ПӘнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар


Грамматикалық мағынаның түрлері



бет12/20
Дата27.12.2016
өлшемі3,72 Mb.
#6293
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20

Грамматикалық мағынаның түрлері

Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағьнасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді.Сонда сөзде жалпы заттың атын, немесе жалпы қимылды, немесе жалпы санды, т.б. білдіретін бір ғана жалпы грамматикалық мағына бола ма немесе жоғарыда сөзде бір я бірнеше грамматикалық мағына болады дегеніміздей олардың қарым-қатынасы, ара қатынасы, сипаты қандай болмақ?

Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл.т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болуы мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдікі) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал - әрекет, ойлау қабілетіне, көңіл күйіне байланысты, т.б.) Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мумкін.

Жалпы грамматикалық мағынаның осы сияқты сипатына ерекше назар аударуға негіз болып отырған бұл мәселелердің бұрын біржақты, қате түсіндіріліп келуінде.

Оқулықтарда грамматикалық мағына деп лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін немесе грамматикалық тұлғалар арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы пайда болатын (туатын) жалпы мағына деп көрсетіледі. Бұл дұрыс ереже ме және оны қалай түсінеміз?

Ең алдымен, грамматикалық мағына-лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория үғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.

Жалпы тіл білімінде, сондай-ақ түркологияда грамматикалық мағынаны бұндай бөлу тәжірибесі бар ма? Грамматикалық мағынаны осындай үш түрге бөлудің қандай теориялық және практикалық негізі бар?

Жалпы тіл білімінде грамматикалық мағынаны дәл осындай үш түрге бөлу тәжірибесі жоқ. Қазіргі қырғыз тілінде грамматикалық мағынаның типтері ретінде оны екіге бөліп қарау тәжірибесі бар; бірі – жалпы категориялық мағына және екіншісі – жеке грамматикалық мағына. Жалпы категориялық мағынаға, мысалы, зат есімнің заттық, сын есімнің сындық, етістіктің қимыл-әрекеттік мағыналары яғни сөздің әр түрлі формада түрленіп өзгеруінен емес, түбір білдіретін және сөздің барлық грамматикалық формаларында бола беретін мағыналары жатады да, жеке грамматикалық мағынаға сөздің түрленіп тұлғалануы арқылы пайда болатын мағыналары жатады, сондықтан бір сөзде бір жалпы грамматикалық мағына және бірнеше жеке грамматикалық мағына болады. (Д. Қ. — АҚТ,7-8).

Грамматикалық мағына жоғарыда көрсетілгендей, ең алдымен, сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады. Жалпы сөйлеу процесінен (сөйлемнен яғни контекстен) тыс грамматикалық мағына болмайды. Үй, тас, жасыл немесе кел дегендердің заттық және иелік, жалпылық немесе сандық, түсті білдіру немесе қимылдық т.б. грамматикалық мағыналары сөйлеу процесінде әбден қалыптасқан, сондықтан ондай тиесілі мағына сөйлемсіз-ақ ойымызда тұрақталып қалған. Одан әрмен сол сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы да, түрлі грамматикалық формалардың үстелуі арқылы да, дауыс ырғағы, орын тәртібі, ішкі флексия т.б. арқылы да грамматикалық мағына үстеледі.

Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың грамматикалық немесе лексика-грамматикалық, семантикалық, қызметтік-функциялық т.б. сипаттары айқындалады.

Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, үсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық, топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк, тасты, құмсыз немесе кел, тұр, ойла т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық немесе жалпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына туған. Ал солардың әрқайсысының өзінен тағы да кішірек жалпы грамматикалық мағына байқалып кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас, т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш, т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Қүлагер, Ертіс, т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белгі (жақсы, жаман, үлкен, биік т.б.) түске байланысты сын (көк, қызыл, ақ т.б.) қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәнді (кел, кет, шап т.б.) қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр т.б.) абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда) т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.

Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді топтастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Ескерте кету керек: жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы нәтижесінде пайда болса да, ол енді лексикалық мағына болып саналмайды.

Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грамматикалық форма деген ұғымға, ең алдымен, сөзге түбірге үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплетивтік те тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің қурамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық, семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен.



Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең алдымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де екіншіден, сол арқылы белгілі грам-матикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып табылады, үшіншіден, соның нәтижесінде сол топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясын құрауға негіз болады. Мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары есімше, көсемше немесе қалып етістіктері т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Сөйтіп, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағынадеп атау қажет. Түсінікті болу үшін бірнеше мысалды талдап көрелік. Талдан таяқ жас бала таянбайды. Бала бүркіт түлкіден аянбайды дегендегі екі бала сөзін салыстырып көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септік арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі) 3-жақ мағынасын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, сындық қатыстық мағынаны білдіріп тұр. Бұл грамматикалық (сындық-қатыстық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында объективтену процесіне ие болған. Менде ақыл тұра ма? (Шәкәрім)дегенде сұраулық мағына -ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл – кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті. Әрине, бірінші бұл дегеннің атау септік тұлғасында тұрғаны - бөлек әңгіме. Немесе мына диалогта үйде сөзінің мағынасына назар аударайық:

– Қайда болдың?

– Үйде.

– Үйде? Қай кезде?



Басқа грамматикалық мағыналарды ескермегеннің өзінде екінші үйде дегенде сұрау мағынасы тек интонация арқылы берілген.

Сөйтіп, қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады. Сонымен бірге грамматикалық мағынаның бұл үш түрі, бір жағынан, грамматикалық мағынаның грамматикалық форма деген ұғыммен байланыстылығын және грамматикалық категория деген ұғымның мәнін, шеңберін айқындауға негіз болатынын (категориялық мағына) көрсетсе, екінші жағынан, кейде тек ол морфология саласымен шектеліп қоймай, синтаксиске де еніп кететінін (қатыстық грамматикалық мағына) көрсетіп, морфология мен синтаксистің арасын жымдастыра түсуге себін тигізеді. Үшінші жағынан, жалпы грамматикалық мағына жекелеген сөз топтарының семантикалық сипатын айқындайды.



Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі

Тілімізде белгілі бір грамматикалық мағына, белгілі бір грамматикалық форма – тұлға арқылы берілетіні белгілі. Яғни грамматикалық мағына мен грамматикалық форма (тұлға) бір-бірімен тығыз байланысты.

Грамматикалық мағынаның грамматикалық формамен сәйкестігі дегенде әңгіме грамматикалық мағына атаулының бәрі туралы бола ма, әлде оның бір түрі жайында бола ма? – осы жағын айқындап алған жөн.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі сөз болғанда, әдетте категориялық грамматикалық мағынанегізге алынады, өйткені жоғарыда көрсетілгендей, грамматикалық мағынаның осы түрі ғана арнайы грамматикалық форма арқылы беріледі.

Әрине, грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-біріне сай келеді дегенде, сөздің құрамында ол екеуінің саны да әрдайым бірдей болады деген қорытынды тумайды. Кейде бір тұлғаның өзі бірнеше грамматикалық мағынаны және керісінше бірнеше грамматикалық форма бір мағынаны білдіріп те тұрады. Мысалы, кітабым стол үстінде жатыр дегендегі кітабым сөзі кітап деген түбір -ым деген тәуелдік жалғауынан тұрады.

Бұл жерде түбір білдіретін жалпы грамматикалық мағына мен атау септік тұлғасының нөлдік формасы мен мағынасы сөз болып тұрған жоқ. Оларға әдейі назар аударылмай отыр. Ал осы -ым деген бір тұлға үш мағынаны білдіреді: 1) тәуелдік мағына, яғни кітап деген зат екінші затқа тәуелді, осының меншігі екенін білдіреді, бұл – негізгі мағынасы. Бұл жағынан қарағанда кітабың, кітабы, кітабымыз, кітабыңыз т.б. сөздер құрамындағы -ың, -ы, -ымыз, -ыңыз деген тұлғалардың бір-бірінен мағынасы жағынан ешбір айырмасы жоқ, бәрі де тәуелділік, екінші затқа меншіктілік мағынаны білдіреді. Міне осыдан бір грамматикалық мағына бірнеше грамматикалық тұлға арқылы берілетіні анық көрінеді. Бірақ -ым қосымшасы тек тәуелділік мағынаны білдіріп қоймайды, сонымен бірге 2) жақтық мағынаны да білдіреді. Яғни зат кітап қай жаққа тәуелді екенін көрсетіп тұр. Ол – айтушы жақ тілімізде үш жақ бар екені белгілі: айтушы жақ, тыңдаушы жақ және бөгде жақ немесе бірінші, екінші, үшінші жақ. Әрбір жақтың өзі де бірнешеге бөлінеді: көпше, жекеше және ІІ тыңдаушы жақ – анайы, сыпайы. Міне, сондықтан 3) -ым тұлғасы бірінші, айтушы жақты білдірумен бірге сол затқа (кітапқа) ие бір-ақ адам (жекеше), мен екендігін көрсетіп тұр.

Сөйтіп, сөз таптарының әрбір грамматикалық форма – тұлғасы сөзге арнайы форма тудырушы қосымша (жұрнақ, жалғау) қосылу арқылы грамматикалық (категориялық грамматикалық) мағынаны білдіреді. Ол грамматикалық мағына сөйлеу процесінде, контекст ішінде айқындалады. Сондықтан да грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкес болады дейміз.

Осы тұста мына бір мәселеге назар аудармауға болмайды. Ол грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына берілмейді деген түсінік.

Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына да болмайды дегенді бұлардың жаңағы қасиетінің негізінде ғана тек шартты түрде айтамыз. Өйткені, кейбір жағдайларда қазіргі тілімізде ешбір арнайы грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Сондай-ақ кейде сөз құрамында белгілі бір грамматикалық форма болғанмен, (2 – 1086)ол өз бетінше грамматикалық мағына білдіре алмай, факультативті түрде қолданылады, яғни сөз ол формасыз жұмсалмайтын болғанмен, сол сөз тұлғалары білдіретін мағынаға ол форма бейтарап болып тұрады.

Мысалы, Онымен үйінде сөйлесетін. Ауылына менімен қайтатын тәрізді сөйлемдердегі әрбір сөзге, олардың тұлғаларына және сол тұлға беріліп тұрған мағыналарға назар аударайықшы. Морфологиялық жағынан бұл сөздерді мынадай бөлшектерге бөлуге болады: он ол, л дыбысына біткен жіктеу, сілтеу есімдіктері септелгенде, л не түсіп қалады, не н дыбысына айналып кетеді, үй, сөйле, ауыл, мен, қайт дегендер сөздің түбірі, -мен, -де, -а көмектес, жатыс, барыс септік жалғаулары, ортақ етіс, -тын, -тін есімше журнақтары. Үйінде, аулына сөздеріндегі -і, -ы тәуелдік жалғауы (3-жақ), одан кейінгі тұлғасы қазіргі грамматикаларымызда септік жалғауларының құрамында қаралып жүр: -нде – жатыс септік, -на – барыс септік болып, шындығында – септік жалғауының көрсеткіші емес, түркологияда бұл тәуелдік жалғаудың 3-жағының қалдық формасы деген пікір бар, яғни тәуелдік жалғауы 3-жақта қазіргідей -ы, -і, -сы, -сі болмай, -сын, -сін, болған да, кейін соңғы -н түсіп қалған. Бұл арасы тіл білімінде әлі шешілген жоқ. Қайткен күнде де 3-жақ тәуелдік тұлғада тұрған сөзге барыс, жатыс септік жалғаулары жалғанғанда, бұлардың арасында пайда болатын -н септік жалғау құрамында қаралғанмен, белгілі бір грамматикалық категорияның көне көрсеткіші я оның бір бөлшегі болған. Бертін келе өзі білдіретін грамматикалық мағынадан айырылып қалған да, сөз құрамында факультативтік элемент ретінде сақталып қалған. Бұл тұлғасы тек септік жалғауларының ғана алдынан емес, тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін жалғанған -шы, -ше, -дай, -дей жұрнақтарының алдынан да -нша, -нше, -ндай, -ндей болып шыға келді: біреудің көз-і-нше, айту-ы-нша, бала-сы-ндай, үн-і-ндей т.б. Осының өзінен көрінетіндей, -н тұлғасының белгілі қосымша құрамында болуы, септіктен гөрі тәуелдік жалғау құрамында келуі тұрақты болып көрінеді. Яғни құрамында қаралып жүрген барыс -на, -не және жатыс септік (-нда, -нде) құрамынан гөрі 3-жақ тәуелдік жалғаудың құрамына енуі лайықты сияқты, өйткені -ша, -ше мен -дай, -дей жұрнақтарының құрамында келіп қалуы тұлғасының септіктік тұлғасы құрамынан гөрі басқа бір жүйенің, тәуелдік жалғау жүйесінің және тек 3-жақ тұлғасының құрамына жатқызу жөн сияқты.

Сөйлемдегі онымен, менімен деген сөздердің құрамында да түбір ол – он мен көмектес септік жалғаудың (мен) арасында қазір ешбір грамматикалық мағына білдірмейтін -ы, -і – тұлғасы жасалады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл тұлға (дұрысы -ы, -і емес, -ны, -ні болуы керек) – ілік септік жалғауының қалдық көрсеткіші. Өйткені көмектес септік жалғауы -мен, -бен, -пен (және осы тұлғалас жалғаулық шылау да бірлен, білән, илян) септеулік шылаудан қалыптасқаны күмән тудырмайды және бұл шылау (білән) көне кезде өзі қатысты негізгі сөздің ілік септік тұлғасымен байланысқан. Бұны әр дәуірге жататын көне жазбалар тілінің материалдары дәлелдейді. Көне жазбаларға білән (бірлән) септеулігі мен, сен, ол есімдіктерімен ілік септік тұлғасында тіркескендігін көреміз, тақи ант етад қылур анық, бірлә (Тәфсир) және онымен ант етеді. Сонда менімен деген сөз тұлғасының қалыптасуы былай болған: менің бірлән -менің білән – мені(ң) менен – меніменен - менімен. Ал енді қазіргі кезде менімен деген сөздегі -(н)і ~(ы) тұлғасы ілік септік мағынасынан айырылып қалған, басы артық реликт форма ретінде ғана сөз құрамында жасалады.

Ілік септік тұлғасының үстіне басқа септік жалғауларының үстеліп қолданылуы – тілдің дамуындағы әр кезеңінде болып отырған құбылыс. Мысалы, ұйғыр тілінде 1-жақ жіктеу есімдігіне барыс септік жалғауы ілік септік формасына да жалғанып менинге болып жұмсалады, ілік септік формасына „Құтадғу білікте" (XІ ғасыр) жатыс, шығыс септік жалғаулары да жалғанған: сәниңдин, аның-да, сениң -дә т.б. Бұның өзі септік жалғауларының қалыптасу кезеңі мен жолы әр түрлі екенін көрсетеді. Және бұлардың барлығы бір грамматикалық категорияның ішіне еніп, соның бір көрсеткіші болып қалыптасуының өзі шартты екенін және бүгінгі күн тұрғысынан танылатынын көрсеткен жөн. Септік жүйесіндегі ішкі қайшылықтардың, айталық, кейбір жағдайда бір септік тұлғасының үстіне екінші септік тұлғасының жалғануы және бұл тұрақты заңдылық болмаса да, мысалы, қазақ тілінде кейбір есімдіктерге көмектес септік тұлғасы көне ілік септік тұлғасының үстіне қосылуы, немесе кейбір ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінде, болмаса қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде барыс септік тұлғасы я шығыс немесе жатыс септік жалғауы ілік септік тұлғасының үстіне жалғануы, олардың тумысында біркелкі және бірқалыпты, бір мезгілде дүниеге келмегенін, біртіндеп барып қалыптасып, жақындасып бірден емес, бірте-бірте бір грамматикалық (кейде тіпті белгілі шарттылықпен болса да) категория болып қалыптасқанын көрсетеді. Осындай ерекшеліктері айқын көрінетін септік категориясының түрлері түгел тәуелдік және жіктік жалғау немесе тәуелдену және жіктелу я жақ категориясының, бір жағынан, 1-және 2-жақтары, екінші жағынан, 3-жағы біркелкі жүйелі бірлік деуге келмейді, 3-жақтың мәні де, грамматикалық тұлғасы да, синтаксистік қызметі де бір мезгілде, бірдей қалыптасқан болу керек. Оған бірінші жақтың, яғни айтушы жақтың біреу немесе бірнеше болса да нақты (мен және біз), екінші жақтың яғни тікелей тыңдаушы жақтың да біреу (мейлі сыпайы, мейлі анайы, дұрыс болса да) немесе бірнеше болса да нақты сен, сіз және сендер, сіздер болып, ал үшінші жақ тек ол я олар ғана кез келген зат атауы болуы және соның арқасында нақты жақ мәнінің шекарасы кеңейіп кеткендігі байқалады. Сондай-ақ осыған да байланысты болса керек, 1-2-жақ жалғаулары түптеп келгенде 1-2-жақ жіктеу есімдіктерінен туып қалыптасса, 3-жақта оның жөні мүлде бөлек екендігі де әсер еткен. Яғни бұл жақтың 1-2 жақтармен бір тектестігі де сондықтан шартты, тілдің қазіргі деңгейімен ғана айқындалады.

Сондай-ақ сөйлесетін, қайтатын деген сөздердің құрамындағы -а, -е көсемше тұлғалары да өз мағыналарынан айрылып қалған, бұл жерде көсемше көрсеткіші бола алмай тұр. Тарихи жағынан келгенде, есімшенің -тын, -тін жұрнағы тұрған көмекші етістіктен қалыптасқаны белгілі. Сөйлесетін, қайтатын деген сөздер былай қалыптасқан: сөйлесе тұрған – сөйлесе – тұғын - сөйлесетін, қайта – тұрған – қайта – тұғын – қайтатын. Көсемше жұрнағы -а, -е алғашқы негізгі етістіктің құрамында өзінің грамматикалық мағынасында жұмсалып, көмекші етістікпен (тұрған) тіркесіп, күрделі етістік құраған, кейін көмекші етістік тұлғасын өзгертіп, бірте-бірте ықшамдалып, жұрнаққа айналып кеткен кезде, көсемше жұрнағы мағынасынан айырылып қалған, бірақ түсіп қалмай, реликт тұлға ретінде сақталып қалып қойған. Сондықтан да қазіргі кезде оқулықтарда -а, -е, -й көсемше тұлғасы -тын, -тін есімше жұрнағынан бөліп алынып қаралмай, тұтас тұлға ретінде беріледі.

Сөйтіп, тілімізде қазіргі кезде ешбір грамматикалық мағына білдіре алмайтын қалдық формалар да бар екен. Осындай қасиетінің арқасында (грамматикалық мағынадан айырылып қалуының нәтижесінде) әдетте оларды жеке бөліп алмай, басқа формалардың құрамында қараймыз. Сонда грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды десек те, ондай құбылыс тілдің грамматикалық құрылысынан кездесіп отырады дейміз бе?



Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды десек, оны диалектикалық мәнде түсіну керек. Тілдің грамматикалық құрылысында кездесіп отыратын ондай тұлғалар, біріншіден, бір кезде грамматикалық мағынаны білдірген. Ал кейін, екіншіден, ол білдірген грамматикалық мағына жоғалып кеткенде, ол форма сөз құрамында факультатив тұлға ретінде сақталып қалған (мысалы, есімдіктің көмектес септігінде ілік септігінің қалдығы -ы, -і, дұрысында -ны, -ні) немесе басқа тұлғаның құрамына еніп кеткен (мысалы, 3-жақ тәуелдік жалғауынан кейін барыс, жатыс септіктерінің құрамындағы -н, -на, -не, -нда, -нде т.б.)

Ал енді грамматикалық формасыз да грамматикалық мағына беріле ме?



Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады. Яғни әңгіме (категориялық грамматикалық) мағына жайында. Міне, сондай арнайы қосымша көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдіруді нөлдік тұлға (форма) деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіш, формалық тұлғасы болмағанмен, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы гамматикалық мағына болады. Әр уақытта нөлдік форманы түбір формамен салыстырып отырудың басты себебі, біріншіден, екеуінің сырт тұлғасы, формасы сәйкес болуында, екіншіден, түбір - әр түрлі грамматикалық тұлға жасауға негіз болатын тұлға. Осы айтылғандар түсініктірек болу үшін мына сөйлемге назар аударып, талдап көрейікші. Жартасқа бардым, күнде айғай салдым. Одан да шықты жаңғырық (Абай)Тыңда, дала, Жамбылды (Жамбыл).Мысалдағы етістік баяндауыштың әрқайсысы бірнеше морфема бөлшектен тұрып, сөздің әрбір тұлғасы ойға лайық жеке-жеке грамматикалық мағына беріп түр: бар-ды-м, (айғай) сал-ды-м, шық-ты, тың-да. Осындағы түбір тұлғалар қимылды білдіріп, одан кейінгі -ды, -ты морфемалары сол қимылдың айтып тұрған сәтке байланысты болу мезгілін, шақтық мағынаны, яғни осы қимылдың айтып тұрған кезден бұрын болғандығын білдіріп тұр. Алғашқы екі сөздегі тұлғасы қимылдың иесін, яғни сол қимылды орындаушы кім субъект екенін және қимыл иесі кез келген біреу емес, бірінші яғни айтушы жақтың өзі (мен) екенін көрсетіп тұр. Ал үшінші сөзде ондай грамматикалық тұлға жоқ, соған қарап бұл сөз қимыл иесін (субъектіні) білдірмейді екен деп ойлауға болмайды. Осы сөздің формасы арқылы қимылды шығуды іске асырушы субъектіні біле аламыз, ол (субъект) үшінші, бөгде жақ, ол (жаңғырық). Сонда қимыл иесін меңзеп, үшінші жақты білдіріп тұрған қандай форма? Сөздің соңғы формасы -ты ондай мағынаны білдіре алмайды, оның мағынасы – тек өткен шақтық мағына. Міне, осы сөздің құрамында формальды түрде арнайы тұлға болмағанмен, ерекше грамматикалық мағына, жақтық мағына бар. Ол мағына контекс арқылы айқын сезіледі. Осындағы 3-жақтық мағына нөлдік тұлға арқылы берілген. Сондай-ақ тыңда сөзі жалпы іс-әрекетті және қимылдың сабақты мәнін білдірумен бірге бұл мағыналар түбір арқылы яғни лексикалық мағынаның абстракцияланып, жалпылануы арқылы беріліп тұр бұйрықтық мағынаны және ол 2-жаққа қаратылып, онымен бірге анайылық және жекешелік мағыналарды білдіреді. Бұл соңғы грамматикалық мағыналар, біріншіден, категориялық грамматикалық мағыналар болып табылады, екіншіден, тұлғасы бар арнайы грамматикалық форма арқылы берілмеген. Соған қарамастан мұнда грамматикалық форма бар, ол – тұлғасыз форма, яғни сол жүйедегі басқа парадигмалық түрлену көрінісінде бұл мағынаға қарама-қайшы, оппозиция болатын, бірақ бір грамматикалық категорияның (түрлену жүйесінің) шеңберінде бірлікте тұратын форма бар: 2-жақ сыпайы түрі -ңыз (тыңда -ңыз), 2-жақ көпше түрі -ңдар (тыңда -ңдар) т.б. Сондай-ақ бірінші мысалдағы шықты сөзіндегі 3-жақтық мағына жіктік жалғаудың тұлғасыз формасы нөлдік форма арқылы берілген. Оны да осы сөйлемдегі 1-жақ жекеше мағынада қолданылған бардым, (айғай) салдым сөздеріндегі формасымен салыстыру арқылы тануға болады.

Тілімізде осындай арнайы белгілі грамматикалық мағынасы бар, бірақ арнайы көрсеткішсіз тұлғада жұмсалатын, кейде сөйлемде түсіп қалатын ерекше форма 3-жақ жіктік жалғауы ғана емес, басқа да грамматикалық түрлену жүйесінен кездеседі. Мына мысалға назар аударайық. Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл).Кел, бала-лар, оқылық! (Алтынсарин).Ғылым таппай мақтанба (Абай).Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы (Абай).Иығымда сіздің шаш, айқайласып тайталас (Абай).Осы сөйлемдердегі бөлініп көрсетілген сөздердің формасы мен грамматикалық мағыналарына көз жіберейік: Мәскеу осы сөйлемде ешбір грамматикалық формасыз қолданылған, бірақ соған қарамастан қимылдың (барудың) бағытын білдіріп, барыс септіктің мағынасын беріп түр: Мәскеуге бардым. Ғылым сөзі ешбір көрсеткішсіз тура объект болып, табыс септік мағынасын білдіріп тұр: ғылымды таппай, кел, мақтанба етістіктері негізгі түбір күйде және өздік етіс пен болымсыз тұлғада 2-жаққа қаратылып, бұйрықты мағынада қолданылған, бірақ соңғы мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық форма жоқ. Қазақ сөзі иелік, меншіктілік мағынада жұмсалған, бірақ оны білдіретін ілік септік жалғауы жоқ. Шаш сөзі керісінше тәуелділік мағынаны білдіріп тұр: сіздің шашыңыз. Ол мағынаны білдіретін тәуелдік жалғауы түсіп қалған. Міне осы көрсетілген сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерде ешбір тұлғасыз-ақ (нөлдік формада) белгілі грамматикалық мағына білдіреді, ол грамматикалық мағына сөздің түбірі білдіретін мағынадан бөлек. Сондай-ақ бұл құбылыс қазақ тілінде анда-санда ғана кездесетін кездейсоқ жәйт емес. Әйтпесе бұл жайында сөз қозғаудың қажеті де болмас еді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет