Тәрбиеленушілердің іс-әрекетін басқару принциптері:
- педагогикалық басқарымда тәрбиеленушілердің ынталылығымендербестігін арқау ету принципі;
- тәрбиеленуші тұлғасын оған деген талаппен ұштастыра құрметтеу;
- адам бойындағы ұнамды қасиет пен оның күшті тұлғалық сапаларын тірек қылу принципі;
- мектеп, отбасы және қоғам талаптарының үйлесімділігі принципі;
- тікелей және қосарлы педагогикалық ықпалдарды үйлестіре пайдалану принципі;
- тәрбиеленушілердің шынайы мүмкіндіктерін ескеру принципі;
- тәрбиеленушілердің жасы мен даралық ерекшеліктерін ескеру принципі;
- тәлім, тәрбие және даму нәтижелерінің беріктілігі мен әсерлілігі принципі.
Тәрбиелік үдеріс мәні мен ерекшелігі
Педагогикалық үдерістің аса маңызды элементтерінің бірі тұлғалық тәрбие ісі. Тәрбиенің жалпы әлеуметтік қызметі- өткен әулеттер тәжірибесін, білімін, ептіліктері мен дағдыларын, әрекет-қылық үлгілерін, т.с.с. өскелең ұрпаққа меңгерту. Ал әрқилы қауымдастықтағы тәрбиенің нақты қызметі қоғам өмірінің шарттарына, қоғамдық қатынастар сипатына, мәдениетіне, құндылықтылық бағыт-бағдарына орай тарих желісінде өзгеріске түсіп, нақтыланып барады.
Тәрбие тек тұлға қалыптасуына көмекші істермен шектелместен, адам даралығын дамыту шарттарын да түзеді. Адам тәрбиесіндегі басты міндеттердің бірі- оның өз басының әлеуметтік даму шарттарын айқындап алуы. Бұл екі жағдайдың іске асуына тәуелді. Олардың біріншісі- жеткіншектерді нақты әлеуметтік қатынастарға араластыру, яғни тәрбиеленушілер бойында обьектив және субьектив бірліктерден құралатын іс-әрекетке деген тұлғалық сезім, қалыптар пайда ету. Объектив бірлік - бұл тұлғаның өз қызмет-әрекеті, ал субъектив бірлік - тұлғаның сол әрекетке болған қатынас күйі. Екінші шарт - әлеуметтік әрекеттестікке келу үдерісіндегі балалардың өз мүмкіндіктерін іске асыра білуі. Бұл шарттың орындалуынан бала өзінің тұлғалық дамуына қажет іс-әрекеттің мақсаты мен маңызын байқап, өз "менін" танып, өзі араласқан іс-әрекеттің жақын да алыс міндеттерін дәл әрі айқын сезінуге мүмкіндік алады. Осыдан бала қоршаған болмыс, нақты адамдар ортасында өзінің кім екенін толықтай аңдап, олармен қалай қатынас жасау қажеттігін түсінетін болады.
Тәрбие - бұл белгілі педагогикалық мұраттарға сай арнайы ұйымдастырылған ықпалдар көмегімен тұлға қалыптасуынаа бағытталған мақсат бағдарлы үдеріс.
Педагогикалық үдерістің негізгі элементі болған тәрбие өз ішіне төрт мәнді белгіні қамтиды:
- ықпалдардың мақсат бағдарлылығы;
- сол ықпалдардың үлгі, өнеге, әлеуметтік-мәдени бағдар, мұраттарға сай бағдарлануы, сондай-ақ тәрбие үдерісінің адамзат дамуының тарих барысындағы жетістіктеріне сай келетін құндылықтарына орай жүргізілуі;
- ұйымдастырылатын тәрбие ықпалдары мен әсерлерінің белгілі жүйеде болуы мен және орындалуы;
- адамның әлеуметтік тәжірибені меңгеріп, тұлғалықты және даралықты дамуға түсуі.
Тұлға қалыптасуына бағытталған тәрбиелік үдеріс өзінің негізгі ерекшеліктеріне, арнайы сапалық танымал көріністеріне ие.
Бұл тұрғыдан ең алдымен ескерілетін жәйт-тәрбие үдерісінің көп жағдаяттылығы. Тәрбие тек мектепте емес, ол отбасыда, мектептен тыс мекемелерде іске асып барады. Педагогтардың тәрбиелік ықпалы көптеген сан қилы ұжымдардың іс-әрекетімен толығып барады. Тәрбие үдерісінің көп жағдаяттылығы, тәрбиелік ықпалдар кеңдігі тұлға қалыптасуында көптүрлі мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады. Сонымен бірге, бұл жағдайлар себебінен тәрбие үдерісі қиыншылыққа да кезігеді. Саналуан ықпалдарға түскен тәрбиеленушілер ұнамды тәжірибелік қор жинақтаумен бірге теріс өнегеге де тап болуы мүмкін.
Тәрбие үдерісінің екінші ерекшелілігі оның ұзақ мерзімділігі. Осыдан тәрбие мектепке дейінгі жас шақтарында басталып, мектептен соң да жалғасын табады. Гельвеций пікірінше, адамның барша өмірі тұтастай ұзақты бір тәрбиелік желі. Адам есейген шағында да тәрбиеленеді не қайта тәрбиеге түседі. Ол өзінің еңбек, моральдық тәжірибесін топтап, жетілдіруде, өз білімін кеңейту мен тереңдетуде, эстетикалық құндылықтар меңгеруде ешбір үзіліс не тыным таппайды. Әлбетте, мектептік жылдар тұлғанын жедел дамып, мінезі мен әрекет-қылықтық қалыптасуының басты себебшісі.
Тәрбие үдерісінің ұзақ мерзімділігінің айғағы оның нәтижелерінің бір сәтте көрінбеуі. Шәкірт арифметика ережелерін, тарихи деректері мен оқиғаларды қысқа уақытта игеріп алуы мүмкін, ал демнің арасында оны ұжымшыл, жақсы серік, адал да кішіпейіл адам етіп қалыптастыру мүмкін емес. Бұл үшін едәуір уақыт қажет болады. Қай жағдайда да тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеуде жедел әрі үлкен табысқа жетуді мақсат ету орынсыз.
Тәрбие үдерісінің үшінші ерекшелігі оның сатылық сипатында, бұл сатылық бірнеше кезеңдерден тұрады:
1-саты: балалар отбасы мен мектепте тәртіп, әрекет-қылықтың алғашқы ережелерін игереді;
2-саты: әрекет-қылық туралы алғашқы ұғымдар негізінде шәкірттер әдептілік түсінігі мен қоғамда қабылданған тәртіп ережелерін меңгереді;
3-саты: наным-сенімдер қалыптасады, мінез-құлық дағдылары тұрақталады, сезімдері кеңейіп, бой түзейді. Бұл сатыда балалар қандайда іс-әрекеттің себеп-салдарлылығын белгілі идеялық, адамгершілік принциптері негізінде түсіне бастайды.
Аталған сатылардың бәріде өзара тығыз байланысқан, өз алдына айқара шектелмеген.
Тәрбие үдерісінің келесі, төртінші ерекшелігі- тәрбие жұмыстарымазмұнындағы шоғырлылық. Бұның мәні - тәрбие барысында тұлғаның қандай да бір сапасына бірнеше рет қайталай назар салуға тура келеді. Бірақ бұл қарадүрсін қайталау емес, бала жасының ерекшелігі мен тәрбиелік деңгейіне сәйкес кеңейтіліп, тереңдей түскен қайталаулар. Адам қасиет-сапалары кезегімен емес, бәрі бірдей өзара байланыста қалыптасады. Қайсы бір тұлғалық қасиетті тәрбиелей отырып, педагог тәрбиеленушінің басқа сапаларының дамуына ықпал жасайды.
Тәрбиенің бесінші ерекше белгісі - оның екі тараптылығы мен белсенді үдерісті болуында. Тәрбиеленуші тек нысан (объект) ғана емес, ол тәрбие субъекті де. Осыдан педагогтың тәрбиеленушілерге тұрақты өзіндік талдау, өзіндік бағалау, өзіндік тәрбие қажеттілігін белгілеу міндетін үйрету маңызды роль атқарады. Шәкірттерді үздіксіз өзіндік күш салуға талпындырып, олардың жан белсенділігін оятып, барынша дербес іс-әрекетке ұмтылысын дамыту қажет. Егер педагог өзінің тәрбиелеп отырған шәкіртінің орнына өзін қоя біліп, мәселеге оның көзімен назар салса, бұл мәселенің шешілуі қиын болмайды.
Тәрбиенің алтыншы ерекшелігі- бұл үдеріс нәтижесінің сырттай көзбен онша елене бермеуінде. Тәрбиеші жұмысын тексеру және бағалау аса қиыншылықты іс. Ол әрқандай ұнамды сипаты қашықтаған, уақыт озған сайын көрінгіш келеді. Осыдан педагог өзінің тынымсыз әрекетінің жемісін тез арада көре алмайтынына, осы жолда басқалардың айыбымен тіпті сынға ұшырайтынына да дайын болғаны жөн. Сондықтан педагог өз шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсету үшін ғана емес, талай рет болып қалар өзіне деген әділетсіздіктер жағдайында байсалдылық пен ұстамдылықты болу үшін өте кішіпейіл адам болғаны абзал.
Тәрбие үдерісінің ақырғы жетінші ерекшелігі - оның болашаққа бағытталған іс-әрекетте болуында. Әр педагог өз тәрбиеленушілерінің өмірге алдағы өзгеріске түсетін, басқаша қоғамдық қатынастар жағдайында араласатынын ұмытпағаны қажет. Сондықтан тәрбие жұмыстарының барысында бүгінгі күн талаптарын ғана ескеріп қоймастан, техникалық ілгерілеу мен қоғамдық дамудың болашағына мән бергені жөн. Болжастыруда көрегендік танытып, бүгінгі тіршілік астарында болашақ мәселелерін байқай біліп, және олардың болашақ адамдарына қоятын талаптарын күні ілгері сезу және оған балаларды үйрету - ұлағатты педагогқа қажетті және бір ұтымды сала.
Достарыңызбен бөлісу: |