Қарастырылатын мәселелер: 1. Тәрбиенің мақсаты мен мазмұны жайлы ұғым. 2. Тәрбие процесінің мәні және қозғаушы күштері. 3. Өзін - өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу.
1. Тәрбиенің мақсаты мен мазмұны жайлы ұғым.
Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын тәрбиенің тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып келді. Бұл істі жүзеге асыру процесі әр бір қоғамдағы мемлекет қажеттігіне бағындырады. Өйткені мемлекет қажеттігінің орындалуы оның экономикалық күш – қуаты мен саясатына тәуелді екені белгілі. Олай болса тәрбие тиімділігінің ең басты шарты мемлекет мүмкіндігінен туындайтын қажеттікке сай тәрбиенің мақсатын нақты анықтау болып табылады.
Жалпы адамзаттық тұрғыдан қарағанда тәрбие мақсаты - әрбір тұлғаны әр жақты етіп тәрбиелеу. Адам – жер бетіндегі тірі организмнің жоғарғы сатысы, қоғамдық тарихи іс - әрекеті мен мәдениет субъектісі, басқаша айтқанда іс - әрекеті мен қарым – қатынас иесі.
Егер тәрбие мақсатының қалай өзгеріп отырғанына көз жіберсек, тәрбие мақсатын белгілеудің қаншалықты маңызды екенін айқын байқауға болады. Тәрбие қоғамдық құбылыс, онсыз ешбір қоғамның өмірі ілгері дамуы мүмкін емес.
Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан – жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан – жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл – ой дамуының бір тұтастығы деп түсіну керек.
Адам баласының жарқын болашағы толығымен жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне тәуелді. Мектепте тәрбиенің басты міндеттері - теориялық білімді еңбекпен, өмірмен байланыстыра жүргізу, оқушыларды еңбек тәрбиесіне баулу, оларды политехникалық, экономикалық, экологиялық біліммен қаруландыру, кәсіптік бағдар беруге тәрбиелеу. Олай болса, әрбір азамат тәрбиеге тікелей қатысы бар адамдар, ұйымдар мен мекемелер тәрбиенің мәніне, міндеттері мен мақсатын жете түсінуі қажет. Осыған орай, тәрбиенің негізгі мақсаттары: а) жастардың өмірге ғылыми – материалистік көзқарасын қалыптастыру; ә) тұлғаның рухани және дене қабілеттерін жан – жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.
Дүниетаным дегеніміз адамның табиғат пен әлеуметтік ортаны түсінуін және онымен қарым – қатынасын, оның барлық іс - әрекеттерінің бағытын бейнелейтін көзқарастарының жүйесі. Ал дүниеге көзқарас дегеніміз дүниенің даму заңдылықтарын ғылым негізінде ашатын көзқарас.
Дүниеге ғылыми көзқарастағы адамдардың басты қасиеттері өзінің Отанына берілгендігінде, жанқиярлықпен күресуге әзірлігінде. Мұндай көзқарас болмайынша, адам өз өмірінің мақсаттарын, халқымыздың жалпы күресіндегі өз орнын дұрыс түсіне алмайды.
Бастауыш мектепте білім және тәрбие алу барысында жас түлектердің ақыл – ойы дамиды, адамгершілік қасиеттері қалыптасады, ой еңбегіне төселеді, рухани өмір байлығын меңгереді, эстетикалық сезімі, талғамы артады. өмір жастарды осы заманғы ғылым мен халық шаруашылығының кеңінен өркендеу дәрежесіне қарай жан – жақты тәрбие міндеттерін талап етеді. Қоғмдық және мемлекеттік өмірдің түрлі салаларында белсенді етуге қабілетті, сана – сезімді және жоғары білімді адамдарды тәрбиелеп, даярлап шығаруды көздейді.
Мектеп реформасын жүзеге асырудың барысында оқу мен тәрбие жұмысының көптеген мәселелеріне түбегейлі өзгерістер енгізіп, қайта құру қажеттігі туды. Солардың бастыларының бірі, мұғалім мен оқушы, мектеп басшылары мен педагог арасындағы қарым – қатынас сипатының өзін бүтіндей өзгерту қажет.
Тәрбиенің жалпы мақсатын жүзеге асыру ең алдымен тәрбие бөліктерін байланыстырып шешуді талап етеді. Тәрбиенің құрамды бөліктері: ақыл – ой тәрбиесі, құлық тәрбиесі, еңбек тәрбиесі, экономикалық және экологиялық тәрбие, эстетикалық ьжәне дене тәрбиесі т.б.
Тәрбиенің құрамды бөліктерінің бірлігі мен өзара байланысының нәтижелі болуы ең алдымен мұғалімнің шеберлігіне, жалпы дайындығына байланысты. Сондықтан ол өзін - өзі дамытып, барлық іскерлігі мен білімін баланың бойына қоғамда өмір сүру үшін және оның істерін басқару үшін қажетті адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге және қалыптастыруға әр қашанда дайын болу қажет.