Келісіммен әрекет ету қабілетін дамытуға бағытталған топтық ойын.
Қатысушылардың бірі, мысалы, үстелге жатады, қалғандары оны бір қолмен ұстап көтереді. Топ бірлесіп кез келген қатысушыны, тіпті ең ауыр оқушыны да көтереді. Көтерген адамдар өзіне рөл ойлап тауып, оны басқаларға хабарлайды. Рөлдер мынадай болуы мүмкін: жеңген команданың жаттықтырушысы, шайқаста жеңген полковник, биші балерина, жүзгіш, бұлт және т. б. Ойын соңында жасалған әрекетке қатысты талдау жүргізіледі.
«Олимпиада алауы»
Сынып бір-бірінен 2 м қашықтықтағы сапқа тұрады. Бәріне бір сіріңкеден таратылады. Біріншінің қолында қорап, соңғысында – бенгал оты, шырақ, хош иісті таяқ, майшам және т. б.
Бірінші оқушы сіріңкені жағады және оны екінші оқушыға әкеліп, оның сіріңкесін жағады. Екінші үшіншіге қарай жүреді, әрі қарай сіріңке шырақты немесе майшамды жаққанша жалғаса береді. Есте ұстау керек: жел соқса сіріңке тез өшеді және қатысушылар оларды бір-біріне жеткізуге үлгермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда балаларға жаңа сіріңкелер үлестіріледі және марафон қайтадан басталады.
Бұл тапсырманы орындау барысында барлық оқушылар ұйымшылдыққа, төзімділікке үйренеді.
«Шаршы»
Ойынға қатысушылар шеңбер жасап тұрады және көздерін жұмады. Жүргізушінің белгі беруімен, балалар көзін ашпастан, шаршы құрып тұра қалады. Шаршы құрылғаннан кейін де, балалардың көзін ашуға рұқсат берілмейді. Педагог олардан бәрінің де шаршыда тұрғанына сенімділіктерін сұрайды. Барлығы бірдей келіскеннен кейін ғана, мұғалім көздерін ашуды, жақсы нәтижеге қуануды және процесс барысын талдауды ұсынады. Осылайша басқа да фигураларды құруға болады.
«Аралар» жанды шеңбері
Балалар көздерін жұмады және үй-жай ішінде арлы-берлі сабылып жүре бастайды, ара омартасы сияқты гуіл шығарады. Жүргізушінің шартты белгісі бойынша (шапалақ, ысқырық, т. б.) барлығы тоқтайды, бұдан соң балалар көздерін ашпастан және сөйлеместен шеңберге тұруға тырысады. Тек бір-бірін қолмен түртуге болады. Барлығы өз орындарын тауып, тоқтаған кезде жүргізуші екінші шартты белгі береді, ол бойынша барлық қатысушылар көздерін ашады. Ереже бойынша балаларға мінсіз шеңбер құрудың сәті түспейді. Мұндай шеңбер шығу үшін тапсырманы бірнеше рет орындау қажет.