Пәннің ОҚу- әдістемелік кешені қазақ тілін оқыту әдістемесі 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті 5В020500 «Филология» ОҚУ-Әдістемелік материалдары



бет46/106
Дата04.01.2022
өлшемі2,43 Mb.
#10219
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   106
Мақсаты: Сөзжасамды сөз таптарымен, орфографиямен, тіл мәдениетімен және стилистикамен байланыстыра оқыту жолдары. Сөзжасам әдістемесі. Сөзжасамға арналған жаттығулар. Сөзжасамды оқытуда көрнекі, техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдаланудың тиімділігін көрсету.

Жоспар:



  1. Сөзжасам әдістемесі

  2. Туынды сөздерді талдау

  3. Сөзжасамды меңгертуге арналған жаттығулар.

  4. Сөзжасамды оқытуда көрнекі, техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдаланудың тиімділігі.

Сөз жасам әдістемесі. 1992 жылы қазақ тілі бағдарламасында «Сөздердің жасалуы» атты жаңа бөлім енгізілді. Бұл бөлімнің 4 сынып бағдарламасында: «Сөз тұлғасы туралы түсінік, түбір сөз, қосымшалы сөз, қосымшалы жұрнақ, жалғау, көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары, туынды түбір, түбірлес сөз» деген тақырыптар қамтылса, 5 сынып бағдарламасында «Дара, күрделі сөздер. Біріккен сөз және оның емлесі. Қос сөздер және оның түрлері. Қысқарған сөздер және оның емлесі» сияқты тақырыптар қамтылды. Бұл аталған тақырыптар бұрынғы бағдарламалар мен оқулықтарда «Сөз құрамы», «Сөз тұлғалары» деген жалпы тақырыппен морфология бөлімінде қарастырылып келген болатын. Соңғы кезде сөздердің жасалуын өз алдына бөлім етіп дербес қарастырылуда, яғни оның лингвистикалық негізі – сөздердің жасалу процесі – тек грамматикалық (морфологиялық) құбылыс қана емес, сонымен қатар тіліміздің сөз байлығын молайтатын, сайып келгенде, лексикалық та құбылыс болып табылатындығынан. Басқаша айтқанда, сөздердің жасалуы – лексика-грамматикалық категория.

Тіл туралы ғылымның бір саласы ретінде сөздердің жасалуы – сөздің құрылымын, морфемалық құрамын, сөз жасаудың тәсілдерін және сөздердің жасалуының әртүрлі жолдарын зерттейді.

Мектепте сөздердің жасалуын оқытудың танымдық әрі практикалық зор маңызы бар. Сөздердің жасалуымен танысу, біріншіден, сөз құрылымының дамуы мен сөздердің жасалуы белгілі бір заңдылыққа бағынатынын көрсету болса, екіншіден, тілдің әр түрлі деңгейіндей бірліктердің арасындағы өзара байланыстылықты көрсету, бір жағынан сөз жасау деңгейі, екінші жағынан фонетикалық, лексикалық, грамматикалық деңгейлер, үшіншіден, тілдің грамматикалық құрлысын тереңірек білуге жағдай жасайды.

Сөздердің жасалуы бойынша жұмыстар жүргізу орфографияны білуге, орфографиялық дағдыларды қалыптастыруға негіз болады. Өйткені орфографиялық принциптердің ішінде негізгісі морфологиялық принцип болса, түбір сөздің жазылуы барлық жерде де бастапқы қалпын сақтайды.

Сөздердің жасалу жолдарын үйрету – грамматиканың морфологиялық құбылыстары туралы білім берудің, сөз таптарының ерекшеліктерін білдірудің негізі. Қазақ сөздерінің аналитикалық және синтетикалық жолмен жасалатынынан мәлімет беріп, қазақ тілінің табиғаты туралы түсінік қалыптастырылады. Әсіресе, қазақ тілінің жалғамалы тілдер табына енетініне баса назар аударту олардың әр түрлі тілдердің ішкі заңдылықтарын тануына да негіз болады. Осы табиғаты арқылы тіл білімі салалары түрлі тілдерде түрліше сипатқа ие болатынын түсінеді. Мысалы, қазақ тілі мен өзі оқитын шет тілінің арасындағы айырмашылықтардың себебін саналы түрде меңгереді.

Қазақ тілінің жалғамалық сипаты оның адам ойын жеткізудің пәрменді құралы болуының бір себебі екеніне мән берілгені жөн. Мысалы, жаңа сөздердің бәрі тек жалаң түбірлерден ғана емес, туынды түбірлерден де өрбитініне көз жеткізу арқылы жалғамалы тілдің артықшылығын аңғаруға болады: тең-гер-ме-ші-лік, оқы-мыс-ты-лық т.б. Осы секілді сөздердің әрбір жұрнақ жалғанған қалпындағы мағыналарына талдау жасату тек сөз мағынасы мен қосымшаның өзара байланыстылығын танытып қана қоймайды, сонымен қатар сөз түрлендірудегі белгілі бір жүйелі заңдылықтың болатынын ұғындырады. Бұл білім бұдан кейінгі оқылатын «Сөз таптары» тақырыбын дұрыс түсініп, олардың әрқайсысының өзіне тән белгілерін тез аңғаруға тірек болады. Сөздердің жұрнақтары арқылы бірінен екіншсіне «көшіп отыруының» да түпкі себебін, яғни жұрнақтың сөз мағынасын өзгертудегі рөлін жете сезіндіруге ықпал етеді.



Сөздердің жасалуын оқытуда да негізгі тәсілдің бірі әр терминнің мәнін оқушының өзі түсінетіндей, аша алатындай, оның тілдік сипаты мен бірлігін байланыстыра білетіндей жүйеде меңгерту болып саналады. Оған жоғарыда айтып өткеніміздей, термин атауы мен оның білдіретін мағынасы, атқаратын қызметінің арасындағы тұтастықты дұрыс аңғартқан тиімді. Мысалы: түбір – нәрсенің, заттың ең негізгі бөлшегі дегенді білдірсе, сөз түбірі я түбір сөз деген ұғымды осы түсінікпен байланыстыра айтқанда, кез келген сөздің ең негізгі бөлігі болып саналады. Ал сөз дегеніміздің ең басты қасиеті оның белгілі бір мағынаны білдіруі болса, одан оқушылардың өзі бұл ережені шамамен былай топшылайды: «сөздің түбірі – сол сөздің ең негізгі, белгілі бір мағынаны білдіретін бөлігі». Ал «түбір сөз – ешқандай қосымша жалғанбай-ақ, өз алдына белгілі бір ұғымның атауын білдіретін сөз» дегенді тұжырымдай алатыны сөзсіз. Түбір сөздердің жаңа сөздерді тудыруға ұйытқы болатынына түбірлес сөздерді мысал ете отырып көз жеткізіледі: біл – білім – білік – білгір – білгіш – білін – білген – білу – біліс – білдір – білме т.б. осы сөздердің әрқайсысының мағынасын айтқызып, олардың тұлғалық, мағыналық ерекшеліктерін салыстыру қажет. Осындай мағұлыматтарға сүйеніп және 5-сыныпта өткенді еске түсіре отырып, оқушылардың өздеріне түбір сөзге тән мынандай белгілерді саралауға болады:

  1. Түбір сөз белгілі бір лексикалық мағынаны білдіреді;

  2. Түбір сөз қосымшасыз дара тұлғада болады;

  3. Түбір сөз жаңа сөздерді жасауға негіз, ұйытқы болады;

  4. Түбір сөз бір, екі не одан да көп буынды болады (бір, етік, жоғары);

  5. Түбір сөз бір, екі не да көп мағынаны білдіреді.Мыс. ақ сөзі

Туынды сөз немесе туынды түбір деген ұғымның да мәнін бұрынғы білімдеріне сүйене отырып ашуға болады. Бір түбірден бірнеше туынды сөз тудыруға болады, сондай-ақ бір түбірден жасалған туынды түбірлердің әрі қарай да бірнеше рет түрленетіні еске түсіріледі. Мысалы: ұйы-м-ұйым –шыл-ұйымшыл-дық. Ең бастағы түбірі әрекетті білдіретін сөз болса, м жұрнағы арқылы заттық мағынадағы бір жаңа сөз туды (ұйым); ал –шыл жұрнағы жалғанғанда мүлде жаңа сипатта сындық мағынаны білдіретін сөз пайда болды. (ұйымшыл). Ал сол туынды түбірге –дық жұрнағын жалғап едік, қайтадан абстрактілі мағынаны білдіретін заттық ұғымдағы сөз жасалды (ұйымшылдық). Сонда о баста іс-қимылдан зат атауы, одан мындық мағыналы сөз, одан қайта заттық ұғым атауы пайда болды. Бұдан оқушылар бір сөзге әр түрлі жұрнақтар қосылуының нәтижесінде сөздердің мағынасы өзгерумен бірге сөз табына енуі жағынан да өзгеретінін, яғни олар бір топтан екінші топқа ауыса береді деген түйін жасайды. Бұл бір сөз табынан екінші сөз табына ауысатын сөздердің табиғатын алдағы уақытта тез түсіндіруге де қолайлы болады. Осы тұста сөздерге жұрнақ жалғану арқылы туатын сөздерді тағы да түйіндеп алу артық емес. Мұнда да «морфологиялық тәсіл» деген терминге кеңірек түсінік берген ұтымды. Себебі осы тәсіл сөздердің топтастырылуын меңгертуде маңызды рөл атқарады: бір жағынан, әр сөз табының өзіне тән қосымша түрлері болатынын білдірсе, екінші жағынан, сол қосымшалардың басқа сөз табына қатысты сөздерге жалғану арқылы морфологиялық өзгерістер тудыратынына көңіл бөлінеді

Сөзжасамның үшінші бір тәсілі – синтаксистік тәсіл. Ол арқылы сөздер тіркесу, бірігу, қосарлану, қысқару нәтижесінде күрделілік сипат алады. Күрделі сөздердің өзіне тән басты ерекшеліктері: 1) олардың біртұтас мағынаны білдіретіндігіне, 2) бір ғана сұраққа жауап беретіндігіне, 3) бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқаратындығына назар аударту мәселесі де алда оқылатын сөз таптарына дайындықты тереңдетеді. Олардың да туынды сөздер қатарына ену себептерін нақты мысалдармен дәлелдетіп отырған ұтымды.

Морфологиялық тәсіл арқылы жасалған сөздердің жалаң сөздер деп, ал синтаксистік тәсіл арқылы жасалған сөздердің күрделі сөздер деп аталуына мән беріліп, ол ұғымдардың сөз құрамымен байланыстылығы ажыратып түсіндіріледі. Сонда оқушы олардың өзара ұқсастығы неде, айырмашылығы қандай деген мәселелерді өздігінен тануына негіз қаланады. Бұл морфологиялық іскерлік қалптастырудың алғашқы сатысы ретінде сараланады. Жаттығу жұмыстарында сөздерді тұлғасына қарай ажыратып, олардың емілесіне көңіл бөлу – жалаң және күрделі сөздердің сөйлемдегі басқа сөздермен мағыналық қарым-қатынасын дәл тануға әкеледі. Олардың айтылы, жазылу нормаларын 5-сыныпта игерілген фонетикалық білімдермен сабақтастық салааралық, тақырып аралық байланыстардың беріктігіне кепіл болады. Мысалы, түбір мен қосымшалар арасындағы орфографиялық заңдылықтарға негіз ретінде үндестік заңы мен кейінді, ілгерінді ықпал туралы білімдердің алынуы, я күрделі сөздердің құрамын талдау, ондағы ондағы дыбыстық өзгерістер деген мәселелер де лексика мен фонетика бойынша алынған тілдік мәліметтерді жаңғыртуды өз-өзінен қажет етеді. Мәселен, біріккен сөздерді оқытуда оның құрамындағы сөздердің өзара әсері нақтылануы тиіс. Түбір қалпын сақтап бірігетін сөздер мен дыбыстық өзгеріске түсіп бірігетін сөздердің ерекшеліктері қандай заңдылықтармен байланысты екендігін оқушының өзіне талдату қажет.

Дыбыстық өзгерістердің кірігу жолымен жасалған сөздерде айқын көрінетіні белгілі. Сондықтан «кіріккен сөз» терминінінің өзі осы орфоэпиялық ерекшеліктерден туындап тұрғаны түсіндірілуі тиіс. Мысалы: әкел – алып кел, бүгін – бұл күн, білезік – білек жүзік, қыстыгүні – қысытың күні, бұрнағы күн – бұдан арғы күн. Оларды нақтылау оқушылардың үлесіне қалдырылуы әрі танымдық, әрі шығармашылық жұмыстардың қатар жүргізілуін қамтамасыз етеді. Әр бағыттағы дидактикалық материалмен жұмыс жасату үстінде біріккен сөздердің емлесі оңай меңгертіледі. Әсіресе, біріккен сөз қалпындағы түрінде де, сол сөздердің жеке тұрғандағы мағыналарына да қатысты жаттығуларды орындатқан тиімді болады. Мысалы: Сәбидің атын ауыл ақсақалы ырымдап Өмірзақ қойды. Оның берген батасы баланың өмірі ұзақ болса екен деген ниетті білдіріп еді. 2. Биыл қар қалың боп жауды. Бұл жыл ерекше табысты болды.

Біріккен сөздердің ішінде, әсіресе, әр, кей, әлде, еш, бір, сөздерінің қатысуымен жалғанғандарының емлесін оқыту біршама қиындық туғызады. Оның мәні бұл сөздердің кейде біріккен сөз құрамында, кейде күрделі тіркес құрамында қолданылуымен байланысты ажыратылады. Біріккен сөз құрамында келсе, сол бірігетін сөзімен бірге жазылатыны, ал күрделі сөз құрамында келсе, бөлек жазылатыны туралы берілетін білімнің нәтижелілігі, әрине, оның да нақты, әрі түсінікті жеткізілуіне тікелей қатысты болмақ. Сондықтан алғашқы ұғым (әлі сөз таптарын өтілмегенін ескеріп) мынандай мазмұнда берілген жөн: 1. Егер әрі, кей, әлде, еш, бір сөздері сұраулық мағынадағы сөздермен қатар келсе, бірігіп жазылады. Ал заттық мағынадағы сөздермен қатар келсе, бөлек жазылады.Мысалы. әркім – әр адам т.б.

Осы тұста біріккен сөздердің жазылуы туралы бұл білімнің алдағы «Сөз таптарын» өткенде тағы да қайталанып берілетінін, себебі мұндай біріккен сөздердің «есімдік» секілді сөз табының түрлерімен тікелей байланысты екендігін мұғалімнің ескертуі балалардың «таяу арадағы даму аймағын» ескере отырып оқыту идеясымен де шектеседі. Ұндай ескерту бала бойында екі түрлі оқу мотивін оятуға себеп болады. Біріншіден, сөз емлесін білу сауаттылық негізі екенін түсінуі арқылы сол білімге деген ішкі қажеттігі туады. Екіншіден, өзіне әлі беймәлім сөз әлеменің сырларын білуге қызығушылығы туады.

Күрделі сөздердің ішінде «Қос сөздердің» оқытылуында да мұғалім ескертуге тиісті және оқушы назарын ерекше аударуға міндетті мәселелер аз емес. Соның бірі, терминге талдау жасата отырып, тілдік құбылыстың сырын ашу. Мұнда «қос сөз» «қайталама қос сөз» «қосарлама қос сөз» деген терминдердің мағынасын ашып алып, мысалдар арқылы оқушының өзіне түйін жасату қажет. Бастауыш сыныптардағы, 5-сыныптағы шолу түрінде берілген білімдеріне сүйене отырып, ережені өздеріне шығарту оқыту әдістерінің түрленуі арқылы білім сапасын көтереді.

Қос сөздердің тұлғалық ерекшеліктерін саралатып алғаннан кейінгі жұмыс, сол сөздердің мағыналық ерекшеліктерін айтқызу болып табылады. Ол үшін қос сөз құрамындағы мағынасының өзара байланысы мен ерекшеліктеріне талдау жасата отырып түсіндірудің тиімдіділігін әдіскер-ғалым Б.Кәтенбаева өте дәл пайымдап береді: « айталық, ата және ана деген екі сөздің түбір қалпындағы мағынасы жалпылық ұғымды білдіретін зат есімдер болса, ата-ана деп қосарлап қолданғанда, сол нақты ұғымнан абстракты, жинақтық мағына туып тұрғанына көз жеткізу керек»

Күшейткіш буындар арқылы жасалған сөздердің құрамындағы алғашқы буындардың мағыналары жоқтығы ескеріліп, бұлар соңғы өзі қатысты сөзінің мағынасын күшейтіп, асыра көтеру, реңктік мағыналар үстемелеп тұрғанын аңғарту керек. Мұнда тәуір-тәуір дегеннен тәп-тәуір деп айтудың әсерлі екендігі ескерілуі тиіс.

Қос сөздердің мұндай мағыналық жүйесіне мән беру оқушының оларды талғап қолдануына бағыт береді, әрі қос сөздердің ойды берудегі стильдік бояуларын дұрыс тануға қажетті машықтарын қалыптастырады.

Егер қазақ тілі пәнінің басты талаптарының бірі – тек тілдік машық-дағдылар берумен шектелмей, оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру екендігін ескерсек, осы міндетті орындаудағы өте қолайлы тақырыптың бірі – қысқарған сөздерді оқыту.

Қысқарған сөздер – қазақ тілінің сөздік қорына қазан төңкерісінен кейін енген жаңа ұғымдармен тікелей байланысты. Мыс: БЛКЖО, облыстық комитет – обком, ҚазПи т.б.

Тілдің табиғаты сөздерді ықшамдап айтуға, жазуға қолайлы етіп алуды, үнемділікті қажет етеді. Осы себептен қолданысқа ыңғайландырылып күрделі атауларды шартты түрде қысқартып айтудың қажеті туды. Әуел баста қазақша айтылуы бойынша қысқартылыған сөздер біршама уақыттан кейін қайта қаралып, бір жүйеде – орыс тіліндегі атаулардың реті бойынша жазылуы туралы ережеге бағындырылды. Оған бірнеше тарихи-әлеуметтік себептер негіз болды. Атап айтқанда, ортақ идеяны ұстанып, ортақ экономикалық базаға біріктірілген бірнеше ұлттық мемлекеттердің ортақ атауларды сол қалпында қабылдауы тиіс болды...

Күрделі сөз құрамындағы айрықша мән беріп оқытатылуға тиіс тақырып – тіркескен күрделі сөздер. Бұл тақырыптың күрделілігі сонда мұны әлі күнге дейін әр түрлі түсіндіріп жүр.сондықтан «тіркесті сөздер» ұғымын түсіну үшін оның не үшін күрделі сөздер тобына жататындығын күрделі сөздің белгілеріне қалай сәйкестенетінін түсіндірген қолайлы. Біріншіден, тіркесті сөздердің құрамында екі я одан да көп сөздер тіркесіп, бір ғана сұрақ ұғымды білдіреді. Екіншіден, олардың бәріне бір-ақ сұрақ қойылады. Үшіншіден, олар бір сөйлем мүшесі болады.Бұл жағынан тұрақты тіркестерге ұқсас болып келеді. Дегенмен, үлкен өзгешелігі бар: оның құрамындағы әр сөздің мағынасы өзі білдіретін ұғымға қатысты болады (боз торғай «түсі боз торғай дегенді білдіреді) екіншіден, оның құрамындағы сөздерді тиісті ұғымға қарай өзгертуге болады ( қара торғай, боз торғай(

Қосымшаның төмендегідей негізгі белгілерін өздеріне жүйелетіп, ереже дәптерлеріне жазғызу:


  • Қосымша түбір сөздерге жалғанады;

  • Қосымша түбір сөздегі дыбыстардың ерекшелігіне сәйкес жалғанады,

  • Қосымша өзі жалғанған сөзге мағына үстейді немесе сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстырады.

  • Қазақ тілінің төл сөздерінде қосымша мен түбір сөздің арасындағы дыбыс, буын үндестіктері сақталады, ал кейбір басқа тілден енген сөздерде сақталмауы мүмкін;

  • Қазақ тіліндегі қосымшалар белгілі бір заңдылық бойынша бір-бірінің үстіне жалғана береді, ал орыс тілінде түбір сөзге бір ғана қосымша жалғанады.

Дәрісті қорытындылау: Сөзжасамды сөз таптарымен, орфографиямен, тіл мәдениетімен және стилистикамен байланыстыра оқыту жолдары. Сөзжасам әдістемесі. Сөзжасамға арналған жаттығулар.

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:



  1. Сөзжасам әдістемесі

  2. Туынды сөздерді талдау

  3. Сөзжасамды меңгертуге арналған жаттығулар.

  4. Сөзжасамды оқытуда көрнекі, техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдаланудың тиімділігі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   106




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет