Баланың өсу кезеңдері және әр кезеңдегі тәрбие ерекшеліктері. Руссо баланың өмірін 4 кезеңге бөледі:
1 – кезең - баланың туған күнінен екі жасқа дейінгі;
2 – кезең - 2 ден 12 жасқа дейін;
3 – кезең - 12 ден 15 жасқа дейін;
4 – кезең - 15 жастан ер жетуіне дейінгі өсу дәуірлері. Баланың осындай жетілу дәуірінің әрқайсысына тәрбиенің негізгі бір саласын кеңінен және негізгі түрде жүргізуді ұсынды.
Баланың жетілуінің әр дәуірін Руссо өзінің саяси және философиялық пікірлерімен тығыз байланысты қарастырды.
Екі жасқа дейінгі бала тәрбиесінің негізі дене тәрбиесі болуға тиіс. Бұл дәуірде тәрбиешілердің баланы табиғат кеңшілігінен тым алшақ ұстауға тырысатындығына, табиғи жетілуіне кедергі жасайтындығына қарсы болды. Руссо: “Қаршадайынан – ақ баланың еркіне қиянат келеді, ал оған сол еркіндікті беру қажет. Оның денесінің өсуіне мүмкіндік беріңдер, табиғатқа кедергі жасамаңдар”, - деген талап ұсынады. Келесі дәуірде де (2 ден 12 жасқа дейін) баланың денсаулығын шынықтыруды жедел түрде жүргізе беру қажет, бірақ бұл кезде тәрбиешінің негізгі міндеті - баланың сыртқы сезім мүшелерін жетілдіру. Руссоның кеңесі бойынша, бала өзінің керегінше, өз бетінше әр нәрсенің көлемі мен салмағын өлшесін, санаумен де айналысып, нәрселерді өзара салыстырсын. Бірақ, оның дәлелінше, бұл кезеңде баланы оқуға баулудың, жаттатудың, ойлантып, оған талқылатудың керегі жоқ. Бұл кезде бала ешбір адамгершілік, ешбір абстрактылық ұғымдарға түсінбейді деп есептейді ол. Бірақ, Руссоның ойынша, бала өте бір маңызды идеяны – жеке меншік идеясын толық меңгере алады деді. Әрине, бұл жерде Руссо педагогикасының педагогикасының буржуазиялық ерекшелігі айқын байқалады.
Романда 12 жастағы тәрбиеленуші Эмильдің денесі шынығып, өзін - өзі билеу дәрежесіне де жеткен, маңызды оқиғаларды байқай алады, сыртқы сезімдері арқылы өзін қоршап тұрған дүниені де түсінеді, сондықтан оның (12 – 15 жастар аралығында ) ақыл – ой және еңбек тәрбиесі басталады.
Ақыл – ой тәрбиесі мен білім беру мәселелерінде Руссо ең алдымен дінге негізделген шіркеулік мектептермен күресе отыра, білім мазмұнының түпкілікті жаңаруын талап етті. Оқу пәндерін іріктеп таңдауда негіз болатын нәрсе - баланың қызығушылығы, талабының болуы. Бала “Бұл не үшін қажет?” деген сұрақтарға жауап бере алатындай болуы тиіс. Бала психологиясына жетік Руссоның көрсетуінше, баланың ынтасы, қызығушылығы ең алдымен өзінің айналасын қоршаған дүниеге, байқағанына бағытталады, сондықтан ең алғашқы пәндер география, астрономия, табиғаттану болуы керек. Мұнан кейін Руссо осы пәндерді оқытудың ерекше бір методикасын құруды ойластырды, ол методика оқушылардың оқиғаларды өздігінше бағдарлап, түсіне білуіне негізделді. Руссо шығармаларында оқушыларды ғылыми шындықты ашушы, тіпті компасты ойлап шығарушы т.б. осы сияқты зерттеуші ретінде суреттеді. Бұл жерде Руссоның осындай бала табиғатын тым асыра дәріптеушілігін ескермегенде, бала дербестігін дамыту әдісі арқылы схоластикалық мектептің методикасына оның күшті тойтарыс бергенін көреміз. Оның оқу методикасындағы негізгі өсиеттері; бала ойға салып ұғынбайынша, ештеңені де жаттатпау, бүкіл білімді баланың өз бетінше бақылап, ой таразысына салуы арқылы меңгерту деген мәселенің төңірегінде болды.
Руссо дидактикасының негізі - баланың өзіндік әрекетін, зеректігін, зейінділігін, байқампаздығын дамыту мақсатын көздеді. Барлық оқылатын пәндер мейлінше көрнектілікпен баланың қабылдауына бейімделуі тиіс. Руссоның талап етуінде “көрнекілік” деген тек әдеттегі: суреттер, картиналар, приборлар т.б ғана емес, ол – табиғаттың өзі, тікелей өмірдегі деректер. Сондықтан романның кейіпкері – Эмильдің сабақтары класста емес, табиғат аясында жүргізілген. Руссо осылай жүйелі білім мен ғылымды жеткілікті бағалай алмаса да, Эмильдің шашыранды түрде меңгерген білімдерін өмірмен, практикамен байланыстыруы, сөз жоқ, оның педагогикасындағы жаңа соны бағыт еді.
Руссоның әдеби және педагогикалық мұраларында дене еңбегі – адамнан ажыратылмайтын, оның негізгі борышы делінді. Сондықтан, оның пікірінше, бостандықтағы адам қолөнершілік және ауыл шаруашылық салаларын, әр түрлі еңбек мамандықтарын меңгере білуі тиіс, сонда ғана ол өзіне тамақ та табады, өзінің бостандығын да қорғай алады. Осыған байланысты Эмиль әр түрлі қолөнеріне үйретіледі, өздігінше тұрмыс құруға үйренеді, еңбек адамын сыйлауға, еңбекті, еңбекке негізделген демалысты бағалауға дағдыланады. Руссоның суреттеуінше және педагогикалық жағынан қорытуынша Эмиль еңбек үстінде шыныққан, енді оған азғындаған феодаолдық цивилизацияның ықпалы қауіпсіз.
Жас өспірімнің жетілуінің төртінші дәуірінде (15 жастан бастап) адамгершілік тәрбиесі басталады. Руссоның сенуінше “үшінші сословиеның” алдыңғы қатарлылары жалпы адамгершілік идеалды (мақсатты) ұстаушылар. Сондықтан Эмильді, демек, жаңа қоғам жастарын ел – жұртты сүюге үйрету, оларды нағыз адам етіп тәрбиелеу керек деген пікірде болды. Руссо осыған байланысты адамгершілік тәрбиесінің үш міндетін: дұрыс мінезге, дұрыс ұғымға, дұрыс ерікке тәрбиелеуді ұсынады.
Сөйтіп, тәрбиенің жоғарыдағы сатылары мен мазмұндары арқылы Руссоның қиялындағы жаңа адамның идеалды образы құрылды. Оның сипаты: ақылды, қайратты, адамгершілігі мол, бірақ білім дәрежесі шағын қолөнерші – ойшыл адам.
Шығарманы Руссо Эмильдің болашақ зайыбы - өмір серігін тәрбиелеу, әйел тәрбиесі мәселелерімен аяқтады. Бірақ Руссо қарастырған әйел тәрбиесі ерлер тәрбиесіне мүлдем қарама – қарсы қойылды. Әйелдердің “табиғи жағдайы” тәуелді болу, сондықтан оларға ерекше білім беру қажетсіз деген теріс қорытындыға келеді ол.
Руссо бірқатар педагогикалық мәселелерде қателік пен қайшылыққа ұшырай тұрса да, оның педагогикалық теориясы өз дәуірінде жалпы бағыты ілгеріге ұмтылған прогрессивтік роль атқарды.
Себебі оның педагогикасының бүкіл жаңашыл мазмұны феодалдық педагогикаға тікелей қарсы еді. Руссо өзіне тән жігерлікпен аристократияға және шіркеуге, схоластикалық қараңғылыққа, арамтамақтыққа қарсы батыл күресті.
Руссо өз шығармаларымен адам баласының ең қымбат болашағы – балаға деген тым ыстық сүйіспеншілігін көрсетті; ол жаңа адам жолында алдыңғы қатарлы күресші болды; оның түсінігіндегі жаңа адам – Францияны феодалдық езгіден босататын табанды, қажырлы күресші.
Педагогикалық теорияны Руссо оқудың қызықты да белсенді әдістерін іздестіру, еңбек тәрбиесін, оқу мен тәрбиені табиғатпен ұштастыру мәселелерін қоюмен байланыстырды.
Руссоның әдеби және педагогикалық мұраларын сол дәуірдегі орыстың алдыңғы қатарлы адамдары жоғары бағалады. “Эмильдің” санаулы алғашқы даналары Петербургке 1763 жылы февральда алынды, бірақ осы жылдың ноябрінде бұл кітаптың таралуына тиым салынды, соған қармастан, кітап құпия түрде таратыла берді.
ХVІІІ ғасырдағы Россияның жалынды революцияшыл ағартушысы А.Н.Радищев ұлы ойшыны жоғары бағалады. 1791 жылғы бір хатында тәрбие мәселелеріндегі жүргізген өзгерістері үшін Руссоға Европа көп міндетті деп жазды.
Декабристер Руссоның “Қоғамдық шарты” мен “Эмилін” зор ынтамен оқыды.
Кейінгі революцияшыл демократтар да Руссо мұрасын жоғары бағалады. 1856 жылы Н. Г. Чернышевский “Современникте” Руссоның ұрпаққа қалдырған еңбегін, халыққа деген сүйіспеншілігін баса атап өтті.
Қазіргі қоғамның прогрессившіл күштері, орыс педагогтары Жан – Жак Руссоны атақты ағартушы - педагог ретінде бағалайды.