Пысықтау үшін сұрақтар
1.Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның байланысы неден көрінеді?
2.Грамматикалық мағынаны білдірудің қандай тәсілдері мен жолдары бар?
3. Жалпы грамматикалық мағына қалай пайда болады?
4.Категориялық грамматикалық мағына неден көрінеді? Оның грамматикалық категориямен байланысы бар ма?
5.Қатыстық грамматикалық мағына неден көрінеді?
6.Грамматикалық формасыз грамматикалық мағына беріле ме?
7. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық формалар бар ма, қандай?
Әдебиеттер:
1. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 8- 16-беттер.
2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 7-
10, 13-18 -беттер.
3. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 28-40-беттер.
4. С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 32-45-беттер.
5. А. Ысқақов. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма. // Қазақстан мектебі. 1961. N4 60-66-б
6. С.Исаев. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігі және нольдік тұлға// Қазақстан мектебі. 1976. N 8 92-96-б.
15 дәріс тақырыбы: Сөз таптары, оларды таптастырудың ұстанымдары
1. Сөздерді лексикалық мағынасының мәніне қарай бөлу.
2. Сөздердің лексика-грамматикалық мағынасына қарай сипаты. Семантикалық принциптің ерекшеліктері.
3. Сөздердің грамматикалық сипатына, түрлену жүйесіне қарай ерекшеліктері.
4. Сөздердің синтаксистік сипаты.
А) сөздердің белгілі сөйлем қызметін атқаруы.
ә) сөздердің грамматикалық жағынан тіркесу
ерекшеліктері
5. Қазақ тіліндегі сөз таптары.
6. Сөз таптарының шығуы мен дамуы.
Сабақтың мақсаты
Қазақ тілінде сөздерді таптастырудың негізгі принциптері мен басты критерийлерін меңгере отырып, сөздерді сөз таптарына бөле білу және әрбір сөз табының өзіне тән белгілерін ажырата білу, сөз таптарының шығуы, қалыптасуы мен даму процесін игеру, практикалық жағынан сөйлемдегі әрбір сөздің қай сөз табына жататынын, қандай грамматикалық, лексика-грамматикалық белгілері бар екенін талдап ажырату.
Тілдің грамматикалық құрылысы, белгілі топтағы сөздердің түрлену жүйесі мен соған сәйкес туындайтын әр түрлі грамматикалық мағыналар, грамматикалық категориялардың өмір сүріп, жүйелі тілдік құбылыс болуы т.б. сипаттар тіліміздегі сөздердің белгілі-белгілі грамматикалық топтарға, сөз таптарына бөлінуіне байланысты. Өйткені сөздер семантикалық (лексикалық емес, грамматикалық) сипаттарының, түрлену жүйесінің, синтаксистік қызметтерінің ортақтығына қарай топталады. Әдетте қазақ тіліндегі сөз топтары атаушы немесе мағыналы (знаменательные слова) сөздер, көмекші сөздер (служебные слова) болып, кейде оған үшінші топ одағай сөздер қосылып бөлінеді. „Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне (?) қарай, ең алдымен, үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер (Ы. ҚҚТ, 132, 133). Бірден айта кету керек, бұндай түсініктің қателігі – тілдегі грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, олар тілдің бөлек-бөлек деңгейі екенін ажырата алмау болып табылады. Сөздерді атаушы, көмекші және одағай сөздер деп бөлуде морфологиялық белгілердің (ол қандай екені де онша түсінікті емес, бәлкім формальдық дегені түрлену – түрленбеу сипаты яғни формалық шығар) ешбір қатысы жоқ, өйткені атаушы сөздердің де түрленетіндері (зат есім, есімдіктің біразы, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, сан есім, есімдіктің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты көмекші сөздердің де түрленетіндері (көмекші есім, көмекші етістік) бар, түрленбейтіндері (шылау, еліктеуіш сөздер) бар. Сондықтан морфологиялық белгі я белгілер сөздерді атаушы, көмекші, одағай сөздер деп бөліп жіктеуге негіз, тірек бола алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, семантикалық белгі деген де нақты, дәл емес, өйткені лексикалық семантика бар да, олай болса ол лексикалық мағынаға негізделеді, онда лексикалық немесе лексика-семантикалық белгі деп нақтылаған жөн болар еді, сондай-ақ грамматикалық семантика бар, олай болса ол – грамматикалық мағынаға негізделеді.
Үшіншіден, сөз таптары сөздердің грамматикалық (лексикалық емес) сипаттарына негізделген ортақ белгілері арқылы біріктірілетін грамматикалық топтары, сондықтан лексикалық семантикасы негізінде немесе лексика-семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелген сөздер тобы сөз табы бола алмайды.
Шындап келгенде, тілімізде жеке тұрғанда да толық лексикалық мағынасы бар, мейлі оны мағыналы сөздер дейік, мейлі оны атаушы сөздер дейік - бәрі бір демек, лексикалық дербес сөздер бар да, жеке тұрып та, сөйлем ішінде де лексикалық мағына бере алмайтын, екінші бір мағыналы сөздің жетегінде ғана жұмсалып, өзі қатысты сөзге әр түрлі грамматикалық мағына үстейтін немесе басқа сөзбен я сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын көмекші сөздер де бар. Бұларды сөз жоқ, лексика-семантикалық тұрғыдан болсын, семантика-грамматикалық тұрғыдан болсын бір топтың шеңберінде біркелкі қарауға болмайды. Бірақ негізгі айырмашылық, бір сөздерді бір-бірінен айырып топ-топқа бөліп тұрған белгі сол сөздердің лексикалық мағынасы, яғни лексикалық мағынасы бар сөздер бір топ та, екінші топ-лексикалық мағынасы жоқ сөздер. Демек, бұл жерде сөздерді осындай топтарға бөлуде олардың грамматикалық сипаттары мен белгілерінің қатысы жоқ. Сондықтан тілдегі сөздердің атаушы сөздер яғни лексикалық мағынасы бар сөздер, көмекші сөздер яғни толық лексикалық мағынасы жоқ немесе лексикалық мағынасынан толық я жартылай айрылып қалған сөздер, сонымен бірге А.Ысқақов көрсеткендей, одағай сөздер сөз таптары емес, сөз таптары грамматикалық сипаттағы топ та, бұлар лексикалық сипаттағы топтар.
Сондай-ақ көмекші сөздердің қатарына жататын көмекші есімдер зат есім сөз табының шеңберінде, көмекші етістіктер лексикалық мағынасы бар ма, жоқ па, бәрібір сөз табы жағынан етістіктің құрамында қаралады, бұның өзі сөздерді сөз таптарына бөлуде (сөз таптары – лексикалық емес, грамматикалық топтар) сөздердің лексикалық мағынасы оған көрсеткіш те, кедергі де бола алмайтынын көрсетеді. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін грамматикалар мен жеке зерттеулерде сөз бойындағы лексикалық сипат, белгі мен грамматикалық сипат, белгі бір-бірімен араласып, жіктері айқын ашыла бермейтіндіктен, сөз таптары деген құбылыстың ерекшеліктері, негізгі белгілері, шегі мен шеңбері, тілдік қабаттағы көрінісі де анық айқындала бермейді. Соның бірі – семантика (мағына) деген ұғым. Әрине, бұл ұғым лексикалық немеее грамматикалық деген анықтауыштар негізінде айқындалады. Лексикалық мағына (семантика) жоғарыда талданып көрсетілгендей сөздің ұғымдық мағынасы, сөздік мағынасы екені, сондықтан жалқы болатыны, әрбір сөз лексикалық мағына арқылы ерекшеленетіні, ал грамматикалық мағына, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы, абстракциялануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағынасы және сол топтағы сөздердің таза семантикалық сипатына байланысты топталатын жалпы грамматикалық мағыналары, екіншіден, сөз түрленім немесе форма тудырушы тұлғалардың сөзге (түбірге) жалғану (түрлену жүйесі) арқылы пайда болатын категориялық грамматикалық мағынасы, үшіншіден, әр түрлі аналитикалық амал-тәсілдері арқылы сөздің сөйлемде басқа сөздермен (көмекші сөздермен де) байланысуы арқылы туындайтын грамматикалық мағына болып табылады.
Лексикалық мағынаның қыр-сыры, көрінісі, мәні мен берілуі т.б. лексика, тілдің лексикология салаларында (семосиология, лексикография т.б.) қарастырылады сөзге грамматикалық негізгі өзек болатын-лексикалық мағына емес, грамматикалық мағына, ал оның алуан түрлі қырлары мен түрлері, жасалу, берілу жолдары бар. Сондықтан да „Тілдегі сөздерді лексика-грамматикалық сипаттарына қарай топтастыру - грамматиканың теориялық та, практикалық та маңызы зор түйінді мәселесі. Бұл мәселе – тек грамматиканың жай өзегі ғана емес, оны лексикамен байланыстыратын да негізгі мәселе. Солай болса, сөздерді лексика-грамматикалық жағынан топтастырып, олардың грамматикалық сыр-сипаттарын айқындау грамматиканың ең негізгі мәселесі болмақшы", - деген пікірмен қосылу қиын (ҚТГ, 1,39).Ол ол ма, мына пікірді тіпті де қолдауға болмайды: „Тілдегі барлық сөздерді грамматикалық жағынан топтастырғанда, екі түрлі нысана "темір қазық" ("шамшырақ") болуға тиіс. Біріншіден, барлық сөздер, күллі сөз таптары тілдің сөздік құрамына енеді. Қай сөз табына енсе де, сөздердің лексикалық жағы ескерілуге тиіс. Ал сөздердің лексикалық жағын ескеру деген сөз – олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей. Олай болса, әрбір сөз табына енетін сөздер лексикалық тұрғыдан қаралып, талдануы қажет", (Ы.ҚҚТ, 135: ҚТГ, 1,41).
Сөз жоқ, барлық сөздер, әрине, олар грамматикалық сипаты жағынан белгілі сөз таптарына жатады, „тілдің сөздік құрамына енеді", бірақ бұл екеуі екі түрлі құбылыс-қой. Бұлай келсек, фонетиканы да лексикамен байланыстырып, лексикалық сипатты телуге болатын сияқты: тілдік дыбыстар тек сөз құрамында ғана қолданылады, дыбыстар тіркесінен сөз жасалып, мағына беріледі. Ал шындығында дыбыстардың мәні мен ол құрайтын сөздің мейлі лексикалық болсын, мейлі грамматикалық болсын мағынасы арасында ещбір табиғи байланыс жоқ, яғни сөздің мағынасы дыбыстар мәнінің жиынтығынан тұрмайды, ондай болғанда тіліміздегі дыбысталуы бірдей, мағынасы да, шығу төркіні де бөлек-бөлек омоним дегендер болмас еді. Сол сияқты сөз таптары, олардың жіктелуі сөздердің грамматикалық сипатына сүйенеді, тікелей лексикалық мағынаға қатысы жоқ, тек лексикалық мағына абстракцияланып, жалпылану арқылы жалпы грамматикалық мағынаға айналып барып, грамматикалық сипатқа ие болып, сөз таптарын айқындауға тікелей қатысады. Сондықтан сөз таптарын айқындағанда „сөздердің лексикалық жағы ескерілуге тиіс" деген пікірдің айқындығы да, мәні де дәлелді емес. Сондай-ақ „сөздердің лексикалық жағын ескеру дегеніміз – олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей" деген пікір де айқын емес. Бұл жерде сөздердің семантикалық жақтары деген ұғым сөздердің лексикалық мағынасы деген ұғымен парапар болу керек, өйткені „әрбір сөз табына енетін сөздер лексикалық тұрғыдан қаралып, талдануы қажет" деген пікір де осының дәлелі сияқты. Бірақ лексикалық тұрғы деген ұғым да айқын емес, сірә, лексикалық мағына (семантика) тұрғысынан болу керек.
Сөйтіп, біріншіден, тіліміздегі сөздерді лексикалық мағынасының бар-жоқ болу тұрғысынан топтап бөлу яғни толық лексикалық мағынасы бар дербес сөздер – атаушы сөздер және лексикалық мағыналары солғындаған я ада-күде жоғалған, мағыналық дербестігі жоқ, сөйлемде атаушы сөздердің жетегінде ғана жұмсалатын жәрдемші сөздер - көмекші сөздер, сондай-ақ ешбір ақиқат ұғымды білдіре алмай, сөйлемде жеке сөздермен грамматикалық байланысқа түспей (бұл соңғысы-грамматикалық белгі), тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр түрлі сезім райларын білдіру үшін жұмсалатын одағай сөздер деп бөлу грамматикалық сипаттарының негізінде емес, лексикалық сипаттарының, семантикасының негізінде болатындықтан, бұл грамматикалық топтар - сөз таптары бола алмайды. Сондықтан бұларды атаушы сөз таптары, көмекші сөз таптары деп бөлуге болмайды, тек атаушы сөздер, көмекші сөздер деп атауға болады. Әрине, бұдан сөздердің грамматикалық сипаты (соның ішінде грамматикалық мағынасы) лексикалық мағынамен, сөздің лексикалық сипатымен бүтіндей байланысы жоқ екен деген ұғым тумасқа керек. Лексикалық мағынаның жалпы грамматикалық мағынаға ауысу процесі негізінде байланыс бар, бірақ бұл жерде әңгіме жалпы байланыс емес, тікелей байланыс жайында болып отыр. Екіншіден, сөз таптары, ең алдымен, атаушы сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде жіктелетін грамматикалық топтары болса керек. Өйткені көмекші сөздерде абстракцияланып, жалпы грамматикалық мағынаға айналатын лексикалық мағына жоқ. Ал сөздерді қарастырғанда төменде талданатындай, сөздерде лексикалық мағынаның абстракцияланып, соның негізінде жалпы грамматикалық мағынаның болуы шешуші рөл атқарады. Үшіншіден, атаушы (дербес мағыналы) сөздер белгілі-белгілі грамматикалық қасиеттерінің, белгілер жүйесінің ортақтық, тәндік сипаты арқылы топталып сөз таптары айқындалады. Ондайда сөз таптарына бөлуге негіз болатын грамматикалық қасиеттер мен белгілер жүйесі барлық атаушы сөздерде бар-жоқтығына, ыңғайлас, мәндестігіне немесе қайшылығына қарай біртектес принциптермен анықталады. Ал, төртіншіден, көмекші сөздер грамматикалық сипаттары жағынан өздері шыққан негізгі сөздерден айырмашылығы болмай я онша алшақтап кетпесе, сөз таптары грамматикалық сипаттағы сөз табы болғандықтан да, сол өздері шыққан негізгі сөз таптары шеңберінде қаралады. Мысалы, көмекші есімдер зат есімдерден шығып лексикалық мағыналары солғындаған болса да, грамматикалық сипаттары, атап айтқанда, түрлену жүйесі (тәуелдену, септелу, көптелу), тіркесуі мен синтаксистік қызметі т.б., зат есімнен алшақтап кетпегендіктен, зат есім шеңберінде қаралады. Сондай-ақ көмекші етістіктер де етістіктердің грамматикалық сипатын (жіктелуі, шақ, рай, етістік, модальдылық т.б.) өз бойында сақтап отыратындықтан, етістік шеңберінде қаралады. Бесіншіден, қалған көмекші сөздер (шылаулар), одағайлар, модаль сөздерді топтастырудың осы айтылғандай, грамматикалық сипаттары яғни түрлену мен синтаксистік қызметтері негізінде емес, ерекше қолданыстық-семантикалық қасиеттері негізінде жеке-жеке сөз таптары болып қаралады.
Сөйтіп, сөздерді сөз таптарына жіктеудің белгілі принциптері бар, бірақ олар негізінен атаушы сөздерге ғана қатысты болып келеді.
Сөздерді топтастыру принциптері және сөз таптары
Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді түрге бөлуге ол сөздердің грамматикалық сипаттары мең белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты, әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде, жүйелі принциптер негізінде айқындалуы керек. Ол принциптер сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.
Әрбір атаушы сөздің лексикалық мағынасы болатыны белгілі, сол лексикалық мағынасы арқылы әрбір сөз бір-бірінен ерекшеленеді, жеке-жеке единица ретінде түсініледі. Тіпті мағыналары бір-біріне жақын синоним сөздердің өзі синонимдік қатар құрғанмен, өзіндік ерекшеліктері бар бөлек-бөлек лексема ретінде өмір сүреді. Мысалы, үй, бала, ағаш, көше, білін, сондай-ақ ұзын, үлкен, көк, жақсы т.б. сөздер лексикалық мағынасы жағынан бір-бірінен алшақ сөздер: уй адам тұратын, мекендейтін баспана (ҚТТС, 9):бала ата-ананың перзенті, ұрпақ, тұқым (ҚТТС, 2) яғни белгілі (кіші) жастағы адам: Лексикалық мағыналары жағынан, көріп отырғанымыздай, бұл сөздердің арасында ешбір жақындық жоқ. Сонымен бірге берілген сөздердің алғашқы тобы-белгілі бір деректі я дерексіз заттың атауы, екінші тобы – заттың сындық белгісі. Атап айтқанда, лексикалық мағынаның жалпылануы, абстракциялануы негізінде әрбір сөзде жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Айталық, үйдің лексикалық мағынасы баспана, яғни белгілі заттың нақты атауы болса, оның жалпылануы, абстракциялануы негізінде жалпы зат атауы жалпы грамматикалық мағына пайда болып отыр.
Дәл осындай ретпен заттың сандық сипатын (есептік сан, реттік сан, болжалдық сан, бөлшектік сан, жинақтық сан, топтық сан) білдіретін сөздер, заттың түрлі қимыл, іс-әрекетін, процесін білдіретін сөздср, қимылдың әр түрлі амалын, мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын т.б. қасиеттерін білдіретін сөздер, осындай атаушы сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер болатынын айтуға болады. Сөйтіп, бұл жалпы грамматикалық мағына лексикалық емес, грамматикалық семантика болып табылады. Сондықтан сөздерді грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеуде, топтастыруда ұстанатын басты принцип семантикалық(яғни лексикалық емес, грамматикалық-семантикалық) принципекенін көреміз. Екіншіден, осындай грамматикалық топтарға белгілі-белгілі өзіндік түрлену жүйесі, өзгеру, тұлғалық парадигмасы немесе бұған қарама-қайшы түрленбеу, тұлғалық өзгеріске түспеу тән болып келеді. Сондықтан түрлену жүйесіне (немесе оған қарама-қайшы түрленбеуге) негізделген категориялық грамматикалық мағына жүйесі мен грамматикалық категорияларының болу-болмауы сөздерді топтастырудың екінші негізгі (морфологиялық) принципісөздердің түрлену жүйесі болып табылады. Мысалы, зат атауын, заттың ұғымын білдіретін сөздерге көптелу (соған сәйкес сан-мөлшер категориясы), септелу (септік категориясы), тәуелдену (тәуелдік категориясы) тән де, қимыл, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіретін сөздерге жіктелу (жақ категориясы), шақты білдіру (шақ категориясы), модальдылықты білдіру (рай категориясы), болымсыздықты-болымдылықты, сабақтылықты, субъект-объектімен әр түрлі қатынасты (етіс категориясы) білдіру т.б. тән болып келеді. Ал заттың әр түрлі сындық белгісін, түр-түсін, сондай-ақ заттың әр түрлі сындық сипатын және қимылдың, іс-әрекеттің алуан түрлі амалын, мекенін, мезгілін, себебін, мақсатын білдіретін сөздер – арнайы грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздер. Сондықтан ол түрленбейтін сөз табына жатады. Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер, өздері қандай сөздердің орнына жүрсе, солар сияқты түрленеді не түрленбейді. Сөздерді топтастырудың үшінші синтаксистік принципісөздердің сөйлемде өзіне тән белгілі қызмет атқарумен және сол сөздердің тіркесу сипатымен яғни қандай топтағы сөздермен қалай тіркесе алуымен байланысты. Мысалы, зат атауын білдіретін сөздер атау тұлғада тұрып, қимыл, іс-әрекеттің иесі (субъект), бастауыш, табыс септігінде келіп, тура толықтауыш, жіктеліп келіп, баяндауыш, ілік септікте және екінші затпен қатыстық қатынаста келіп анықтауыш, көлемдік септіктерде келіп пысықтауыш, кейде жанама объект мәнінде толықтауыш қызметтерін атқарып, атау тұлғада қимыл, іс-әрекетті білдіретін предикатпен қиыса байланысады. Ілік септікте екінші сөздің тәуелдік жалғауында тұруын талап етіп, онымен матаса байланысады, екінші сөзбен түбір күйінде тікелей орын тәртібі арқылы қабыса байланысады, табыс я көлемдік септіктерде екінші сөзбен (көбіне етістікпен) меңгеріле байланысады. Ал қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер жіктеліп келіп баяндауыш, көсемше тұлғасында пысықтауыш, белгілі түрлері атау тұлғада заттанып барып бастауыш, есімше тұлғасында анықтауыш, табыс және көлемдік септіктерде заттанып барып толықтауыш қызметтерін атқарып, грамматикалық субъектімен жіктеліп келіп қиыса байланысады. Етістікпен (көбіне көсемше тұлғасында) қабыса байланысады, есімше тұлғасында анықтауыштық қатынаста да есім сөзбен қабыса байланысады, септік жалғауындағы сөздерді меңгереді. Заттың сынын және санын білдіретін сөздер зат атауларын анықтап, затпен қабыса байланысып қолданылады, заттанып барып бастауыш, толықтауыш адамға байланыстысы жіктеліп барып баяндауыш қызметін атқарады. Қимылдың әр түрлі сипатын білдіретін сөздер қимыл мәніндегі сөздермен қабыса байланысып, пысықтауыш қызметін атқарады.
Ал басқа сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер өздері орнына жүретін сөздердің синтаксистік қызметін атқарып, солар байланысқа түсетін сөздермен тіркеседі. Бұл сияқты қасиеттер көмекші сөздерде, әсіресе лексикалық мағынасыпан бүтіндей айырылып қалған көмекші сөздің түр-түрі шылау мен одағай, модаль сөздерде болмайды. Шылаулардың сөз байланысындағы орны бүтіндей бөлек. Осы көрсетілген принциптердің негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін – зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін – сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін – сан есім, сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер – есімдік, қимыл, іс-әрекетті білдіретін – етістік, қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін – үстеу, әр түрлі дыбыстарға, қимыл-қозғалыстарға еліктей аталатын – еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модаль сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл күйін білдіру я модальдылық) мәндер қосады.
Сөйтіп, қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады.
1. Зат есім 2. Сын есім 3. Сан есім 4. Есімдік 5. Үстеу
|
6. Етістік 7. Еліктеу сөздер 8. Шылаулар 9. Одағай 10. Модаль сөздер
|
Сөз таптарының шығуы мен дамуы.
Әрине, көрсетілген 10 сөз табының тілімізде, сөйлеу процесінде алатын орны, атқаратын қызметі біркелкі емес. Олардың әрқайсысының ұқсас топтардан айқындылығы, ажыратылу шегі, түрлену жүйесі, жетілу дәрежесі де бірдей емес. Жалпы тілдің өзі тарихи құбылыс болғандықтан, оның грамматикалық топтарының бірі сөз таптары да тарихи құбылыс, олардың қалыптасып, дамып отыру жүйесі бар.
Сөз таптарының шығуын, қалыптасуын бірсыпыра ғалымдар сөйлем мүшелерімен байланыстырады. (М.ГП) Негізгі сөз таптары сөйлеу процесінде сөздердің белгілі сөйлем мүшелері қызметінде жұмсалу барысында біртіндеп жасалып қалыптасқанын көрсетеді. Әрине, бұл процесте сөйлем ішіндегі сөздердің орын тәртібі, орналасу тұрғысының да әсері бар. Өйткені сөздер, бір жағынан, сөйлемдегі орын тәртібі арқылы (бұл сөздердің белгілі тәртіппен орналасуының, қолданыла-қолданыла келіп тұрақталуы негізінде қалыптасады), екінші жағынан, белгілі сөздермен тұрақты синтаксистік қатынас жасап, грамматикалық сипаты айқындалу арқылы белгілі грамматикалық мағыналарға ие бола бастайды. Сол жалпы грамматикалық мағыналарының негізінде сөздер жеке-жеке грамматикалық топтарға яғни сөз таптарына жіктеле бастайды. Тілдің көне балаң шағында сөз таптары бүгінгідей бір-бірінен грамматикалық тұлғалары арқылы да, семантикалық сипаты арқылы да онша ажырап тұрмаған. Ол кезде грамматикалық тұлғалардың деривациялық қызметінің өзі дамымаған, тіпті грамматикалық тұлғалар қалыптаспай тұрғанда сөздер бір-бірімен орын тәртібі арқылы таза аналитикалық жолмен ғана байланысқан. Жіктеу есімдіктерінің Орхон-Енисей жазбаларының тілінде баяндауыш қызметіндегі сөзбен қайталанып тіркесуі, бір жағынан, олардың әлі жіктік жалғауға толық айналып бітпегенін, екінші жағынан, белгі бір сөздің жалпы грамматикалық мағыналарын қалыптастыруда сөздердің қосымшасыз, орны арқылы белгілі қызметте қолданылғанын көрсетеді.
Сөз жоқ, алдымен саралана бастаған – есімдер тобы мен етістіктер. Бұл топтардың өзі сөйлеуде қызметтері, орын тәртібі арқылы ажырап отырған. Есімдер субъект (субстант), объект есебінде, сөйлемнің соңындағы сөздер предикат қызметінде жұмсалып, көпшілік жағдайда бір сөздің өзі әрі есім ұғымында, әрі қимылдық ұғымды орын тәртібіне қарай білдіріп жұмсала берген. Тілімізде қазір омоним деп танылып жүрген, түркі синкретизмі деп аталатын құбылыс яғни есім-етістік негізгі түбірлер осының айғағы болса керек: көш (керуен) - көш (бір жаққа көшу), той (думан, ас беру) - той (тойып тамақ ішу), тоң (қатқан жер, кесек) -тоң (қалтырау, тоңу), ық (жел тимейтін жақ) -ық (желдің ағымымен кету), ой (төмен, ойпаң жер) - ой (жерді қазу), жау (май, көздің жауын алды немесе жаубүйрек, жау жұмыр дегенде, көне түрі: йағ-май) -жақ (майлау, сөз соңындағы ғ дыбысы есім сөзде у дыбысына айналған, етістікте қатаң қ дыбысына ауысқан) сөз, (ақырын, жайлап: тез байығаннан сөз байыған қайырлы деген мәтелде) – сөз (тарту, ұзарту), түт (төбеге, бұрыштарға шаң-тозаңның жиналып қалуы) – түт (майдалау, жүн түту) т.б.
Демек, сөйлемдегі қызметі мен орын тәртібінің тұрақталуы арқасында ең алдымен есім (негізінен зат есім) және етістік сөз топтары қалыптаса бастаған. Сөйлемнің бірінші позициясындағы сөздер зат атауы мен оның алуан түрлі сипаттарын белгілейтін жалпы грамматикалық мағыналарға ие болып, сөйлемнің соңындағы сөздер сол есім сөздердің әр түрлі қимыл, іс-әрекеттерін білдіретін жалпы грамматикалық мағыналарға ие бола бастаған. Көне жазбалардағы сөйлемдердің қазіргі тілмен әсіресе жазба тілмен салыстырғанда өте қарапайым, құрылысы жағынан көбіне жалаң, жай болып келетіні осымен байланысты болса керек.
Есімдер тобы мен етістіктердің сыртқы түр-тұлғасы ерекшелене бастайды да, түркі синкретизмі құбылысына алып келеді. Кейін келе грамматикалық түр-тұлғалар (олар көбіне көмекші сөздердің негізгі сөздер шылауында тұрақты қолданылу непзінде қосымшаларға айнала бастайды) есімдерге де, етістіктерге де жалғана бастайды: кейбір жағдайда есімге де, етістікке де ортақ жалғанса (жоғарыда айтылған қосымша, омоним қосымшалар талдауын қараңыз), енді біразы заттық ұғымға, зат атауының алуан түрлі қасиеттерін білдіретін ұғым атауларына бір түрлі қимылды білдіретін сөздерге басқа түрлі болып жалғанып қалыптасады. Тіл дамуының келесі бір сатысында есімдердің өздері өз ішінде саралана бастайды: зат атауын білдіретін сөздер бір грамматикалық топ болып қалыптасып, өзіндік түрлену жүйесі, парадигмалық сипаты қалыптаса бастайды, сонымен бірге заттың әр түрлі белгісін сындық қасиетін білдіретін сөздер (сын есім) бір бөлек, сандық белгісін білдіретін сөздер (сан есім) бір бөлек, қимылдың әр түрлі белгісін (амалын, сынын, мекенін, мезгілін, мақсатын, себебін т.б.) білдіретін сөздер (үстеу) бір бөлек, негізгі сөздердің орнына жүретін орынбасар сөздер (есімдік) бір бөлек қалыптасады.
Сондай-ақ жеке сөздердің әрі сын есім (жаңа үй), әрі үстеу (жаңа келді) болуын немесе әрі зат есім (фильмнің соңы), әрі үстеу (соң келді) және оның септеулікке, одан қосымшаға айнала бастау процесін көруге болады: барғаннан соң-барған соң-барғасын т.б. Сонымен бірге сын есім мен сан есімнің прономилданып, есімдікке, адвербилданып үстеуге айналуы (бір, біреу, бірге: бір адам, бірге-бірді қос т.б. және бір қара көрінді, біреудің кісісі өлсе, қаралы ол, бірге жүреді), етістіктің, бір жағынан, сын есімге (құттықтау сөз, жа-нар май, сүзеген сиыр, қабаған ит т.б.), екінші жағынан, үстеуге (айнал-а, лық-а, әдей-і, жорт-а, өт-е, ас-а т.б.) айналып отырғанын көреміз және бұл процестің тіл дамуының барысында әрдайым болып отыратынын да байқаймыз.
Сөйтіп, сөз таптарының туып, қалыптасып, дамуын схемалық түрде былай көрсетуге болар еді:
Есім сөз
|
|
Қимылды білдіретін сөз
|
сын есім
|
сан есім
|
|
етістіктің ерекше тұлғалары
|
Қазіргі тілімізде синкретті бір буынды түбірлердің орын алып отыруы көне тілдік құбылыстың көрсеткіштері мен қалдықтары болса, белгілі бір топ қосымшалардың әрі есім түбірге, әрі етістік түбірге бірдей жалғанып, омоформалық қатар құрауы да көне тілдік құбылыстың көрінісі. Бұның өзі, бір жағынан, қазақ тілі грамматикалық құрылысының даму процесін, тенденциясын көрсетсе, екінші жағынан, қазақ тілін көне түркі тілімен жақындастыра, жалғастыра түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |