2. Себеп және салдар
Дұрыс ақыл бізге «өмірде еңбегіңе қарай жемісіңді жейсің» немесе Иса айтқандай «не ексең, соны орасың» дейді. Бұл Киелі кітапта айтылған сөзді мән бере қабылдайтын сенуші ретінде жеке пікірім. Мен сіздің менімен келісуіңізді немесе менің қорытындыларымды қолдауыңызды сұрамаймын, әйтсе де, бұның бәрі дұрыс ақылмен бір ымыраға келеді деп ойлаймын.
Егер адамдар басқалай өмір сүрсе, аурудың көпшілігінен құтылуға, тіпті жоқ дегенде аурудың түрін жеңілдетуге болатындығын кез келген дәрігер біледі. Адамдар өз денсаулықтарына көбірек мән бере бастағандықтан, кейбір елдерде жүрек-қан тамыры аурулары сәл де болсын сирегірек кездесетін болды. Олар өздерінің салмақтарын қадағалап отырады, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Көптеген елдерде шылым шегу де азая бастады. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны, өйткені никотин адамды нағыз тәуелділікте ұстайтын есірткінің бір түрі. Сіз әрбір шылымды шеккен сайын никотинді жұтып, тыныс тарылтатын түтінді ішке сорасыз. Темекі тарту жалғыз Ұлыбританияның өзінде бір жыл ішінде 120 мыңға жуық адамның өмірін алып отырады.
Денсаулық сақтаудың алдын алу жүйесінің бәрі де адамдарға аурудың себебі мен салдарын көрсетуге негізделген: егер сіз темекі тартсаңыз — өкпеңізге зиян келтіресіз; рөлге мас күйіңізде отырсаңыз — жолдан шығып, біреуді басып кетесіз; таңертең ішімдікке тойып алсаңыз — күні бойы өзіңізді жаман сезінесіз; залалданған инемен егілсеңіз — гипатитті не ЖҚТБ-ны жұқтырып алуыңыз мүмкін. Себеп және оның салдары — бұл біз жастайымыздан бастап үйреніп алуға тисті сабақ. Менің қызым бас бармағын есікке қатты қысып алғаны соншалық, оны ауруханаға апаруға тура келді. Сол кезде оның саусағы қатты ауырды, ал қазір әбден жазылған сап-сау. Нәтижесінде ол есік пен босаға арасындағы қуысқа саусағын салмауды үйренді, өйткені есік жабылып қалса, қолды қатты ауыртады.
Мен қызымды жақсы көретіндіктен, оны зардабын тигізетін барлық нәрседен қорғануға тырысамын. Егер ол әпкесі жататын екі қабатты төсектің үстіңгі жағына шығып кетсе, мен оны түсіріп аламын, себебі ол құлап кете ме деп қорқамын. Ол бір рет сол жерден құлағаннан кейін қайтадан шықпайтын шығар, бірақ мен оның құлап түсуін мүлдем қаламаймын. Бала кезіңізде ата-аналарыңыз сізге «оны бүйтпе, бұны сүйтпе» деп күніне жүз рет айтқан шығар. Олар бұның бәрін тек сіздің қамыңызды ойлағандықтан, сіздің қауіпсіздігіңіз үшін айтатын. Анаңыз, мысалы, пештің есігі ыстық екенін және оған қолыңызды тигізсеңіз қатты күйіп қалатыныңызды айтқан шығар.
Бірақ ешбір адам баласы айтқанды тыңдайтын тіл алғыш болып туылмаған. Әдетте бұл бір не екі келеңсіз жағдайды талап етеді: «Мен саған айттым ғой. Сен тыңдамадың. Келесі жолы менің айтқан тілімді алатын бол.» Міне, біз осылайша үйренеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |