлау, медикаменттік препараттарды буынға егу, буыннан пункция алу, диагностикалық биопсия) дәрігерлер орындайтын емдеу манипуляцияларын жүргізу үшін медициналық айғақтардың болуы;
- оңалту және қайта қалпына келтіру емдеу курсын жүргізу;
- науқас тәулік бойы болған стационардан шыққаннан кейін динамикалық қадағалау үшін медициналық айғақтардың болуы болып табылады.
Жарақаттар мен сүйек-бұлшықет жүйесі аурулары анықталған жағдайда немесе олардың асқынған жағдайында бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының дәрігерлері және басқа мамандық дәрігерлері науқастарды амбулаторлық-емханалық ұйымдардың немесе стационарлық медициналық ұйымдардың травматолог–ортопед дәрігеріне консультацияға және емдеуге жібереді.