І. «Психологияны оқыту әдістемесі» курсының пәні, мақсаты мен міндеттері
Қазіргі заманда психологиялық білімнің аса жылдамдықпен дамуы осы қоғамның шынайы қажеттіліктерімен, адамдардың тіршілік әрекетіне қажет жағымды жағдайларды қамтамасыз етуімен шарттанады.
Психологиялық білімдер өмір мен адам іс-әрекеттерінің: мемлекеттік және қорғаныс құрылымдары, өндіріс, саясат, іс, денсаулық сақтау мен білім беру салалары сияқты т.б әртүрлі аймақтарына енеді.
Алайда, қазіргі заманғы қоғам осы білімдерді нақты түрде қабылдауға, әсіресе, оларды өмір мен адамдардың кәсіби іс-әрекетінде белсенді түрде қолдануға әлі де болса дайын емес. Сондықтан да практикалық психологияның негізгі мәселелерінің бірі – мектеп жасындағылардан бастап зейнеткерлерге дейін барлық тұрғындарды, психологиялық біліммен қамтамасыз етуде.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін әдістемелік даярлығы жоғары, білімдар психологтар аса қажет. Сонымен қатар, мұндай мамандарды дайындау барысында: теория мен тәжірибенің алшақтығы, мамандардың әдістемелік дайындығының нашарлығы, негізгі психологиялық пәндерді жүргізудің ескі бағыттары сияқты кейбір кемшіліктер, осалдықтар байқалуда.
Қазіргі заманғы психологиялық білім психологияны оқытудың жаңа белсенді әдістеріне, психологтар жұмысының ғылыми зерттеулері мен тәжірибесі негізінде құрастырылған жаңа бағдарламалар мен әдістемелік құралдарға мұқтаж.
Осы пәнге алыс-жақын шет елдік және қазақстандық көптеген белгілі психологтардың қызығушылық танытқандарына қарамастан (Люблинская А.А., Теплов Б.М., Шеварев П.А., Алдамұратов Ә.Ж., Жақыпов С.М., Жарықбаев Қ.Б., Мұқанов М.М., Намазбаева Ж.И., Рахымбекова Қ.Р., т.б.), психология пәнін оқытудың әдістемесі оқу пәні ретінде, әсіресе, ғылыми пән ретінде әлі де болса жеткілікті түрде зерттеліне қойған жоқ. Қазіргі заманғы психологтарда бұл қызығушылық енді ғана ояна бастады (Бадмаев Б.Ц., Вербицкий А.А., Ляудис В.Я., Герасимова В.С., Панов Н.И., Попова М.В. т.б.) және соған орай психология пәнін жүргізуді әдістемелік қамтамасыз ету жайлы мәселенің маңызы артуда. Психология пәнін оқытудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Психолог – студенттердің де талданып отырған пәнге деген өзіндік көзқарасының маңызы зор. Олар әдістемелік білімдерді оқудың (осы ғылымның өзін ғана білсек те жетеді деп ойлайтындары бар) қажеттігін және әдістемелік ойлау мен оны арнайы қалыптастырудың ерекшеліктерін әркез ұға бермейді.