ПӘнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар


Сөздің лексикалық мағынасы



бет10/20
Дата27.12.2016
өлшемі3,72 Mb.
#6293
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   20

Сөздің лексикалық мағынасы

Сөйтіп, айналадағы заттар мен құбылыстардың біздің санамызда бейнеленуінің нәтижесінде пайда болатын ұғым сөздің ішкі мазмұны яғни мағынасы болып табылады. Сөздің осындай әуелдегі (о бастағы) негізгі тура мағынасы лексикалық мағына деп аталады. Сөздің лексикалық мағынасы ол сөздің жеке тұрғандағы қалпынан да (яғни сөйлем ішінде емес) көрініп отырады. Өйткені сөздің бұл (лексикалық) мағынасы талай рет қолданылудың нәтижесінде санамызда әбден қалыптасқан, сол тілдің сөздік құрамына еніп, семантикалық ауқымы анықталған. Сондықтан да ешбір контекссіз-ақ ол (сөз) сөздіктерде (мысалы, түсіндірме сөздік, екі тілді сөздік т.б.) реестр сөз ретінде жеке беріліп, мағынасы көрсетіледі. Тілдегі кейбір сөздердің мағыналары кейде бір-бірімен жақын болуы мүмкін, бірақ толық бірдей бола алмайды, тілдегі әрбір сөздің өзінше бөлек-бөлек лексикалық мағынасы болады.

Сөздің лексикалық мағынасына, ең алдымен, оның нақты тура мағынасы жатады. Айталық, көл, құс, тау, үй, көк, биік, үш, бес, келу, жүру сияқты сөздердің лексикалық яғни нақты мағынасы: табиғи су қоймасы, үстін қауырсын жапқан ұшып жүретін жануар (мақұлық), жердің әр түрлі тас жыныстарынан қалыптасқан биік бөлігі, адамның тұратын баспанасы,, бір заттың нақты түсі (көк), бір заттың өлшемдік сипаты, заттардың нақты сандары (үш, бес), қимыл, қозғалыс. Сонымен бірге бір сөз осындай нақты тура мағынамен бірге басқа да мағыналарды білдіріп, ауыс, келтірінді мағыналарда да жұмсала береді. Мысалы, айыру етістігі, ең алдымен, дыр еткізіп жырту және қақ жару, екіге бөлу мағыналарын білдіреді. Бұл – етістіктің тура мағыналары. Сонымен бірге айыру етістігі бөліп шығу (қаймақтан майды айыру,) ажырату (ешкімді айырып болмайды), жер жырту, тілу (жерді тайыз айырады), арашалау, құтқару (бишара шалды ұрылардан айырып алды), бөлектеу, алалау, бірдей көрмеу (оларды бізден неге айырасыз?) танып, білу, анықтау (түнде айыра алмадым), т.б. Бір сөздің өзінде, міне, қаншама мағына бар? Енді айыру етістігінің тағы бір ауыс мағынасы – үнем қылу, күн көру. Осы заттардың майы мен, ұн, шайын айырсын, - деді Абай (М.Әуезов). „Абай жолы" романынан алынған мына бір үзіндіге назар аударайық. „Ол Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алды."

– Осы, ана Ысқақ бір жошын. Бір түрлі пысық та сергек неме, - деді.

– Ол әлгі Күңкенің қолындағы ма? – деп сұрап алып, Бөжей:

– Рас, құлдырап тұр! – деді.

– Я , рас-ау, соның оты бар! – деп, Байсал да қостады. Мұның бәрі – қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметі. Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:

– Одан да не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтсеңдерші ,- деді. (М.Әуезов).

Осындағы жаман сөзі тіпті де жаман ұғымын беріп тұрған жоқ. Жаман қара деп отырғаны – Абай. Оған іштей риза болып, Абайдың келешегінен зор үміт күтіп, солай деп отыр. Бұл - сөздің контекстік келтірінді мағынасы, өйткені бұл мағына тек осы контексте, осы қолданыста ғана осылай түсініледі.

Сөйтіп, сөз бір я бірнеше лексикалық мағынаны білдіреді екен. Және сол негізгі лексикалық мағынамен бірге белгілі стильдік мәндегі әр түрлі экспрессивтік, келтірінді мағыналарды да білдіре алады. Бірақ сөз сөйлемде қолданылғанда, ол қаншама полисемиялы (көп мағыналы) болғанмен, оның бір ғана мәнінде жұмсалып, бір ғана мағынасын білдіріп тұрады. Сондықтан да сөзде бір ғана лексикалық мағына болады дейміз. Бұған керісінше сөздің бір ғана қолданысының өзінде бірнеше грамматикалық мағына болуы мүмкін. Сөздің лексикалық мағынасы оның ұғымдық мәні болсын (белгілі бір заттың, құбылыстың, іс-әрекеттің, әр түрлі амалдың т.б. аты, үғымы), келтірінді, ауыспалы, метафоралы т.б. мәндері болсын сөйлемде бір қырынан ғана көрініп, бір мәнінде тұрады. Ол сөйлеу процесіне түскендіктен (сөйлемде қолданылғандықтан), таза лексикалық мағынаны білдіріп қана тұрмайды, сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқасында және сөйлемдегі басқа сөздермен әрқалай қатынасқа, грамматикалық байланысқа түсу нәтижесінде және кейде сол сөзге әр түрлі грамматикалық тұлғалар үстелу арқылы неше түрлі грамматикалық мағыналар береді. Сөздердің осындай қасиеттерін жинап, ұйымдастырып тұратын - сөйлем. Сол сөйлем арқылы сөздің нақты я келтірінді лексикалық мағынасы да, лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын грамматикалық мағына түрлері де, үстеме грамматикалық мағыналары да диалектикалық байланысты сөйлемдегі бір сөздің астарынан көрініп жатады. Бір қарағанда сөздегі осындай мағына үйме-жүймелілігі, қат-қабат келіп араласып жатқандай көрінгенмен, олардың тәртібі, өзіндік жүйесі бар екендігін байқаймыз, сол арқылы оларды бір-бірімен шатастырмай айырып ала білеміз. Әңгіме соның мәнін дұрыс түсінуде.



Тілдің грамматикалық құрылысы жайында ұғым

Тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда (сол арқылы ғана сөздің грамматикалық сипаты ашылмақ) оған (тілдің грамматикалық құрылысына) тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала-сала жүйелерден құралады да, олардың тұтастығы сол жүйелерне тән белгілі заңдылықтарға негізделеді.

Сөз тілде сөйлеу процесі арқылы өмір сүріп отыратындықтан, ол басқа сөздермен әр түрлі қарым-қатынасқа түсіп, түрлі тұлғаларда жұмсалып, соған лайық әр түрлі мән-мағына үстеліп, қызметке ие болып, ойды білдіруге қатысады. Бұлардың әрқайсысы әр деңгейден көрініп, кіші бөлшектер бірігіп келіп, үлкен бөлшек жасап, одан үлкен бір единица – ойды білдірудің тілдік бөлшегі – сөйлемге ұласады. Міне, сөйтіп, сөздің әр түрлі қарым-қатынасқа түсуіне байланысты және соның ішікі және сыртқы көріністері болып табылатын осындай тілдік элементтері тілдің грамматикалық құрылысын көрсетеді.

Тілдің грамматикалық құрылысы деген ұғымға грамматикалық мағыан, грамматикалық форма, яғни сөз, оның формалары мен жүйесі, сөздердің бір-бірімен қатынасы, тіркесі, сөйлем құрауы жатады.
Грамматиканың салалары: морфология және синтаксис.

Грамматиканың екі саласы - морфология мен синтаксистің әрқайсысына тән өз объектілері бар. Әрине, олардың арасында байланыс жоқ емес.

Морфология – морфема ретіндегі сөз және оның формалары, сөз тұлғалары білдіретін грамматикалық мағыналары туралы ілім. Морфология сөздің сөйлеу процесінде белгілі заңдылықтардың негізінде бір-бірімен әр түрлі қарым-қатынасқа түсіп, соның негізінде әр түрлі тұлғалар арқылы түрленіп, грамматикалық мағыналар үстеліп, түрлі қызмет атқаруын жеке-жеке қарамай, әр түрлі белгілеріне байланысты топтарға бөліп, сол топтардың әрқайсысының өзіне тән жалпы грамматикалық сыр-сипатын анықтайды. Соның арқасында грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория деген ұғымдар туады, сөздің түрленуі, өзгеру жүйелері, бөлшектенуі, қызметі айқындалып, сөз таптарына топтасады.

Пысықтау үшін сұрақтар

1. Грамматиканың зерттеу нысаны не?



  1. Сөздің анықтамасы қандай?

  2. Сөздің дыбыстық жағы мен мағынасы арасындағы байланыс қандай байланыс деп аталады?

  3. Сөздің лексикалық мағынасына қандай белгілер тән?

  4. Тілдің грамматикалық құрылысы қандай ұғымдармен байланысты?

  5. Грамамтиканың салалары қандай, олар нені зерттейді?

Әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің грамматикасы.,1967. 1-7-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология.А.,1974. 5-12-беттер

3. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993. 85-91-беттер.

4. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 4-12-беттер.

5. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А,1998. 4-11-беттер

 
12 дәріс тақырыбы: Негізгі грамматикалық ұғымдар
1.Сөздің грамматикалық сипаты.

2.басты грамматикалық ұғымдар.

а) грамматикалық мағына;

ә) грамматикалық форма;

б)грамматикалық категория.

3. Сөз формалары.

 

Сабақтың мақсаты

Сөздің грамматикалық сипатын анықтай отырып, одан туындайтын басты грамматикалық ұғымдарды ұғынып, олардың әрқайсысының ерекшеліктерін түсініп, шегін айқындай білу.

 

Сөз тілде сөйлеу процесі арқылы өмір сүреді. Сөздің сөйлеу процесінде басқа сөздермен әр түрлі қатынастарының негізінде пайда болатын ішкі мәндері, оның көрінісі болатын сыртқы түр-тұлғасы, солардың барлығы негізінде сөйлемдегі қызметі, т.б. тілдің грамматикалық құрылысымен байланысты болса, оның өзіндік ерекшеліктері тағы сол сөздің грамматикалық сипатымен анықталады.



Ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, грамматикалық форма және грамматикалық категория жатады. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер сол ұғымнан туындайды.

Грамматикалық мағына – сөздің жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына арқылы олардың әрі жалпылық, әрі ортақтақ қасиеті негізінде сөздер грамамтикалық топтарға топтасады. Осыдан грамматикалық мағынаның мынадай ерекшеліктері байқалады. Біріншіден, лексикалық мағынаға қарағанда, грамматикалық мағына одан кейін пайда болады, атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, содан кейін сөйлеу процесінде сөздердің бір-бірімен әр түрлі қарым-қатынасқа түсуі арқылы және сөздің сөйлемде жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы үстеледі. Екіншіден, лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөзге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болғандықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан топтауға негіз болады. Мысалы, үй, кітап сөздері лексикалық мағыналары жағынан ешбір жақындығы жоқ сөздер болса, грамматикалық мағыналары жағынан бір топтағы сөздер, екеуі де заттық мағынаны (зат есім) білдіреді. Үшіншіден, сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөзде біреу де, бірнешеу де болуы мүмкін. Кел, балалар, оқылық! деген сөйлемнің бір өзінде мынадай грамматикалық мағыналар бар. Кел – лексикалық мағынасы – ауыс мәндегі келу қимылы, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіру, 2) салттық мән, 3) бұйрық мағына және 2-жақ арнайы. Балалар: лексикалық мағынасы – белгілі жасқа (оқу жасына) байланысты адам, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы заттық мағына, 2) адамға байланысты және бір адамға ғана емес, белгілі жастағы адамдарға түгел қатысты. 3) бір емес, көп екендігі. 4) соларға қаратылу. Оқылық : лексикалық мағынасы – оқу іс-әрекеті, грамматикалық мағыналары : 1) жалпы қимыл, іс-әрекет, 2) сабақтылық мән, 3) ниеттік мән және І жақ көптік ұғыммен байланысты, т.б.

Осыдан көрінетіндей, грамматикалық мағына белгілі жолдар арқылы беріледі. Соның бірі – грамматикалық форма. Грамматикалық форма, бір жағынан сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі болып табылады. Яғни белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі, оның бір түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта –ым,-ім,-м, 2-жақта -ың,-ің,-ң, сыпайы - ыңыз,-іңіз, -ныз,-ңіз, 3-жақта –сы,-сы,-ы,-ы, тұлғалары арқылы беріледі. Міне, осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады. Әрине, грамматикалық мағынаны білдірудің басқа да грамматикалық формасыз тәсілдері, мысалы, лексикалық мағынаның жалпылануы, сөздердің сөйлеу процесінде бір-бірімен таза аналитикалық қарым-қатынасқа түсуі, т.б. тәсілдер де бар.

Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жүрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.

Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде, зерттеулерде грамматикалық форманы анықтағанда грамматикалық мағынаны білдірудің сыртқы жағы, грамматикалық тәсілі деп, грамматикалық мағынаны түр-түрге бөлмей қарастырып келді.

Рас, осыған дейін грамматикалық мағына мен грамматикалық форма деген ұғымдарды әрдайым бір нәрсенің ішкі жағы, мазмұны мен сыртқы жағы, тұлғасы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп анықтап келдік. «Қандай грамматикалық мағына болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды, грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайдың (Ы.А. - ҚҚТ, 18), «Тілдегі мағына мен форма, соның ішінде грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана грамматикалық мағына жайында сөз ете аламыз. Керісінше белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажетң- (А - ГТН, 16)деген пікірлер осыған дәлел. Бұл екі ұғымды осындай балама мәнде, бір нәрсенің екі жағы ғана (біреуі ішкі мазмұны, екіншісі сыртқы түрі) деп түсіну тіпті де дұрыс емес, өйткені олар (грамматикалық мағына мен грамматикалық форма) әр уақытта бір-бірімен балама, сай бола бермейді. Лексикалық мағынаның абстракцияланып жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы берілетін қатыстық грамматикалық мағына ешбір грамматикалық формасыз-ақ берілетінін жоғарыдан байқадық. Мысалы, тау, тас, үй, көл және бала, қыз, әке, сияқты сөздердегі жалпы заттық мағына, алғашқы топтағы сөздерде жансыз (нелік) заттар, соңғы топтағы сөздерде адамға байланысты (кімдік) заттар мағынасы грамматикалық мағыналар екендігінде ешбір күмән жоқ. Бірақ бұлардың ешқайсысы да ешбір грамматикалық форма арқылы берілмеген. Сондай-ақ аналитикалық тәсілдің түрлері болып табылатын негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесі арқылы, сөздердің қосарлануы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен дауыс ырғағы (интонация) т.б. арқылы грамматикалық (дұрысында қатыстық грамматикалық) мағынаны білдіруде ешбір форма жоқ. Сондықтан да грамматикалық форма арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде әңгіме жалпы грамматикалық мағына атаулы емес, грамматикалық мағынаның бір түрі болып табылатын категориялық грамматикалық мағына жайында ғана болу керек.

Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз табының) түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын, парадигмалық сипаттағы тұлғалары, форма тудырушы қосымшалары (форма тудыратын журнақтар мен жалғаулар) жатады. Өйткені олар сөз табының парадигмалық сипаттағы тұлғалары, ең алдымен, белгілі бір грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдірумен байланысты, екіншіден, грамматикалық мағына біреу ғана емес, түрлену жүйесіне байланысты әрі тектес, ыңғайлас, әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы мәндегі грамматикалық мағыналардың бірлігінен тұрады.

Мысалы, Тыңда, дала, Жамбылды дегенде, тыңда етістігі бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы (сен тыңда) тұлғасында тұрғанын, ол бір жағынан, белгілі форма, (нөлдік) форма – сен тыңда - өзіне қатысты сөзбен байланысынан көрініп тұр; түбір тұлға емес, түбірде бұйрықтық, 2-жақтық, жекешелік, анайылық мағына жоқ) арқылы көрініп тұр, екінші жағынан, осы тұлғаның өзі белгілі түрлену жүйесінің, парадигмалық бірліктің (бұйрық райдың жекеше анайы 2-жағы жалпы бұйрық райдың, ал бұйрық райдың өзі жалпы рай жүйесінің) бір көрінісі болып табылады да, сол жүйенің әрі тектес, бірыңғай, әрі одан ерекшелігі бар қарсы мәнді көрсетеді. Сондықтан да бұйрық райдың жекеше, анайы 2-жағы мағынасы мен формасы (нөлдік) сол жүйенің біріншіден 2-жақ жекеше, сыпайы және анайы, көпше тыңда-ңыз, тыңда-ңдар, тыңда-ңыздар, екінші жағынан 1,3 – жақтағы мағыналары мен тұлғалары арқылы парадигмалық жүйе құрайды. Ал бұның өзі жалпы рай категориясының парадигмалық жүйесін құрайды. Сондай-ақ Жамбылды зат атауы тұлғасы жағынан табыс септік болса, мағынасы жағынан тыңдау қимылының тура объектісі мәнін білдіріп, септік жалғау жүйесінің, бір жағынан, атау, ілік, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктік мағыналарының бір тектес түрі, екінші жағынан оларға қайшы мәнді білдіріп, өзгеше форма арқылы берілуі бір түрі болып тұр. Ал бұндай ерекшелік тыңда деген түбірде жоқ. Сөздің негізгі түбірі -тың да -дажаңа сөз тудырушы қосымша. Бұл жерде жүйе, парадигмалық тек грамматикалық мағына ғана үстеп тұрған жоқ, ол жаңа сөз жасап тұр, сондықтан тыңда деген етістіктегі жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның абстракциялануы, жалпылануы арқылы пайда болған.


Сөйтіп, қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар (көптік, тәуелдік, септік, жіктік) және форма тудыратын жұрнақтар (сын есімнің шырай тұлғалары, етіс, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, рай, шақ, есімше, көсемше, тұлғалары) жатады.

Грамматикалық форма, бір жағынан, сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің жолы болып табылады. Яғни белгілі бір грамматикалық категориялық грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі я оның бір түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта -ым, -ім, -м, 2-жақта анайы -ың, -ің, -ң,сыпайы -ыңыз, -іңіз, -ңіз, -ңыз,3-жақта -сы, -сі, -ы, -і тұлғалары арқылы беріледі. Міне осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма байланыста, бірлікте болады. Бұл екеуі әр кез тепе-тең бола бермесе де, олардың сәйкестіктері, яғни тілдік құбылыстың бірі ішкі мазмұн жағы болып, екіншісі оның сыртқы көрінісі - түр жағы болып келуі тілдің грамматикалық құрылысының басты бір сипаты болып табылады. Міне, грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың жүйелері және парадигмалық (түрлену) сипатынан және солардың жиынтығы ретінде грамматикалық категория туып қалыптасады. Демек, ең алдымен, грамматикалық категория грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың бірлігінен тұруы керек. Бірақ бір я бірнеше грамматикалық мағына бір я бірнеше грамматикалық форма арқылы берілсе, сол екеуінің бірлігі әр кез грамматикалық категория болып таныла бермейді. Айталық, меншіктілік мағына –ның,-нің, дың,-дің, -тың,-тің қосымшасы арқылы беріледі. Бірақ бұл екеуінің бірлігі (ілік септік) жеке грамматикалық категория бола алмайды. Белгілі бір грамматикалық категория болудың келесі шарты – грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың бірлік қасиеті жүйелі және парадигмалық сипатта болуы керек. Яғни грамматикалық категория әрі тектес, ыңғайлас грамматикалық мағыналардан тұрып, әрі өз ішінде бір-бірімен қарама-қайшылықта, өзгешелікте болып, ерекшеліктердің әрқайсысы жүйелі түрдегі түрлену (парадигмалық) тұлғалары, формалар арқылы көрініп, бірлікте болуы керек. Мысалы, ілік септік қана емес, түгел септік жалғаудың түрлену жүйесі немесе тәуелдік жалғау жүйесі осындай. Айталық, тәуелділік мағына жалпы ортақ бір грамматикалық мағына. Ол өз ішінде жақтық мағынаға байланысты бір-біріне қарама-қайшы үш түрлі қайшылықтан тұрады. Солардың әрқайсысы бөлек-бөлек грамматикалық формалар арқылы беріледі. Міне, осы қайшылықтардың бірлігі, грамматикалық мағына мен формалар жүйесінің тұтастығы грамматикалық категория болып танылады да, белгілі топтағы сөздердің (сөз табының) грамматикалық, лексика-грамматикалық ерекшелігі болып табылады.

Мысалы: Қалқаманның мақсұтын Мамыр білді (Шәкәрім).

Қалқаманның. Мағыналары: 1) зат атауы, адам, кісінің аты (жалқы есім), оны білдіріп тұрған – Қалқаман бөлігі;

2) меншіктілік мағына (мақсұтын меншіктеп тұр) оны –ның жалғауы білдіріп тұр.

3) тәуелдік мағына 3- жақ, оны – ы тәуелдік жалғауы білдіріп тұр.

Мамыр. Мағыналары: 1) зат атауы, адам, кісінің аты (жалқы есім), оны білдіріп тұрған – Мамыр бөлігі.

2) қимылдың, іс-әрекеттің иесі, 3-жақ, оны білдіріп тұрған – атау септігі (формасыз тұлға).

Білді. Мағыналары: 1 қимыл (іс-әрекет), оны білдіріп тұрған – біл бөлігі.

2) сабақтылық мағына, табыс септікті сөзді (мақсатын) талап етеді.

3) өткен шақ мағынасы, оны –ді жұрнағы білдіріп тұр.

4) 3-жақтық мағына, оны формасыз 3-жақ жіктік жалғауы (ол яғни Мамыр білді, -ал мен білді –м, сен білді -ң болар еді) көрсетіп тұр.

Сөз формалары

Грамматикалық форма деген ұғыммен байланысты қолданылатын тағы бір ұғым – сөз формалары. Тұжырымдап айтқанда, сөз формасы немесе сөз формалары деген ұғымға белгілі бір лексикалық мағынаны білдіретін сөздің категориялық грамматикалық мағынаны білдіретін белгілі бір грамматикалық тұлғада тұруы жатады. Мысалы, сөз, сөздер, сөзді, сөздік, сөздіктер; сөздікпен, сөздікте, сөйле, сөйлесе, сөйлеген, сөйлепті, сөйлем, сөйлемнің, сөйлемді дегендерге назар аударайық. Ең алдымен, осылардың әрқайсысы жеке-жеке сөз бе? Әрине жоқ. Сөз тұрғысынан келсек, бұл топтан сөз, сөздік, сөйле, сөйлем деген төрт сөзді бөліп көрсетуге болады, ал қалғандары - төрт сөздің бірінің түрлі формалары. Басқаша айтқанда, сөз, сөздер, сөзді дегендер бір ғана сөз - сөз; сөздік, сөздіктер, сөздікпен, сөздікте дегендер де бір ғана сөз - сөздік; сөйле, сөйледі, сөйлесе, сөйлеген, сөйлепті дегендер де бір ғана сөз - сөйле; сөйлем, сөйлемнің, сөйлемді дегендер де бір ғана сөз - сөйлем, өйткені осы топтың әрқайсысы бір ғана лексикалық мағынаны білдіреді: сөз болса, ауыздан шығатын, белгілі ұғымды білдіретін дыбыстар жиынтығы, ол мағына сөз десек те, сөздер десек те, сөзді десек те өзгермейді; сөздік – белгілі мақсатпен (мағынасын түсіндіріп, жазылуын көрсететін, басқа тілге аудармасын беретін, т.б.) жасалған, тілдегі сөздерді жинақтап берілетін құрал, ол мағына сөздік десек те, сөздіктер десек те, сөздікпен десек те, сөздікте десек те өзгеріссіз беріліп отырады. Сөйлем мен сөйле дегендер жайында да осыны айтуға болады.

Ал бұлардың өз ішіндегі бір-бірінен айырмашылығы сол – негізгі лексикалық мағынасы біреу болса да, демек, лексика ретінде бір сөз болса да, сөз дегеннен сөздер дегеннің айырмашылығы сол - сөздің біреу емес көп екендігін білдіріп, ол қосымша грамматикалық мағына - дер формасы үстелу арқылы беріліп отырғанын көреміз. Сөйтіп, сөз деген сөздің бір формасы сөз болса, екінші бір формасы сөздер екен, үшінші формасы сөзді болады, өйткені бұнда сөз дегеннің негізгі лексикалық мағынасы сақталған да, оған қосымша тура объектілік (сөзді тыңда) мағына -ді деген форма (табыс септік жалғауы) арқылы үстелген.

Сонда сөз формалары деген ұғымға сөзге грамматикалық формалар үстелген түрлері ғана жатып, сөз формасының жаңа сөз тудырумен, сөзжасам қосымшасымен байланысы жоқ па? деген заңды сұрақ туады.

Өзінің аты анық көрсететіндей, сөз формасы деген ұғым сөзге грамматикалық мағына (форма тудырушы қосымшалар) үстейтін формалар қосылуы арқылы жасалады. Сөз формасы деген ұғымның бұл мәні әр уақытта дұрыс түсініле де бермейді. Мысалы, А.Ысқақовтыңсөз формасы дегенді төмендегіше талдауымен келісуге болмайды: „тіліміздегі сөз бен сөзді байланыстыратын (жалғастыратын), сөзден сөз тудыратын, демек, кейбіреулері жаңа сөз тудыратын, кейбіреулері тек сөздің түрін ғана өзгертетін я түрлендіретін (форма тудыратын) қосымшалардың қай-қайсысын алсақ та, олар өздері жалғанған сөзді бір грамматикалық категориядан екінші басқа бір грамматикалық категорияға көшіретін, я болмаса жалпы грамматикалық категорияның ішіндегі жалқы ка-тегорияларды іштей бірінен-біріне аударатын формалар ретінде қызмет етеді", „синтетикалық тәсіл арқылы туатын сөз формаларын категориялық маңыздары мен қызметтеріне қарай сөз жалғастыратын (сөз жалғастырғыш) формалар, сөз түрлендіретін (сөз түрлендіргіш я форма тудырғыш) формалар және сөз ту-дыратын (сөз тудырғыш) формалар деп үш салаға бөлген дұрыс" (ЫА — ҚҚТ, 83 — 84).

Бұл жерде сөз түрлендіру және форма тудыру ұғымдарының бір-бірімен араласып кеткенін былай қойғанда, автор қосымша арқылы жасалған жаңа сөзді де сөз формасы деп қарайды. Сонда мал мен малшы бір сөздің екі формасы болмақ па? Әрине жоқ. Бұлар жеке-жеке сөздер, демек, екі бөлек сөздің формаларын жасауға негіз бола алады: малға, малды, малымыз т.б. және малшылар, малшының, малшымыздың т.б. Сөз бен сөз формасы деген ұғымдардың ара жігі, айырмашылығы олар білдіретін лексикалық мағынаның бір я бөлек-бөлек болуына негізделеді. Мал дегеннің лексикалық мағынасы (үй жануары) бір түрлі де, малшы дегеннің лексикалық мағынасы малды бағатын адам бүтіндей бөлек, екінші түрлі, бұлар бір түбірден өрбігенмен, бір сөздің формалары емес, жеке-жеке сөздер. Демек, сөз тудыратын (сөзжасам) қосымшалары үстеліп жасалған сөздер сол сөздің жеке сөз формасы болмайды, ол сөзден бөлек жаңа сөз болып есептеледі, сондықтан да ол морфологиядан гөрі сөзжасам мәселесінде қаралуға тиіс. Көп уақыт бойы сөзжасам құбылысы да дұрыс танылмай, шатастырылып келді ғой, сөз таптарын жасауды сөзжасам деп, әсіресе оның бір ғана синтетикалық жолын көрсетіп келдік. Бұның қателігі енді-енді айтыла бастады. Бұл – бір. Екіншіден, сөз формасы деген ұғым сөздердің белгілі бір грамматикалық топ құраудың амал-тәсілі болатын парадигмалық жүйелермен түрлену арқылы туып, морфологияның негізгі мәселелерінің бірі болып қаралады.



Сөйтіп, сөз әр түрлі тұлғалар арқылы түрленудің, сөзге түрлі форма тудыратын тұлғалардың қосылуы нәтижесінде оның көптеген формасы пайда болады. Сөздің көптеген формаларының ішінде біреуі сөздің сол формаларын жасауға негіз болады, яғни сөз формалары сөздің негізгі бір формасынан жасалады. Ол - көбіне белгілі сөз табының түбір негізгі және туынды тұлғасы болып табылады. Мысалы, зат есімнің сөз формаларына

септік тұлғаларына, тәуелдік, көптік, жіктік тұлғаларына негіз болатын – зат есімнің түбір тұлғасы. Сондықтан зат есімнің септелу жүйесіне, тіпті басында түрлену, мысалы, тәуелдену, көптелу т.б. жүйесіне негіз болатын атау септік тұлғасы деу – түбірімен қате, негізсіз пікір. Сын есімнің сөз формасына (шырай тұлғасына) негіз болатын – сапалық сын есімнің түбір тұлғасы. Басқа есім сөз таптарының түрленуіне (субстантивтену арқылы септелу, көптелу, тәуелдену кейде жіктелу) негіз болатын – сол сөз табының түбір тұлғасы. Дәл осындай етістіктің сөз формаларына (етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік және рай, шақ, есімше, көсемше) негіз болатын – етістіктің түбір тұлғасы немесе рай, шақ, есімше, көсемше тұлғаларына негіз болатын – сонымен бірге (яғни түбірмен бірге) етістіктің лексика-грамматикалық (етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік) тұлғалары, ал жіктелу тұлғаларына негіз болатын – етістіктің тек функциялық (рай, шақ) тұлғалары болып табылады. Айта кету керек, оқулықтар мен көптеген зерттеулерде белгілі бір сөз табының түрлену формасына негіз болатын тұлға қате көрсетіліп жүр. Мысалы, зат есімнің септелу жүйесіне негіз болатын форма деп атау септік тұлғасы, сын есімнің шырай тұлғаларына негіз болатын форма деп жай шырай тұлғасы, етістіктің түбір тұлғасы деп 2-жақ бұйрық рай (анайы) тұлғасы, етіс тұлғаларына негіз болатын форма деп негізгі етіс тұлғасы көрсетіліп жүр. Ең алдымен, белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға сол түрлену жүйесінің ішіне соның бір түрі болып кіре алмайды, ол жүйенің шеңберінен тыс тұрады, өйткені ол – бұл түрлену жүйесіне тек негіз болатын тұлға. Мысалы, бала-м, бала-ң, бала-сы тәрізді тәуелдіктің түрлену жүйесіне негіз болып отырған тұлға бала болса, ол сол тәуелдіктің түрлену жүйесі ішіне кірмейді ғой (бейтарап немесе белгісіз жақ тәуелдік түрі деген жоқ қой). Екіншіден, белгілі тұлға сол тәуелдену жүйесінің бір түрі болып есептелсе, онда ол түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға емес, басқалардай өзіне тән білдіретін грамматикалық мағынасы бар бөлек форма (кейде арнайы тұлғасы болмаса, нөлдік форма) болып саналады. Сөйтіп барып ол сөз формасының бірі, түрлену жүйесі қатарының бір түрі болып табылады. Сондықтан атау септік тұлғасы – басқа септік тұлғаларына негіз болатын форма емес, басқа септік тұлғаларымен тең дәрежеде, септік жүйесінде өзіндік орны бар жеке грамматикалық сөз формасы болатын тұлға. Ал жай шырай мен негізгі етіс дегендер - сөз түрлену (шырай, етіс) парадигмасына зорлықпен енгізіліп жүрген жасанды тұлғалар, өйткені сапалық (сын есімнің шырай тұлғалары барлық сын есімнен емес, тек сапалық сын есімнен жасалады) етістік түбірі тәрізді ұғымның орнына жұмсалып жүрген тұлғалар. Ал етістіктің түбірі (негізгі және туынды) мен бұйрық райдың анайы 2-жақ тұлғалары да бір емес: етістіктің түбірі етістіктің барлық тұлғаларына негіз болатын тұлға болса, бұйрық райдың 2-жағы етістіктің сол түбір тұлғадан өрбіген түрлену жүйесінің бір формасы, грамматикалық категориясының бір түбірінің көрсеткіші болып табылады. Бұл жерде етістіктің түбірі мен бұйрық райдың екінші жақ тұлғасы – сырттай сәйкес келгенмен, грамматикалық сипаты жағынан бүтіндей бөлек-бөлек тілдік құбылыстар. Олардың өзіндік ерекшеліктері (атау септіктің сипаты, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгешелігі, септік жүйесінің бір түрі екендігі, етістіктің түбір тұлғасы мен бұйрық райдың екінші жақ тұлғасы, жай шырай деген мен негізгі етіс дегендердің шырай, етіс категорияларына еш қатысы жоқ екендігі) сол тұлғаларға байланысты жеке-жеке тақырыптарда арнайы талданады.

Сырттай ұқсас кейбір сөз формаларын шатастыруға себеп болып отырған нәрсе – жеке сөздерде болатын сияқты сөз формаларында да кездесетін омонимиялық қасиетті ескермеуден туып отыр. Басқаша айтқанда, сырттай ұқсас түлғаларды олардың қандай мәнді білдіретінін анықтамай, мағыналық ерекшелігін ескермей, мағыналық байыбына бармай-ақ, сыртқы қасиеттері арқылы белгілі бір грамматикалық топқа телудің салдарынан осындай қателіктерге ұрынып отырмыз.

Сөз формаларының қазақ тілінде екі түрі бар: 1) сөзге форма тудыратын қосымшалар жалғану арқылы жасалатын синтетикалық формалар немесе сөздің синтетикалық формалары; 2) негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалатын аналитикалық формалар немесе сөздің аналитикалық формалары.

Жоғарыда баяндаған мәселенің негізгі желісі сөздің синтетикалық формалары яғни сөзге форма тудырушы қосымшалар (жалғау, жұрнақ) жалғану арқылы пайда болған сөз формалары жайында болды.

Сөздің аналитикалық формалары негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы бір грамматикалық мағына үстеп, сөйтіп, белгілі бір грамматикалық түрлену жүйесінің бір түрі, грамматикалық категорияның бір көрінісі болып, жұмсалатын тұлға ретінде жасалады. Етістіктің аналитикалық формалары туралы Н.Оралбаевабылай дейді: „Сөздің синтетикалық формасын жасаушы қосымшалар қандай дайын единицалар болса, сөздің аналитикалық формасын жасайтын аналитикалық форманттар да сондай дайын элементтер. Осы дайын аналитикалық форманттар арқылы сөйлеу кезінде сөйлеуші етістікті сөйлемде керегіне қарай түрлі аналитикалық формада қолданады. Сөйтіп, аналитикалық формалы етістік сөйлеу кезінде тілдегі дайын модель бойынша жасалады... Аналитикалық формалы сөздің әрқайсысы белгілі бір грамматикалық категорияның формасы екенін көрсетеді. Сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық форманттар – етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіші. Олар арқылы жасалған аналитикалық формалы етістіктер де сол категорияның парадигмасына енеді" (О.ҚҚФ. 15-16).

Әрине, негізгі сөзге тіркескен көмекші сөздің бәрі бірдей сөздің аналитикалық формасын жасай бермейді. Мысалы, есім, еліктеу сөздерге тіркескен көмекші етістіктер етістіктің аналитикалық формасын жасамайды: баян етті, шар етті, әңгіме қылды т.б. күрделі сөздердегі ет, қыл көмекші етістіктері әрі сөз тудырушылық (сөзжасам) мәнде, баян, шар, әңгіме деген сөздерді құранды етістікке айналдырып тұр, әрі оған қимылға қатысты грамматикалық мағыналар үстейді. Сөйтіп, бұл жердегі көмекші етістіктер әрі сөз тудырушылық (сөзжасам), әрі форма тудырушылық қызметті бірдей атқарып тұр, сондықтан баян етті баяндады, шар етті - шарылдады, әңгіме қылды - әңгімеледі сөздерінің баламасы ретінде жасалған. Демек, бұл жерде көмекші етістіктер таза грамматикалық мәнде қолданылмаған.

Етістіктің аналитикалық форманттары мына сияқты етістік категориясымен байланысты көрсетіліп жүр:

а) қимылдың өту сипатына байланысты, мысалы, келіп қалды -қимылдың ойда жоқта жасалғанын, келіп қойды қимылдың кенеттен жасалғанын, келе қалды, келе қойды – қимылдың жасалып кеткенін, келе салды – қимылдың немқұрайлы жасалғанын, келе берді - қимылдың қайталанғанын, келіп жүрді – қимылдың үзіліспен ұзаққа созылғанын, келіп алды – қимылдың өзі үшін жасалғанын білдіреді. Сондай-ақ қимыл тәсілін білдіретін (көрмеген бол, құлай жаздады т.б.), қимылдың даму сатысын (фазасын) білдіретін (мақтай бастады,



айтып сала берді, көріп келе жатты) және модель мағыналы (айта алмады, силай білмеді, айтқалы келді т.б.), ашық рай (осы шақ өткен шақ келе жатыр, айтқан екен т.б) қалау рай (барғысы келеді, айтса игі еді), болымсыз етістіктің сөйлеген емес, келген жоқ т.б. аналитикалық формаларын да көрсетуге болады (О. — ҚҚФ, 72-135).

Сөздің аналитикалық формасына сын есімнің күшейтпелі тұлғасы да жатады. Біріншіден, күшейтпелі буындардың үстелуі не қосымша, не префикс, не артикль сияқты тұлғаларға жатпайды, мұнда жартылай қайталау бар. Сондықтан үстеме буындар көмекші сөздер мәнінде қолданылады. Сонымен бірге күшейтпелі, асырмалы шырай тұлғасын жасайтын күшейткіш үстеу деп аталып жүрген өте, тым, аса, тіпті, орасан тәрізді көмекші сөздердің сапалық сындармен тіркесуі де сөздің аналитикалық формасына жатады. Өйткені бұл жерде күшейткіш буындар да (үп-үлкен, тап-тамаша, жап-жақсы, қып-қызыл т.б.), күшейткіш көмекші сөздер де (өте үлкен, тым тамаша, аса жақсы, тіпті қызыл т.б.) біріншіден, форма тудыратын қосымшалар сияқты өзі тіркескен сөзге қосымша грамматикалық (күшейткіш) мағына үстейді, бірақ лексикалық мағынасына нұқсан келтірмейді не оны өзгертіп жібермейді, екіншіден, белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесінің бір тұлғалық көрсеткіші, түрі (күшейтпелі шырай) болып табылады.

Етістіктің аналитикалық формасын жасайтын көмекші етістіктер әдетте негізгі етістіктерден кейін келіп, онымен тіркессе, яғни бұл жерде постпозициялық орын тәртібі болса, сын есімнің аналитикалық формасын жасайтын күшейтпелі буындар мен көмекші сөздер сын есімнен бұрын тұрып, препозитивтік орын тәртібінің көрінісі болып табылады. Әрине, орын тәртібі жағынан бұл құбылыстың мәнін тарихи-салыстырма материалдар арқылы ғана айқындауға болады. Сондай-ақ күшейткіш мәнді көмекші сөздер оқулықтарда үстеу деп танылып жүрсе (Ы.А. — ҚҚТ, 356),кейбір ғалымдар, оларды үстеуге жатқызудың даулы екендігін, үстеу болса, етістікпен тіркесетін сөз табы, ал күшейткіш мәнді көмекші сөздер етістікпен тіркеспейтінін, кей жағдайда тіркесе қалса, сын есім түсіп қалып (өте қатты асықты - өте асықты тәрізді) барып, кейін ғана тіркескенін көрсетеді (О.ҚҚАФ, 20-21)


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет