Байланысты: П нні О У- дістемелік кешені «Педагогика»
Педагогиканың объектісі, пәні және қызметтері Объект – осы ғылым зерттейтін шынайы болмыстың саласы. Пәні – объектіні осы ғылым тұрғысынан көре білу тәсілі. Нысан дегеніміз - зерттеушінің танымдық әрекеті бағытталған шынайы болмыс, ал пән дегеніміз - зерттеудің нысанын (объектісін) ғылыми тұрғыдан көру тәсілін бейнелейтін зерттеу субъектісі мен объектісі арасындағы буын.
Педагогика – бұл білім және тәрбие беру әрекетінің түрлі жақтарын зерттейтін басқа ғылымдар қатарындағы білім және тәрбие беру туралы арнайы ғылым. Бұл білім беруді өзінің құрамдас бөліктерімен бірлікте қарастырып зерттейтін, өзінің зерттеу объектісі ретінде санайтын бірден – бір ғылыми пән. Сонымен, педагогика білім және тәрбие беру туралы бірден-бір арнайы, кең ауқымды ғылымдар жүйесінің қатарына кіреді. Педагогика ғылымының саласы құрсақ тәрбиесінен бастау алады (С.Ғабассов). Педагогиканың негізгі салалары: педагогика тарихы, этнопедагогика, халықтық педагогика, отбасы педагогикасы, әлеуметтік педагогика, жас ерекшелік педагогикасы, мектепке дейінгі тәрбие, тәрбие теориясы мен әдістемесі, мектеп педагогикасы, жоғары мектеп педагогикасы, кәсіптік педагогика, қосымша білім беру, басқару педагогикасы, түзелту - еңбек педагогикасы, әскери педагогика, салыстырмалы педагогика, жеке пәндер әдістемесі, арнайы педагогика т.б. Арнайы педагогиканың өзі адамдардың денсаулықтарының кемістігіне байланысты бірнеше салаға бөлінеді: сурдопедагогика - саңырау, мылқау, керең адамдарға, тифлопедагогика - көру қабілеті нашар, соқыр адамдарға, олигофренопедагогика – ақыл есі кем адамдарға, логопедия – тілінің кемісі бар адамдарға тәрбие және білім берумен айналысады.