2. Қазақ тілін оқыту әдістерінің түрлері
Оқыту әдістемесі - педагогиканың күрделі саласының бірі - дидактика тарауында қаралады. Дидактика /оқыту теориясы/ гректің didaktikos - оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оку процесінің зандылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді.
Нұржанова Ж. өзінің «Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары» атты әдістемелік құралында оқыту әдістерін бес түрге жіктейді:
1. Түсіндіру әдісі. Бұл әдіске ауызша баяндау - түсіндіру, әңгі¬ме, сұрақ-жауап, лекция түрлері жатады.
2. Кітаппен жұмыс істеу әдісі: Мұғалімнің түсіндіргенін кітаптан қарау - анықтама, түсініктер, жоспар, конспект, тезис, газет, журнал, сөздікпен, т.б. жұмыстар.
3. Көрнекілік әдіс, экскурсия, таблица, сурет, схема, карточка пайдалану т.б.
4. Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі - демонстрациялық әдіс: экран бейнесі арқылы диафильм, кино, фрагмент, т.б, техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің тағы бір түрі: кодоскоп, эпидоскоп, компьютермен жұмыс, т.б.
5. Жаттығу әдісі, ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс, тақтамен жұмыс, өз бетінше жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ұлттық ойын элеметтерін пайдалану жұмысы.
Баяндау әдісі. Қазақ тілінен оқушыларға белгілі тақырып бойынша берілетін білімді мұғалімдердің түсіндірудегі әрекеті - ауызша баяндаудан басталады. Әңгіме әдісі - жаңа материалды түсіндіргенде жүргізілетін әдіс немесе сұрақ-жауап әдісі. Қазақ тілінен жаңа материалды түсіндіру барысында ғылыми фактілерге, анықтамаларға сүйене отырып, сол тақырыптың шығу, не жазған авторлардан бастап әңгімелеу әдісімен түсіндіруге талаптанады. Оқушыларға сол материалды түсінікті, айқын, анық тілмен жеткізе отырып мазмұны баяндалады.
Лекция - жоғарғы сыныптардың оқушыларына қазақ тілінен факультативтік сабақтарда, 9-сыныпта қазақ тілі сабағында жүреді. Бағдарламада берілген тақырыптарды түсіндіруде лекция әдісін пайдаланады. 8-9 сыныпқа 10-15 минут, 10-11 факультатив сабақтарында 15-20 минуттік лекция оқылады.
3. Кітаппен жұмыс әдісі
Оқушыларға берілетін теориялық білім оқулық пен оқу құралдары бойынша жеткізіледі. Бұлқұралдар әрбір сыныптарға арналған оқу бағдарламаларына негізделіп жасалады. Мұғалім қазақ тіліне арналған материалдардың ерекшеліктерімен бірге оларға байланысты берілетін анықтамалар мен ережелерді оқытып, түрлі жаттығу жұмыстарын оқулық пен көмекші құралдар негізінде іскее асырады.
4. Көрнекілік әдіс
Тілдің грамматикалық құрылысын, оның жекелеген категорияларын оқушыларға жан-жақты түсіндіруде, тақырыптық, талапқа сай жасалған көрнекі құралдарды пайдаланудың үлкен маңызы бар. Қазақ тіліндегі берілген тақырып бойынша жаңа сабақты түсіндіру, өткен материалды қайталау, не бекіту, жаттығу жаздыру кезінде пайдаланылған көрнекілік әрбір сабақтың әсерлігін және мазмұнын арттырып, оқушыға білімді қызықты, жалықтырмай игеруге себебін тигізеді. Көрнекіліктің түрлері көп. Оны сабақтың мазмұнына қарай, мұғалім басшылығымен жүзеге асырылып отырады. Қазақ тілі сабағында көбірек қолданылатын көрнекіліктер: схемалар, кестелер, картина, табиғат суреттері, техникалық құралдар, т.б.
Қазақ тіліне арналған кестелер: фонетикалық, орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық кестелер. Кестелер бір тақырыпқа арналған, не жинақтау түрінде болуы мүмкін.
5. Техникалық құралдармен жұмыс істеу әдісі
Мектептерде техникалық құралдарды оқу-тәрбие жұмысына енгізу 1960-70 жылдары басталды.
Соңғы кезде біздің елімізде сабақта жаңа технологиямен жұмыс істеу - мысалы, компьютермен жұмыс істеу де қолға алынуда.
Қазақ тілі сабағы бойынша сабақта техникалық құралдарды пайдалану жолдарын Б.Құлмағамбетова зерттеп, құнды пікір айтты: "...техникалық кұралдарды пайдаланып өткізген сабақта оқушылар жалықпай тыңдаған жаңа оқу материалын қабылдау процесінде олардың әр түрлі сезім мүшелері /көру, есту, т.б,/ қатысатындығын, соның нәтижесінде оқушылардың қызығушылығы артып, түсіндірілген материал¬дардың бәрін қабылдауға мүмкіндік туғызады", - деді. /Б.Құлмағамбетова "Қазақ тілі" сабағында техникалық құралдарды пайдалану, 1975/.
Қазір мектептерде көбірек қолданылып жүрген техникалық құралдар - эпидоскоп, кодоскоп, магнитофон. Осыларды ана тілі сабағында пайдалана отырып оқыту мұғалімнің уақытын үнемдеп, оқушыларды білім алуға қызықтыра түседі.
Оқу әдістері – тарихи категория. Өндіріс күштерінің деңгейі мен өндірістік қатынастар сипаты педагогикалық процестің мақсаттарына, мазмұнына, құрал жабдықтарына өз ықпалын тигізеді. Олардың ауысуымен оқу әдістері де өзгеріске келеді.
Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілін оқыту әдістерінің түрлерін талдап көрсету. Дидактикалық әдістер және олардың топтастырылуы
Негізгі тапсырмалар:
Оқыту әдісі, тәсілі, құралдары туралы түсінік
Оқыту әдістерін таңдап алу шарттары
Оқыту әдістеріне сипаттама
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. оқыту әдістерін жіктеу
2. практикалық әдіс түрлерін атаңыз
Әдебиеттер:
1. З.Бейсембайқызы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 2002
2. З.Бейсембайқызы. Қазақ тілін модуль негізінде оқыту. А., 2001
3. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы /Қазақстан жоғары мектебі №1, 2004. 5-20-66.
4. З.Бейсембаева. Қазак тілін оқыту әдістемесі.Алматы, 2002
5. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005
6. Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010
№4 Дәріс. Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері. Қазақ тілі сабақтары, Сабаққа дайындалу және оған қойылатын талаптар, сабақты ұйымдастыру жолдары. Қазақ тілі оқулығы. Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымы
Мақсаты: Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері, қазақ тілі сабақтары сабаққа дайындалу және оған қойылатын талаптар,сабақты ұйымдастыру жолдары туралы мәлімет беру. Қазақ тілі оқулықтарына талдау жүргізу. Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымын анықтау .
Жоспар:
Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері.
Қазақ тілі сабақтары
Сабаққа дайындалу және оған қойылатын талаптар, сабақты ұйымдастыру жолдары.
Қазақ тілі оқулығы.
Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымы
1 Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері
Білім беру мазмұны арнайы түрде, білім беру министрлігінде бекітілген, төмендегідей құжаттарда нақтыланады: Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңы 1999 жылы 7 маусымда қабылданған. «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мемлекеттік білім беру саясатын анықтайды.
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік саясат принциптері:
- үздіксіз білім беру;
- барлық адамдардың білім алуға тең құқықтығы;
- жалпы орта білімнің тегіндігі;
- орта білім нің міндеттілігі.
Standart (ағылшын)– норма, үлгі, мөлшер дегенді білдіреді.
Мемлекеттік білім беру стандарты – мемлекеттік нормалар деп танылған және қоғам сұраныстары мен тұлға қажеттігі мен мүмкіндіктеріне сай білім деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштер жүйесі.
Оқу жоспары – оқу жылының, тоқсандардың, демалыс күндерінің мерзімін, оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімін, әрбір оқу жылы /сыныптар/ бойынша оқу тәртібін және ретін, әрбір пәнге бүкіл оқу мерзімінде және апта сайын әр пәнге бөлінетін сағаттардың мөлшерін анықтайтын нормативтік құжат
Типтік оқу жоспары білім және ғылым министрлігінде жасалынып, барлық орта мектептерге ортақ болып бекітіледі. Оқу жоспары мектептердің түрлеріне орай да жасалынады. Шағын комплектілі, сегіз жылдық, ұлттық мектептерде жоспар өзінше құрылады.
Оқу бағдарламасы - оқу пәніне байланысты білім, іскерлік, дағдылардың мазмұнын ашатын нормативтік құжат. Оқу бағдарламасы оқу жоспары негізінде жасалады.
Оқулық – оқу бағдарламасына сай оқу пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндайтын кітап
Оқулық оқушылар оқу материалын саналы, белсенді түрде, толық меңгеруін қамтамасыз етуі керек.
Оқулыққа қойылатын талаптар күрделі болғандықтан, соңғы кезде әрбір пәннен бірнеше нұсқада оқулықтар, оқу құралдары шығуда. Дәстүрлі кітаптармен қатар аудио-, видеокассеталар және компактдискілерге жазылған, сонымен бірге электрондық оқулықтар пайдаланып ж
Біртұтас педагогикалық процестің құрылымындағы оқыту
Біртұтас педагогикалық процестегі оқыту процесін дидактика бөлімі қарастырады.
Оқытудың педагогикалық, психологиялық ерекшеліктері:
1) оқыту – мақсатты процесс;
2) оқыту – таным процесі;
3) оқыту - даму негізі
4) оқыту – екі жақты процесс;
5) оқыту - жоспарлы процесс;
6) оқыту – бұл күрделі процесс.
Оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар: оқытудың білім беру, оқытудың тәрбиелік, оқытудың дамыту функциялары.
Оқытудың білім беру функциясы - бұл адам баласын білім байлығымен қаруландыру, оны өз бетімен білім алуға іскерлік пен дағдыны игеруге даярлау. Қазіргі кезеңде білімді толық игеру үшін негізгі талаптарды іске асырылады. Олар:
Оқытудың тәрбиелік функциясы – оқыту барысында оқушыларды теориялық білімдер жүйесімен қаруландыра отырып, жеке тұлғалық қасиеттер қалыптастырып, дамыту
Тәрбиелей отырып оқыту, ғылыми-теориялар мен ережелердің оқушылардың дүниетанымы мен сеніміне айналуын сипаттайды, моральдык нормаларды, мінез-құлықты игеруін қамтамасыз етуге әсер етеді. Оқыта отырып тәрбиелеу, оқушыларды өмірге, білім алуға тәрбиелейді, акыл-ой қабілетін дамытады, адамгершілік қасиетін қалыптастырады.
Мектепте оқушыларға теориялық білім беру тәрбие процесінде тығыз байланыста өткізіледі. Сонымен, оқыту оқушыларды терең біліммен қаруландырады, ғылыми көзқарастарын дамытады және тәрбиелейді.
Оқытудың дамыту функциясы. Оқыту барысында оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл – ойы, сана –сеземі, шығармашылық қабілеті т.б. көптеген тұлғалық қасиеттерінің дамына, іскерліктері шыңдалып, қабілеттерінің дамуына ықпал етеді. Тұлға жан –жақты дамиды. Белгілі психологтар Л.С.Выготский мен С.Л.Рубинштейн ұсынған тұжырымдамасы бойынша жеке адам тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі. Тәрбие мен оқыту негізінде даму іске асады.
Оқытудың түрлері
Дидактика тарихында оқытудың үш түрі қалыптасқан: түсіндірмелі-илюстрациялы (дәстүрлі), проблемалы, багдарламалы (компютерлік).
1. Түсіндірмелі - иллюстрациялы оқыту дәстүрлі оқыту деп аталуы тарихта ұзақ уақыт бойы өміршең болғанына байланысты.Дәстүрлі оқыту жаңадан пайда болған түсіндіру жолдары мен көрнекіліктерді өзіне кіріктіріп отырады.
2. Бағдарламалы (компьютерлік) оқытудың негізгі мақсаты - оқыту процесін басқаруды жетілдіру, тексеруден өзін-өзі тексеруге, оқытудан өзін-өзі оқытуға көшу. Бағдарламалы оқытуда жаңа бағдарланған оқулықтар, оқыту құжаттары, үйрету машиналары қолданылады. Оқытудың бұл турі 1960 жылдан бастап Б.Скиннер, Н.Краудер бастамасынан кейін, педагогика, психология және кибернетиканы ұштастырып падаланылады.
3. Проблемалық оқыту. Заманауи білімдендірудің мақсаты мамандарды шығармашылыққа дайындау екені даусыз. Шығармашылық дегеніміз жаңалықты (жаңа нысана, жаңа білім, жаңа проблема, жаңа әдіс) ашу. Осыған орай, проблемалық оқытудың өзі де шығармашыл процесс. Соңғы кезде кең тараған оқу түрінің мәні: мұғалім жаңа білімді дайын түрде баяндамай, оқушылардың алдына проблемалық сұрақтарды қойып, оларды шешудің жолдары мен тәсілдерін іздеуге бейімдейді
2 Қазақ тілі сабақтары
Мектеп оқушыларына білім мен дағды беруде қазақ тілінен өтілетін сабақтардың мәні орасан. Өйткені сабақ оқу ісін ұйымдастырудың негізгі түрі болып табылады. Мұғалімнің жүргізетін жұмыстары сабақ арқылы іске асады. Сабақ беруде мұғалім мынадай мақсат қояды: оқушыларға білім негіздерін түсіндіру, сол білімді бекітіп, талдап есінде қалдыру, алған білімін тексеріп отыру және өздігінен толықтырған білімдерін күнделікті өмір қажетіне пайдалана білу. Мұғалім оқушылардың барлығына қазақ тілі материалдарын толық меңгертуі, қажетті білік, дағдыларды игертуі, сабақтың дамытушы және тәрбиелік қызметін іске асырады. Ол үшін мұғалім материалды баяндау процесінде уақытты үнемді жұмсап, оқушылардың толық түсініп қабылдауына жағдай жасайды. Сонымен бірге мұғалім оқушының білімге деген ықыласы мен қызығушылығын, оқу-танымдық уәждемесін арттырып отыруы тиіс. Оқушылардың белсенділігін арттыруда олардың өз бетінше орындалатын жұмыстарын ұйымдастырып, іздеу, зерттеу іскерлігін дамытып отырған тиімді.
Сабақтың білім мен дағды беру ерекшелігіне қарай, оларды жіктеудің өлшемдеріне мыналарды жатқызуға болады:
а) Сабақта оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім негіздері меңгертіледі. Оған өтілетін тақырыптың термині, тілдік материалдың өзіндік белгілері, жасалу жолдары, анықтамалары мен ережелері кіреді. Сөйтіп оқушыларға білім көлемі мен білім жүйесі меңгертіледі.
ә) Оқушыларға қазақ тілінен іс жүзінде дағды қалыптастырылады, берілетін білім көлеміне лайықты дағды түрлері жаттықтырылады.
Әдіс пен тәсілдің ұтымды пайдаланылуы, жүзеге асуы сабақтың типіне де байланысты. Қазіргі сабақ туралы көптеген монографиялық еңбектер, жекелеген ғылыми және практикалық сипаттағы мақалалар жарық көрді. Атап айтқанда, Ю.Б.Зотовтың "Қазіргі сабақты ұйымдастыру" (1984), М.Махмутовтың "Қазіргі сабақ" (1985), И.Д.Зверевтің "Қазіргі сабақ: ізденістер, проблемалар, шешімдер", "Сабақ: ол қандай болуы керек?" деген мақалаларын айтуға болады. Жаңашыл-педагогтар В.Ф.Шаталов, Ш.А.Амонашвили, С.Н.Лысенкова т.б. іс-тәжірибелерінен қазіргі сабақ қандай болуы керек деген сұрақтың жауабын табуға болады.
Сабақ типтері мен түрлерін М.Махмутов ("Современный урок", 1985) төмендегіше берген:
а) Жаңа оқу материалын оқып-үйрену сабағы. Бұл типке лекция, баяндау, әңгіме түрінде өтетін сабақтар, кино, диафильм көрсету, теориялық мәліметтер бойынша оқушылардың ізденісі негізінде өткізілетін сабақ түрлері жатқызылады.
ә) Білім, іскерлік пен дағдыны жетілдіру сабағы. Бұған ауызша, жазбаша жаттығу, оқушылардың өз бетімен жұмыстануы, лабораториялық жұмыс, әкскурсия сабағы жатады.
б) Білімді жүйелеу, жинақтау сабағы. Бұл сабақтар өткен материалды іштей байланыстыру, қайталау, жүйелеу, қорытындылау мақсатымен жүргізілетін әңгіме, семинар сабағы түрінде өткізіледі.
в) Аралас сабақ. Сабақтың бұл түрі жоғарыда аталған сабақтың бар түрімен тығыз байланысты өткізіледі.
г) Білім, іскерлік пен дағдыны бағалау, бақылау сабағы. Бұл сабақтар кебінесе сұрақ-жауап тәсіліне негізделеді. Қойылатын сұрақ бір ғана оқушыға да немесе бүкіл сыныпқа да арналуы мүмкін. Сұрақ түрлері ауызша да жазбаша да болып келеді. Әрбір практикалық жұмыстар бағамен не сынақ түрімен қорытылады.
М.Махмутов сабақтың әдістемелік құрылысы тұрақты емес, сабақта алға қойылатын мақсатқа жету үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер әрқашан да ауыспалы сипатта болады деп есептейді де, сабақтың дидактикалық құрылымы оның әр типтері мен түрлеріне үнемі ортақ болады деп көрсетеді.
Ал Б.Т.Панов сабақ типтерін төрт топқа бөледі: Бірінші топқа оқу материалдарын меңгерту барысындағы психологиялық, педагогикалық кезеңдерге сай өткізілетін сабақ түрлерін, жаңа материалды өту сабағын, білім, іскерлік пен дағдыны бекіту сабағын, қайталау, өтілген материалды жүйелеу сабағын, аралас сабақ түрлерін, екінші топқа оқытудың негізгі әдістеріне сай белгіленетін лекция сабақ, семинар сабақ, практикум сабақтарын, үшінші топқа тіл дамыту, мазмұндама мен шығарма жаздыруға үйрету сабақтарын, төртінші топқакөмекшілік сипаттағы сабақтарды яғни, оқушының жазбаша жұмыстарын талдау, бақылау, тексеру сабақтарын жатқызады.
Ә.Исабаев қазақ тілінен өтетін сабақтарды төмендегіше жіктейді:
І. Теориялық білім меңгерту сабақтары: жаңа сабақ, біріккен сабақ және лекция-сабақ түрлері. Осы теориялық білім меңгерту сабақтары оқушыларға теориялық тілдік материалдарды игертуде іске асырылады. Жаңа сабақ жаңа білім беру үшін, біріккен сабақ өткен мен жаңаны ұштастыру мақсатында өткізіледі. Ал лекция сабақ теориялық материалдарды ауызша мазмұндап жеткізу мақсатында іске асырылады.
II. Практикалық дағды қалыптастыру сабақтары: бекіту сабағы, семинар-сабақ, баспасөз конференциясы сабағы, практикум-сабақ, тексеру сабағы, сынақ-сабақ, коллоквиум-сабақ, талдау сабағы және қайталау сабақтары. Практикалық дағды қалыптастыру сабақтары оқушылардың дене және ой дағдыларын ширату үшін, бекіту сабағы оқушылардың қазақ тілінен күнделікті алған білімдерін нығайтып отыру үшін өткізіледі. Семинар-сабақ білім мен білік және дағдыны толықтыра түсу, баспасөз-конференциясы сабағы оқушылардың іскерлігі мен танымдық белсенділігін арттыру, практикум-сабақ тілдік материалдарды жаттықтыра түсу, тексеру сабағы оқушылардың қазақ тілінен алған білімдері қаншалықты меңгерілгендігін байқау, сынақ-сабақ қазақ тілінен алған білім мен дағдысын бір жүйеге түсіру, коллоквиум-сабақ оқушылардың білімін бірізге түсіру, талдау сабағы оқушылардың ауызекі тілдегі және жазба жұмыстарындағы жіберген қателерін арнайы талқылау, қайталау сабағы өткен материалдарды оқушылар ойына толық қалыптастыру мақсатында өткізіледі.
Қазақ тілі сабағының құрылымы
Қазақ тілінен өтілетін сабақтың негізгі топтары - сабақ құрылымдары элементтерінің жиынтығы. Сабақтың бұл құрылымы әр түрлі методикалық жүйе бойынша іске асырылады. Сабақтың құрылымдық элементтері тәлім-тәрбие беру мақсатына, материалдың өтілу тәртібіне, өзіндік белгілерінің санына, оқушының дайындық дәрежесіне қарай ауысып отырады. Мәселен, жаңа өтілетін материалдың өзіндік белгілері көп болған кезде мұғалім материалдың өзіндік белгілерін, олардың айырмашылықтарын, анықтамалары мен ережелерін түсіндіруден бастап тәжірибелік дағдыларды өз бетінше іздендіріп, орындауға жұмылдырады. Сондай-ақ өткенді еске түсіру, үй тапсырмасын беру және оны тексеру, өткенді сұрау және бекіту сияқты сабақ құрылымдары әр сабақта кездесіп отырады.
САБАҚТЫҢ НЕГІЗГІ КЕЗЕҢДЕРІ:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Жаңа сабақты белсенді, саналы қабылдауға дайындау кезеңі
ІІІ. Жаңа сабақты меңгерту кезеңі
ІV. Жаңа материалды түсінулерін тексеру кезеңі
V. Жаңа сабақты бекіту кезеңі
VІ. Қорытындылау
VІІ. Бағалау
VІІІ.Үй тапсырмасы
Демек, қазақ тілі сабағының құрылымдық элементтерін дұрыс танытудың рөлі зор. Олар мыналар: 1) өткенді еске түсіру; 2) тақырыптың көлемі мен жүйесін түсіндіру; 3) бекіту және қайталау мақсатында жаттығу жұмыстарын жүргізу; 4) үй тапсырмасын беру; 5) үй тапсырмасын тексеру, өтілгенді сұрау; 6) оқушылар жұмысына барлау жасау; 7) оқушылар еңбегін бағалау.
Үй тапсырмасын беру қазақ тілін оқыту үдерісіндегі ең басты әрі қажетті сабақтың құрылымдық элементтерінің бірі. Қазақ тілі бойынша оқушылардың теориялық білімді жете меңгермеуі, көбінесе, осы үй еңбегін дұрыс ұйымдастырмаудың нәтижесінде пайда болады. Үй тапсырмасы класс жұмысына байланысты түрде іске асырылады. Үй тапсырмасының көлемі оқушыларға оншалық қиындық тудырмайтындай дәрежеде және өткен тақырыпқа сай болуы қажет. Қазақ тілі бойынша берілетін үй еңбегі белгілі параграфқа, анықтама, ережеге, оқулықтағы теориялық материалдарға сай жүргізіледі.
Қазақ тіліне байланысты жүргізілетін методикалық эксперименттің нәтижелеріне қарағанда, үй тапсырмасын беру әр класта оқушылардың төмендегі уақыт ішінде орындай алу мүмкіндіктерін ескере отырып беруді мақұлдайды: 1-класта 13-15 минут ішінде, 2-3-класта 16-25 минут ішінде, 4-5-кластарда 26-30 минут ішінде, 6-7-кластарда 31-35 минут ішінде, 8-9- кластарда 36-40 минут ішінде, 10-11-кластарда 40-45 минут ішінде орындай алатындай еңбектер тапсырылады. Егер берілген теориялық материал оқушылардың меңгеруі үшін оншалық қиындық келтірмейтін болса, онда оларғабір тақырыпқа байланысты екі жаттығуды беруге де болады.
Мазмұнына қарай үй тапсырмасы фонетикаға, лексикаға, дыбыс жүйесіне, орфографияға, морфологиялық материалдарға, орфоэпияға, синтаксиске және тіл ұстартуға байланысты беріледі. Үй жұмысы бір сабақ материалына немесе бірнеше сабақ материалдарына тиісті жүргізілуі мүмкін. Яғни бұл жаттығу жұмысын бекіту, пысықтау, қайталау және қорытындылау сабақтарына қарай тапсырылады. Белгілі бір тілдік құбылысқа орай берілген үй еңбегін үнемі қадағалап, тиянақты түрде тексеріп отырған жөн. Үй еңбегіне берілетін дағдыландыру жұмыстары, көбінесе, белгілі құбылыстарды дұрыс көшіріп жазу, буынға ажырату, сөздерді сейлемге біріктіру, талдау мазмұндама, шығарма құру сияқты үлгілері тапсырылады. Класс жұмысына қарағанда үй тапсырмасының көлемі кеңірек, аумағы көлемдірек болуы қажет. Мысалы, конспектілер жаздыру, қазақ тіліне байланысты схема мен кестелер жасату, тілдік тапсырмалары бар мазмұндамалар мен шығармалар жаздыру, көркем әдебиет мәтінінен керекті анықтама, ережелерге байланысты мысалдар таңдау тәрізді жаттығулар үйге тапсырылады.
Үйтапсырмасын тексеру. Үй еңбегін тексеру үстінде өткен материал бекітіліп, берік түрде қайталанады. Тапсырманы жүйелі тексеру үстінде өткен материал бекітіліп, берік түрде қайталанады. Тапсырманны жүйелі тексеру нәтижесінде оқушы мұғалімнен әр түрлі кеңес алады және ол туралы естіген, білгендерін естерінде жақсы сақтайды. Мұғалім үй тапсырмасын тексеру үстінде оқушылардың тапсырманы қалай орындағанын, қалай меңгергендігін және материалдың қай жері түсініксіз болғандығын қадағалайды. Осыған лайықты қандай дағдыны дамыту керек екендігін анықтайды. Класта үй тапсырмасын тексеру төмендегі тәсілдермен жүргізіледі: а) бірнеше оқушылардан өткен теориялық материалдарды ауызша сұрау; ә) бірнеше оқушыларға карточкадағы мысалдарды дәлелдету; б) талдау жүргізу; в) дәптерде жазылғандарын барлау; г) компьютерлік тестілеу.
3. Сабаққа дайындалу және оған қойылатын талаптар, сабақты ұйымдастыру жолдары.
XXI ғасырда Қазақстан Республикасының әлемдегі өркениет пен ғаламдану процесіндегі мәдениетті игеруі барлық ғылым салаларына қатысты педагог мамандарды сапалы дайындау ісімен тығыз байланысты екенін қоғамдық өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Педагогтің білімі мен мәдениеті, ізденімпаздығы мен шеберлігі, біліктілігі мен беделі - жаңа ұрпақты тәрбиелеудің басты көзі және арнасы болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылғы 19 наурызындағы халыққа жолдауында "Қазақстандағы мектеп уақыт өте келе үздік әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілуге тиіс. Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен анықталады. Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз",- делінген. Заман талабына сай мектептерде білім мазмұны мен оның құрылымдық жүйесін жақсарту - кезек күттірмес шаралардың бірі.
Мектеп балаларды дұрыс сөйлеуге, ана тілінің сөздері мен тиісті тәсілдерін саналы түрде дұрыс жұмсауға үйретеді. Мектеп оқушылардың сөздік қорына көп жаңа сөздер, жаца формалар қосады. Оларды қайда, қалай қолдану керектігін үйретеді. Мектептегі қазақ тілі пәнінің мұғалімі - жаңа қоғамды құрушы жастардың тәрбиешісі. Мұғалімнің өзі оқытатын пән саласындағы ғылымды жетік білуі - қарапайым да, қажетті талап.
Жалпы қазақ тілінде сөйлеп, жазуды үйрету - қоғамда қазақ тілінің мәртебесін жоғары дәрежеге көтерудің алғы шарты. Сондықтан қазақ тілі катынас құралы ретінде мектепте жүйелі білім беру арқылы ғана оқушыларды дұрыс сөйлеуге, адамдармен әдепті түрде қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелейді. Бұл тұрғыда қазақ тілін оқыту әдістемесінің атқаратын міндетінің аса зор екенін айта кетуіміз қажет. Оқыту әдістемесі оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда, сондай-ақ жас жеткіншектің дүние-танымын жетілдіруде өте қажетті практикалық міндеттерді іске асырады. Оның басты мақсаты оқыту нәтижесінде оқушыларға қазақ тілінің негізін тиянақты меңгерту болып табылады.
Сабаққа қажетті оқыту әдістері мен тәсілдерін, дидактикалық оқу материалдарын және жаттығу түрлерін дұрыс таңдап, сабақта бейімділікпен қолдана білу ұшін ұстаз оқушылардың, ең алдымен, психологиялық, үғымдылық, яғни сабақты қабылдау ерекшеліктерімен тікелей санасуы керек. Сонымен қоса, логикалық талаптарға да баса көңіл бөлуі қажет.
Қазақ тілі сабақтарында оқытушы атқаратын негізгі әрекеттер
Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен анықталады. Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз. Сондықтан қазақ тілін оқытуүдерісін жоғары дидактикалық талаптарға сай деңгейде ұйымдастыруды бүгінгі заман талап етеді.
Қазақ тілі сабақтарына қойылатын талаптардан сабаққа дайындық кезінде және сабақ жүргізу барысында оқытушы атқаруы тиіс негізгі әрекеттер туындайды.
1. Қазақ тілі сабақтарына дайындық жұмыстарын жүргізу
1. Негізгі, базалық лексика-грамматикалық деректерді нақтылап алу;
2. Бұрын өткен сабақтардан тағы қайталауға тиісті материалдарды (негізінен грамматикалық) анықтап алу;
3. Сабақтарда сезімдеріне үйлесімді әсер ететін көрнекілік тәсілі қолданылады және бейнелі көрнекіліктерді, жағдаяттық жаттығуларды, әсіресе, рөлдік ойындарды орындау кезінде оқушылардың тәжірибесі мен қиялы көз алдына елестетумен байланысты дамытылады. Ж.Аймауытов: «Көзге көрсетілмей ұғындырылғанның бәрі мағынасыз бос сықылды. «Көз көрмегеннің бәрі бекер» дейді жұрт. Балаға үйретілетін нәрсенің өзі, болмаса, оның тұрпаты көрсетіліп, ұғым беріледі. «Көрнекі оқыту» деп осыны айтады», - деп жазады. Соған байланысты жаңа сабақты меңгерту үшін көрнекілік құралдар (слайдтар, диафильмдер, суреттер, карточкалар, сызбалар, модельдер т.б.) дайындап алу қажет;
4. Жаңа сабақта қолданылатын ақпараттық-коммуникациялық құралдарды (компьютерлер, электронды тақта, веб-проектор, компьютерлік, мультимедиалық оқу, тексеру, ойын, тренажерлық бағдарламалары т.б.) сайлап алу;
5. Өтетін жаңа грамматикалық тақырыпқа байланысты білімді бекіту үшін бірнеше қатысымдық жағдаяттық ойын түрлерін дайындап алу;
6. Берілген әрбір жаттығуды қатысымдық талаптарға сай орындату жолдарын ойластырып алу;
7. Сабақ барысында кездесетін жекелеген дыбыстарды дұрыс айту дағдысын қалыптастыру үшін бірнеше ойындар, өлең немесе ән т.б. дайындап алу;
8. Әрбір оқушыға лайықтап жеке қатысымдық тапсырмаларды сұрыптап алу. Жұптық, топтық тапсырмаларды орындату кезінде оның қатысушы мүшелерін үнемі ауыстырып отыру қажет;
9. Үйге қандай тапсырма беру керектігін (нақты орындайтын жаттығуды, қандай тақырыпта шағын шығарма жазуды) анықтап алу керек. Үйге берілетін тапсырмалар қызықты, әсерлі болуы тиіс. Мысалы, белгісіз өткен шақты оқыған кезде - «Өзің көрген бір түсіңді әңгімелеп бер» немесе шартты райды оқыған кезде – «Мен бастық болсам, не істер едім?» тақырыптарында шығарма жазып кел» т.с.с. тапсырмалар;
10. Сабақтың толық жоспарын жасау, яғни орындалатын жұмыстардың ретін, әрқайсысына қанша уақыт бөлу керек екендігін нақтылап алу. Жоғарыда аталған жұмыстардың түрлері сабақ жоспарын құрайды. Оқытушы әр сабақтың алдында мақсатты түрде аталған жұмыстардың барлығын тиянақты орындап отырса, ол сабақтың қызықты да сапалы өтуіне жағдай жасайды. Нәтижесінде оқушылардың сабаққа деген ынталары арта береді.
2. Қазақ тілі сабақтарын жүргізу жолдары
1. Сабақты тым ресмилендірмей, күнделікті қарым-қатынас кезіндегі тәрізді өткізу қажет. Ол негізінен оқытушының сабаққа дайындығына, кәсіби шеберлігіне байланысты жүзеге асады. Топпен жақсы таныс, материалды мүлтіксіз меңгерген оқытушының сабағы неғұрлым қызықты өтеді;
2. Сабақ әрқашанда жоғары көңіл-күймен басталуы керек. Оқытушының сабақтың басында оқушылармен сәлемдесуі, қызу әңгімеге шақыруы оқушылардың көңілін сергітеді, сенімдерін тудырады;
3. Сабақтың жүргізілу ырғағы өте маңызды. Ол жеткілікті дәрежеде жоғары болуы тиіс, алайда, сабақтың басынан аяғына дейін бірдей дәрежеде болмайды. Неғұрлым белсендіру керек екен деп, оқытушының күші сарқылып, тіл үйренушіге тым артық күш түсіріп алудан аулақ болу керек. Ырғақтың баяулауы мен жылдамдауы аралас түрде келіп отыруы қажет. Қызу пікірталастан кейін тыныш грамматикалық ойындар кезектесіп келіп отыруын қадағалаған жөн;
4. Тілдік жағдаятқа байланысты берілген тапсырмалар тіл үйренушіге шынайы өмірдегідей әсер етуі тиіс;
5. Оқушылар тапсырмаларды орындап болған кезде, оқытушы өзінің қорытынды пікірін білдіреді, олардың шамалы жетістіктерінің өзін мақтап, көтермелеп отырады;
6. Сабақ барысында оқытушы оқушылардың белсенділіктерінің төмендемеуін, жағымды эмоционалды тонустарының сақталуын қадағалап отыруы қажет. Ал белсенділіктерінің төмендеуі байқалған жағдайда, қысқа үзіліс жариялап немесе ән айтқызып, ойындар ұйымдастырып жіберуі керек;
7. Оқытушы оқушылардың жіберген қателіктерін ептілікпен түзетіп отыруы керек;
8. Оқушылардың үй тапсырмасын орындауларын, тілдік портфельдерін толықтырып отыруларын тексеруді әр сабақтың басында әдетке айналдыру қажет. Себебі, тек қатаң бақылау, тексеру болған жерде ғана сапалы нәтижеге қол жеткізуге болады.
5. Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз
Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – үйренушілердің таным қызметін басқаратын әдістемелік жүйенің толықтығын қамтамасыз ететін, оқу құралдарының жиынтығы. Оқу-әдістемелік кешен білімнің барлық сатысына араланған бірыңғай коммуникативтік-танымдық тұжырымдаманы есепке ала отырып, әзірленуі керек.
Оқу-әдістемелік кешен құрамы келесі бөлшектерден тұрады:
нормативтік құжат;
педагогтарға арналған кітап, оған сабақ үлгілері, жалпы тақырыптық жоспарлау, қарым-қатынас біліктілігін үйрету бойынша ұсыныстар мен авторлық курс тұжырымдамасының сипаттамасы енуі керек;
әр түрлі мазмұн мен бағыттағы әдістемелік құралдар;
курстың тақырыптары мен мәселелері, оның әдістемелік әзірлемелері;
оқытуды жекелеу мен саралауға арналған дидактикалық материалдар;
қажетті мәтін, сурет пен қосымша материалдардан тұратын оқушыларға арналған кітап;
оқуға арналған кітап;
оқушылардың білімі мен біліктілігін қалыптастыруға арналған тапсырмалары бар жұмыс дәптері, жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар күрделілік сатысына қарай сараланып берілу керек;
өз-өзін бағалау, өз-өзін бақылау, тестілеу, қайталауға арналған тапсырмалар мен қосымша материалдар;
мультимедиялық және аудиовизуалдық құралдар;
оқытуға қажетті дидактикалық және үлестірме материалдарынан тұратын көрнекі құралдар альбомы;
компьютерлік оқыту бағдарламалары мен автоматтандырылған оқыту жүйелері;
ауыртпалығы бар факультативті материал.
Оқу-әдістмелік кешеннің барлық материалдары аяқталған блок /модуль/ түрінде ұсынылып, үйренушілерге аса қиындық тудырмайтын, үйренудегі ауыртпалықтарды жоюға көмек беріп, аталған пәнді меңгеруде ғылыми және идеялық деңгейдегі тапсырмаларды ашуда, пәнаралық байланысы болып, оқытудың практикалық бағытын күшейтуге және жеке тұрғыда оқытуға мүмкіндік туғызуы керек.
Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері, қазақ тілі сабақтары сабаққа дайындалу және оған қойылатын талаптар,сабақты ұйымдастыру жолдары. Қазақ тілі оқулықтарын талдау Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымы
Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
1. Оқытудың қандай түрлері бар? Оларға сиапттама беріп, салыстырыңыз.
2. Оқыту процесінің түрлері неліктен дамып, өзгереді? Бұл өзгерістердің қандай алғышарттары бар?
3. Оқыту процесінде оқушы субъект және объект ролін атқарады дегенді қалай түсінесіз?
4. Оқыту процесі тиімді жүзеге асуы үшін нені ескеру қажет?
5. Оқыту процесінің құрылымы қандай компоненттерден тұрады? Оларды сипаттаңыз
Әдебиеттер:
1. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. А., 2001.
2. 0разбаева Ф.Ш.,Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі.А.,2005.
3. Көккөзова М., САбақан. Әдіскер тағылымы. Алматы, 2000.
4. Исабаев Ә.Қазақ тілін оқыту методикасы. Ташкент-2003.
5. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005
6. Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010
3 модуль Тіл білімі салаларын оқыту әдістемесі
№5 Дәріс. Қазақ тілінің фонетикасын оқыту әдістемесі
Мақсаты: Мектепте фонетиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері. Фонетикадан берілетін білім мазмұны мен меңгерілетін ұғымдардың жүйесі. Фонетиканы оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері. Фонетикалық талдау. Фонетикалық жаттығу және оның негізгі түрлері. Фонетикалық диктанттар туралы білім беру
Жоспар:
Мектепте фонетиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері.
Фонетикадан берілетін білім мазмұны мен меңгерілетін ұғымдардың жүйесі.
Фонетиканы оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері.
Фонетикалық талдау.
Фонетикалық жаттығу және оның негізгі түрлері.
1 Мектепте фонетиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері
Фонетика гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс. Фонетика – тіл ғылымының, тілдердің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Ол тіл дыбыстарын, олардың құрамын, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтарын зерттейді. Тілдегі лексикалық және грамматикалық құбылыстар тіл дыбыстарымен, тілдің дыбыстық жүйесіндегі фонетикалық заңдылықтармен байланыста, қарым-қатынаста болады.
Қазақ тілінде дыбыс деген сөздің мағынасы әр түрлі. Дыбыс деген ұғым тек тіл дыбыстарына ғана айтылмайды, бізді қоршаған ортаға тән құбылыс. Жалпы дыбыс болу үшін мынадай үш түрлі шарт керек: 1) дыбыс шығаратын дене; 2) дыбыс шығаратын денені қозғалысқа келтіретін күш; 3) ауа толқырлық кеңістік. Сөйлеу тілінің дыбыстарының пайда болуына да осындай үш түрлі шарт керек: 1) дыбыс шығаратын дене- сөйлеу мүшелері, 2) қозғалысқа келтіретін күш - өкпеден шығатын ауа, 3) кеңістік – тыныс мүшелері, тамақ, ұуыс мүшелері. Тіл дыбыстарының тілдік емес дыбыстардан негізгі айырмашылығы – олардың адамның сөйлеу мүшелері арқылы жасалатындығында.
Сөйлеу мүшелері дегеніміз – тіл дыбыстарын жасауға қатысатын дыбыстау мүшелері. Тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Сөйлеу дыбыстарын жасаудағы дыбыстау мүшелерінің қызметін артикуляция дейміз. Сөйлеу мүшелері – сөйлеу органы немесе дыбыстау аппараты деп те атала береді. Сөйлеу мүшелерінің тіл дыбыстарын жасау қызметі адам жаратылысында, туа пайда болатын биологиялық қасиет емес, ұзақ мерзімдік жаттығу нәтижесінде, өзін қоршаған ортадан, өмірден үйренетін қосымша қызметі. Адамның сөйлеу органы үш бөліктен тұрады. 1. тыныстау аппараты; 2. көмей (тамақ, желбезек) дауыс шымылдығы деп те аталады; 3. мұрын қуысы мен ауыз қуысы.
Тілдегі сөздер бір-бірімен мағыналары мен дыбысталуы жағынан ажыратылады. Мысалы, қазақ тіліндегі тас пен тес, тоз – тез деген сөздердің әр басқа сөздер екендігін, олардың мағынасы мен дыбыстарының әр басқа болуына қарап ажыратамыз. Мағына мен дыбысталуының әр басқа болуы сөздердің формаларында морфемаларды да ажыратады. Тіл білімінде дыбыстың осы қызметіне орай фонема деген ұғым пайда болды. «Фонема сөздер мен олардың дыбыстық формаларын ажырататын әрі қарай бөлшектеуге келмейтін дыбыстық единица». Фонемаларды зерттейтін ілім фонология деп аталады. Тілдердің дыбыс жүйесі әр түрлі болады. Олардағы дыбыстың сапасы да бірдей емес.Кейбір дыбыстардың немесе олардың ерекшеліктерінің бір тіл үшін мәні айрықша боса,екінші бір тіл үшін оның айтарлықтай мәні болмайды.Мысалы:қырғыз,неміс,ойрат тілдерінде дауысты дыбыстың қысқа не созылыңқы айтылуының сөз мағынасын ажыратуға әсері яғни фонетикалық қасиеті болса,орыс,қазақ,татар тілдерінде оның ешбір әсері болмайды.Фонема дегенімізде тіл дыбыстары,бірақ ол тіл дыбысы болғанда сөздің жігін өзгертіп,морфемалардың жігін ажырататын дыбыс.Фонологияда дыбысты зерттейтін фонетика да екі түрлі пән емес.Тіл туралы ғылымның бір бүтін саласының екі жағы. Түркі тілдерде дауыссыздардың жуан және жіңішке болуы дыбыстарға байланысты болады. Сөз құрамындағы дауысты жуан болса, онымен тіркесе айтылған дауыссыз да жуан түрде айтылады. Керісінше, дауысты жіңішке болса, оған тетелес дауыссыз да жіңішке болып келеді. Мысалы: сан – сән, сол – сөл, ар - әр т.б. Бірақ түркі тілдерде дауыссыз дыбыстардың фонемалық қасиеті жоқ.
Сөздердің айтылуы мен жазылуы бірдей емес. Көзбен көріп отырған яғни жазылған тілді – сөзді қатесіз жазу және жазылғандай етіп оқу, сөйлеудің ролін төмендетпейді де, кемітпейді. Ал шындығында, сөйлеу, айту – жазудан көрі маңыздырақ. Басқасын былай қойғанда, кез келген адам алдымен сөйлеуге жаттығып, үйренеді де, содан кейін барып жазуды үйренеді. Сөз дыбыстардан құралады. Бірақ дыбыс болған жердің бәрі де сөз болып қалыптаса бермейді. Сөзді фонемалық дыбыстар ғана құрайды. Сөз бен дыбыстың арасында заңды бірлік бар. Бұл заңдылық дәстүрлік принципке сүйенеді. Сөз бен дыбыстың бірлігі мынада: 1. сөз болмаған жерде дыбыс жүйесі жоқ. 2. дыбыссыз сөз жоқ. Дыбыс – сөздің материалы. Тілдегі сөйлеудің ең кіші бөлшегі - сөз болып табылады. Ал дыбысқа келсек, ол мейлі жалаң болсын, мейлі күрделі болсын мағынаға ие бола алмайды. Бірақ дыбыс сөздің мағынасын ажыратуға құрал болады. Әріп – дыбыстардың жазудағы таңбасы. Қазіргі қазақ жазуындағы әрбір әріптің өзінше пішіні формасы бар. Сөз ішінде әрбір әріптің екінші әріптен жігі көрініп тұрады. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе, кейде бір әріп – бірнеше дыбыстардан (ю, я) құралады. Ал кейбір әріптердің (ь,ъ)дыбыстық мәні болмайды. Әріп пен дыбыстың бірнеше түрлі айырмашылығы бар: 1. әріп дыбысты тек шартты түрде таңбалаумен бірге, қағаз бетіне, не жазуға келетін басқа затқа түсіретін белгі болғандықтан, оған дыбыс мүшелерінің қатысы жоқ, сондықтан ол құлаққа естілмейді, тек көзбен көруге келеді. 2. әріп құбылмалы емес. Үнемі бір белгімен таңбаланады, бірақ ол шартты белгі екенін есте ұстау керек.
Тіл дыбыстары сөздер мен морфемаларды ажыратуға қызмет ететін болса, бұл – фонеманың да негізгі қызметінен саналады. Тілімізде сөздердің мағыналары мен формаларын ажырата алатындай дыбыстар тобы – фонемалар бар. Мысалы ат, ет, от, өт секілді сөздерде бірыңғай т дыбысы бар. Дауысты дыбыстардың әсерімен т дыбысы бірде жуан, бірде жіңішке, бірде еріндік, бірде езулікболып біршама ауытқушылықпен, ерекшеліктермен айтылады да, қызметіне қарай бір ғана фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқушылық аллофон делінеді. Демек сөз - дыбыс емес, фонемадан құралады.
Қазақ тілінде дыбыстардың айтылуындағы ауытқулардың сөздің мағынасы мен формасына әсері жоқ деуге болады. Сондықтан дыбыс пен фонема бірінің орнына бірі синоним ретінде қолданыла береді.
2. Фонетикадан берілетін білім мазмұны мен меңгерілетін ұғымдардың жүйесі
Дыбысталу жағынан алып қарағанда сөйлеу жік-жігімен айтылған дыбыс шумақтарының тізбегінен құралады. Дыбысталудың шумағы өз ішінде жігі ажырап, кіші топтарға бөлшектенеді. Олар сөйлеудің фонетикалық бірліктері (единицалары) ретінде қаралады. Олар мыналар: фраза, такт, буын дыбыс. Фраза ең ірі фонемалық единица. Бірінші фонема екі фразадан пауза (кідіріс) арқылы ажыратылады. Кідіріс жасалғанда дем ішке тартылады да, екінші фразаны айтқанда сыртқа шығады. Мысалы: қонағы сүймеген үй иесі баласын ұрады. Бұл фразалардың басын біріктірген нәрсе – интонация. Интонацияны құрайтындар: 1) Мелодика – дауыс ырғағының көтеріліп барып бәсеңдеуі немесе керісінше; әрбір тілдің өзіне тән мелодикалық кестесі болады. Паузамен бірге мелодика да сөйлеуді мүшелеу тәсілі немесе құралы ретінде қызмет атқарады. Сөйлемнің бөлшектері айтылуда дауыстың көтеріліптөмендеуі немесе төмендеп барып қайта көтерілуі арқылы ажыратылады. Хабарлы сөйлемде паузаның алдындағы сөз көтеріңкі дауыспен айтылады да, онан кейінгі бөлшектің құрамындағы сөздерде дауыс біртіндеп бәсеңдей береді. Мысалы: Сіркіреп жауған жауын түні бойы басылмады - деген сөйлемнің мелодикалық кестесі мынадай болады:
Жауын
Түні бойы
Сіркіреп жауған
Басылмады.
2) Сөйлеудің темпі – шапшаң немесе баяу болуы;3) Сөйлеудің үдемелілігі, айтылудың күштілігі немесе әлсіздігі (демнің қатты немесе әлсіз шығуы) дегенді білдіреді; 4) Сөйлеудің әуені айтылудың мақсатына қарай «көңілді», «ойнақы», «қайғылы» немесе «қорқынышты» секілді түрліше болуы мүмкін. Сөйлеу әуені бар да, дауыс әуені деген де бар. Дауыс әуені (мысалы, баритон, бас, тенор, сопрано, т.б.) мен дыбыс әуені сөйлеу әуенінен басқаша болады. Бұларды бір-бірімен шатыстырмау керек.
3. Фонетиканы оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері
1.Тілде бір - бірімен байланыспай, жеке тұратын ешбір элемент жоқ . Тіл элементтері бір - бірімен тығыз байланысты. Мысалы, дыбыс сөзде, сөз сөйлемде, сөйлем де, ешбір тілдік элементті байланыссыз, жеке үйрету нәтижесі болмайды. Оқу процесінде тыңдау, ауызша дұрыс айтуға, оқуға, жазу жаттықтыру жұмыстары бірге жүргізіледі. Сөйтіп, дыбыс жеке үйретілмейді, ол сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін құрамында үйретілсе, оның нәтижесі жақсы болуы сөзсіз.
2.Тілдің фонетикалық жүйесін үйретуде оқытушының қазақ тілінің өзіне ғана тән, орыс тілінде кездеспейтін дыбыстарға ерекше тоқталуы керек. Орыс тілінде де қазақ тілінде бар үндес, мәндес дыбыстар оқу процесінде үлкен қиындық келтірмейді. Ал, қазақ тілінің ә, ө, ү, ұ, ң, ғ, қ, і, һ дыбыстарының орфоэпиясын меңгерту оңайға түспейді. Сондықтан, оқытушы осы дыбыстарды меңгертуге оқу процесінің басынан бастап ерекше мән беру керек. Қазақ тілінің дыбыстық құрамындағы осы дыбыстардың әр қайсысының жасалуына, қатысатын мүшелер, олардың дыбысты жасаудағы қалпы суретке сүйене отырып, мұқият үйретілуі қажет.Мұнда осы дыбыстардың жеке айтылуынан бастап, сөз ішінде, басқа дыбыстармен тіркесте айтылуына әрбір оқушы арнайы жаттықтырылуы қажет. Мұндай жаттықтыру, оқушының дұрыс айтуын қадағалауы тек фонетика бөлімінде ғана емес, курстың аяғына дейін оқытушының назарынан тыс қалмау керек.
3.Сөзді дұрыс айтуға үйрету тек қазақ тілінің ерекшелігіне тән дыбыстарға ғана байланысты емес. Орфоэпия мәселесі одан әлде қайда кең. Әсіресе, сөз бен қосымшаның жігіндегі, сөз бен сөз арасындағы дыбыстардың бір - біріне әсерінен айтылуда, кейде жазылуда болатын өзгерістер сөздердің орфоэпиясын қиындатады. Сондықтан, түбір мен қосымшаның ара жігінде болатын дыбыстық өзгерістер жөнінде толығырақ айту қажет. Бұл үшін сөздің дұрыс айтылуын оқытушының айтуымен бірге, үнтаспаға немесе күйтабаққа жазылған материалды тыңдатып, оқушыларды соған ілесіп айтуға жаттықтырған нәтижелі болады.
4.Екпінге байланысты кездесетін қиындықтар оқушының өз тілінің заңдылығын қазақ тілімен қолданумен байланысты туады. Басқа ұлт өкілдері қазақ тілін оқығанда, екпінді сөздің басына , кейде сөздің ортасындағы буынға түсіруі де кездеседі. Сондықтан, қазақ тіліндегі екпіннің ерекшелігін түсіндіруі өте қажет. Қазақ тілінде екпіннің сөздегі тұрақтылығы, оны меңгеруді жеңілдетеді, тек оқушы осы заңдылықты орфоэпияда сақтауға дағдыландыруы керек. Ал сөздің соңына түскенімен, екпінді қабылдамайтын жіктік жалғауы, болымсыздық етістіктің жұрнағы, сын есімнің - дай, - дей жұрнақтары сияқты қосымшаларды оқушы білуі керек. Сонымен, бірге қазақ тіліндегі екпін орыс тіліндегідей тым көтеріңкі айтылмайтынын ескерген дұрыс.
5.Ешбір тілдік материал ереже жаттау түрінде өтілмеуі тиіс. Барлық тілдік материал іс жүзінде сөйлеу, тіл үйрену процесі ретінде жүргізілуі тиіс. Жатталған ереже ұмытылады, оны іс жүзінде қолданғанда ғана есте жақсы сақталады, тілді жақсы үйретуге көмектеседі. Сондықтан, барлық сабақ тілдік материалды оқушының қолдануына, тәжіребе жүзінде меңгеруіне лайықтап құрылуы қажет.
6.Басқа ұлт өкілдеріне сабақ беретін және қазақ тілі үйірмелерінде сабақ беретін оқытушылар тіл үйренушілерді қызықтыруына әсерлі өтуіне ерекше мән бергені жөн. Ол үшін бір сабақ екінші сабаққа ұқсамайтындай етіп өткізілгені дұрыс, бұл әрине, оқытушының шеберлігіне байланысты.
7.Оқытушы сабақты дұрыс жоспарлауға, оны түрлі тәсілдермен әсерлі өткізуге ерекше мән беруге қажет. Ол үшін әр сабақтың толық жоспары күні бұрын жасалып, сабақта өтетін материалдар күні бұрын анықталып, онда қолданатын әдістемелік тәсілдер белгіленуі керек. Сабаққа оқытушы қандай материалды қалай үйрететінін әбден анықтап, келуге тиіс.
8.Оқытушы жаңа материалды тіл үйренушілердің бұрын алған біліміне сүйене отырып үйретуі керек. Мұндай жағдайда бұрын алған білімі қайталанып отырылады, жаңа материалды тез ұғуға мүмкіндік туады. Ал бұның екеуі де тіл үйренудің сапасын арттырады.
9. Көрнекілік құралдар сабақтың ұтымдылығын арттыратыны, материалды жақсы түсіндіруге қажет екені белгілі .
10. Сабақта техникалық құралдарды қолдану қазір өте кең тараған. Оның маңызы өте зор. Сонымен бірге интерактивтік әдістерді пайдалану және озат тәжіребені зерттеу, жинақтау және оқу процесіне енгізу. Дарынды оқушылардың қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай туғызу.
Фонетика – тіл дыбыстарын зерттейді. Мысалы, ақ дегендегі “қ” дыбысы мен қағаз дегендегі “қ” дыбысы - бір фонема. Сонда да болса, бұл екі сөздің екеуінің айтылуында сәл айырмашылық бар. Ол айырмашылық тіркескен дыбыстарына байланысты. Тіл дыбыстарын тіркестіруде де заңдылық бар. Кез келген дыбысты кез келген дыбыспен тіркестіре салуға болмайтынын аңғарамыз. Өйткені фонетика – фонемаларды - тіл дыбыстарын, олардың түрлерін, жасалу жолдарын, естілуін, жазылуын, дыбыстық алмасулар мен өзгерістерді, буын түрлерін, сөздерді тасымалдау заңдылықтарын, дыбыстардың үндесуін зерттейтін тіл ғылымының саласы. Осылардың барлығын игерту мақсатында фонетикалық жаттығулар жүргізіледі.
4. Фонетикалық талдау
Фонетиканы өту барысында сабақта талдау жасалады.Талдауда сөздің дұрыс жазылуына ғана көңіл бөлініп қоймай, сонымен қатар сөздің дұрыс айтылуына да талдау жасап отыру керек. Себебі фонетиканы өту арқылы оқушыларға сауаттылықпен қатар дұрыс сөйлеуді де, яғни орфоэпиялық норманы меңгертеміз.
Фонетикалық талдау мазмұнына қарай дыбыс жүйесі бойынша талдау, үндестік заңы бойынша талдау болып екіге бөлінеді. Фонетикалық талдау көлеміне қарай жай талдау, күрделі талдау болып бөлінеді. Фонетикалық талдау орындалу орнына қарай тақтада талдау, орнында отырып талдау болады. Қазіргі таңда фонетикалық талдауды сатылай комплексті түрде жүргізу құпталып жүр.
Фонетика бойынша берілетін білімнің мүмкіндік деңгейіне қойылатын талаптар:
- дыбыстардың фонемалық қасиеттерін білу, сөздің лексикалық мағынасы мен дыбыстардың өзара байланысын түсіну;
- фонетикалық терминдерді дұрыс пайдаланып, тілдік категориялардың мәнін ұғу;
- дауысты, дауыссыз дыбыстардың іштей жіктелуін білу, оларды артикуляциясына қарай айыра білу;
- қазақ тілінің халықтық сипатын танытатын тілдегі дыбыстық үйлесім мен үндестіктің (сингармонизм) тіл мәдениетімен байланыстылығын ұғыну және орынды пайдалану;
- қазақ әліпбиінің құрамындағы төл дыбыстар мен орыс тілінен енген дыбыстардың өзара қарым-қатынасын меңгеру;
- ауызекі сөйлеу және жазба тілдеріндегі сөздерді әдеби тіл нормаларына сай қолдана білу, орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарды түсініп, оның коммуникативтік біліктілікпен байланысын тану.
Талдау реті:
1.Сөзді буынға бөліп, буын түрін анықтау.
2.Сөз құрамымынан дауысты дыбыстарды тауып, оларды тілдің, жақтық, еріннің қатысына қарай талдау.
3.Сөз құрамынан дауыссыз дыбыстарды тауып, қатаң, ұяң, үнді дауыссыздың қайсысына жататынын анықтап, жасалу жолын да көрсету.
4.Сөз құрамындағы дыбыс пен әріп санына анықтау.
5.Сөзде үндестік заңына сәйкес құбылысты анықтау.
Талдау үлгісі : Құлыншақ – құ – лын – шақ , үш буынды 1 – ашық 2,3 бітеу буын [қ] – дауыссыз, қатаң, тіл арты [ұ] – дауысты, жуан, қысаң, еріндік [л] – дауыссыз, үнді, тіл ұшы [ы] – дауысты, жуан, қысаң, езулік [н] – дауыссыз, үнді, тіл ұшы [ш] – дауыссыз, қатаң, тіл алды [а] – дауысты, жуан, ашық езулік Сөзде 8 дыбыс, 8 әріп бар А) сөздің 1 – буындағы ұ ерінді дауыстының әсерінен 2 – буынғы ы дыбысы ұ болып айталады құ – лұн – шақ ә) сөздің үш буынға да дауысты дыбыстардың жуан болуы үндестік заңына жатады. Сатылай комплексті талдау
Мемлекетке
1.Бұл сөз айтылу, жасалу, жазылу жолдарына қарай жіңішке буынды сөз. Себебі, сөздің құрамындағы дауыста дыбыстар жіңішке.
2.Бұл сөз мем – ле – кет – ке – 4 буынға бөлінеді себебі сөздің құрамында 4 дауысты дыбыс бар. Мем, кет – буындары бітеу буындар, себебі буындар дауыссыз дыбыстардан басталып дауысты дыбыстарға аяқталып тұр!
3. Бұл сөз Мем – Ле – Кет – Ке - болып үш жағдайда тасымалданады.Себебі, сөзде төрт буын бар немесе сөз буын жігіне сәйкес тасымалдаған.
4.Қазақ тілінде сөз екпінінің орны біршама тұрақты. Сөзге қосымша жалғанған сайын екпін сөздің соңғы буынына қарай ығысып отырады. Сондықтан бұл сөзде сөз екпіне ке буындағы е дауысты дыбысына түседі. 5.Сөзде буын үндестігі бар. Түбірдің соңғы буыны – кет жіңішке болғандықтан оған жалғанатын қосымшаның /- ке / жіңішке нұсқасы келіп тұр, сондықтан жуан /- қа / нұсқасын алмаймыз. Мемлекет + ке - / - қа / 6. Сөзде дыбыс үндестігі бар. Түбір мен қосымшаның арасында ілгерінді ықпал бар. Түбірдің соңғы дыбысы т қатаң болғандықтан, өзіне жалғанатын қосымшаның / -ке / қатаңнан басталатын нұсқасы келуін талап етіп тұр, сондықтан біз оның / - ге/ ұяңнан басталатын нұсқасын алмаймыз Талдаудың қысқа түрі _________________ Мемлекетке 1.жің. б.с. 2.Мем – ле – кет – ке 3.Мем Ле Кет Ке 4.Мемлекетке 5.Мемлекет + ке /қа/ 6.Мемлекет + ке /ге /
5 Фонетикалық жаттығу және оның негізгі түрлері
Достарыңызбен бөлісу: |