ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені


Тақырып. Отбасының негізгі қызметтері мен ерекшеліктері



бет5/10
Дата25.12.2016
өлшемі1,74 Mb.
#4419
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Тақырып. Отбасының негізгі қызметтері мен ерекшеліктері.

Дәріс жоспары:



      1. Отбасының қоғамда алатын рөлі.

      2. Отбасының негізгі қызметі мен ерекшеліктері.

Дәрістің қысқаша мазмұны

Отбасы қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Онда адам дүниеге келіп, ұрпақ жалғасады. Отбасында бастапқы әлеуметтену үрдісі жүзеге асады, балалар азаматтық кәмелетке толғанша тәрбиеленеді. Отбасы сондай-ақ тұрмысты ұйымдастырудың ұйытқысы, ошағы және маңызды тұтынушылық бірлік әрі негізгі әлеуметтік саясат объектілерінің бірі болып табылады. Отбасы негізін еркек пен әйел арасындағы некелік одақ құрайды. Алайда, отбасы тек еркек пен әйел арасындағы қатынастардан ғана емес, сонымен қатар адамдардың ұрпақтарын байланыстыратын ата-ана мен балалардың қатынастарынан да тұрады.  Мұның өзі жанұяға аса маңызды әлеуметтік сипат береді. Отбасының мәні оның міндеті мен құрылымы мүшелерінің атқаратын рөлі деген ұғымдар арқылы көрініс табады, отбасының міндеттері, бір жағынан отбасымен қоғамның, екінші  жағынан жанұямен жеке адамның өзара іс-қимылын көрсетеді.

Отбасы аса маңызды әлеуметтік құрылым ретінде көптеген қоғамдық ғылымдардың зерттеу объектісі болып отыр. Ағылшын этнографы Л.Морган «Көне қоғам» (1884) атты еңбегінде жанұя тарихын дұрыс бағытта талдады. Марксизм жанұяны дара және топтық қатынастардан тұратын тарихи әлеуметтік құбылыс деп қарады.

Қазіргі таңда отбасы қызметінің ортақ топтамасы немесе жіктемесі жетік түрде толық жасалмаған. Мысалға, Г.М.Свердлов және В.Л.Ресенцев (1958) отбасының маңызды қызметтеріне ұрпақ жалғастыру, тәрбиелеу, шаруашылық және өзара көмек көрсету қызметтерін айтады.

Э.К.Васильева (1981) өз зерттеулерінде отбасы қызметінің үш тобын қарастырады:шаруашылық-экономикалық, генеративті тәрбиелік, мәдени, репродукциялық. С.Д.Лаптеноктың пікірінше, (1967) отбасының маңызды қызметтеріне шаруашылық –тұрмыстық, халықтың көбеюі, өз мүшелерінің демалысын ұйымдастыру, тәрбиелік жатады.

70-шы жылдары басты назар отбасындағы қарым-қатынас пен оның тұлға қалыптасу процесінде алатын орны туралы Б.П.Парыгин, А.Г.Харчев. Ол әйел адамның кәсіби іс-әрекетімен отбасы жағдайындағы міндеттерін үйлестіре білу сипаты және де отбасы өміріне қалай ықпал етеді» деген тақырыптарда С.Голод, З.Янкова т.б. зерттеді.

Сонымен, отбасы ның негізгі атқаратын қызметтерін айтатын болсақ:

- қайта өндіру (репродуктивті) – ұрпақ келтіру (тек жалғастыру тума әрекеті, перзентті болу, оларды өсіру және тәрбиелеу қажеттігі)

- шаруашылық – экономикалық, (орта шаруашылық және қаржы пайдалану, еңбекке жарамсыздарға қамқорлық және оларды материалды қамсыздандыру);

- тәрбиелеу (отбасы, оның әрбір мүшесінің тұлғалық қалыптасуына жағдайлар жасау; отбасы ұжымының өз мүшелеріне жеке дара ықпал жасап баруы; өмірлік тәжірибе, инабаттылық тәртіптерімен адамгершілік құндылықтарға баулу);

-  қарым-қатынас құру (коммуникативті - отбасы ішіндегі қатынас түзу, отбасының басқа адамдармен, жанұялармен әлеуметтік топтармен байланысын ұйымдастыру);

- қайта қалыпқа келу (рекреативті – бос уақыттарындағы демалыс іс-әрекеттерін ұйымдастыру; отбасы мүшелерінің күш-қуатын, денсаулығын қайта тіктеу шараларын қамтамасыз ету).

Отбасы тәрбиелік қызметтерінің іске асуы оның ұлттық ерекшеліктеріне, әлеуметтік - мәдени салт-дәстүрлеріне және ол енген қауымдастыққа тән талап-тәртіп ұстанымдарына байланысты.

Негізгі ұғымдар: Отбасы, қоғам, рөл, отбасы қызметі, үлттық ерекшелік.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:


  1. Отбасының тәрбиелік қызметі туралы не айтар едің?

  2. Отбасының бұл қызмет түрлерінен басқа тағы қандай қызметтерді жатқызар едің?

Әдебиеттер:

1.Эйдемиллер Э, Юстицкис В. Психология и психотерапия семьи. СПб.,1999.

2.Гребенников И.В. Основы семейной жизни. Учебн. Пособие- М., 1991

3.Ковалев С.В. Психология современной семьи. М., 1998

4.Жарикбаев К.Б., Озганбаев О., Чистов В.В. Семейная жизнь молодоженов. /Психология и этика. Учебник. А., 2001

Дәріс тақырыбы. Отбасындағы дағдарыстар.

Жоспар.


1. Отбасындағы дағдарыстардың түрлері.

2. Отбасындағы дағдарыстардың себептері.

3. Отбасындағы дағдарыстардың алдын алу жолдары.
Дәрістің қысқаша мазмұны.

Отбасы дағдырысы – отбасы мәселенің аса асқынып, ұшығып, басқа мәселелерді кері ысырып, алдыңғы орынға шығатындай деңгейге көтерілу дәрежесі.

Отбасы психологиясыңда- өмірде кездесетін дағдарыстың кез – келген түрі қалыпты деп есептеледі.

Алғашқы некеге тұрудың өзі - дағдарыс болып табылады. Әсіресе тойға дейін жастар бір - бірін ашық түсті көзілдірікте көреді, ал неке- өмір сүру салтының өзгеруіне, әлеуметтік беделге ие болуға әкеледі. Бірлескен өмірде алғашқы жыл соңына қарай некенің бір жылдық дагдарысы пайда болады. Осы уақыт ішінде дағдарысқа ерлі - зайыптылар үйренісіп бірінің алдында бірі жауапкершілік танытып, түсіністікпен қарайды немесе айырылысу тілегі пайда болып некелік одақ сәтсіз болып саналады. Ажырасудың алғашқы шарықтау шегі -бір жыл бірге өткізген өмірден кейін болады.



Екінші дағдарыс отбасында бірінші баланың туылуынан кейін пайда болуы мүмкін, тіпті ол бала қалаулы болып, махаббаттан пайда болса да қалыптасады. Тағы да өмір сүру сипаты өзгереді, отбасындағы жүктемелер ауысады.

Келесі дағдарыс отбасында екінші баланың дүниеге келуімен байланысты болады, әсіресе балалар арасыңда 5-7 жастан жоғары болған жағдайда қатты көрінеді. Балалар арасында бәсекелестік пайда болады, ол ата - ананың мейіріміне, махабатына ие болу ниетінен туындайды.



Қарым - қатынастағы дагдарыс бала мектепке дейінгі мекемеге немесе мектепке бартннан кейін де пайда болуы мүмкін.

Келесі ол уақытпен байланысты екінші дағдарыстың катар келуі: жеткіншек жас дағдарысы және ата - ананың 40 жастық дағдарысы болып табылады. Бұл кезеңде ата - аналар өз құндылықтарын қайта қарайды, ал баллалар билікке ұмтылып шу шығарады. Көп жағдайда осы кезде баланың қызуғушылығын ата - ана әр түрлі ескереді және көптеген келеңсіздіктер дәл осы кезде пайда болады.

Отбасы дамуының келесі дағдарыстың кезеңі бұл - ерлі - зайыптылардың бір - бірінің зейнеткерлікке шығуы. Бұл кезенде көсемдікке бейімделіп, өзін кәсіби іс - әрекетте белсенділікте ұстап, дағдыланып қалған адамдарға қиын болып келеді. Егер олар өздеріне басқа бір жұмыс көзін тауып, айналыспаса, онда өмірге деген қанағаттанбаушылық және жеке басының іске жарамсыздығын сезінеді.

Қатар келген екі дағдарысты теңестіру қиынға соғып, отбасында іштей бөлінуге, қарама- қайшылықтарға әкеліп соғады.



Ажырасудың екінші шарықтау кезеңі 40-45 жас аралығы. Бұл бірге өмір сүрген 10-15 жыл аралығына сәйкес келеді. Осы отбасылық өмірдің екінші өтпелі дағдарыстық кезеңі болып табылады.

Одан әрі өсіп калған балалардың кәсіп таңдауымен байланысты - дагдарыстық кезеңге жетеді. Қазіргі экономика шартында ата-ана бала болашағының қамын ойлап, оған үлкен аукымды түрде қаржылай және моральдық тұрғыдан үлесін қосып, оның келешектегі жемісті мамандықпен қамтамасыз етуге ұмтылдырады.



Ажырасудың үшінші шарықтау шегі және өз - өзіне қол жұмсауға бару дәл осы кезенге сәйкес келеді. Осы кезде ер жеткен балалар ата - ана қамқорлығынан бөлек шығып, өз бетінше өмір сүруге немесе отбасын құрып кететіндіктен, ерлі - зайыптылар жалғыз өздері қалып қояды. Көптеген ерлі – зайыптылар мұндай тығыз экономикалық және физикалық қарым - қатынасқа дайын болмағандықтан осы кезде орта жастағы ажырасулар кездесіп жатады.

Қалыпты дағдарыстармен қатар отбасы басқа да құбылыстарда мысалы: соғыс, экономикалық дағдарыс, табиғи аппаттар, ерлі - зайыптылардың бірінің кенеттен ауырып қалуы, созылмалы айырылысулар, отбасы мүшелерінің өмірден кетуі, тұрмыс үй мәселесінің ушығуы сияқгы жағымсыз әсер ететін жағдайларға кез болуы мүмкін. Осындай орта жолда пайда болған жүктемелерді кез - келген отбасы көтере білмейді , міне сол кезде отбасының құлдырауы- ажырасуы орын алады. Ажырасу - некенің бұзылуы

Балалар ажырасу процесіне үш түрлі типте жауап қайтарады: жеңімпаздар, жеңілгендер, аман қалғандар.

Отбасындағы дағдарыстың алдын алу үшін белгілі бір ержелерді сақтай отырып, ақылмен жүзеге асыруға болады:

Бірінші: қақтығыстың неден басталғанын, себебін анықтау керек. Ең қиыны, ұрыс әбден өршігенде, алғашқы себебін анықтап көру. Алдымен себеп айтылады, ал оны өз қалпында түсіне қоймай, қарсыласып, ерегесіп бұрынғыдан да бетер дауды өсіре береді. Кім не үшін риза емес екендігін анықтаудан бастау керек. Ренішті жұбай – ұрыстағы негізгі тұлға. Ол отбасы шырқын бұзушы «агрессор» емес. Ол жәбірленуші және басқалардан көмек күтуші. Оны тек осылай түсінуіміз керек. Ал ары қарай оны шың ниетімізбен, ойын жинақтап нақты айтуға тырысқан.

Екінші: Ұрыстың негізгі себебімен, оны тудырушы фактіден ауытқымау керек. Барлық ренішті жағдайларды бір уақытта жиып-теріп шеше алмаймыз. Ұрыс неден шықты, ол туралы кім қалай ойлайтынын өзара кекетпей, мұқатпай тыңдап көзқарастарын қалыпқа келтіруге, түсінуге тырысу керек.

Үшінші: Қақтығыс кекетіп-мұқатып, бірін-бірі төмендету, жәбірлеу түрінде емес, кеңесіп талдау түрінде өтуі қажет. Сол сияқты таласқа үшінші адамды, балаларын, туыстарын және таныстарын қатыстырмау керек. Олар еріксіз түрде біреуіне жақ болып, аралық теңдікті бұзады. Әсіресе ата-аналарының «соғысы» балаларына қатты батады, сондықтан оларды араға түсірмей, керісінше сөздірмеуге, көрсетпеуге тырысу керек. Айқай-шусыз, дауыс көтермей, салмақты ақылдылықпен келісу керек.

Төртінші: Кешірімді болу. Қарсыласып ұрысты өршіте бермей, кей кезде өзін өзі тежеп, серігін тыңдауға тырысу керек. Серігінің кей пікірлерімен келісіп, оның қойған талабын орындаған дұрыс. Ал талап қойған адам өз бойына бір жола бағандырып алудың жолын ойламай, жолдасының аз ғана мойын ұсынғанына қанағаттануы керек. Жұбайлық өмірде және басқа да қарым-қатынастарда ашық түрдегі эгоизм, бірбеткейлік, кешірімсіздік келіспеушілікті тудырады және семьяның бұзылуына әкеп соқтырады.

Негізгі ұғымдар: жанұя, дағдарыс, отбасы психологиясы.

Өзін -өзі бақылау сұрақтары:

1.Отбасылық дағдарыс ұғымына сипаттама беру.

2. Отбасындағы қалыптан тыс дағдарыстар болу себептеріне тоқталыңыз.

3. Отбасындағы дағдарыстың негізгі себебі көрсетіңіз

4. Отбасындағы дағдарыстың алдын қалай алуға болады

5. Отбасы қалыпты дағдарыстардан басқа қандай жағдайларға кез болуы мүмкін

Әдебиеттер:

1.Владин В.Е., Капустин Д.З. Гармония семейных отношений. А., 1991

2.Сысенко В.А. Супружские конфликты. М., 1989

3.Трапезникова Т.М. Этика и психология семейных отношений. Учебн. Пособие.Л., 1988

4.Рогов Е.И. Психология отношений мужчины и женщины. М., 2002

5.Бизакова Ф.Ә Отбасы дағдарысын зерттеудің өзекті мәселелері//Вестник КазНУ Сер.Психология и социолог.- 2007. ?1.-61-65б

6. Коляева М.Отбасы дағдарысы//Қызықты психология.-2010.-№2.-16-18б.

7. Берн Ш. Гендерная психология.Законы мужского и женского поведения/Ш.Берн.-СПб:-Прайм – ЕВРОЗНАК, 2007.-318с



Тақырып. Ата-аналар алғашқы тәрбиешілер.

Дәріс жоспары:

1.Ата-ана алғашқы тәрбиешілер.

2.Бала тәрбиесіндегі жанұя мүшелерінің әрқайсысының орны.

3.Бала тәрбиелеу жолдары.
Дәрістің қысқаша мазмұны.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады.

Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн.

Қазақ отбасындағы тәрбие ерекшеліктері Жаратылысынан жүрек жылуы мен мейірім шуағы мол халықтың бірі - қазақ. Бала тәрбиесіне деген немқұрайлық оның табиғатына мүлдем жат. Өйткені, қазақтың ел алдындағы абырой-беделі, қадір-қасиеті тек жеке басының жақсылығы немесе дәулетімен ғана емес, бауырынан өрген ұрпақтарының салауаттылығы, жарақтылығымен де өлшенген.  Ата - бабаларымыздың сондай-ақ, тектілік деген киелі ұғымды ежелден қастерлеп, оны атадан балаға мирас қып қалдыруында да терең сыр жатқандай. Туа бітті тектілін, табиғи қадір - қасиетін сақтап қалу үшін олар мүмкіндігінше тәрбиелі отбасылармен құдалы жекжат болуға ұмтылған. Тарих қойнауына үңіліп, ұлттық тәрбие сырларына тоқталып отырғанымызда тегін емес. Өркениетті ел қатарына қосыламыз, келешекте көш бастайтындай көшелі ұрпақ өсіреміз дейтін болсақ, ұлттық тәрбие сырларын, тағылымдарын еш уақытша да естен шығармауымыз керек.

Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әже, бала.
Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп есептеледі. Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген Әке - әулет басшысы, отбасы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұлт тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Шығыстың ғұламасы Әл-Фараби : «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» - деген. Адам өмірге бірдей болып келеді, бірақ та өсе бара олардың тағдыры әртүрлі болып қалыптасады.

Қазіргі уақытағы мәселе тудыратын себептердің бірі – отбасы тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілік сезімінің жоқтығы бала мінезінде мейірімсіздікті, қатыгездікті, дөрекілікті, өзімшілікті туғызады. Ал, тарихта көз жүгіретін болсақ, кең байтақ өлкемізде буынынан-буынға жалғасып ұяттылық, әдептілік, көргеділік, мейірімділік салтанат құрып үйлесімін тауып жатты. Міне, сол қымбат қасиеттердің бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаяды.

Екінші себеп - отбасындағы ұрыс - керіс, ата - аналардың мінез-құлқы.  «Сіз өз балаңыздың тәрбиесін бастамастан бұрын өзіңіздің мінез-құлқыңызды  тексеріңіз... Сіздің жеке мінез-құлқыңыз нағыз шешуші нәрсе... Ата-аналардың  өздеріне талап қоюы, олардың өз үйелменін қадірлей білуі, өзінің әрбір қадамын қадағалап отыруы- тәрбиенің ең бірінші және ең басты әдісі» - деген болатын А.С.Макаренко. Ал, ұлы ата - бабамыз: «Ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің іргетасы», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - деп түсіндіреді.

Үшінші себеп – ұл балаға үнемі жеткіліксіз көңіл аударылады. Кейбір отбасы баланың ішкі дүниесін, тілектерін, ойларын, қайғысын, қоршаған ортаға қатынасын жете біле бермейді. Бала тәрбиесіне ең әуелі оның өз ата-анасының еңбекқорлығы , ұстамдығы, кішіпейілділігі, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етпек.

Ұрпақ тағдыры дегеніміз – ұлт тағдыры. Әрбір ұлттың болашағы, оның білімі де іскер, талантты да мәдениетті, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтарының қолында. Адам тәрбиесі-үдемелі қозғалыспен жүріп отыратын мәңгілік үрдіс. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.

Тәрбие процесі өте қиын да күрделі, айналып өтуге болмайтын жол. Оның қиындығы балаға әсер ететін әр түрлі жағдайдың ұшталуынан туындайды. Баланың қалыптасқан дара ерекшелігін, эмоциялық көңіл - күйін, жігер-қайратын ескере отырып, ұлттық мәдениетімізді, салт - дәстүрлерімізді бойына сіңіре тәрбиелеу-басты міндетіміз. Әрбір дәуір кезеңінде ата-аналар балаға тәлім-тәрбие берумен бірге олардың бойында ақыл-қайрат, білім-тағылым алу қасиеттерін дамытуға үнемі көңіл аударып, жете мән беріп отырған. Халықта «Тәрбие табалдырықтан басталады» - деген нақыл сөз бар. Асыл сөздің мәні неде? Яғни әрбір отбасындағы ата-аналардың алдында тұрған басты міндет-өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуде дей отырып, «адам ұрпағымен мың жасайды» - деген тұжырымды үлгі тұту.

Әрбір ата-ана - өз балаларының алғашқы тәрбиешілері. Олар - өз отбасындағы басты тұлға. Ата-ананың бала алдында беделі болуы керек. Әсіресе, ананың орны ерекше. Ерекше болатын себебі, ананың адамгершілігі, мейірімділігі, төзімділігі, даналығы, балаға деген сүйіспеншілігі – басты нәрсе.

Сөз жоқ, әр ана баласының жан дүниесін түсініп, оның жүрегіне жақын болып, шынайы досына айналса – мақсатына жеткені. Егер ол балаға деген аналық махаббатын дұрыс түсінбей,баласының жіберген қателіктерінің бәрін кешіріп, талап ете алмаса, өз баласының кемшіліктерін көре білмесе кейін үлкен өкінішке ұрынатыны анық.

Ендігі бір басты мәселе, әке болу-ер адамдардың игі, жауапты парызы.

Әрине, әке бала бойына жоғары азаматтық мұраттың таратушысы, әрбір отбасы мүшесінің, ана беделінің қорғаушысы, жұбайлық адалдықтың үлгісі бола білсе, онда ол, сөз жоқ, шаңырақтың тірегіне, мәуелі бәйтерегіне айналады. Сыйлы әке – балалардың мақтанышы.

«Өз бөбегіңіздің іңгәсін естіген сәтіңізден бастап, сіздің өте-мөте нәзік қоғамдық қызметіңіз басталады. Отбасылық өмірдің басты мәні де, мақсаты да-балалар тәрбиелеу. Бала тәрбиесінің ең үлкен мектебі – ер мен әйелдің, әке мен шешенің бір-бірімен қарым-қатынасы» - деп, тамаша педагог - ұстаз В.А.Сухомлинский айтқандай, ата-анасы өз баласының тәрбиесі үшін қоғам, ел, халық алдында жауапты. Ол аз болса, әрбір ата-ана мектеппен тығыз байланыс орнатып, өз балаларының парасатты, білімді, мейірбан, табанды азамат болып өсуіне жағдай жасаулары тиіс.

Қазіргі таңда отбасы қиын кезеңді басынан өткізуде. Ажырасу мен толық емес отбасылар, отбасындағы кризис, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, тәрбие сапасының құлдырап кетуі, қоғамдағы жат қылықтардың қазіргі кездегі отбасының жауапкершілігінің төмендеуі, заңсыз отбасын құру, некесіз баланың туылуы, тастанды бала, т.б. қалыптасуына әкеліп соқты. Осы мәселені шешу, бүгінгі күн талабының көкейкесті мәселесі болып отыр.

Бүгінгі таңда толық емес отбасыларында өскен балалар өте қамкөңіл, тез ренжігіш, күйгелек мінезді болып өсіп келеді. Аналық мейірімді қатты аңсайды. Ондай бала көңіліне ұнамағанды істемейді, қоғамдық пайдалы еңбектен бас тартуға әрекет жасайды. Сонымен бірге, еңбек тәрбиесіне көңіл бөлмеген жанұяларда бала бос уақытын көптеген жағдайда әр түрлі қызықтар қуумен өткізеді. Ол жастардың азғындауына апарып соғатын бірден-бір жағдай.

Жалпы отбасындағы әке тәрбиесіне келсек, бүгінгі таңдағы әке әр түрлі себептерге байланысты өзінің отбасындағы патриархалды күшін жоғалтқан. Сонымен бірге, балада әке тәрбиесі жетіспейтін отбасы кездесуде. Қазіргі жағдайда жауапкершіліксіз ата-ана көбейіп кетті. Бала тәрбиелеуде ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста сұхбаттасу, қоршаған ортамен қарым-қатынасы жетіспейді. Отбасын екіге бөліп қарастыруға болады: жақсы тәрбие беретін отбасы бар, мүмкіндігі келмейтін отбасы бар. Баласын тастап саудаға кетеді, қызмет істейді. Ондай бала үйде жалғыз отырады. Ол баланың тамағы тоқ, киімі бүтін болғанымен жақсы тәрбие ала алмайды. Ата-ана қаражат табу қамымен жүргенде мектеппен байланысын үзеді. Ал екі жақ тығыз байланыста болмай, бала екі жақты тәрбие көрмесе оның келешегінің тамырына балта шабылды деген сөз.

Отбасында кездесетін көп кемшіліктердің бірі – бала тілін дұрыстамаймыз. Бала еркелікпен тілін бұрап, басқаша сөздер айтады.

Қазіргі кездегі отбасындағы бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігінің төмендеуінің салдарынан балаларымыз көше кезіп, қыздарымыз кезбелікке салынып, қаңғыбас бала саны көбеюде. Отбасы тәрбиесінде, әсіресе, жастарымыздың арасында мейірімділіктің, имандылықтың, адамгершіліктің төмендеуі салдарынан әр түрлі жағдайлар туындауда. Ата-анасын түсінбеген, танымаған бала басқаны да тыңдап жарытпайтыны анық. Сондықтан да әрбір ата-ана «баланы жастан» деген аталы сөзбен «Не ексең соны орасың » деген халық даналығын жадына ұстаған дұрыс. Тағы бір тәрбиеге нұқсан келтіретін ата-ана тарапынан жіберілетін қателік – баланы шектен тыс еркелетіп қолына қомақты ақшаны ұстатып, өз еркіне жіберуі. Қазіргі кезде заман өзгеріп, өмірімізге техникалық прогрестің жетілген кезінде компьютерлік ойындар орталықтары ашылып жатыр. Осында жүретіндер – балалар, ойынға салынып сабақты да, басқаны да ұмытып, өз алдына қызыққа батады. Тіпті ақша үшін ұрлық жасап, өз ата-анасына қол жұмсап жатқан жасөспірімдерді естігенде төбе шашың тік тұрады. Осы мәселені әрбір отбасы алға тартып, тереңінен пайымдауы керек. Сонда ғана тәрбиеге қатысты бір мәселенің шешілуі мүмкін.

«Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы». Баланы 5 жасқа дейін патшадай күт, 10 жасқа дейін құлдай жұмса, 15 жастан асқан соң – досыңдай сырлас. Ата-ананың үйдегі қарым-қатынасы, киім киюі, мінез-құлқы бәрі-бәрі балаға үлгі. Өйткені, «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі», «Әкеден-ақыл, анадан мейір алады», «Әке - асқар тау болса, ана - бауырындағы бұлақ, ал бала - жағасындағы құрақ». Осы бір үш сөз әке, ана, бала – отбасы ошағының үш тағаны іспеттес.

Ата-аналар арасындағы бала тәрбиесіне көзқарастың әр түрлілігі байқалады. Ата-аналардың жанұядағы тәрбие мәселелері жөніндегі келіспеушілігі, көзқарастарының бір болмауы баланы жеке басында жақсы сапалар қалыптастыруға кері әсерін тигізбей қоймайды. Тату-тәтті өмір сүріп отырған жанұя әрдайым балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Балаларын өздерінің ойларымен бөлісуге үйретеді, саяси мәселелерді, жаңа фильмдер мен кітаптарды бірлесе отырып талдайды, өздерінің сүйікті әндерін орындайды. Мұндай жанұя тар шеңбер аумағында қалып қоймайды.

Ал кейбір жанұяда баланың жеке басына көңіл бөлінбейді. Ата-ана оның ішкі дүниесіне, қандай нәрсе қызықтыратынына, мақсатына уайымына қоршаған ортаға қатынасына назар аудармайды. Мысалы, оқушы үй тапсырмасын орындаудан бас тартса, ата-ана мұндай қылықтың шығуының негізгі себебі неде екенін білуі қажет. Кейде бірбеттілік шаршағандықтан, баланың ішкі жан дүниесінің бір нәрсеге еліктеп ойлауынан пайда болады. Ата-аналар өздерінің жақсы мінез-құлықтарымен, жеке өнегелерімен ғана балаларын таза достық пен жолдастыққа баули алады.

«Қатаң да болсын балаға талапты мейлінше көп қоя отырып, баланы қадірлеу керек болады. Қадірлемейінше баладан көп нәрселерді талап етуге болмайды», деген еді А.С. Макаренко.

Сондықтан бала тәрбиесі ата-аналарға жауапты, міндетті жүктейді, ал ол міндеттердің көңілден шығуы ата-ананың жанұядағы әрбір үлгілі ісіне байланысты. А.С.Макаренконың: «Біздің балаларымыз – біздің қартайған кездегі болашағымыз». Оларға берілген дұрыс тәрбие – ол қартайған кездегі бақытымыз. Теріс және нашар тәрбие – ол біздің болашақ қасіретіміз, көз жасымыз», деген даналық тұжырымнан жемісті нәтиже шығарайық.

Негізгі ұғымдар: халық тәрбиесі, ата-ана ұстаз., әке, шеше, жанжал, әдептілік, дәулет, ұлттық тәрбие.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Ұрпақ тағдыры – ұлт тағыдыры дегенге өз ойыңыз.

2.Қазақ отбасындағы тәрбие ерекшеліктері қандай?

Әдебиеттер.

1.Ковалев С.В. Психология семейных отношении. М., 1987

2.Гребенников И.В. Основы семейной жизни. Учебн. Пособие- М., 1991

3.Ковалев С.В. Психология современной семьи. М., 1998

4.Жарикбаев К.Б., Озганбаев О., Чистов В.В. Семейная жизнь молодоженов. /Психология и этика. Учебник. А., 2001





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет