ПӘнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар


Қимылға субъектілік, объектілік мән қосатын жұрнақтар



бет9/20
Дата27.12.2016
өлшемі3,72 Mb.
#6293
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20

Қимылға субъектілік, объектілік мән қосатын жұрнақтар

Субъектілік, объектілік мәнді жұрнактарды етіс жұрнақтары деп санайтыны белгілі. Бұл жұрнақтар түбір етістіктерге жалғанып, оларға қимылдың иесі, қимылға түсетін объекті туралы мән қосып, түбір етістіктегі лексикалық мағынаның үстіне әр түрлі мағына қосады. Сондықтан олар етістіктің лексикалық мағынасын түрлендіретін жұрнақтар болып саналады. Олардың әрқайсысы туынды түбір етістік жасайтын болғандықтан, туынды түбірлердің де негіз сөз қызметін атқаратын заңдылығы бойынша сөздің қүрамында ол жұрнақтар бірнешеу бола береді. Мысалы, жаздырылмады, жуындыр, алғыздырт, сыйлаттыр т.б.

-ын, -ін, -н: жуын, киін, жасан, тілен, сұран т.б. Бұл жұрнақ етістіктің лексикалық мағынасының үстіне қимылдың иесі де, қимылға түсетін зат та бір зат деген мағынаны қосады. Мысалы, Жуынып, таранды, жан-жағына қаранды (С.Мұқанов). Мұнда жуыну, тарану, қарану қимылын жасаған да, сол қимыл жасалған адам да-бір адам. Сондықтан олар өздік етіс аталады.

Осы жұрнактардың екінші мағынасы бар. Онда бұл жұрнақ қимылдың иесін көрсетпей, қимыл өзінен-өзі жасалғандай мәнді білдіреді де, ырықсыз етіс жасайды. Мысалы, Арам шөптер жұлынды, өнімдер қапқа салынды (ауызекі тілден) дегенде жұлыну, салыну қимылын кім жасағаны сөйлемде айтылмай, олар белгісіз қалған.

-ыл, -іл, -л жұрнағы түбір етістіктерге жалғанып, оған қимыл иесінің белгісіздігін білдіретін мән косады. Мысалы, егін орылды,

шөп шабылды, ән айтылды, хат жазылды, сұрақ қойылды, жауап берілді дегендерде етістіктегі қимылды кім жасағаны белгісіз, ол аталмаған. Сондықтан мұндай туынды етістіктер ырықсыз етіс аталады.

Бұл жұрнақтың басқа мағынасы да бар. Мысалы, Ол биыл елге оралды. Аттылар бізге карай бұрылды. Ол сырқатынан жазылды сияқты қолданыста орал, бұрыл, жазыл етістіктеріндегі қимылдың субъектісі айтылған және ол субъекті әрі объекті екені білдірілген. Мұнда —ыл жүрнағы өздік етіс жасап тұр. Бүл — осы жүрнақтың екінші мағынасы.

-дыр, -дір жұрнағы түбір етістікке жалғанып, қимылдың тындаушы мен сөйлеуші ден басқа бөгде, 3-адамға жасататынын білдіреді. Мысалы, Оған хат жаздыр, кітапты алдыр, оны келтір т.б.

Осы мағынаны -қыз, -кіз, жұрнақтарыда білдіреді. Мысалы, өлең айтқыз, уәде бергіз, сурет салғыз, оны сөйлет, қызды билет, үйді жинат, жұртты тарат т.б.

Бұл жұрнақтардың бәрі белсенді қолданылатын өнімді жұрнақтар.

-ыс, -іс, -с жұрнағы түбір етістікке жалғанып, оған қимылдың бірнеше субъектіге ортақтығын білдіретін мағына қосады. Мысалы, Олар асықпай, ұзақ сөйлесті (С.Мұқанов). Ақындар айтыс өнерін білгірлікпен шебер жалғастырды (газеттен).

Етістік сөзжасамында аналитикалық тәсіл өте белсенді қызмет атқарады. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі етістіктерге тіліміз өте бай. Көне замандардан бері қолданылып, тілді күрделі етістіктермен байытқан бұл тәсіл арқылы жасалған күрделі етістіктердің өзіндік ерекшеліктері мол. Етістіктің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы деп екі етістіктің бір-бірімен тіркесіп, бір күрделі қимыл ұғымын білдіріп, бір күрделі етістік жасауы аталады. Алдымен күрделі етістіктер күрделі қимыл ұғымын білдіреді. Күрделі қимыл ұғымы деп екі түрлі қимылдың біртұтас қимыл-әрекет мәніне ие болған түрін айтамыз. Мысалға, үйге кіріп шық, бізге келіп кет, оған барып қайт, мұны беріп кел сиякты күрделі етістіктердің бәрі алғаш екі қимылды білдіретін толық мағыналы дербес сөздер болған. Қолданыла келе олар дербестігін жойып, біртұтас мағынаға көшкен яғни бір кимыл мәніне көшкен. Бірақ ол біртұтас қимылда алғашқы сыңарлардың мағынасының ізі сақталған, олар казір бір қимылдың тұтас жасалатын екі кесіндісі сияқты мәнді сақтаған. Сондықган ол бір ғана кимыл, дара қимыл мәнінен күрделі ұғым болып калыптасқан. Күрделі етістіктердің басым көпшілігі күрделі қимыл ұғымын білдіреді, бәрі де осындай деуге болмайды. Бүл ретте құранды етістіктер ерекшеленеді.

Күрделі етістіктер барлық күрделі сөздер сияқты сөйлемнің бір мүшесі болады да, біртұтас ырғақпен, бір екпінмен айтылады. Оның сыңарларының арасына басқа сөз түсе алмайды. Күрделі етістіктер бір сөз болғандықтан, сөйлемдегі сөз тұлғасын түрлендіруші қосымшалар етістіктің соңғы сыңарына ғана жалғанады. Мысалы, келіп кетті, кіріп шыққан, беріп кайтыпты т.б.

Күрделі етістіктің сыңарлары толық сөздерден ғана болады, өйткені олардан күрделі етістікгегі күрделі кимыл ұғымы жасалады. Бұл заңдылықты құранды етістіктер ғана бағынбайды. Мысалы, қызмет ет, құрмет ет, адам бол т.б. Бұлар көмекші етістіктер арқылы жасалады. Баска жағдайдың бәрінде күрделі етістіктің құрамы толық мағыналы етістіктерден құралады.

Күрделі етістікгердің бірнеше түрі бар. Олар:

1) кіріккен күрделі етістіктер;

2) тіркескен күрделі етістіктер;

3) кұранды етістіктер;

4) қосарланған етістіктер;

5) тұрақты тіркес етістіктері.



Кіріккен күрделі етістік

Кіріккен күрделі етістік деп екі сыңардан кұралып, сыңарлары дыбыстық құрамын толық сақтамаған, біртұтас лексикалық мағына беретін, күрделі қимыл ұғымын білдіретін туынды етістіктер аталады. Мысалға, оған апар (алып бар), әкел (алып кел), әпер (алып бер), әкет (алып кет) сияқты кіріккен етістіктер жатады. Кіріккен етістіктердің кұрамы алғаш толық. мағыналы етістіктер болғаны белгілі, сондыктан олардың сыңарларының дыбыстық кұрамы толық сақталмаса да, түп негізіне карап, ол күрделі етістіктерге жатады.



Тіркескен күрделі етістіктер

Тіркескен күрделі етістікгер деп екі етістік сыңардан құралып, бір лексикалық мағына білдіретін, бірақ сыңарлары емле бойынша бөлек жазылатын сөздер аталады. Мысалы, алып кет, көріп бер, алып қайт, біліп бер, кайтып кел т.б. Тіркескен күрделі етістіктердің сыңарлары мағыналы етістіктерден жасалып, сыңарларының мағынасынан күрделі қимыл ұғымының атауы жасалады.

Тіркескен күрделі етістіктердің. сыңарлары кез келген етістіктен болмайды және күрделі етістіктің бірінші сыңары мен екінші сыңары болатын етістіктерде де үлкен айырма бар және үқсастык та жок емес. Үқсастық мынада - негізгі түбір етістіктер күрделі етістікгің бірінші сыңары да, екінші сыңары да бола береді. Ал айырмашылық - күрделі етістіктің бірінші сыңары негізгі түбір етістіктен де, туынды түбір етістіктен де болады, ал екінші сыңары тек негізгі түбір етістіктен ғана болады және олардың саны да күрамы да белгілі, олар тілдегі отыздай негізгі түбір етістіктер. Сондыктан күрделі етістікгің бірінші сыңары болатын етістіктердің саны олардан әлдекайда көп. Бүл тіркескен күрделі етістіктердегі сыңарлардың қызметін қалыптастырған.

Тіркескен күрделі етістіктердің сыңарлары қызметіне қарай ауыспалы сыңар, тірек сыңар болып бөлінеді.

Ауыспалы сыңар тіркескен күрделі етістіктің кұрамында бірінші орында тұрады. Мысалы, алып кел, беріп кет, жинап ал, ойлап отыр, көздеп тұр, тыңдап түр, біліп кел, көріп ал, сынап кетті т.б.

Тіркескен күрделі етістікге тірек сыңар екінші орында тұрады. Мысалы, біліп бер, көріп кел, тындап отыр, айтып кет, сұрап қайт, сұрап кел т.б.

Ауыспалы сыңардың бірінші орында тұруы туынды түбірдегі негіз сөзбен сай келсе, тірек сыңардың екінші орында түруы жұрнақтың орнымен сәйкес келеді.

Тіркескен күрделі етістіктердің екі сыңары да сөзжасамдық бірлік, негіз сөз қызметін атқарады. Дегенмен күрделі етістіктің күрамын туынды түбір етістікпен салыстырғанда, онда үқсастық байқалады. Туынды түбірдегі түрлі негіз сөздерден бір жұрнақ арқылы бірнеше туынды түбір жасалуы ұқсап, түрлі ауыспалы сыңарлардан бір тірек сыңар арқылы бір топ тіркескен күрделі етістіктер жасалады. Мысалы, алып кел, беріп кел, көріп кел, біліп кел, кайтып кел, санап кел, жинап кел, әперіп кел, апарып кел т.б.

Бір жүрнақ арқылы жасалған туынды түбірлердің мағынасында байланыс болатыны сияқгы, бір тірек сыңар арқылы жасалған тіркескен күрделі етістіктердің де мағыналары байланысты болады. Мысалы, сатушы, әнші, малшы, жазушы, күйші, домбырашы, жыршы сияқты туынды түбірлердің бәріне мамандық мәні ортақ, сол арқылы олардың мағынасы байланысты. Сол сияқты алып кет, көріп кет, біліп кет, сынап кет, жинап кет, апарып кет, әкеліп кет, әперіп кет деген бір тірек сыңар арқылы жасалған тіркескен күрделі етістіктердің бәріне кет тірек сыңарының мағынасы ортақ, сол аркылы олардың бәрінің мағынасы байланысты.

Туынды түбірмен тіркескен күрделі етістіктердің жасалуындағы сондай үқсастықтар сөзжасамның жалпы зандылықгарын аңғартады. Ал олардың арасындағы айырмашылық олардың түрлі тілдік құбылыс болуына байланысты.

Тірек сыңар болатын етістіктер мыналар: апар, әкел, әкет, бар, әпер, бер, біл, жат, жатыр, жөнел, жүр, жібер, кел, кет, кайт, қал, қой, қыл, отыр, өт, сал, соқ, таста, тұр, түс, шық.

Осы отыз тірек сыңардың әрқайсысы бірнеше жүзден тіркескен күрделі етістік жасайды. Сонда тек тіркескен күрделі етістіктердің өзі бірнеше мың болады. Олай болса, тіркескен күрделі етістіктер сөздік қордың бір бай бөлшегі болып шығады.

Тіркескен күрделі етістіктердің сыңарлары белгілі қосымшалар арқылы байланысады, Олар - көсемшенің -ып, -іп, -п, -а, -е, -й, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі жүрнақтары. Аталған жүрнақтардың сыңарларды байланыстырып, тіркескен күрделі етістік жасаудағы қызметі бірдей емес, өйткені олардың кейбіреуі бүл қызметгі белсенді атқарыл, көптеген тіркескен күрделі етістіктер жасап, кейбіреулері

арқылы шамалы ғана күрделі етістіктер жасалған.

Келтірілген жүрнақтардың ішінде ең өнімдісі - көсемшенің -ып, -іп, -п жұрнағы. Бұл жұрнақтың сыңарларды байланыстыруы арқылы өте көп күрделі етістік жасалған. Оның дәл санын келтіру қиын, бірақ сыңарлары -п көсемше арқылы байланысқан күрделі етістіктер басқалардан бірнеше рет артық екені сөзсіз.

Көсемшенің жұрнактарының ішінде ең өнімсіз қызметті - ғалы жұрнағы аткарады. Олар арқылы жасалған кұрделі етістіктер шамалы.



Құранды етістіктер

Құранды етістіктер деп есім сөздерге белгілі көмекші етістіктер тіркесіп, оған қимыл мағынасын қосу арқылы жасалған етістіктер аталады. Мысалы, қызмет ет, кұрмет ет, жәрдем ет, адам ет, әлек қыл, алаң бол, қор бол, ит қыл т.б.

Құранды етістік жасайтьш кемекші етістіктердің қызметін есім сөзден етістік жасайтын жұрнақпен салыстырып, олардың екеуінің де есім сөзден етістік жасайтынын көруге болады. Мысалы, жәрдем ет - жәрдемдес, сыйлық ет - сыйла, мазақ ет - мазақта, кұрмет ет -кұрметте, табыс ет - табыста, арман ет - арманда, үміт ет - үміттен, хабар ет - хабарла, талқан ет — талқанда, сылтау ет - сылтаула, қор ет - қорла, еңбек ет - еңбектен, баян ет - баянда, әуре ет - әуреле, әңгіме ет - әңгімеле, айғақ ет - айғақта, айып етпе - айыптама, әдет ет - әдеттен, зақым ет - зақымда, жыр ет - жырла.

Мұнда құранды етістіктердің тілде синоним туынды түбір етістіктері бары анықталды. Ол әр есім сөзден тілде аналитикалык тәсіл арқылы да, синтетикалық тәсіл арқылы да туынды етістікгер жасалғанын біддіреді. Ал ол - құранды етістік жасайтын көмекші етістіктердің есім сөзге жүрнақ сияқгы қимыл мәнін қосканына толық дәлел.

Көмекші етістіктер арқылы жасалған құранды етістіктердің туынды етістік екенін олардың сөйлемде етістік сөздер үлгісімен түрленуі де дәлелдейді. Мысалы, Ант етеміз адым жер шегінбеуге (Д.Әбілев). Жауқазындар гүл атты (С.Мұқанов). Ой, тақсыр, айып етпе, шақырғанға деп айтты сасқаннан соң, қолын құшып (ауыз әдебиетінен). Назды мұң мен толқынды ыстық ой да, барлық пердесіз, қытықсыз шынын осы әнге табыс еткен (М.Әуезов).

Осы мысалдардағы кұранды етістіктер сөйлемде осы шақ, жіктік жалғау (ант етеміз), өткен шақ(гүл атты), болымсыз етістік (айып етпе), есімше (табыс еткен) қосымшаларымен түрленген. Басқа да етістіктің сөз түрлендіру қосымшаларын түгел кабылдайды.

Құранды етістіктердің негіз сөзі есім сөздерден болады. Мысалы, адам ет, қызмет ет, жақсы бол, тамаша ет, солай ет, бұлай ет, екі етпе, жарқ етті, тырс еткіз, кылп еткізбе т.б.

Тілде құранды етістік жасайтын белгілі көмекші етістіктер бар, олар көп емес. Атап айтқанда, олар мыналар: ет, кыл, бол, тарт, ат, соқ, бер, ұр. Бұлардың ішіндегі ең өнімдісі — ет көмекші етістігі. Ол арқылы өте көп құранды етістіктер жасалған: еңбек ет,

әуре ет, ел ет, ұжым ет, құрал ет, алданыш ет, жар ет, бала ет, корғаныш ет, сүйеу ет, бағынышты ет, құрбан ет, азат ет, дұшпан ет, кастық ет, жақсылық ет, айқын ет, кедергі ет, кыңк еткізбе, зырқ етті, сыр етті, бұрқ-бұрқ етті, былш етті т.б.

Қыл көмекші етістігі бұрын кұранды етістік жасауда белсенді қызмет атқарған, казір оның қызметі бәсендеді: дауыс қыл, жүн қыл, жоққыл, жыр қыл, сәлем қыл, қор қыл, қан қыл, міндет қыл, мазақ қыл, адам қыл, толқын қыл, үміт қыл, өсек қыл, тәубә қыл, ойран қыл, жазым қыл, кас қыл т.б.



Бол көмекші етістігі арқылы да бір топ құранды етістіктер жасалған: адам бол, жақсы бол, үстем бол, қүмар бол, жария бол, таза бол, азық бол, жем бол, азамат бол, әсем бол, риза бол, жігіт бол, мәлім бол, қатал бол, құл бол, алаң бол, кісі бол, қабыл бол, ырза бол, құштар бол, мәз бол, ғашық бол, мерт бол, үйір бол т.б.

Кейбір көмекші етістіктер: тарт, ат, соқ, бер, ұр, бірлі-жарым құранды етістіктер ғана жасайды: сарғылт тартты, әуреге түсу, гүл атты, телефон соқ, тап берді, тарс үру т.б.

Идиомаланған тіркестердің де құранды етістіктерге жататындары да бар: жек көру, жақсы көру, зар қағу, таяқ жеу, бас қою, көз салу т.б.

Қосарланған күрделі етістіктер

Қосарланған етістіктер деп екі сыңары да етістіктен жасалған қос сөздер аталады. Қосарланған етістіктер деп белгілі тұлғадағы екі түрлі етістіктен не бір етістіктің қайталануынан жасалған етістіктер аталады: келіп-кетіп, ашып-жауып, жүріп-тұрып, бағып-қағып, сылап-сипап, күліп-ойнап, асып-тасып, өліп-талып, жылап-сықтап, алдап-арбап, асығып-сасып, қорқып-үркіп, ұрып-соғып, келе-келе, айта-айта, көре-көре, жылай-жылай, сұрай-сұрай т.б.

Қосарланған етістіктер сөйлемдегі негізгі қимылдың жайы-күйін білдіреді.

Идиомаланған күрделі етістіктер

Идиомаланған тұрақты тіркестердің бір тобы қимыл мағынасында қолданылады. Мысалы, көзге түрткі болу, көзден ғайып болу, көздеп бір-бір ұшу, зәре-құты қалмау, төбе шашы тік тұру, қара терге бату, қара жер болу, бетегеден биік, жусаннан аласа болу, көзі түсу, көкке көтеру, мойнына қамыт кигізу, тумай жатып картайған, инедейді түйедей ету т.б.

Идиомаланған етістіктер сөйлемде бір сөз қызметін аткарады. Мысалы, Инедейді түйедей ету - сенің әдетің (С.Мұқанов). Идиомаланған етістік сөйлемнің бастауышы болып тұр. Досыңның өскені тамағыңа сүйек болып кадалды. Мұнда идиомаланған етістік мәнді тізбек сөйлемнің баяндауышы.

1. Етістіктің синтетикалық сөзжасамы

2. Етістік жасайтын сөзжасамдық жұрнақтар

3. Етістіктің аналитикалық сөзжасамы

4. Күрделі етістіктер жүйесі

5.Кіріккен күрделі етістіктер;

6. Тіркескен күрделі етістіктер;

7. Құранды етістіктер;

8. Қосарланған етістіктер;

9. Тұрақты тіркес етістіктері.

Әдебиеттер:


  1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

  2. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

  3. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-Алматы, 2000.

  4. Төлеуов Ә. Сөз таптары. -Алматы, 1982.

  5. Қазақ грамматикасы. -Астана, 2002.

  6. Қазақ тілінің грамматикасы.- Алматы, 1967.

  7. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1989.


11 дәріс тақырыбы: Грамматиканың зерттеу нысаны, салалары, зерттеу мақсатына қарай грамматиканың түрлері.
 

1. Грамматиканың объектісі - сөз.

2. Сөздің дыбыстық комплекс жағы.

3. Сөздің дыбыстық жағы мен мағынасы арасындағы байланыс. Сөздің лексикалық мағынасы.

4. Тілдің грамматикалық құрылысы жайында ұғым.

5. Грамматиканың салалары: морфология және синтаксис.

 

Сабақтың мақсаты

Грамматика ұғымының мәнін түсіне отырып, оның басты объектісін анықтау, тілдің грамматикалық құрылысында тілдік единица ретінде сөздің орнын, сөздің грамматиканың объектісі бола алатынын игере отырып, сөздің дыбыстық комплекс жағы мен мағынасы арасындағы табиғи емес, бірақ дәстүрлі байланыстың мәнін түсініп аша білу.



Грамматиканың объектісі – сөз

Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір жағынан, ойлаумен, екінші жағынан, сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде белгілі бір қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл, ең алдымен, ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондықтан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік мәндері, атқаратын қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл айналадағы дүние, объективтік шындық туралы адамның санасын қалыптастырады, оларды есте сақтауға негіз болады. Осы жағынан келгенде де тіл бірденені үйренудің, білудің, шындықты бейнелеудің, тіпті абстракты түрде ойлаудың құралы да болып табылады. К. Маркстің „Тіл де сана сияқты өте көне құбылыс" - деуі осыдан болса керек.

Ойды білдірудің ең кіші тілдік единицасы - сөйлем. Сөйлемнен кіші тілдік единицалар (сөз, сөз тіркесі т.б.) ойды білдіре алмайды. Ал сөйлем сөздерден, сөздер жиынтығынан немесе сөздер тіркесінен тұратыны белгілі. Сөйлемнен кіші тілдік единицалар ойды білдірмейді, ойды құрайтын жекелеген немесе күрделі ұғымды білдіреді. Сол ұғымдар жүйеленіп барып сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысқа түсуі арқылы ой білдіріп, сөйлем құрайды. Ең кіші мағыналы тілдік бөлшек - сөз. Дыбыстарды былай қойғанда, морфемалардың өзі жеке тұрып мағына білдіре бермейді, ал сөз тіркесі - сөзден әлдеқайда үлкен единица. Бұл - бір. Екіншіден, осы қасиеті арқасында сөз тіл білімінің барлық саласына (фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) қатысты болып келеді.

Сөйтіп, тілдік единицалардың ішінен, мысалы, дыбыс не фонема, морфема немесе әр түрлі тұлғалар, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік элементтерден сөздің ерекше қасиеті бар құбылыс екенін аңғаруға болады. Сөз белгілі бір ұғымның атауы болғандықтан да, соған сәйкес ол белгілі бір нақты лексикалық мағынаны білдіреді. Осы қасиетінің арқасында сөз санамызда жеке тұрып өмір сүре алады. Әр түрлі сөздіктерде сөз жеке реестр (лексика) ретінде беріледі. Сонымен бірге сол лексикалық мағынасына сәйкес ұғымның жалпы атаулық қасиетіне орай грамматикалық мағына пайда болып, ол енді жекелеген сөздерді емес, белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің ортақ жалпы мәніне айналып, әр түрлі қосымша тұлғалар арқылы түрленеді, басқа сөздермен байланысқа түседі, сөйлем құрайды.

Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп тіреледі. Өйткені сөзде фонетикалық қасиет (дыбыстық кешен) те, лексика-семантикалық қасиет (ішкі мағына) те, сөзжасам қасиеті (жаңа сөз я жаңа мағына) де, грамматикалық қасиет (морфологиялық құрамы мен құрылысы, сөздердің түрленуі, сол арқылы бір-бірімен байланысқа түсіп, алуан түрлі грамматикалық мағыналар білдіріп, сөйлем құрауы) те бір-бірімен қабысып, қабаттасып келіп отырады.

Демек, сөз – ең алдымен лексикологияның тікелей және басты объектісі. Өйткені тілдегі сөздік құрам, оның баюы, дамуы, сөз мағыналарының түрленуі мен өзгеруі сияқты сөздің тікелей өзіне тән қасиеттері лексикология саласында қаралып, шешімін табады. Сондай-ақ сөз сөзжасам саласының да тікелей объектісі. Әр түрлі тәсілдермен жаңа сөз жасау, сөз мағынасының өзгеруі арқылы жаңа сөздің пайда болуы, сөйтіп, тілдің сөздік құрамын байыту процесі де сөзге тікелей қатысты қасиеттер болып табылады.

Ал, грамматика (гректің grammatіke – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан) болса, ол сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөйтіп, сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматиканың бір саласы морфологияның (гректің morрһе - форма, тұлға және logos - сөз, ілім деген сөздерінен құралған) да зерттейтін басты объектісі - сөз. Әрине, морфология лексикология сияқты жеке сөздердің нақты мағыналарын, олардың қайдан шығып, қалай қалыптасқанын, функционалдық-стильдік сипаттарын емес, сөздердің жалпы қасиеттерін, ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін, соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп, сипаттайды. Сөйтіп, морфология сөздердің грамматикалық сипаттарын зерттеп айқындайды (СРЯ, 87, 135).

Морфология сияқты синтаксис (гректің Sіntaxіs – құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп деген сөзінен қалыптасқан) те грамматиканың бір саласы. Егер морфология сөздің жалпы сипатын, атап айтқанда, сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық (гректің paradeіgmа - үлгі, мысал, рет сөзінен алынған, яғни белгілі бір тәртіппен түрлену, өзгеру қатарының тұрақты жиынтығы, үлгісі; мысалы, септелу, тәуелдену, жіктелу үлгілері т.б) қасиетін, сөз формаларының ерекшеліктерін, соның нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесін жеке-жеке емес, жалпы түрде қарау арқылы, ортақ белгілері негізінде, яғни сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде грамматикалық топтарға, олардың категорияларға жіктелуін қарастырса, синтаксис сол түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің сол тұлғаларында атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау, олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады. Сөйтіп, морфология мен синтаксистің ортақ тұстары көп-ақ. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін ... (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Мен – І жақ жекеше жіктеу есімдігі, атау тұлғада тұр, жазбаймын – сабақты етістік, болымсыз тұлғада (-ба), -й -көсемше тұлғасы арқылы ауыспалы осы – келер шақты білдіріп тұр, - мын – І жақ жекеше жіктік жалғау, өлеңді – жалпы зат есім, - ді табыс септік арқылы тура объекті мағынасын білдіріп тұр, ермек – жалпы зат есім, түбір тұлға, үшін – септеулік шылау. Бұл – морфологиялық талдау. Синтаксистік жағынан: мен - бастауыш, атау септікте, жазбаймын - баяндауыш, жіктік жалғау арқылы бастауышпен 1-жақта жекеше қиыса байланысып тұр, өлеңді (нені жазбаймын?) тура объектіні (табыс септік) білдіретіндіктен тура толықтауыш болады, өлеңді жазбаймын – табыс септік жалғауы арқылы байланысқан етістікті меңгеру (сөз тіркесі), ермек сөзі үшін шылауымен тіркесіп келіп мақсат пысықтауыш (не үшін, не мақсатпен жазбаймын?) қызметін атқарып тұр, сол ушін шылауы арқылы ермек сөзі жазбаймын дегенге меңгеріле байланысып, етістікті сөз тіркесін құрап тұр. Жалпы бұл - жай, жайылма, жақты, толымды, хабарлы сөйлем.

Міне, осы талдаудан грамматиканың екі саласы морфология мен синтаксистің ортақ, жақын қасиеттері және бір-бірінен айырма ерекшеліктері анық көрінеді.

Фонетиканың негізгі зерттеу объектісі дыбыстар, олардың жүйелілігі мен қолданылу ерекшеліктері, заңдылықтары болса, дыбыстардың қыр-сыры, жасалу, артикуляциялық ерекшеліктері мен қолданылу заңдылықтары сөзге тікелей байланысты, сөз арқылы, сөздер құрамында ғана олар толық көріне алады. Жеке дыбысты айтқаннан оның барлық сипаты толық айқындала бермейді. Сөздің бар сипаты оның қолданысында, сөйлем ішінде айқындалатыны сияқты, дыбыстардың да бар қасиеті сөз құрамында қолданылуы арқылы айқындалады. Сондықтан да сөз фонетикаға да қатысты. Міне, осы қасиеттері негізінде сөзді өте күрделі тілдік единица деп түсінеміз. Сөз - сөйлемнен кейінгі ерекше тілдік единица, өйткені ол – тілдің мәнді, мағыналы бөлшегі және сөйлем құрауға негіз болатын тілдік единица.



Сөздің ішкі мағыналық және сыртқы дыбыстық жағы

Тілдегі ең кіші мағыналы бөлшек - сөз. Сондықтан сөз белгілі бір ұғымды, яғни белгілі бір заттың атын немесе сынның, сапаның белгісін, санды, әр түрлі әрекет-құбылысты, қимылды т.б. білдіреді. Сондықтан сөз туралы әңгіме болғанда, ең алдымен, сол сөз білдіретін мағына, яғни сөздің ішкі сипаты, мазмұны қоса жүреді. Рас, морфеманың кейбір түрі, мысалы, түбір морфеманы мағыналы бөлшек дейміз.

Түбір морфема мәселесіне қазақ тілі (сондай-ақ түркі тілдері) тұрғысынан келсек, түбір белгілі бір мағынаны білдірумен байланысты. Бұл жағынан түбір деген ұғым мен сөз деген ұғымдар сайма-сай келеді де, сөз деген ұғымға енетін туынды түбір дегендер ғана одан өзгеше болады. Сондықтан да түбір жеке сөздің баламасы ретінде ешбір түрленусіз түбір күйінде тілде қолданыла алады. Мысалы, Зеңбірек снарядтары суға үсті-үстіне түсіп, аспанға шапшыған судан күміс бағаналар орната бастады (Ғ.Мүсірепов).Ызғырық, суык, сұр бұлт аспанды тегіс қаптаған (Б.Майлин).Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы (Ғ.Мүсірепов).

Берілген сөйлемдердегі күміс, сұр, төрт, тас деген сөздер түбір күйінде қолданылған, яғни олар - әрі түбір, әрі сөз. Бірақ түбір деген ұғымға қазіргі кезде ешбір мәнге ие бола алмайтын не жеке қолданыла алмайтын өлі түбірлер де енеді. Мысалы, оян, оят, баданадай, алпамсадай, момын, момақан, шалқақ, шалқалау т.б. сияқты сөздердің түбірі, сөз жоқ, оя, бадана, алпамса (я алып), мом, шалқа екенін бір түбірден өрбіген түбірлес сөздер де көрсетіп тұр. Бірақ бұлар қазір тілімізде түбір күйінде қолданылмайды, жеке тұрып ешбір мағына да білдіре алмайды.

Сөйтіп, түбірлік қасиет қазіргі түрғыдан келгенде жоқ я жойылып кеткен. Бірақ бұндай сөздерге салыстырмалы-тарихи талдау жасасақ, қатар тұрған түбірлес сөздердің өзі-ақ көрсетіп тұрғандай, берілген сөздердің өздері негізгі түбір емес екенін байқаймыз. Осы жағынан келгенде, түбір деген ұғымның өзін әрі айқындап, әрі шектеп алудың мәні ерекше сияқты. Яғни түбірдің ең басты белгісі, ерекшелігі не дегенге нақты, дәл жауап беруіміз керек. Әдеттегі беріліп жүрген анықтамаға сәйкес олар мынадай: 1) сөздің ең кіші мәнді бөлшегі, 2) қосымша морфемалар үстелу арқылы жаңа сөз немесе сөз тұлғасын жасауға негіз болатын бөлшегі. Ал өз бетімен сол қалпында (түбір күйінде) сөйлемде қолданылуы түбірдің өз ішінен туындайтын қолданыстық қасиеті емес, ол түбірдің жеке тұрғанда да белгілі мағынаны білдіруімен байланысты. Ол мағына (мән) лексикалық мағына болып табылады. Сондықтан да ол мән түбірде ол жеке тұрғанда да болуы керек. Түбір сол түлғасында екінші сөзбен байланысқа түсіп, сөйлем ішінде қолданылғанда, оған қосымша грамматикалық яғни екі сөздің байланысы нәтижесінде туатын мәні де үстелуі мүмкін. Айталық, жоғарыда берілген сөйлемдердегі күміс (нақты зат атауынан басқа, бағаналардың неден жасалғаңдығын, заттан гөрі нақты затқа қатыстығын), тас нақты зат атауынан басқа, үйдің неден салынғандығын, затқа қатыстығын білдіріп, түбір білдіретін мағынаның үстіне жаңа қосымша қатыстық мағына қоса білдірсе, сұр(жалпы түсті білдіру нақты бұлттың түсін білдіруге ауысуы), төрт (үй бөлмелерінің нақты санын білдіру) түбір қалпында қолданылу сипаты біркелкі емес. Осы талдаудан көрінетіндей, сұр, төртсөздерінің түбірлік тұлғасы мен білдіретін мағынасы, сөйлемдегі қызметі арасында алшақтық көрінбейді (бұл екеуі де зат атауы мен тіркесіп – бұлт және бөлме [лі] үй, анықтауыштық қатынаста жұмсалған), ал күміспен тассөздерінің тұлғасы мен білдіретін мағынасы және сөйлемдегі қызметі арасындағы қатынас бұзылып жаңа сипатқа ие болған: нақты зат атауын білдіретін сөздер (күміс, тас) екінші бір зат атауын білдіретін сөзбен таза аналитикалық сипатта байланысқа түскенде қосымша мәнге ие болып (енді нақты зат атауын білдіруден сол затқа қатыстылық мәнді білдіріп яғни бұл екінші заттың жасалу тегін, қатысын білдіріп) жаңа синтаксистік қызметке ие болады: атрибуттық-анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Зат есімдердің түбір тұлғада кейбір шылаулармен тіркесіп келіп (бұл сияқты зат есімнің түбір тұлғасы оның осыған сырттай ғана ұқсас атау септікнемесе предикат мәнінде– баяндауыш қызметінде 3-жақ жіктік жалғау,я тіпті ілік, табыссептіктердің жасырын, түсіп қалған тұлғасымен бір емес бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар екенін ашық айту керек) себеп-салдарлық, мақсаттық, мезгілдік-мекендік т.б. мәнде және соған сай әр түрлі синтаксистік қызметте жұмсалуы да зат есім түбірдің өзіндік ерекшелігі бар екенін көрсетеді.

Осы сияқты өзіндік ерекшелік етістік түбірден де байқалады: етістік түбір лексикалық мағынаны білдіргенмен, тікелей сол қалпында жіктелмейді, түбір қалпында сөйлемде қолданылмайды. Бірақ соған қарамастан зат есім болсын, етістік болсын, басқа сөз табы болсын олардың ортақ грамматикалық қасиеттері арқылы жоғарыдағы талапқа, критерийге сай ортақ түбір деген ұғымды бөліп көрсетуге болады. Оның үстіне тілдің бірқалыпта тұрмай, өзгеріске түсіп, дамып отыратынын ескерсек, түбір ұғымының кейбір шарттылығын да байқаймыз. Қазіргі тілімізде жеке тұрып ешбір мән білдіре алмаса да, осы қалпында сөйлемде қолданыла алмаса да, ол сөздердің оя, бадана, алпамса алып), мом, шалқа я болмаса кейбір дыбыстық өзгерістері бар түбірлер болғанын аңдай аламыз. Сондықтан да оларды өлі түбір дейміз. Ал басқа тілдерде, мысалы, орыс тілінде, түбір әр уақытта мағыналы бола бермейді, жеке тұрғанда ешбір мәнді, ұғымды білдіре алмайды. Мысалы, прочитать (оқып шығу) деген сөздің түбірі - чит, про - приставка, ать - жұрнақ, бұндағы чит бөлшегі жеке тұрып ешбір мәнге ие емес. Сондай-ақ тілімізде өте сирек болса да, сөз бен дыбыстың да сәйкестігі кездеседі. Мысалы, у (Мен ішпеген у бар ма?(- Абай),и (басыңды и) тәрізді сөздер бір-бір дифтонг дыбыстан тұр. Осыған қарап кейде жеке дыбыстар да мәнді болады, мағына білдіре алады деп тұжырым жасауға бола ма? Әрине, жоқ. Сондықтан әр уақытта белгілі бір ұғымды білдіре алатын, тілдің ең кіші мағыналы бөлшегі сөз болып табылады. Бұл - сөздің басты және тұрақты лексика-семантикалық және грамматикалық қасиеті.

Сөздің белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіруі оның ішкі мазмұны болса, сөз белгілі бір дыбыстар жиынтығынан тұратындықтан, оның сыртқы дыбыстық жағы да бар. Кез келген сөз белгілі бір дыбыстар жиынтығынан, демек, дыбыстық кешеннен тұрады.

Т Мысалы, бала деген сөз төрт дыбыстан тұрады, оның бірі (а) екі рет қайталанған, келмеген 8 дыбыстан тұрады, оның бірі (е) үш рет қайталанған. Ол түсінікті. Сонымен бірге сөздің ішкі мағыналық жағы мен сыртқы дыбыстық жағы арасында байланыс бар ма, болса, оның сипаты қандай деген заңды сұрақ туады.

Сөздің ішкі мағыналық жағы мен сыртқы дыбыстық жағы арасында, әрине, байланыс бар. Егер олардың арасында ешбір байланыс болмаса, кез келген дыбыстар жиынтығы сөз бола берер еді ғой, жаңағы бала, келмеген деген сөздер белгілі дыбыстар жиынтығынан және ол дыбыстардың белгілі бір тәртіппен орналасуынан жасалып тұр. Ондағы дыбыстарды абла немесе лаба немесе лбаа, т.б. етіп қосқаннан сөз жасалмайды. Бұның өзі лексикалық единица ретіндегі сөз, оның білдіретін мағынасы мен сыртқы дыбыстық қабыршағы арасында белгілі бір байланыс бар екенін көрсетеді. Бірақ ол байланыс – табиғи байланыс емес. Өйткені дыбыстар жеке тұрғанда, ешбір мәнге ие бола алмайды: б, а, л, а дегеннің әрқайсысынан ешбір мән туып тұрған жоқ. Тілімізде біркелкі дыбыстар жиынтығынан түратын, тіпті бірдей дыбысталатын сөздердің мағыналары әр уақытта бірдей бола бермеуі, лексикалық омонимдер – осының дәлелі. Мысалы, қара дегенге қарама-қайшы түсті білдіретін 1) ақ (ақ шәйі орамал) және адал, кінәсіз, жазықсыз деген мағыналардағы, 2) ақ (Ынсапсызға не керек істің ақ пен қарасы ( - Абай)сөздері мен малдың сүті және сол сүттен жасалған айран, қатық, қымыз сияқты тағамдар мәніндегі, 3) ақ (ақ ішіп оңалып) сөзі мен жоқ болу, суалу деген мәндегі, 4) ақ болып кету сөзі, шындық ақиқат, хақ мәніндегі, 5) ақ (ақ өлім немесе ақ сөйле), судың арнасымен жылжуы мәніндегі, 6) ақ (судай ақ) сөздерінің (ҚТТС, І, 126-137)дыбыстық құрамында, айтылуында бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ. Соған қарамастан яғни қаншалықты бірдей дыбыстардан тұрып, бірдей айтылғанмен әрқайсысы бір-біріне байланыссыз, кейде байланысты (көп мағыналық негіздегі омоним болса) әр түрлі мағынаны білдіреді. Сондай-ақ қорек, тағам, тамақ мәніндегі І. ас (ас адамның арқауы), тамақ пісіру, әзірлеу мәніндегі, 2. ас (ет ас), бір жерден екінші жерге қарай өту, өрлеу мәніндегі, 3. ас (таудан ас), т.б. сөздер де (ҚТТС, І, 365-367)дәл осындай. Бұл сияқты омоним сөздерді көптеп келтіруге болады. Бұның өзі сөз білдіретін мағына оны сөзді құрайтын сыртқы дыбыстар мәнінен туындамайтынын көрсетеді. Жекелеген дыбыстар ешбір мәнді білдіре алмайды.

Демек, сөздің ішкі мағыналық жағы мен оның сыртқы дыбыстық жағы арасындағы байланыс табиғи емес, тарихи қалыптасқан дәстүрлі байланыс болып табылады. Басқаша айтқанда, жекелеген дыбыстардан тұратын, қалыптасқан дыбыстық кешен жеке-жеке бір тілдік единица ретінде белгілі бір ұғымды білдіретін болған. Міне, ол ұғым – сол сөздің мағынасы.

Сөздің мағынасы әр түрлі болады. Сөздің жеке тұрғанда да белгілі бір ұғымның аты ретінде танылатын нақты мағынасы да, одан туындайтын әр түрлі ауыс, келтіріңді мағынасы да, сөйлеу процесінде неше түрлі тұлғалар қосылуының нәтижесінде пайда болатын немесе басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы туатын сан салалы жалпы мағыналары да болады.

Әрине, ол мағына түрлерінің бір-бірімен байланысы, жалғастылығы болумен қатар бір-бірінен айырмашылықтары, өзгешеліктері де болады. Ең алдымен, сөз білдіре алатын мағынаны екі түрге бөліп жүрміз: лексикалық мағына және грамматикалық мағына.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет