Парыз ораза – рамазан айының оразасы және қазаға қалған ораза, кәффәрәті, яғни рамазан оразасын әдейі бұзудың жазасы үшін ұсталатын ораза.
Уәжіп ораза – белгілі бір уақытта ораза ұстауға ниеттенгеннен кейін тағайындалған ораза. Белгілі бір уақыты белгіленбей кез келген бір күні, не болмаса бір айда ұстаймын деген ораза тағайындалмаған уәжіп ораза.
Нәпіл ораза – күн ара ауыз бекіту, әр айдың он үшінші, он төртінші, он бесінші күні ораза ұстау. Әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстау, шәууәл айында алты күн ораза ұстау, Арафа күнінде ораза ұстау, Ашура күні ораза ұстау. Сонымен қатар, Зилқағда, Зилхижжа, Мухаррам және Рәжап айларының бейсенбі, жұма, сенбі күндері ораза ұстау және Шағбан айында ораза ұстау.
Зекет
Зекет – араб тілінде «көбею, өсу, тазалық» деген мағыналарды білдіреді. Зекеттің парыз болу шарты: балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, қарызы жоқ, нисап көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие мұсылман жылына бір рет Аллаһтың ризалығы үшін Құранда белгіленген адамдарға иелендіруі.
Зекет – Жаратушының бұйырған әмірлерінің бірі. Бұл әмірді орындаған адам Аллаһтың ризашылығын алады. Зекет бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартады. Адамдар арасында ізгі қарым-қатынастар орнайды
Қажылық
Қажылық – «құрмет тұтылған, қасиетті жерді зиярат ету» мағынасын білдіреді. Қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ниетімен тұру. Кейін Қағбаны тауап ету және қажылықтың амалдарын орындау.
Қажылық ғибадатының шарттары: мұсылман болу, балиғат жасқа толу, ақыл-есі дұрыс болу, бостандығы болуы, негізгі мұқтажы және үйіне қайтқанға дейін жанұясына жеткілікті қаржысының болуы, мұсылман мемлекеті емес жердегі мұсылман кісі қажылықтың парыз екенін білу.