1.Аллаһтың барлығына, бірлігіне, хазірет Мұхаммед (с.а.у) Аллаһтың құлы және елшісі болғандығына көңілмен сеніп, тілімен мыналарды айту керек: «Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі». Араб тілінде «Ла илаһа иллаллаһ Мұхаммадур Расулуллаһ»
2.Діннің діңгегі - намаз. Күніне 5 уақыт намаз оқу;
3.Рамазан айында бір ай ораза ұстау;
4.Белгілі байлық мөлшеріне ие болған мұсылманның байлығының бір бөлігін жылына бір рет Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін зекетін беру;
5.Денсаулығы жақсы және жетерлік мал-мүлкі болса, қажылық ғибадатын орындау
Намаз
Намаз – мұсылман болған ер кісі мен әйелге парыз.
Намаздың түрлері: парыз, уәжіп, нәпіл.
Парыз намаздар – «айн парыз» (жалқы парыз), және ’abкифая парыз» (жалпы парыз) болып екіге бөлінеді. Айн парыз намаз – балиғатқа толған барлық мұсылмандарға парыз, әрқайсысы жеке іске асыруға міндетті. Айн парызға бес уақыт намаз және жұма намазы жатады. Кифая намазы – бір мұсылман қайтыс болғанда, жақындары мен таныстары, жалпы мұсылмандардың оқитын жаназа намазы.
Уәжіп намаз – мұсылманның іс-әрекетіне байланысы жоқ және тікелей байланысы бар уәжіп деп екіге бөлінеді. Алғашқы топтағы уәжіп намаздарға – құптан намазынан кейін оқылатын үш рәкат үтір намазы мен Рамазан және Құрбан айтта оқылатын айт намаздары жатады. Екінші топқа нәзір (атау) намазы, қателік сәждесі және басталып, аяқталмай бұзылған намаздардың қазасы жатады. Нәзір намазы – адамның өзіне міндет болмаған намазды атау арқылы уәжіп еткен намазы.
Нәпіл намаздар – парыз намаздардың алдында және соңында оқылатын сүннет намаздар.
Ораза
Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау, шариғи мағынасы – ораза ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, таңның атуынан күннің батуына дейінгі уақытта оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы.
Ораза белгілі бір уақытта ішіп-жеуден және құмарлық сезімдерден сақтану. Мұсылмандар рамазан айында ораза ұстайды.