Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері бағытындағы ізденістерде зерттеудің логикасы, зерттеу әдістері, нәтижелері, зерттеу сапасын бағалау мәселелері қарастырылып жүр. Ал енді әдіснамалық тұғырлар туралы білімдер жиынтығы әдіснамашы ғалымдардың еңбектерінде, түрлі ғылыми басылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар, әдіснамалық семинарлар, интернет-конференциялар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар материалдарында көрініс тапқан. Әдіснамалық тұғырлардың құрылымы мен мазмұны «Педагогика әдіснамасы» (2016 ж.) атты оқу құралында ашып көрсетілген. Зерттеудің әдіснамалық негізін сызба түрінде жобаласақ, төмендегідей үлгі шығады (5-сурет. Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздерінің құрамы). Сонымен, әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып, өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми-педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары – жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида болмақ. Ғылыми әдебиеттерде жалпы ғылымилық ұстанымдар қатарына объективтілікті, ғылымилықты, жүйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т. б. жатқызады. Демек, тұғыр ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға тән. Сондықтан, педагогикада аталмыш тұғырлар мен ұстанымдарды зерттелетін нысандардың мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. Әдіснама – педагогика ғылымының жасалу зертханасы, сол әдіснама арқылы зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады. Магистранттар мен студенттерге 2007 жылы «Тұран» баспасынан жарық көрген «Педагогикалық зерттеудің әдісанамасы мен әдістемесіне кіріспе» атты оқу құралындағы әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеу логикасы, зерттеу әдістемесі туралы мысалдармен тереңдетіле берілген әдіснамалық білім мазмұны ұсынылады.
Сонымен, зерттеудің әдіснамалық негізін анықтау үшін әдіснамалық негіздеме жасау қажет. Оның мазмұнына: ізденушінің тұжырымдамасының философиялық негіздері, педагогикалық мәселелерге сыни көзқарас, зерттеу тұжырымдамасының ғылыми негіздері (мәселені тарихи-логикалық талдау, зерттеу пәнін диалектикалық жүйелі-құрылымдық талдау, оның сипаттамасын тұтастық тұғыр аясында қарастыру, зерттелетін педагогикалық құбылыстың дамуының негізі болатын жетекші қайшылықтарды анықтау, осы үдеріске тән заңды байланыстарды ашу әдіснамасына сипаттама), осы педагогикалық тұжырымдама негізіндегі түрлі ғылыми қағидаларды талдау енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |