Ұғымдар – дүниенің ойлаудағы сәулелену формаларының бірі, ұғымдардың пайда болуы – абстракт ойлаудың нәтижесі. Ұғымның екі түрі болады: жалпы ұғым және жекелік ұғым.
Жалпы ұғым – жекелеген заттар не құбылыстар емес, біртектес заттар мен құбылысчтардың тұтас бірлігі. Олар бір атаумен беріледі. Мысалы. Дыбыс, қосымша т.б.
Жекелік ұғым – нақты тілдік обьектілер жөніндегі ұғымдар болады. Мысалы, дауысты дыбыс, жұрнақ, жалғау т.б.
Себеп-салдарлық байланыстар обьектілердің, құбылыстардың, процестердің арасындағы себептік қатынастарды білдіреді. Бұл байланыстарды тереңірек ашу тілдік құбылыстың ғылыми дәрежесін айқындайды.
Заңдылықтар обьектілердің, құбылыстардың, процестердің арасындағы неғұрлым негізгі, әрқашан қайталанып отыратын, біршама тұрақты байланыстар мен қатынастарды білдіреді.
Түсініктер – тілдік обьектілердің сезім бейнелері. Бұл суретердің жасалуына байланысты түсініктер ес және елес түсініктер болып бөлінеді.
Фактілер тіл пәнінде алуан түрлі: дыбыс, буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем.
2. Дағды әрекеттің автоматты орындалуы болып есептеледі.
3. Іскерлік – әрекет тәсілі болып есептеледі. Ол арқылы оқушы алған біліміне сүйенеді, оны үй тапсырсаларын орындауда қолданады, жаңа білім алады. Іскерлікті пайдалану әр уақыт ойлануды қажет етеді, онда автоматтық болмайды. Іскерлікті пайдалана отырып оқушылар әр түрлі ойлау әрекетін іске асыралды – анализ, синтез, жинақтау, абстрактілеу, салыстыру – бұлардың бәрі оқушылардың ойлауын дамытады.
Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілінің әдістемесі ғылымының зерттеу нысаны мен пәні, методологиялық – теориялық негіздері туралы мағлұмат. Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу, даму жолдары. Әдістемелік мұра және оны талдау әдістері
Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
Қазақ тілін оқыту әдістемесі – ғылым. Себебі ....
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттеу обьектісі
3. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу әдістері
4. . Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық әдістері
5. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің эмпирикалық әдістері
6. Қазақ тілін оқыту мақсаттарын атаңыз
7. Қазақ тілі пәнінің міндеті
8. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің міндеті
9. Қазақ тілі пәнінің мазмұны
10. Білім нешеге бөлінеді?
11. Дағды дегеніміз не?
12. Іскерлік дегеніміз не?
Әдебиеттер:
1. Қазак тілі окулықтары мен бағдарламалары
2. Салқынбай А., Көккөзова М.Қазақтың тілші-әдіскер тұлғалары. Алматы, 2006
3. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005
4. Т.В.Аренова. Тілдерді оқытудағы жаңа бағыт. - Қазақ тілі: әдістеме. №1 2008 (15)
5. Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010
№2Дәріс. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздері. Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің психология, педагогика, логика, философия ғылымдармен байланысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары.
Мақсаты: Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздеріне шолу жасау. Қазақ тілін оқыт әдістемесі пәнінің психология, педагогика, логика, философия ғылымдармен байланысын көрсету. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары туралы білім беру
Жоспар:
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тіл білімімен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің психологиямен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің педагогикамен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
а) Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы
ә) Жүйелілік ұстанымы
б) Көрнекілік ұстанымы
в) Саналылық пен белсенділік ұстанымы
г) Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
ғ) Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
д) Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы
Тіл білімімен байланысы. Лингвистика мен әдістеме бір-бірімен тығыз байланыста жүреді. Әдістеме мен лингвистика ғылымдарының байланысы оқу үрдісінің екі жағы – оқыту объектісі мен оқыту тәсілінің тығыз бірлікте жүретіндігі арқылы анықталады. Яғни оның алғашқысы неге үйрету керек деген мәселені анықтаса, екіншісі қалай үйрету керек дегенді шешеді. Көптеген атақты лингвистердің шебер әдіскер болғандықтарының өзі бекерден-бекер емес. Олардың ішінен Л.В.Щерба, О.Есперсен, А.Х.Востоков, Ф.И.Буслаев, А.М.Пешковский сияқты белгілі ғалым-лингвистерді атап өтуге болады. Бұл ғалымдардың барлығы да лингвистика мен әдістеме ғылымының бірлікте жүретінін көрсете отырып, оны ары қарай дамытуға ықпал жасады. “Таким образом, мы приходим к очень важному выводу, а именно, что методика преподавания иностранных языков опирается, в отличие от прочих методик, не только на данные психологий, но и на данные общего или теоретического языкопознания”, - деп Л.В.Щерба лингвистика ғылымының әдістеме ғылымында атқаратын рөлі туралы пікір айтады.
Тіл білімінің негізгі заңдылықтарын жетік меңгермей тұрып, тілді дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуге үйрету мүмкін емес. А.Байтұрсынұлы “Тіл – құрал” еңбегінде: “ ... сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлеген сөздің жүйесін, қисынын келтіріп, сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қилысып, жалғасатын дағдысын білу керек”,- деп қорытынды жасайды . Бұл жерде ғалым дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білу үшін негізгі тілдік заңдылықтар мен қағидаларды білудің маңыздылығын көрсеткен.
Сондай-ақ, ғалым Ф.Ш.Оразбаева: “Лингвистикалық заңдылықтар мен грамматикалық ережелерді үйренбей тұрып, адам өз ойын дұрыс жеткізе алмайды, сол тілде сөйлей алмайды”,- деген тұжырым жасайды.
Яғни, қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтін басты нысаны оқушыларға тілді меңгерту болғандықтан, ол ең алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Өйткені мектепте қазақ тілі пәнінен өтілетін материал тіл білімі ғылымының негізінде белгіленеді. Атап айтқанда, фонетиканы оқыту әдістемесі, лексиканы оқыту әдістемесі т.с.с. аталудың өзі тікелей қазақ тіл білімі салаларының атаулары екені өз-өзінен түсінікті. Сондай-ақ, мысалы, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдаулар - әдістемелік тәсілдер, ал бұл атаулардың өздері және мазмұны тіл біліміне тән. Ендеше қазақ тілін оқыту әдістемесі өзінің бұдан былайғы даму барысында тек педагогикалық қана емес, белгілі дәрежеде тіл білімдік ғылым болып та қалыптасуда. Мысалы, тіл білімінен берілетін фонетикалық мағлұматтар дыбыстарды дұрыс айту, жазу, дұрыс сөйлеу, мәнерлеп оқуға, емлеге үйрету сияқты әдістемелік мәселелермен тығыз байланысты іске асырылады.
Ендеше әдістемелік негізде мектеп грамматикасы мен ғылыми грамматика бір-бірімен тығыз байланысты, тіпті біртұтас деуге де болады.
2. Психологиямен байланысы. Психология оқушының психологиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары жүйке жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп қазақ тілін оқытуға байланысты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді.
Мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады Оқушының психологиясын білмей тұрып, қазақ тілі әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Бұл әдістер мен тәсілдер оқушылардың жеке басының ерекшеліктерін, ойлау қабілетінің даму процесін, жалпы жетілуін есепке алмайынша, мақсатқа жете алмайды.
3. Педагогикамен байланысы. Жалпы тұрғыда педагогика жас ұрпақтарға білім, тәрбие берудің мәні, мақсаты, мазмұны, әдістері, құралдары мен ұйымдастыру түрлері туралы ғылым ретінде сипатталады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі - оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Әдістеме дидактика ұсынған оқыту принциптеріне, оқыту әдістерінің теориясына сүйенеді. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында ұрпақ тәрбиелеу проблемаларын талдап-шешуге қатысады, қазақ тілі сабақтарында берілетін тәрбиенің жолдарын (бұл тәрбиеге мазмұны сәйкес материалды, мысалдарды сұрыптау, көркем шығарма материалын пайдалану т.б.) тіл құралдары арқылы іске асыруды жан-жақты қарастырады.
4. Қазақ тілін оқытудың ұстанымдары
Қазақ тілі әдістемесі - ана тілін ұғынудың заңдылықтарын, тілдің қыры мен сырын балаға үйретудің жолдары мен құралдарын зерттейтін педагогика ғылымының бір саласы. Педагогика ғылымының дидактика саласы оқыту; ұстанымдарын, оқуды ұйымдастырудың алуан түрлі әдіс-тәсілдерін, білімді игертудің ең тиімді, ұтымды жолдарын, іскерлік пен дағдыны қалыптастырудың амалдарын зерттейді. Сабақ үстінде, тақырыпты меңгерту барысында мұғалім дидактиканың оқыту, білім беру жөніндегі теориялық қағидаларына сүйенеді.
XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі чех педагогі Ян Амос Коменский дидактика саласында еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа өшпес із қалдырды. Педагогтің "Ұлы дидактика" еңбегінен кейінгі ұрпаққа өнеге болатындай сөздер орын алды. Кейбір педагогтар баланың сезім қабілетін ескермей, оның ақылын дамытуды ғана көздеген. Оқыту мен тәрбиелеудің бұл тәсіліне Я.А.Коменский қарсы болды. Ол әр түрлі сыртқы әсерлерді адамның қабылдауы сезімнен басталатындығын өз еңбегінде айтқан. Оқу- тәрбие жұмысының негізгі әдісі - баяндау мен сөзге құрылған бақылау емес, дидактика заңдарын терең қолданып, жаттықтыру, яғни білімді іскерлік негізінде меңгеріп, оны дағдыға айналдыру. Осы тұрғыда Я.А.Коменскийдің мектепті жаттығу орнына балауының маңызы зор. Ол: "Білімнің негізі зат пен құбылыстың өз табиғатынан алынсын. Ұстаз аз сөйлеп, шәкірт көп үйренетін болсын. Тәртібі жоқ мектеп сусыз диірменге ұқсайды. Білімнің негізінде әдемі зат, көркем текст содан соң талдау, аяғында қорыту тұрады" - деген дидактикалық қағидалары осы күнге дейін өзінің құнын жойған жоқ.
Я.А.Коменскийдің идеясын одан әрі жалғастырған орыс педагогі К.Д.Ушинский ана тілін мектепте оқылатын пәндердің негізгісіне теңеп: "Ана тілін толық меңгермеген бала тарихты, географияны, жаратылыстану ғылымдарын және математиканы үйренген кезде теореманы немесе математикалық есепті өз сөзімен айтып бере алмайтын күйге ұшырайды. Ана тілі басқа пәндердің бәріне қатысы бар және олардың нәтижелерін өзіне жинастыратын басты, өзекті пән екені енді түсінікті емес пе?"- деген болатын. К.Д.Ушинский оқу материалын меңгеруде әңгіме, салыстыру, пысықтау, бекіту сияқты әдістерді тиімді қолданудың жолдарын көрсетеді.
Дидактика - педагогика ғылымының білім беру және оны оқыту теориясын қарастыратын саласы. Ол білімнің мазмұнын, ғылыми негізін, оқыту әдістерін зерттейді. Нені оқыту керек, қалай оқыту қажет деген сұрақтарды шешіп отырады. Осы мәселелер женінде өзінің ұстанымдарын белгілейді.
Қазақ тілін оқыту жөніндегі әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде дидактикалық ұстанымдардың бірнеше түрлері қамтылған. Б.Құлмағанбетова дидактикалық ұстанымдардын сегіз түрін, атап айтқанда, оқытудың ғылыми ұстанымын, жүйелілік ұстанымын, материалды дұрыс орналастыру ұстанымын, алдын-ала болжау ұстанымын, саналылық ұстанымын, оқытудың берік, тиянақты болу ұстанымын; теория мен практиканы өмірмен байланыстыру ұстанымын, оқытудың көрнекілік ұстанымын ұсынады.
С.Қазыбаев балаларды тәрбиелеу әрі дамыту,оқу материалын саналы меңгерту, ғылыми дұрыс білім беру, білім, білік, дағды беріктігі, түсініктілік, көрнекілік, оқушылардың оқу еңбегінде көрсеткен белсенділігі мен өздік жұмысы, білімнің жүйелілік және бірізділігі, оқытудың сабақтастығы ұстанымдарын -барлығы тоғыз ұстанымның қажеттігін айтады.
Әдіскердің ұсынған сабақтастылық ұстанымы Б.Құлмағанбетова ұсынған алдын-ала болжау ұстанымына ұқсас. Дегенмен, айырмашылығы да бар. Бұл екі ұстаным да алдыңғы сабақта өтілген материалдың толықтырылатынын ескертеді. Бірақ, алдын-ала болжау - алдыңғы сабақта оқытылатын материалды меңгертудің тиімділігін алдын-ала болжап, бастауыш сыныптарда өтілген тақырыптар жоғары сыныптарда толықтырылып өтілетініне сүйенеді. Ал сабақтастық ұстанымында әр күн, әр тақырып, әр бөлім бір-бірімен сатылап байланысады.
Ә.Исабаев ұстанымдарды ғылыми, жүйелі, көрнекілік, саналылық пен белсенділік, теорияны практикамен байланыстыру, түсінуге жеңіл қолайлылық, оқушылардың психикалық ерекшелігін ескеру ұстанымдары деп топтастырады. Әдіскер ұсынған оқушылардың психикалық ерекшелігін ескеру ұстанымы басқа әдіскерлердің еңбектерінде кездеспейді.
А.Әбілқаев оқытудың тоғыз ұстанымын ұсынады. Әдіскер ұсынған жаңа ұстаным - перспективті ұстанымы. Перспективті ұстанымы оқыту тек әрбір сабақтың ғана мақсатын көздемей, сол сабақта не оқытылады, қазіргі оқытылып жатқан материалды оқушылар ұққанда, оның келешекте өтілетін материалды меңгеруге қандай көмегі бар дегенді негізге алады.
Қазақ тілін оқытудың барысында мұғалім оқытудың формалары мазмұнын, міндеттерін шешуде, әдістемені анықтауда дидактикалық принципті басшылыққа алады. Принцип - латын сөзі основа первоначально-руководящая идея... қазақшасы - оқытуда басшылыққа алатын идея, қағида. Қазақ тілін оқытудың барлық сатысында бағыт беретін негізгі жұмыс бағыты осы.
Дидактикалық принципті алғашқы зерттегендер: чехтың ұлы педагогі Я.А.Коменскийден басталса, орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушинский, қазақ халқында Ы.Алтынсарин құнды пікір айтты. Оқытудың бағытын, принциптерін зерттеуде Одақ /кеңес/ кезінде педагог ғалымдарымыз көп еңбек сіңірді. Мысалы, Н.А.Сарокин оқыту принциптерінің 8 түрін тұжырымдап көрсетсе, М.А.Данилов /"Дидактика средней школы"/ 1975 ж. кітабында дидактикалық принциптің 7 түріне түсінік береді. Т.А.Ильина "Педагогика" кітабында оқытудың 7 түрлі принциптеріне анықтама береді. Ю.К.Бабанский /Педагогика, І977 ж./ оқыту принциптерінің 13 түріне тоқталады.
Қазақ балаларын оқытуда Ы.Алтынсарин мұғалімдерге өте жоғары талап қоя білген: «...әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру, өз оқулығында /"Қырғыз хрестоматиясы"/ тақырыптарға сәйкес суреттеу, сурет арқылы беру сияқты, көркем жазуды, әріптердің формасын дұрыс түсінуге, дағдыландыруды үйрету ...шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің - көз, қол, есту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру, баланың барлық қабілеттерін жаттықтыру арқылы және оған өз бетімен жұмыс істеу керек», - дейді. Ы.Алтынсарин оқыту принциптеріне: түсініктілік принципі, көрнекілік принципі, жаттығу принципі, өз бетінше оқыту, саналылық принципін ұсынған.
Қазақ тілін оқыту әдістемелерінде оқытудың 4 және 7 түрлеріне талдау жасалынған.
Сонымен қазақ тілін оқыту принциптері былайша топтастырылады:
а) Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы
ә) Жүйелілік ұстанымы
б) Көрнекілік ұстанымы
в) Саналылық пен белсенділік ұстанымы
г) Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
ғ) Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
д) Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
Заман талабына сай оқыту принциптері іздеуді, зерттеуді қажет ете береді.
Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы Қазақ тілінің негізгі салаларын оқыту да ғылыми фактілерге, дәлелдеулерге, ұғымдарға, екінші сөзбен айтқанда, ғылыми принципке негізделеді. Профессор Ә.Исабаев: «Оқушыларға берілетін тілдік мәліметтер төмендегі өлшемге сәйкес болуы қажет: Меңгерілетін объектінің термині анық болуы қажет, мәселен төртінші және бесінші сынып оқушыларына берілетін және онымен таныстырылатын терминнің аясын аса ғылыми дәрежеде кеңейтіп беруге болмайды: айталық дауысты дыбыстарды – вокализм деп, дауыссыз дыбыстарды – консонантизм деп түсіндіруге келмейді. Сондай-ақ қосынды дауыстыларды – дифтонгит деп түсіндіруге болмайды. Сондықтан да қазақ тілінен нақтылы білім беруде, сол сынып деңгейіне ғана сиятын терминдерді ғана пайдалануға болады», - дейді.Сонымен қатар меңгерілетін тақырыптарды өзіндік белгілерінің, анықтамалар мен ережелерінің, берілетін практикалық дағдылардың дәл, анық болуы мектеп оқушыларының тілдік материалды жан-жақты түсінуіне септігін тигізеді. Сөйтіп, қазақ тілін оқыту барысында оқытушы берілетін білімнің (тақырыптың) ғылыми жағына, оның зерттелуі, тарихи даму ерекшелігі, ғылыми фактілер, анықтамалар, терминдерді оқушылардың жас ерекшелігіне қарай түсінікті айту арқылы жүргізеді.
Жүйелілік ұстанымы
Қазақ тілін оқытуда оқытушының бірінші басшылыққа алатыны - әр сыныптың жас ерекшелігіне байланысты білім көлемінің бір жүйеде берілуі. Бағдарламада берілген материалдың орналасу жүйесі бастауыш сыныпта, орта және жоғарғы сыныпта көрсетілген. Берілген материалдар сабақтаса отырып, толықтырылып, кеңейтіліп, сатыдан сатыға өткен сайын тереңдеп ғылыми жағынан байып отырады. Мысалы: 6-сыныпта «Зат есім» тақырыбы бойынша алдымен анықтамасы, сұрақтары, мағыналары, түрлері оқытылса 7-сыныпта «Зат есімнің түрленуі» тақырыбымен толықтырылады. Яғни, зат есімнің көптелуі, тәуелденуі, септелуі, жіктелуімен сабақтастырылады. Бағдарламада көрсетілген тәртіптелген өзара байланысты білім жүйесі ғана жас ұрпаққа іс жүзінде пайда келтіріп, әрі қарай білімді терең игеру жүйесіне түседі. К.Д.Ушинский: «Тек жүйе ғана бізге өзіміздің білімімізді бақылауымызға толық билік береді. Үздік-үздік өзара байланыссыз білімге толы бас, ішінде барлық заттары шашылып жатқан, онан қожасының өзі де ештеңе таба алмайтын қоймаға ұқсайды, ішінде білімсіз жүйесі ғана бар бас, барлық жәшіктеріңде жазуы бар, ал жәшіктері қаңырап бос жатқан дүниеге ұқсас». /К.Д.Ушинский: «О преподавании русского языка. Соч. 5, М.: Изд-во, АПН РСФСР, 1949, ст. 355/. К.Д.Ушинский жүйелілік қана өз білімімізді толық меңгеруімізге мүмкіндік береді деп санаған. Бірімен-бірі байланыспаған әр түрлі мәліметтердің үзінділері түріндегі білімнен адам өзіне керегін тез таба да, пайдалана алмайды деген болатын. Сондықтан оқушыға оқытылуға тиісті тілдік мәліметтер әбден ойластырылған, тілдің табиғатына сай, олардың бір-бірімен байланыстылығының негізінде берілуі керек.
Жүйелілік принципі жаңа материалды түсіндіруде, білім мен дағдыларды бекітуде, біріккен сабақ құрылымында, білім мен дағдыларды тексеруде, пысықтау мен қайталауда, үй тапсырмасын беруде және оны тексеріп, еске түсіруде іске асырылады.
Көрнекілік ұстанымы
Көрнекілік принципі пәнді оқыту ісінде өте маңызды орын алады, тілді оқытуда ерекше қызмет атқарады.
К.Д.Ушинский таныс емес бес сөзді қаншама қайталап қиналатын оқушы сурет арқылы көрсетілген жиырма сөзді лезде үйреніп алады деп бекер айтпаған. Он рет айтқаннан бір рет нақтылы көрсеткеннің пайдалы екеніне ешкім де таласпайды. Сондықтан мұғалім қазақ тілі сабағында көрнекілікті өте ұтымды қолдануы қажет.
Көрнекілік принципі оқушылардың қазақ тілінен берілген білімді көрнекілік арқылы оқытуға бағыт береді. Ең алғаш оқытудағы көрнекілік туралы айтып, құнды пікір қалдырған Я.А.Коменский болатын. Оның көрнекілік туралы айтқан "Алтын ережесінде": "...бала сезімі қабылдай алатын нәрселердің барлығын сезім әсерлерін туғыза білдірген жөн: көруге болатынды көзге көрсет, естуге болатын нәрсені құлақ қойып тыңдасын, иісін иіскеп білсін, дәмін татып көрсін, қолына ұстап нәрсенің қатты, жұмсақтығын, т.б. байқасын..." - деген болатын /Я.А.Коменский. "Ұлы дидактика"/. Оқушы казақ тілінен берілген білімді /схема, таблица, плакат, сурет т.б./ көріп қана қоймайды, арнаулы сұрақтарға жауап іздеп, ең маңызды қасиеттерін білуге ұмтылады. Көрнекіліктің түрлері көп. Әр тақырыптың ыңғайына қарай көрнекілікті таңдауға болады. Көрнекіліктің түрлерін педагогиканың дидактика тарауында көрсеткен.
Жаратылыс көрнекілігі. кептірілген өсімдіктер, хайуандар мен құстардың тұлыбы, минералдар және т.б. жатады. Оқушыларды табиғатқа экскурсияға апару арқылы шағын әңгіме, мазмұндама, шығарма жаздыру;
Заттар және бейнелеу көрнекілігі: муляж, геометриялық фигура, макет, портреттер, архитектура, кескіндеме және мүсін үлгілері, жер бетінің бедері т.б.
Символикалық көрнекілікке карталар, картограммалар, схемалар, диаграммалар, кестелер жатады. Мысалы кестенің бірнеше түрлері бар. Олар: хронологиялық, синхрондық, тақырыптық, графикалық кестелер.
Экранды - динамикалық көрнекілік шындық дүниені бейнелейді. Олар: диапозитивтер, диафильмдер, эпипроекциялар, оқу киносы, оқу теледидары.
Дыбысты техникалық көрнекілікке грампластинкалар, магнитофильмдер, радиоқабылдағыштар жатады.
Көрнекі құралдар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте жақсы сақтау және жеңіл түсіну үшін қолданылады.
Саналылық пен белсенділік ұстанымы
Мектеп оқушыларына қазақ тілінен білім беру барысында олардың саналы түсіну қабілеті дамытылып отырылады. Тілдік фактілерге байланысты мәліметтерді оқушылар жаттанды түрде емес, саналы түрде меңгеруі керек. Саналы түрде меңгеру үшін мынадай жұмыс түрлері іске асырылады: 1) Тілде берілетін мәліметтерді жеке түсіндіріп, ол мәліметтерді өз түсінігі бойынша айтқызып отыру. Түсіндіру кезінде объектілердің өзіндік белгілері толық қамтылуы қажет; 2) Түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар тапсырманы еркін орындау керек; 3) Күнделікті, тоқсандық және жылдық қайталаулар кезінде өткен материалдарға байланысты сұрақтарға толық жауап болуы тиіс; 4) Орфография мен орфоэпияға байланысты дағдыларды шартына қарай орындай білуі керек; 5) Күнделікті өмір қажетіне қарай практикалық дағдыларды саналы түрде меңгеруі керек.
Білімді саналы меңгерту - мұғалімнің білімдарлығы, түсінігінің айқын дәлдігі, жеткілікті түсіндіруінен көрінеді. Білімді саналы меңгерген оқушы өз белсенділігін оқудың бүкіл барысында көрсете алады. Саналы көзқарас білімді саналы меңгерумен бірге, оқушының іскерлік пен дағдыны саналы меңгеруге қалыптастырады. Бұл принцип - қағида, қазақ тілінен беріліп отырған білімді шеберлікпен айқын да, анық түсіндіргенде, таным процесінің аяқталу барысында /жаңа білімді түсіндіргеннен кейін/ белсенділік танытады.
Белсенді оқушы алған білімін жаттығу кезінде де көрсете алады. Белсенділіктің көрінбеуі жайында академик Ю.К.Бабанский: “Сабақ үстінде белсенділіктің көрінбеуі - оқытушы білімді саналы игермегенін, «формализм» ең алдымен, айқын ситуацияға сәйкес методикалық әдіс-тәсілді таңдай білмеуінен көрінеді”, - дей келіп, екіншіден, мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынасының нашарлығынан - деп, олардың сабаққа деген ықыласын, ынта-жігерін жоятынын айтады (Ю.К.Бабанскйй. "Оптимизация процесса обучения", Москва, 1977. Принципы обучения, с. 26.). Қазақ тілі сабағында білімнің төмен берілуі, оқушының психологиясымен санаса алмаған, педагогикадан да хабары шамалы, методиканы жете білмеуден болады. Ғалымдардың пікірінде, мұндайды – «оқытудағы формализм» дейді. Білімді саналы да, сапалы игерген оқушылар - сабақта үнемі белсенділік көрсетіп отырады.
Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
Мектепте қазақ тілінен алынған теориялық білімді күнделікті өмір қажетіне қолдана білу теорияны практикамен байланыстыру принципі болып табылады. Оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беріледі. Осы алған білімдерін кеңейте отырып, оны күнделік өмір қажетіне жаратады. Оқушыларға диалогтық сөйлемді меңгертумен бірге монологтық сөйлеу де үйретіледі. Оқушылар ауызша мазмұндаудың бірнеше түрлерін де меңгереді. Сонымен бірге ауызша және жазбаша тілін дамытуға, жылдам әрі саналы мәнерлеп оқуға, әртүрлі баяндамалар жасауға және іс қағаздарының алуан түрлерін жазуға дағдыландырылады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білім мына сияқты практикалық мақсаттарды жүзеге асырады: 1) тілден алған теориялық білімін ауызша және жазбаша мақсатта қолдана білу; 2) түрлі талдаулар жасай білу; 3) орфография мен орфоэпиядан алған білімді ауызша және жазбаша түрде сауатты іске асыру.
Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
Дидактиканың түсінуге жеңіл қолайлылық принципінің де маңызы зор. Бұл сабақтың алғашқы күнінен бастап үнемі сақталуға тиісті. Мысалы, алғашқы үйретілетін сөзді таңдауда бір буынды сөзді үйрету мен көп буынды сөзді үйретуді салыстырып, оқушы оның қайсысын тез үйренеді деген сұраққа тәжірибелі мұғалімдер бір буынды сөзді оқушы тез үйренеді деп жауап береді. Бұл алғашқы сабақтарда қолданылса, сол қалыпта қалуы мүмкін емес. Себебі барған сайын оны күрделендіру принципін ұстану керек.
Бұл – бір сыныптағы әр сабақта, әр сыныпқа көшкен сайын тілдік материалды оқыту процесінде қолданылатын принцип.
Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін, білім дәрежесі мен сынып түрлерін ескере отырып, мұғалімнің түсіндіруі, оқулық тілі және оның баяндау желісі сияқты үш түрлі ерекшеліктерді басшылыққа алады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімнің анықтамалары мен ережелері, терминдері мен өзіндік белгілері, жасалу жолдары мектеп оқушыларының қабылдау, ойлау сияқты психикалық қасиеттеріне лайықты түсіндіріледі. Түсінуге жеңіл қолайлылық принципін іске асыруда мұғалім мынадай әдістемелік жүйені пайдаланады: Алдымен қазақ тілінен тақырыптарды дәл таңдап алып, оны жеңіл мысалдармен түсіндіреді; тілдік тақырыптардың өзіндік белгілерін анықтайтын мысалдар көрсетіп, оларды талдайды; тақырыптың өзіндік ерекшеліктерін оқушыларға айтқызып, ауызша мысалдар келтіртеді; бұл мысалдарына талдау жасатады; талдау үстінде тақырыптың өзіндік белгілерін саралап айтқызып, қорытынды пікір шығаруға төселдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |