Күнделікті бақылау – оқыту процесінде күнделікті қолоданылады және сабақ барысында оқушылардың оқу-танымдық қызметіне басшылық жасайды. Күнделікті бақылау – мұғалімнің жалпы немесе жекелеген оқушылардың жұмысына жүйелі түрде бақылау жасауы.
Тарау бойынша оқтын-оқтын бақылау әрбір тоқсанның соңында оқу бағдарламасының белгілі тарауын оқып болғаннан кейін жүргізіледі. Мақсаты - әрбір тоқсанның аяғында пәндер бойынша оқушылардың алған білімінің көлемін және сапасын, іскерлігін, дағдысын анықтау.
Тақырыптық бақылау – оқу бағдарламасындағы белгілі тақырыптар бойынша өткізіледі. Сабақтың тақырыбы әрбір кезеңдері негізінде оқушылардың Б.І.Д.-ды игеруі тексеріледі. Сонымен қатар мұғалім кейбір ұғымдарды, анықтамаларды, ережелерді оқушылардың есіне салады.
Қорытынды бақылау – барлық пәндер бойынша жыл аяғында өткізіледі. Оқушылардың жыл бойы алған теориялық және практикалық білімдері анықталады. Сондықтан қорытынды бақылаудың негізі емтихан және оқушылардың жылдық үлгерім бағалары болады. Емтихан мен жылдық бағадан қорытынды баға шығарылады.
Зачет (сынақ) – қорытынды бақылаудың айрықша түрі, ол белгілі тарау немесе тақырып бойынша атқарылған жұмыстардың бүкіл өн бойында мұғалім қолоданған тексерудің барлық түрлерін ескере отырып қойылады. Зачет 1959 жылдан бастап енгізілді. Ол оқу бағдарламасының негізгі бөлімдері мен тақырыптардағы Б.І.Д.-ларды жүйеге келтіру, тереңдету міндетін шешеді.
Емтихан – оқушылардың білімін қорытынды тексерудің және бағалаудың арнаулы формасы. Емтихан 1944 жылдан бастап енгізілді. Ол оқушылардың білімін жинақтауға, бір жүйеге келтіруге, оларды оқу жылы бойынша ынталандыруға, оқу жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі.
Бақылаудың ауызша, жазбаша және графикалық әдістері қолданылады. Сонымен қатар бағдарламалап бақылау әдісі бар. Ол машинасыз және машиналы бағдарламалап бақылау әдістері болып екіге бөлінеді. Машинасыз бағдарламалап бақылауда перфокарталар қолданылады. Бұнда мұғалім 20-25 сұрақ дайындап, әр сұраққа 4 вариантты жауап дайындайды. Олардың ішінде бір жауап дұрыс, қалғандары дұрыс емес, толық емес жауаптар. Машиналы бағдарламалап оқытуда техникалық құралдар қолданылады. Олар:
1. Автоматтандырылған сыныптар.
2. Микро ЭВМ «Агат», «ДВК».
3. Электронды емтихан алушы «АИСИ-3», т.б.
Оқыту процесінде бақылаудың жаппай (фронталдық), топтық және дербес формалары қолданылады.
Фронталдық (жаппай) бақылауда барлық оқушыларға мазмұны бірдей тапсырмалар беріледі.
Топтық бақылауда оқушылардың белгілі бір тобы тапсырма алып орындайды.
Дербес бақылауда әрбір оқушының Б.І.Д.-сын терең және жан-жақты анықтайды.
Сонымен қатар оқушыларды өзін-өзі бақылау тәсілдеріне үйреткен дұрыс. Бұл олардың жауапкершілігін, өз күшіне деген сенімін туғызады.
Оқушылардың білімін бағалауда немқұрайдылыққа жол беруге болмайды. Өйткені баға білімді есепке алу құралы болумен қатар, тәрбиелік құрал да болып есептеледі.
Қазіргі кезде мектептерде жиі қолданылатын бағалау жүйесі «5 баллдық» жүйе. «5» бағасы – оқу материалын толық, дұрыс, дәл логикалық бірізділікпен айтылған жауапқа қойылады.
«4» бағасы – оқу материалын толық біледі, бірақ болар-болмас кемшілігі бар жауапқа қойылады.
«3» бағасы – жауабы негізінен дұрыс, бірақ толық емес, білімінде кейбір проблемалар есепке алынбаған жауапқа қойылады.
«2» бағасы – оқушы жауабында қателер, білімінде елеулі кемшіліктер бар жауапқа қойылады.
«1» бағасы – тексерілген оқу материалы бойынша білімі жоқ, толып жатқан өрескел қателер үшін қойылады.
Революцияға дейін Россияда 0-ден 5-ке дейін «6» баллдық жүйе болған. 1918 жылы «о» бағасы қысқартылды. Қазіргі кезде «1» деген баға да өте сирек қойылады. Сөйтіп «5» баллдық жүйе «4» баллдық жүйеге айналды.
Алайда көптеген педагогтар баға қоюда басқа да әртүрлі әдістерді қолданады:
1-әдіс. «+», «-» таңбаларымен баға қою. Мысалы, «4+» немесе «4-». Әрине қосымша таңба қою журналда ескерілмеген. Сондықтан журналға бағаның өзін қояды да, өзінің жеке дәптеріне нақтыланған, «+», «-» таңбаларымен қояды. Бұл әдісті ынталандыру құралы ретінде пайдаланады.
2-әдіс. Ауызша бағалау. Оқушының білімін сөзбен бағалайды.
3-әдіс. Күнделікке қойылған бағаны ата-аналарға арналған жазулармен толықтыру. Сөйтіп оқушының отбасы алдындағы жауапкершілігін көтермекші болады. Алайда бұл әдіс әруақытта ойдағыдай нәтиже бермейді.
4-әдіс. Үлгерім экранын қолдану. Оқушылардың барлық бағалары түсірілген экранды классқа іліп қояды. Бұл әдістің кемшілігі де бар. Жақсы оқитындарда менмендік, өзін артық санау сезімдерін туғызуы, ал нашар оқитындарда керісінше немқұрайдылықты туғызуы мүмкін.
Оқушылардың үлгерімін сандық бағалау жүйесі «балл» түрінде басқа елдерде де қолданылады.
Венгрия, Югославия, Чехославакияда «5 баллдық» жүйе қолданылады. Венгрия мен Югославияда 5 – жоғары, 1 – төмен баға болса, Чехославакияда керісінше, 1 – жоғары, ал 5 – төмен баға болып саналады. Румыния, Голландия, Ауғаныстанда оқушыларға 1-ден 10-ға дейінгі бағалар қойылады. 10 - өте жақсы, 1 - өте жаман баға, ал класстан классқа көшіру 5-6 сандық белгілермен бағаланады. Францияның бастауыш мектептерінде оқушыларға «10 баллдық» жүйе бойынша, ал лицейлерде «20 баллдық» жүйе бойынша баға қойылады. Америка Құрама Штаттарында оқушыларға баға қоюда әріп жүйесі қолданылады: А, В, С – жақсы баға, Д, Е – жаман баға. Көптеген оқу орындарында әртүрлі топтарға бөледі: А – дарынды, В - қарапайым, С – қабілетсіз. Оқушының қай топқа жататынын анықтау үшін әртүрлі сынақтан өткізеді. Дарынды оқушыларды дамыту үшін барлық жағдай жасалады, ал қарапайым оқушылар тек қана практикалық білім мен пайдалы дағдыларды меңгерсе жеткілікті. Жапонияда оқушылардың білімін есепке алу мен бағалаудың ауызша формасы қолданылады, ол мадақтау деп аталады. Бірақ баға қойылмайды. Оқушылардың білімін тексеру үшін тесттер қолданылады. Тестті мұғалім дайындайды және оқушының жауабы 10-нан 100 ұпайға дейін бағаланады. Ал оқу жылының аяғында оқушыға мінездеме жазылады, онда әр оқушының жинаған ұпай саны көрсетіледі.
Есепке алу – бұл оқытудың белгілі кезеңінде оқушылар мен мұғалімнің жұмысын жинақтап қорыту. Үлгерімді есепке алуда мынадай мәселелерді еске алған жөн:
оқу бағдарламасы бойынша тақырыпты және тарауды оқып үйрену процесінде оқушылардың Б.І.Д.-сын жан-жақты бақылау керек;
әрбір аяқталған тақырып бойынша оқушылардың жұмысы туралы жеткілікті, толық қорытынды шығарып отыру;
оқушыларға толық, пайымды мінездеме беру үшін, олардың бірнеше оқу жылындағы статистикалық үлгерім мәліметтеріне талдау жасау қажет.
Сонымен, әрбір мұғалім оқу жұмысын есепке алудың әдісін және техникасын жақсы білумен қатар, оқу жұмысы жөнінде обьективті мәліметтердің болуы тиіс.
Оқушы портфолиосы - оқушының барлық жұмыстарын бір жүйеге біріктіретін, оның білім-біліктілігінің әр түрлі салаларын байланыстыратын жұмыстарының жиынтығы.
Оқушы портфолиосы - оқушының жұмыс папкасы ғана емес, алдын ала жоспарланған жетістіктерінің өзіндік іріктеулері.
«Портфолио» термині - педагогика саласына саясат пен бизнестен келген сөз. Портфолио оқушының оқу-танымдық іс-әрекет өнімдерімен жұмыс жасау технологиясын, формасын, ұйымдастыру үрдісін қарастырады. Өзінің іс-әрекеттер нәтижелеріне баға беруге, оларды талдауға және жеке субъективтік позициясын саналы түсінуге арналған.
Оқушы портфолиосының негізгі функциялары
1. Жинақтаушы: оқушы жұмыстарының жиынтығы.
2. Үлгілеуші: оқушының жеке кәсіби өсу траекториясын қалыптастыру құралы.
3. Рефлексия-шығармашылық: түрлі технологиялар мен олардың тиімді әдістерін өзіндік талдау мен жобалау.
Оқушы өзінің өзіндік портфолиосын құрып, оны талапқа сай етіп толтыра отырып өзінің материалдарымен толықтырады. Портфолионы өткізу мерзімі немесе оны тексертуді мұғалім таңдайды. Белгілі бір уақыт сайын, әр тоқсан соңында немесе жыл соңында өткізу алдын ала тапсырылған тапсырмаларға байланысты келісіледі. Оқушы портфолиосының мазмұны мұғалім мен оқушының талап тілектері бойынша құралып, оқыту үрдісін сапалы ұйымдастыруға бағытталады.
ҰБТ- ол жалпы орта білім беру ұйымдары бітірушілерінің қорытынды мемлекеттік аттестатталуы, білім ұйымдарынан тәуелсіз жалпы орта білім сапасын бағалайтын, жаңа технологияларға негізделген мемлекеттік жүйе.
ҰБТ-да жақсы нәтижеге жетудің ең негізгі жолы - оқушы белсенділігі. Барлық оқушыға арналған портфолиода тест нәтижесіне мониторинг жасалған, мектеп психологы оқушылармен жеке жұмыстар жүргізеді. Мектеп әкімшілігі сараптау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесімен оқушыларды таныстырып отырады. Пән мұғалімдері әр тесттен кейін оқушылардың жіберген қателіктерімен жұмыс жасап, сұрақтарды талдайды. Оқушы мұндай жағдайда өзінің мүмкіндіктерін, қол жеткен табыстарын өзгелермен салыстыра отырып, саралап, белсенділіктері артып, алға ұмтыла түсері сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстарды атқаруда оқушы, мұғалім, ата-ана үштігі бірлесіп жұмыс атқарғаны нәтижелі болады.
Бақылау сұрақтары: 1.Оқушының білімін тексеру жолдарын сипаттаңыз
2.Бағалауға – оқушының меңгерген білім сапасы мен даму деңгейінің көрсеткіші ретінде анықтама беріңіз
3.Білімді бағалау әдісіне сипаттама беріңіз
4.Рейтинг жүйесі туралы түсінік
Әдебиеттер 1.Педагогика. Курс лекций. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2. Вульфов Б. З., Иванов Б.Д. Основа педагогики (в лекциях, в ситуациях, в первоисточниках) Уч. пособие – М., 2000.
3.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
4.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999
5. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. - Алматы “Нұрлы әлем” 2003
6.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого-2010)
7.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010
8.Харламов И.Б. Педагогика. Учебник-Минск, 2010