Эмиссионды спектральді талдау. Бұл әдіс әртүрлі заттардың электромагнитті сәулені сіңіріп қайта сәулелену спектрін бақылауға негізделеді. Зерттелетін заттың эмиссиялық спектрін алу үшін қосымша энергия берілуі қажет, осы мақсатпен зерттелетін үлгіні жағу көзіне апарады. Ол газ жалынында (2000-3000°С), электрлік доға (5000-7000°С) немесе жоғары вольтты ұшқында (7000-15000°С) талданатын зат қызып, буланып, молекулалар атомдарға немесе иондарға диссоцияланады да электрондар қозған күйге өтеді. Қозған күйде электрондар 10-7 : 10-8 сек болып негізгі күйге қайта көшеді, дәл осы кезде алынған қосымша энергияны сәуле ретінде қайта шығарады. Шыққан сәуле спектрографтың призмасы арқылы өтіп, сынып, жеке компоненттерге бөлінеді.
Сөйтіп эксперементатор бірнеше бөлек-бөлек түрлі-түсті сызықтар алады, оны сызықты спектр деп атаймыз. Әрбір элементтің өзіндік, белгілі бір толқын ұзындығы және тербеліс жиілігі бар сәулеге сәйкес келетін спектрлі сызығы болады. Осы сызықтар арқылы зерттелетін затта қандай элемент бар екендігі анықталады. Ал сандық мөлшері осы сызықтардың интенсивтілігі арқылы табылады. Анықталатын заттың концентрациясы жоғары болса, оның спектрлік сызықтарының интенсивтілігі де жоғары болады. Сызықтардың max интенсивтілігін алуға қажетті оптимальді температураны берілген атомдардың иондалу потенциалына және қозу энергиясына байланысты табады. Фотопластинкадағы сызықтардың қараю дәрежесін немесе қараю тығыздығын микрофотометрмен өлшейді.
Анықталатын заттың концентрациясын градуирленген график арқылы анықтайды. Алдымен эталонды үлгілердің спектральді сызықтарының интен-сивтілігі өлшеніп алынады, қосу әдісімен де анықтауға болады.
Эмиссионды спектральді талдаудың екі түрі бар – мөлшерлік және жартылай мөлшерлік. Дәл мөлшерлік анықтауларды стилометр деген прибордың көмегімен жүргізеді. Ал жартылай мөлшерлік талдауды стилоскоптарда жүргізеді. Екеуінде де спектрді көзбен көру арқылы бақылайды. Кейбір жағдайларда, яғни спектрдің суретін фотопластинкада алу үшін спектрограф деп аталатын прибор қолданады.
Эмиссионды спектральді талдау әдісі металлургияда, геологиялық және астрофизикалық зерттеулерде ерекше табысты және тез орындалуымен ерекшеленеді. Талдаулар жасағанда заттың азғана немесе бірнеше миллиграмм мөлшері алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |