Педагогика ғылым мен тәжірибеде тұтас педагогикалық процесті басқару ғылыми тұрғыдан қарастырып, оған қатаң ғылыми негізделген сипат беруге деген ұмтылыс күшейе түсуде. Шындығында басқару тек техникалық және өндірістік процестерге ғана емес, сонымен бірге педагогика сияқты күрделі әлеуметтік жүйе үшін де қажет.
Жалпы басқару дегенді–шешім қабылдауға бағытталған, белгіленген мақсатқа сәйкес басқару нысанын ұйымдастыру, қадағалау, реттеу, алынған шынайы ақпарат негізінде талдау жасап, нәтижесінің қорытындысын шығару әрекеті деп түсіндіруге болады. Басқару нысаны биологиялық, техникалық, әлеуметтік жүйелер болуы мүмкін. Әлеуметтік жүйенің бірі ауыл, аудан, облыс, мемлекет көлемін қамтитын білім беру жүйесі деп білеміз. Бұл жерде білім жүйесі ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім департаменттері, аудандық білім бөлімдерін атаймыз. Ал орта мектеп күрделі қозғалыстағы әлеуметтік жүйе ретіндегі мектепішілік басқарудың нысаны болады. Біз мектепті басқару немесе оның компоненттері туралы айтқанда олардың жалпы жүйе – орта мектепті басқарудың бөліктері ретінде қарастырамыз. Ол бөліктерге тұтас педагогикалық, сынып сабақ жүйесі, мектеп тәрбие жұмысының жүйесі, оқушыларға эстетикалық тәрбие, кәсіптік бағдар беру жүйесі және т.б.
Мектепшілік басқару дегеніміз біртұтас педагогикалық процеске қатыстылардың барынша жоғары нәтижеге жетуді көздеген мақсатты, сапалы өзара әрекеттесуі. Біртұтас педагогикалық процеске қатысушылардың өзара әрекеті мынадай бірізді, өзара байланысты әрекеттер мен қызметтердің тізбегінен тұрады, олар: педагогикалық талдау, мақсат қою және жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, реттеу және түзету.
Мектепшілік басқарудың дәстүрлі ұғымдарын жаңа ұғымдар алмастыруда. Мысалы, “ыќпал ету” ұғымының орнына “өзара әрекеттесу”, “ынтымақтасу”, рефлексивті басқару” ұғымдары қолданылады.
Сол сияқты мектепті басқару теориясы, мектепшілік менеджмент теориясы басшы қызметінің өзара құрметке, қарамағындағы қызметкерлерге сенім білдіруді, олардың табысты еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызуымен ерекшеленеді. Менеджменттің осы қыры мектепшілік басқару теориясын одан ары байыта түскен.