Қорытынды
Қорытындылай келе жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Йассауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Йассауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Йассауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Йассауи ше хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әмре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Йассауи сарыны байқалды. 12 ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Йассауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қожа Ахмет Яссауи /Редактор: Неждет Тосун. –Анкара : Қожа Ахмет Яссауи Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті, 2018ж
2. Көңілдің айнасы; Досай Кенжетай Тұрсынбайұлы; Қыркүйек 2000ж
3. Яссауи жолы және қазақ қоғамы; Зікірия Жандарбек 2006ж
4. Йасауи жолы; Намық Кемал Зейбек. - Анкара 1998ж
5. Қожа Ахмет Йасауи жолы ; Намық Кемал Зейбек ; Ахмет Йасауи қоры
6. Eraslan, Kemal; Yesevi'nin Fakr-namesi / yazar: Kemal Eraslan,- Ankara: Hoca Ahmet Yesevi Uluslararası Türk-Kazak Üniversitesi, 2016
Достарыңызбен бөлісу: |