2. Сабақ – оқытудың негізгі формасы
Оқытудың сыныптық-сабақ жүйесі XVII ғасырда пайда болып, үш жүзжылдық уақыт бойы әлі дамып келе жатыр. Мұндағы сынып дегеніміз – жас ерекшелігіне қарай тұрақты, бірге оқитын оқушылардың құрамы, бұл жүйеде оқушылар мұғалімнің тапсырмасын сабақ барысында және үйге берілген тапсырманы орындайды. Оқытудың бұл жүйесінің теориялық тағылымын XVII ғасырда– атақты чех педагогі Ял Амос Коменский жасаған. Басқа оқытудың түрлерімен салыстырғанда, сыныптық – сабақ жүйесінің көптеген ұтымды тұстарын атап өтуге болады: сабақ құрылымын тиімді етіп құру, барлық оқу-тәрбие үрдісін тәртіптеуді камтамасыз ету, оны қарапайым дәрежеде басқару, оқу мәселесін талқылағанда, оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігін пайдалану, белгілі міндеттерді шешу барысында ұжымдық ізденіс жасау, уақыт үнемдеу, сабақ үстінде әр оқушының рухани санасын арттыруға құлшынысының бәсекеге түсуі, жүйелілікті және кезеңдік реттілікті жүзеге асырып, оның одан әрі дамуына, білімсіздіктен білімділікке жетіліп отыруына ұмтылу.
Я.А.Коменский саналылық және белсенділік, көрнекілік, жүйелілік және сабақтастық, жаттығу және түсініктілік приниптерін ұсынды. Я.А.Коменский сынып сабақ жүйесін терең зерттеді.
«Жақсы ұйымдастырылған мектеп заңдары» деген еңбегінде сынып сабақ жүйесінің бөліктерін атады. Олар:
оқушыларды мектепке белгілі бір уақытта қабылдау, сабақ аяқталмай, ешкімді босатпау;
оқушыларды сыныптарға бөлу;
әр сыныпқа бір бөлме беру;
күніне 4 сабақ өткізу;
әрбір сағатта істелетін жұмыстарды жоспарлау;
қоңыраудың соғылуы;
тәртіп;
бір сабақтың ұзақтығы 1 сағаттан аспау керек;
сабақты күзде бастау;
Я.А.Коменский тақырыпты қайталауды апта, тоқсан соңына қойған. Сабақты үш бөлікке бөлген: басы, жалғасы, соңы. Басында оқушылар ескі білімдерін еске түсіреді,мұғалім үй жұмысын тексереді, жаңа тақырыпты түсіндіреді.
Я.А.Коменский «Мұғалім-сабақты жаратушы, оның жүрегі»,- деп түсінген. Оқушының өз күшіне деген сенімін арттыру, еңбекті сүюге тәрбиелеу, үй жұмысы туралы да мәселелер, экскурсияны кең қолдануға баса назар аударған.
Бұл оқытудың түрінде де кемшіліктер кездеседі: үлгерімі нашар оқушыларға қиын, ал жақсы оқитындардың қабілеті тежеледі, яғни сыныптық-сабақ жүйесі үлгерімі орташа деңгейдегі оқушыға бағытталған, сөйтіп, бір жағынан үлгерімі нашар деңгейдегі оқушының қабілеті жетпейтін күрделі тапсырмалар келсе, екінші жағынан өте таланты оқушылар үшін ыңғайланған оқу объектісі болмайды, әр оқушының жеке қабілеті ескерілмейді, нәтижесінде, мұғалім осы үш түрлі деңгейге жекелеген жұмысты ұйымдастыру амалын қарастыруы көзделеді және оқытудың әдістері мен қарқын мөлшерін дәл межелей алу шеберлігі болуы талап етіледі. Сондықтан ғалымдар сынып-сабақ жүйесін жетілдіру жолдарын іздестіруде.
Сыныптық-сабақ жүйесінің жақсы жақтары: сынып-сабақ жүйесінің басқа оқыту түрлеріне қарағанда артықшылықтары бар, себебі оның бөліктері бір-бірімен байланысты, мұғалім барлық оқушылармен жұмыс істейді, оқушылардың бір-бірін оқытуына мүмкіндік жасалады. Оқушылар тәрбиеленеді, дамиды, бір-бірімен жарысады. Сабақ оқу-тәрбие жұмысын реттейді, оны басқарады, балалар бір- бірімен ынтымақтаса жұмыс істейді, мұғалім оқушылардың сезім әлеміне әсер етеді, тәрбиелейді, көп оқушылармен жұмыс істейді (8-сурет).
8-сурет. Сыныптық сабақ жүйесінің ерекшеліктері
Сыныптық-сабақ жүйесі жас мөлшері біркелкі топтан құрылған және тұрақты құрамы бар, сабақ үнемі оқу кестесімен өтілетін және оқытудың бірдей бағдарламасы құрылған жағдайда іс-тәжірибеде қолданылады. Сондықтан ол оқу-тәрбие үрдісінің барлық компоненттерін қамтиды: мақсат, мазмұн құрал, әдістер, ұйымдастыру мен басқару қызметі, оның дидактикалық элементтері.
Сабақтың маңызы ұжымдықтан-жеке, яғни мұғалімнің оқушыға бағытталған жұмысы, нәтижесінде, оқушының білім меңгеруі оның икемі мен қабілетіне сәйкестеніп, өзіндік іс-әрекетінде тәжірибе жинақталып, бір жағынан қарым-қатынас мәдениеті дамыса; екінші жағынан, оқушылардың қабілеттілігі шындалады. Нәтижесінде, сабақ түрлері сапасында оқыту үрдісін алға жылжытады, ал екінші жағынан оқытуды ұйымдастыру түрі ретінде рөл атқарады, мұғалімнің сабақты ұйымдастырудың негізгі талаптарын айқындайды, мұның бәрі дерлік оқытудың заңдары мен принциптерінен туындайды.
Сынып-сабақ жүйесінің мәні мен ерекшеліктері. Жастары және дайындықтары бірдей оқушылардан сынып құрастыру. Сыныптың құрамы мектеп бітіргенше өзгермейді.
Оқу процесі өзара байланысты, бірінің соңынан бірі келіп отыратын сабақ түрінде жүреді.
Сынып жылдық жоспар, бағдарлама, тұрақты сабақ кестесі бойынша жұмыс істейді. Балалар мектепке жылдың бір уақытында қабылданады.
Жұмыстың негізгі түрі – сабақ.
Сабақ бір оқу пәнін, тақырыпты түсіну үшін өткізіледі.
Оқушылардың жұмысына мұғалім басшылық етеді. Ол оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлерін анықтап, оларды жыл аяғында келесі сыныпқа көшіру туралы шешім қабылдайды.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің алуан түрі;
Әр сабақта үш мақсатқа жету үшін жұмыстар жүргізіледі.
Сабақ – оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны. Сабақ уақыты қысқа, сондықтан ол күрделі және жауапты кезең, себебі сабақтың сапасы оқушының дайындығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұғалімдер сабақтың жаңа технологиясын жасап, енгізу, қысқа мерзім ішінде оқу міндеттерін орындау үшін жұмыстануда.
Жақсы сапалы сабақ беру оңай жұмыс емес. Көп нәрсе мұғалімнің сабаққа қойылатын талаптарды түсінуіне және орындауына байланысты. Талаптарды әлеуметтік сұраныс, оқушылардың жеке қажеттіліктері, Оқыту мақсаты және міндеттері, оқу процесінің заңдылықтары мен принциптері анықтайды.
Сабақ құрылымы - сабақтың барысында (45 минут) оның құрамды бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуы. Олар мынандай болып келеді:
Сабақты ұйымдастыру бөлімі (сабақтың тақырыбын белгілеп, оның мақсат, міндеттерін тұжырымдау).
Сабақта үй тапсырмасын тексеру.
Жаңа білімді немесе оқу материалын баяндау, түсіндіру.
Жаңа білімді пысықтау, бекіту (ауызша, жазбаша жат-тығулар жасау, тәжірибелік және зертханалық жұмыстар жүргізу).
Қорытындылау (оқушылар білімін бағалау), сабақтың аяқталуы.
Үйге тапсырма беру, оны түсіндіру.
3. Сабақтарды жіктеу
Сабақты жіктеудің бір-біріне ұқсамайтын бірнеше жолдары бар. Сабақты дидактикалық мақсатына қарай жіктеу (Огородников И.Т., Казанцев И.Н.), сабақ үрдісінің негізгі кезеңдеріне қарай (Иванов С.В.), дидактикалық міндеттеріне, оның сабақта шешілуіне орай, оқытудың әдістері мен оқушылардың оқу еңбегін ұйымдастыру тәсілдеріне қатысты.
Сабақ классификациясы (жіктелуі) - сабақтарды құрылысы жөнінен топастыру, түрге бөлу. Дидактикада сабақ классификациясын анықтауға айрықша маңыз береді. Сабақты жіктеу әрбір пәннің ерекшеліктеріне, оқушылардың жас және таным ерекшеліктеріне де байланысты болып келеді. Мысалы, И.Н.Казанцев сабақты жіктеуді оқу материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына және өткізу әдісіне қарай белгілесе, С.В.Иванов оқыту процесінің ерекшеліктеріне қарай анықтайды. Ал, Данилов пен Есипов сабақтың негізгі дидактикалық мақсаттарына қарай құрады. Бұлардың сабақ түрлерін топтастыру ұстанымдары әр түрлі болғанымен де, ішкі мазмұндары бір-біріне өте ұқсас келеді.
И.Н.Казанцев бойынша:
Алғашқы сабақ - әр пәннен оқу жылының басында өтетін сабақтар. Кіріспе сабақ - бағдарламаның күрделі тараулары мен тақырыптарынан өтетін бірінші сабақ.
Жаңа білімді меңгеру сабағы - жаңа оқу материалы өтетін сабақ. Пысықтау сабағы - өткен оқу материалын пысықтау сабағы.
Жаттығу сабағы - оқушылардың білімі мен дағдысын жаттықтыру сабағы.
Тәжірибелі сабақ - оқушылардың алған білімін өмірде қолдану жолдарын көрсететін сабақтар.
Қайталау-қорыту сабағы - өткен күрделі тараулар мен тақырыптарды қайталау-қорыту сабақтары.
Тексеру сабағы - оқушылардың білімін тексеретін сабақтар.
Білім сапасын бағалау сабағы - оқушылардың алған білімін бағалау сабақтары.
Қорытынды сабақ - оқу жылының ақырында әр пәннің жылдық курсын қорыту сабақтары.
С. В. Иванов бойынша:
Кіріспе сабақтар.
Оқу материалымен алғашқы рет танысу сабағы.
Жаңа білімді меңгеру сабағы.
Меңгерген білімді тәжірибеде қолдану сабағы.
Дағдылану сабағы.
Қайталау, пысықтау және қорыту сабақтары.
Бақылау сабағы.
Б. П. Есипов бойынша:
Аралас сабақтар.
Жаңа оқу материалымен танысу сабағы.
Пысықтау сабағы.
Қайталап жинақтау, қорыту сабағы.
Оқушылардың білімі мен дағдысын жаттықтыру сабағы.
Білім сынау сабағы.
Шет елдер тәжірибесінен, атап айтсақ, Чехословакия мектептерінен мысал келтірсек, ондағы сабақты жіктеуде біздің тәжірибемізге ұқсастығын байқаймыз.
Жаңа оқу материалын мазмұндау сабағы.
Жаттығу сабағы.
Қорыту сабағы.
Қайталау, білім сынау сабағы.
Аралас сабақ.
М.И.Махмутов сабақты мақсатына қарай, детерменді жалпы-дидактикалық мақсатына қатысты, меңгеруге тиісті материал мазмұныңа байланысты және оқушының қабылдауына орай жіктейді. Ол сабақтың төмендегідей бес түріне тоқталады:
1) Жаңа оқу материалын өту сабағы;
2) Білім, дағды, қабілетті жетілдіру сабағы;
3) Жинақтау және жүйелеу сабағы;
4) Аралас сабақ;
5) Бақылау, білімге, дағды, қабілетке түзету енгізу сабағы (9-сурет).
9-сурет. Сабақтың түрлері
Сабақ жіктемесінің әр түрлілігі: дидактикалық пайым мен тұжырымдардың болуы, тәжірибеде тұрақталған сабақ түрлерінің негізгі дидактикалық міндеттері мен оның кешендеріне байланысты.
Атап айтқанда: 1) Кіріспе сабақ; 2) Жаңа сабақты өту; 3) Білімді бекіту сабағы; 4) Жинақтау сабағы; 5) Есепті-бақылау, аралас сабақ; 6) Диспут, КВН сабақтары.
Сабақтың басқа түрлері өздігінен сабақ (репродуктивті түр - ауызша және жазбаша; жаттығу); зертхана сабағы; тәжірибе сабағы; экскурсия сабағы; семинар сабағы.
Қорыту және пысықтау сабақтары негізгі екі дидактикалық міндетті шешуге бағытталған:
1) Оқушылардың теориялық білім деңгейлерін көрсетеді;
2) Бағдарламаның өзекті мәселелерін меңгеруде танымдық қызметке қатысты әдістерді қолдануын бұрынғы меңгерген білімнің маңызын ашу амалдарын, барлық бағдарлама бойынша өткен материалдарды оқушылардың игерудегі біліктілік, икем және қабілеттілігін тексеру. Мұның өзі тоқсандық, жарты жылдық және оқу жылында жүргізіледі.
Аралас сабақтың жіктемемен берген кіші құрылымының әдістемелік бөліктері оқыту ситуаңиясының жағдайына бағынышты болып келеді және мұғалімнің педагогтік шеберлігі әсер етіп, көбінесе бірінен-біріне тәжірибесі ауысып отырады, сабақтың кейбір рет тәртібін өзгертеді, мұның өзі әр мұғалімнің танымдық үрдісін ұйымдастыру тәсіліне тәуелді. Мұндай жағдайда сабақ құрылымы оңтайлы, жеңіл болып мұғалім өз жұмысын жауапты қарайды (10-сурет).
10-сурет.Сабақтарды жіктеу
XX ғасырдың 70-жылдарында отандық мектептерде оқушылардың сабаққа енжарлығы байқалып, оқуға деген қызығушылық құлшынысы төмендеді. Бұл өзекті де өткір мәселеге тәжірибелі мұғалімдер назар аударып, сабақтың дәстүрлі емес түрлерін өткізуді жөн көрді, мұндағы басты мақсат оқушылардың білімге деген құлшыныстығын тұрақтандыру.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Форма ұғымына анықтама беріңіз
Оқыту формаларын атаңыз
Жеке оқыту технологиясына мағұлымат беріңіз
Достарыңызбен бөлісу: |