Жоғарыда көрсетілген кезеңдерден заттардың молекулалық құрылысы жайындағы ұғымдар 7-класс оқушыларына физика сабақтарында қалыптастырылатынын көруге болады. Бұл ұғым кейіннен 8-кластың химия курсында дамытылады. Осының нәтижесінде оқушылар заттың атом-молекулалық құрылымы жөніндегі ұғымдарды кеңінен меңгеретін болады. 8-класс физика және химия, кейіннен 9-класс химия курстарында бұл ұғым дамытылады және тереңдетіледі. Заттың құрылысы жайындағы ұғымдарды қалыптастырудың жалпы шарттарына төмендегілерді жатқызуға болады: ұғымдық жүйенің негізін құрайтын қалыптастырылатын ұғымдарды таңдау; ұғымдарды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті оқу материалының көлемін таңдау; сәйкес курсты оқыту процесінде оқушыларға ұғымдарды қалыптастырудың және дамытудың кезеңдерін анықтау; пәнаралық байланыстарды тағайындау; ұғымдарды тиімді қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін таңдау. Физика және басқа оқу пәндерінің байланысы. Физика және математика курсының байланысы. Математиканың физикамен айқын мысалының бірі – физикалық шамалар арасындағы функциялық тәуелділікті және функциялар графигін пайдалануды көз алдымызға елестетейік. Координат жазықтығын оқып үйренумен байланысты мектеп оқушылары әртүрлі графиктерді сызып үйренеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың физикадан механикалық қозғалыс жолының, жылдамдығының, сондай-ақ, аблқудың, қатаюдың графиктерін салуына өз игілігін тигізеді. Сөйтіп, математикадан алған білімдерін оқушылар физикалық білім игеруге пайдалана бастайды. Олар әртүрлі математикалық шамаларды өлшеу, сан мәндерін дөңгелектеу туралы алған ұғымдарын физикалық эксперименттер нәтижесін анықтауға (әртүрлі өлшеу жүргізу барысында) қолдана алады. Сол сияқты, оқушылар екі айнымалысы бар теңдеу туралы алған түсінігін және оны шешу жолындағы игерген тәсілдерін, тура және кері байланыс, т.б. ұғымын физикада жиі пайдаланады. Олар функция ұғымын игеріп, оның берілу тәсілдерін меңгереді. Одан кері функция түрлерін оқып үйренеді, олардың графиктерін сызып дағдыланады. Бұл дағдылар мен математикалық білім физиканы игеру үшін қаншалықты қажет екені түсінікті. Физика мұғалімі оқушылардың есептеу шеберліктері мен дағдыларын ойдағыдай қалыптастыру мақсатында алдын-ала математика мұғалімдерімен бірігіп, әдіс қолдануы қажет. Физика және химия курстарының байланысы. Физика мен химия ғылым ретінде бір-бірін өзара толықтырып отыратыны мәлім. Өйткені, бұл екі ғылым табиғаттағы құбылыстар мен процестерді өз тұрғыларынан қарастырады. Физика мен химия үшін өте маңызды ортақ ұғымдардың қатарына зат, масса, салмақ, энергия ұғымдары, сондай-ақ энергияның, электр зарядының, электр өрісінің сақталу және айналу заңы, т.б. жататыны мәлім. Физика мен химияның пәнаралық аса маңызды теориялық байланыстары екеуінде бірдей: молекулалық-кинетикалық және электрондық теорияны, атом құрылысы теориясын, т.б. оқып үйренуде айқын көрініс алады.
6 - тақырып. Физикадан оқу сабақтарын ұйымдастырудың формалары.
Дәріс мақсаты: Оқу сабақтарын ұйымдастырудың формаларымен таныстыру.
Тақырыптың қысқаша мазмұны:
Оқушыларының білімдерін бір жүйеге түсіруде оқу сабақтарының әртүрлі формаларын ұйымдастыру аса қажет. Оқыту – оқу материалының мазмұнын меңгерту және танымдық іс-әрекет әдістерін игерту мақсатында мұғалімнің оқушылармен жұмысы кезіндегі бірлескен әрекет процесі. Оқыту әдістері мен оқу сабақтарының формалары бір-бірі арқылы жүзеге асады. Оқыту әдістері сабақтың мазмұнын баяндау тәсілдеріне байланысты болса, оқу сабақтарын ұйымдастыру формалары оқушылардың оқу қаракетін ұйымдастыруға тікелей қатысты болып келеді. Оқу сабақтары формасының әртүрлігінің қажеттілігі тәрбиелеу және білім беру міндеттерінің әртүрлігімен сипатталады. Бұл: - оқушылардың ғылым негізі білімдерін жүйелі баяндауға және өз бетімен білім алуға, оларды практикада қолдана білуге дағдыландыру; - оқушыларға дүние-танымдық көзқарас қалыптастыру; - өз білімдерін жалпылауға және жүйелеуге дағдыландыру.
Оқу сабақтарының әртүрлі формаларын ұйымдастыру мәселесімен көптеген ғалымдар шұғылданды. Әдіскер ғалымдардың көзқарастарына, пікірлеріне сүйене отырып, оқу сабақтарын ұйымдастырудың екі түрін бөліп қарастырамыз: а) жалпы формасы; ә) нақты формасы.
Оқу сабақтарын ұйымдастырудың жалпы формасына оқу сабақтарының ұжымдық, топтық және жеке формалары топтастырылады. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы, мұғалімнің оқушыларға орындауға беретін тапсырмасына байланысты анықталады, яғни тапсырма: 1) сыныптың барлық оқушыларына; 2) жеке топ оқушыларына; 3) әрбір оқушыға беріледі. Оқу сабақтарын ұйымдастырудың нақты формасы оқу үрдісіндегі атқаратын міндетіне, оқу материалын баяндау тәсілдеріне, білімдерді қалыптастыру және жетілдірудегі, оқушылардың іс-әрекеттерін ұйымдастыруға, дағдылар мен іскерліктерді қалыптастырудағы негізгі білім көздеріне байланысты анықталады, мысалы лекция – жоғары сынып оқушыларына ғана жүргізу көзделеді. Себебі, ұзақ уақыт бойы жаңа ақпараттарды қабылдауға дағдыланған. Лекцияда негізгі білім көзі – мұғалім. Лекция білімдерді қалыптастыру міндетін атқарады. Семинар –білімдерді бекіту, жетілдіру міндеттерін атқарады. Семинарда білім көзі – пікір сайсқа қатысқан, рефераттарды талдауға қатысқан, қолдан көрнекіліктер және приборлар жасаған оқушылар болып табылады. Оқу-практикалық сабақтар оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Оқу сабақтарын ұйымдастырудың бұл формасында әртүрлі практикалық жаттығулар, экспериментік жұмыстар орындалады. Экскурсияда оқушылар білімді өндірістердегі механизмдердің жұмыс принциптерімен танысу, табиғатта өтіп жатқан әртүрлі процестерді бақылау барысында алады. Конференцияда оқушылар білімді өздігінен оқыған әдебиеттерден және олардың сыныпта жасаған баяндамаларынан алады. Оқыту процесіндегі мұғалім іс-әрекетінің құрылымы Физика мұғалімі педагог ретінде педагогика ғылымының дамуына, физиканы оқыту әдістемесіне, ал физик-маман ретінде физика ғылымының теориясының іс-жүзінде қолданылуына көңіл бөлуі керек. Физика мұғалімінің ой-өрісінің кеңеюі және ұстаздық шеберлікті меңгеруі жалпы педагогикалық мәселелерді игеруімен байланысты. Кейбір әдістемелік мәселелерді мұғалім оқу сабақтарына дайындалғанда шешеді, ал ол шешімнің дұрыстығын тек сабақтарда тексереді. Мұғалімнің дайындық жұмысына мыналар кіреді: а)жылдық жоспар жасау; ә)тақырыптық жоспар-конспектілер жасау; б)жеке сабақтарға және сыныптан тыс сабақтарға дайындық; в)арнайы ашық сабақтарға дайындалу және оларды өткізу; г)ғылыми конференцияға және педагогикалық оқуларға дайындалу және қатынасу. Жылдық жоспар жасау. Іс жүзінде жылдық жоспар әдістемелік журналдарда, кейбір әдістемелік нұсқауларда және министрліктің нұсқау хатттарында басылып шығып тұрады. Мұғалім әрбір сынып бойынша жылдық жоспарлар жасауға үлкен көңіл бөліп, сабақтың тек тізімін жасаумен шектелмей, бүкіл оқу жұмысын белгілі бір жүйеде қамтуға тырысады. Осы мақсатпен әр сыныпқа жыл сайын физиканы оқыту міндеттерін, оның мазмұнын және осы сыныпқа көшірілген оқушылардың білім дәрежесін көрсетіп, мұғалім жоспар жасайды. Оған мыналар кіреді: жаңа материалды оқып үйрену барысында өткенді жүйелі қайталау; әрбір сабақта жаңа оқу материалының мазмұнын нақты жағдайға байланысты қолдану; ашық сабақтар тақырыбын таңдау; әрбір сабаққа дайындалуға тиісті көрнекілік құралдар тізімін жасау; эксперимент және жазбаша бақылау жұмыстарының мерзімдерін шамалау; физикадан қай жерге және қашан экскурсиялар жасауды белгілеу; оқушылардың өндірістік практикасына басшылық жасау; әр класс оқушылары үшін сыныптан тыс жұмыстар ойластыру. Тақырыптарды әдістемелік талдау. Мұғалімнің алдын ала бірнеше сабаққа яки тарау бойынша жасаған әрбір сабақтың жоспар-конспектісін физикалық-методикалық талдау деп атау қабылданған. Бұл мұғалімнің өзінің пайдалануына арналғандықтан ол оқу бөліміне тапсырылмайды. Бірақ, мектеп директоры, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары сабақтың жоспар-конспектісін тексеруге хақылы әрі міндетті. Педагогикалық тәжірибе алмасу үшін ашық сабақтардың үлкен маңызы бар. Егер бұл сабақтар зерттеу сипатында болса, онда олардың сапасы арта түседі. Ашық сабақ барысында мұғалім мейлі ол әңгіме сабағы, не лабораториялық сабақ, не білім тексеру сабағы болсын өзінің іскерлігін көрсетіп қана қоймауы тиіс. Сонымен бірге әдістемелік шеберлігін де көрсете алады. Оқыту әдістерінің жүйесі Физика мұғалімі оқу процесін ұйымдастыруда, оқыту әдістерін таңдауда мектептердің оқу-тәрбие жұмысының ұзақ уақыттық практикасына негізделіп жасалған жалпы әдістемелік қағидалар болып табылатын дидактикалық принциптерді басшылыққа алады. Бұл принциптер өз пәнін оқытуда білім беру және тәрбие беру міндеттерін неғұрлым ойдағыдай шешуді қамтамасыз ету үшін мұғалімнің қалай әрекет жасауға тиістілігі туралы нұсқауларды қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |