ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені


Тақырып. Отбасының методологиялық негіздері



бет3/10
Дата25.12.2016
өлшемі1,74 Mb.
#4419
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Тақырып. Отбасының методологиялық негіздері.

Дәріс жоспары:



  1. Отбасының методологиялық негіздері

  2. Отбасы – шағын мемлекет

  3. Отбасының құрылу себептері мен ерекшеліктері.

Дәрістің қысқаша мазмұны.

Қазақстан Республикасының тұғырлы тәуелсіздік алуы, әлемдік деңгейде егеменді ел ретінде айқын танылуы, сондай-ақ президенттік басқару нысанындағы демократиялық мемлекеттің және жаңа азаматтық қоғамның тууы, нарықтық қатынастар жүйесіне көшуі, объективті қажеттіліктерге байланысты болып отырғаны қоғамдық сананың түбегейлі өзгерістер шеңберін кеңейтті.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы" атты халыққа жолдауында: "Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге қазіргі ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауакершілік жүгін арқалайтынын , әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз" деп қазіргі жанұяның әлеуметтік, мәдени, қоғамдық қызметі белсенділігінің маңызын жоғары бағалап, Республикадағы жанұялардың алдына қомақты міндеттер жүктесе, 2003 жылдың 27 мамырында өткен білім беру жүйесі қызметкерлердің республиканың жиналысында Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі К.Н.Шамшидинова қазіргі кезде жанұяның бала тәрбиесіндегі алатын орнын ала келе, ғылыми-әдістемелік және іс-тәжірбие жұмыстарында бұл мәселеге көңілдің көп бөлінбей жүргеніне тоқталып, жанұяның мәнін көтеруге, оған ат салысуға шақырған еді.

Отбасында адам өмірге келеді, тәй-тәйлап басады, бірінші қуанышы мен қиындығын кездестіреді, өседі, өнеді, одан үлкен өмірге аттанады. Олай болса жанұя деген не? Оның мәні неде? Қоғамда қандай рөл атқарады? Әр адамға не береді? Осы сұрақтарды жан-жақты қрастырып, шешуге көптеген ойшылдар, ғалымдар ат салысқан. Мысалы: ежелгі грек ойшылы Платон "Адамдар жанұя құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай жанұядан шыққанын, оның йәке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет " деген екен. Ал, Аристотель болса, жанұя- адамдардың қарым – қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі деп санаған.

Классикалық неміс философиясының өкілі Кант жанұя мәселесін қарастыра отырыпондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. Фихте жанұяның негізі- махаббат десе, Гегель бірінші болып жанұя мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап жанұяға деген тарихи көзқарастарды ғылыми көзқарастар толықтыра түседі. Мысалы, 1877 жылы шыққан "Ежелгі қоғам" атты кітабында Л.Морган жанұяның тарихын, оның некелі қарым - қатынасын, экономикалық, әлеуметтік дамуын және қызметін қарастыран. Одан кейінгі уақыттарда жанұя туралы бірінші марксистік жұмыстар жарық көрді. Оның бірі Ф.Энгельстің 1884 жылы шыққан "Жанұяның жеке меншіктің және мемлекеттің тегі " атты жұмысы. Одан Ф. Энгельс жанұяны тарихи категория ретінде қарастырып, оның формаларының байланысын, даму жолдырын көрсетті. Француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцарлық И.Г.Песталоции, орыс педагогтары К.Д. Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макарнко т.б. қарастырған. Жанұямәселесін көптеген әлеуметтану, философия, психология, педагогика, демография, құқық әдептану, тарих т.б. ғалымдардың қарастыруына байланысты көптеген анықтамалар кездестіруге болады. Олай болса, жанұяның бірнеше анықтамаларына тоқталайық.

Философиялық тұрғыда "жанұя" – қоғамның ажырамас құрамды, өмірде зор мәні баркішігірім ұйым деп берілсе, әлеуметтану ғылымында жанұя некеде және қандас туыстар негізінде құрылған кішігірім топ деп берілген. Оның мүшелері бір - бірімен тұрмыстық, моральдық, жауакершілік, өзара жәрдем көрсету қарым-қатынаста болып, әлеуметтік құрылыс ретінде қоғамның экономикалық базисінің дамуына байланысты өзгертіп, жекелей дербестікте болады деп көрсетті.

Ал, педагогикалық-психологиялық тұрғыда жанұя – ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардың және басқа да жанұя мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи нақты жүйесі болып табылады.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде "Жанұя" – өзіне, "некемен қандас туысқа негізделген шағын топ" деп анықтама берілген. Оның мүшелері тұрмыстық ортақтығы, өзара көмек және рухани жауакершілік арқылы байланысқан. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық қатынастардың жүйесімен тығыз байланыста бола тұра да, жанұя-қоғамдық өмірге қарағанда адамдар белгілі дәрежедегі дербес сырлас тобы.

Отбасы мәселелерін ТМД елдеінің ғалымдары В.И.Зацепин, В.Д.Цимбалюк, Г.М. Андреева, Д.Варга Ю.А.Королев, С.Д.Лаптенок, Г.К.Матвеев, А.М. НечаеввЮ.И. Семенов, ал Қазақстанда С.Қалиев, М.Жарықпаев, Ж.Б.Қоянбаев, К.БейсенбаеваМ.Тажин, Б. Аяғановасекілді ғалымдардың еңбектерінде қарастырлған.

Ғалымдардың тұжырымдамалары бойынша жанұя- адамдардың яғни некелік жүзінде қосылған еркек пен әйелдің , олардың туған немесе тумаған балаларының, кей кезде басқа да бірге тұратын жақын адамдарының қарым-қатынастық, бірлестік формасы. Авторлардың ойынша бұл анықтама барлық жанұяның кез келген даму кезеңдерінің мәні мен мінездемесін қарастырады.

Отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа, оның барлық үрдісіне ықпалын тигізе алады. Жанұя адамдардың қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік функциялар орындап қоғамның әлеуметтік құрылымы, бір элементі болып табылады.

Отбасы мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста, ерекше жанашырлық, сүйіспеншілік сезімде болады. Олар бір-бірінің тағдырына елелі ат салыса алады. Бұл жерде бір немесе бірнеше ұрпақ жанұя болып іріктелінеді. Екі ұрпақты жанұяда: әйелі менерінің, әке мен шешенің, балалрдың, ағалардың және қарындас, сіңілдердің рөлдері негізделеді. Ал іш ұрпақтық жанұяда ата мен әженің, ене мен атаның, күйеу бала мен келіннің, қайындар мен балдыздардың рөлі қосылады.

Психологтың жанұямен жүргізетін жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі жанұяның өзекті жағдайының диагностикасы болып табылады.

«Жанұялық диагноз» терминін Э. Г. Эйдемиллер енгізді. Жанұялық диагноз жанұя қызметінің бұзылу сипатын және нығайту жұмыстарының стратегиялық бағыттарын жоспарлауға мүмкіндік берді.

Жанұялық қатынастарды диагностикалау үшін әлеуметтік-психологиялық диагностиканың әр түрлі әдістері қолданылады: сауалнама, бақылау, эксперимент, социометриялық әдістер, құжаттарды сандық-сапалық талдау, тестілеу. Жанұяны басқа шағын топтардан ажырататын белгілер қандай?

Жанұяның белгілері: оның мүшелерінің арасындағы некелік және туысқандық байланыстардың болуы, тұрмыстың ортақтылығы, ерекше моральдық-психологиялық, эмоциональді – этикалық және құқықтық қатынастар. Жанұяның қажеттілігі қоғамның физикалық және рухани өнімдерінің адамның өзінің және адамзат қоғамының қажеттіліктерімен шарттасуы. А) маскүнемдік мәселесі Ә) суицид мәселесі,әрбір ер адам үшін некенің сәтсіз аяқталуы – суицидке әкеледі, әйелдер үшін – депрессия. Жанұядағы әрбір үшінші бала жалғыздық күйін кешеді. Б) балалар қылмыстары мен нашақорлықтың артуы.В) ажырасудың артуы.

Жанұя – қоғамның негізі болып табылады. Өйткені қоғамды құратын адамзат атаулы отбасында өсіп-өрбиді, тұлға болып қалыптасады. Қоғамдық әлеует, қоғамдық ақыл-ой биігі өз тамырвн осы ұядан тартады, ұлттың діні де осы жанұя. Қоғамды жекелеген адамдар, жеке тұлғалар құрайды, яғни салауатты қоғамның негізі қуатты өнегелі, рухани мықты отбасы болып табылады.

Отбасы – отанымыздың ошағы. Өйткені адам ең алғаш дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті мектебі. Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасындағы бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат, ынтымақтастығы бар.

Отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері т.б. болатыны сияқты әр отбасы болмыс тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрамына зор мән беріп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын ашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. Отан – отбасынан басталады деген сқздің мәні де осында.

Үйлненіп, жанұя құру – әр адамның өмірінің маңызды кезеңі болып саналады. Табиғаттың гүлдену мен көгеруіне себеп болатын көктем сынды, адам өмірінің де көктемі болады, ол адамның жастық кезеңі. Үйленудің де көктемі болады, ол адамның ақылы мен тәнінің кәмелетке жету кезеңі болып саналады.

Америкалық зерттеуші, қоғамтанушы әрі жазушы Джеймс Вилсон: "Үйлену немесе тұрмыс құру – түсіністік, махаббат және перезент тәрбиелеу сынды талаптардың жауабы", - деп жазған. Шын мәнініде, жанұя құру – адамның қажеттілігі. Сол себепті осы қажеттілікпен қарысыласатын адамдар рухани және психикалық мәселелерге кезігеді. Жасалған зерттеулер бойынша, жанұя құрудан бас тарту әлеуметтік және психикалық қиындықтарға соқтыруы мүмкін. Мәселен, жасы ұлғайып, жанұя құратын адамдар психикалық қысым, абыржу, алаңдаушылық және басқа да психикалық аурулармен бетпе-бет келеді. Сондай-ақ, кеш үйлену тіпті жыныстық бұзақылықтарға себеп болуы мүмкін. Үйлену абыржу немесе алаңдаушылық сынды психикалық мәселелерді шешіп, адамның азғындалуына тыйым салады. Басқа жақтан, жанұя құру әйел мен ерді бір-бірінің мүмкіндіктері, айырмашылықтары және сезімдерін танып, жыныстық, мейірімділік және психикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Сөйтіп, әйел мен ер отбасыдағы мейірім мен махаббаттың арқасында тыныштыққа жетеді.

Жанұя құру – әр адамның өмірінің маңызды кезеңі болып саналады. Табиғаттың гүлдену мен көгеруіне себеп болатын көктем сынды, адамның өмірінің де көктемі бар, ол – адамның жастық кезеңі. Үйленудің де көктемі болады, ол – адамның ақылы мен тәнінің кәмелетке жету кезі болып саналады. Адамның жастық шағында үйленіп, тұрмыс құруы оған пайдалы әсер етеді. Бала – бақытты ортақ өмір мен қуанышқа бөленген мұндай жанұяның жемісі.

Негізгі ұғымдар: жанұя, жанұя мүшелері, жанұялық қатынас, ошақ.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:


  1. Жанұя психологияның әдіснамалық негіздеріне тоқталыңыз.

  2. Жанұяның құрылу себептері мен ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.

Әдебиеттер:

1.Эйдемиллер Э, Юстицкис В. Психология и психотерапия семьи. СПб.,1999.

2.Гребенников И.В. Основы семейной жизни. Учебн. Пособие- М., 1991

3.Ковалев С.В. Психология современной семьи. М., 1998



4.Жарикбаев К.Б., Озганбаев О., Чистов В.В. Семейная жизнь молодоженов. /Психология и этика. Учебник. А., 2001

Тақырып. Жанұя – тәрбиенің негізгі бастауы.

Дәріс жоспары:

      1. Жанұя тәрбиелеу құралы ретінде.

      2. Қазақ жанұясында тәрбиелеу ерекшеліктері.


Дәрістің қысқаша мазмұны

Жанұя – бұл адамдардың әлеуметтік-педагогикалық тәрбие тобы әрбір мүшенің өзін-өзі сақтау ұрпақты жалғастыру және өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы.

Жанұялық тәрбие дегеніміз – ата-аналар мен туыстардың күшімен нақты отбасындағы қалыптасатын тәрбие мен білім берудің жүйесі.

Жанұя – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.

Жанұяның басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. 

Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері педагог- ғалымдар С. Қалиев, М.Смайылова, М.Оразаев, С. Ұзақбаева, К. Қожахметова,  Ж.Б. Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жақты сөз болған.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.

Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған. 
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды. 
Қазақ халқы еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп қарастырды. Еңбекке асыл мұрат деңгейінде қарады. Еңбек тәрбиесі деп баланы еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, еңбек іс – әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, болашаққа мамандық таңдауға дайындауды түсінді. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді. 
Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді. Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. Қазақ халқы бала тәрбиелеуде экономикалық тәрбие деген ұғ,ымды пайдалабағанымен, тәрбиенің бұл түрі отбасында мақал, өсиет айту, өнеге көрсету арқылы жүзеге асқан. Мысалы, «Еңбегі қаттының ембегі тәтті», «Еңбек- өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі», « Еңбек – түбі береке», «Үнемшілдік-сараңдық емес», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Сараң дүниенің малын жыйса да тоймайды» деген мақалдары дәлел бола алады. Бұл ата-бабамыздың экономикалық тәрбиенің негіздері еңбек тәрбиесінде екенін жақсы түсінгенін байқатады. Қазақ отбасында экономикалық тәрбие арқылы айырбас, бөлісу және табыс табу сияқты негізгі экономикалық қатынастарды тәжірибеде меңгеру жүзеге асты. 

Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған. 

Қазақ халқының күнделікті кәсібінде, тұрмыс- тіршілігінде төрт-түлік мал бағу, аң аулап кәсіп етуді ұйымдастыруында да экономикалық тәрбиенің нышандары айқын аңғарылады.. Мәселен, «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қой малының пайдасының зор екенін ұғындырса, ешкінің өсімталдығымен оның да пайдасы көп екендігін: «Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да, есіңді жи» деп нақты ұғымды кеңестер береді. 
Ал, ата-бабаларымыздың қоршаған ортаны аялауы мен оған деген,ізгі, мейірбан қарым-қатынасын мақтанышпен айтуға тұрады. Себебі олар көшпенді өмір сүргендіктен әркез өздерін табиғаттың бір бөлігіміз деп есептеген. Жер Анаға деген құрмет пен ізет олардың санасында ғасырлар бойы қалыптасқан. 

Сондықтан, экологиалық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқында тәрбиелеу және экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыру әрекеттері қазақ отбасында бала аяғы шығып, апыл- тапыл жүре бастаған кезден-ақ қолға алынған. Мысалы, баланың тұсауын көк шөппен кесудің терең тәрбиелік мәнімен бірге тірі табиғатқа деген көзқарасын білдірген. Қазақ отбасындағы тәрбие құралдарының бірі болып есептелетін тыйым сөздердің мазмұны ата-бабаларымыздың экологиялық тәрбиеге зор мән бергенінің дәлелі болып табылады. Мәселен «суға дәрет сындырма», «көк шөпті жұлма», «отқа түкірме» және т.с.с. 
Қазақ халқы адамның сұлулық сезімдерінің тұлға өмірінде зор рөл атқаратынын жете түсінген.Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады және өнер деп білген.Қазақ отбасындағы сұлулық тәрбиесінің мақсаты баланы көркемдік пен сұлулықты тануға, оған баға беруге, күнделікті өмірдегі адамның жеке басының, қатынас, үй-жағдай және киім-кешек мәдениетін,сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасуының қалыптастыру және талғампаздыққа тәрбиелеуді көздеді. 
Қазақ отбасында баланың ерте есеюіне көп көңіл бөлген . Оны жүзеге асыруда олар үлгі-өнеге көрсету, жауапкершілікке арту әдістерін шебер пайдаланған. Баланы ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекетке тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу т.с.с. істерге бірге ертіп жүрген. Сондай-ақ қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор.Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз. Және қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке- жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. 

Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған. 
Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың , қыз бен жеңгенің, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым- қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше қымбат үлгісі іспетті. 

Егер  жапон халқы басқалар үшін тұйық халық болса, онда ағылшын халқы басқаларды қойып, өз ішінде тұйық халық. Олардың  отбасындағы  әр адам жеке өмірінің құпия болғанын қалайды. Бір сөзбен айтсақ, ағылшындықтардың жаны-өз үйінен де жақын, яғни берік  қамалмен тең. Басқа халықтар үшін  жанұя қиыншылық пен қуанышты бірге бөлісетін ең басты байлық болса, ағылшын халқы қиыншылық кезінде жақындарынан көмек күте қоймайды. Тіпті  жақындарына көмек көрсетуді  өз жауапкер- шіліктеріне алмайды.

Ағылшын халқында ең алғашқы сәби дүниеге келісімен (бай болса да) отбасындағы бар байлық  тек сол балаға ғана мұраға беріледі. Оның басқа іні, сіңлілері болғанымен оларға  ештеңе берілмейді олар өз  тірліктерін өздері жасайды. Француздар мен  немістерге қарағанда ағылшындар қыз баланың  жасауына да аз көңіл бөлген. Олар баланың өмірін қамтамасыз еткеннен гөрі, олар талпынған сәтте ұядан  итеруге әрекет етіп, өздіктерінен ұшуға жағдай жасайды.

Ағылшын  әжелері  өз немерелерін өте жақсы көргенімен, тек сенбі, жексенбі күндері ғана немерелерін қонаққа шақырып, күтеді немесе  ата-аналары демалыста жүргенде бір-екі апта ғана немерелеріне қарайды. Бірақ олар тегін және үнемі  бала бағушы болуға ешқашан да келіспейді.

Ағылшын отбасы баланы  ішкі әлемінен аз қорғайды. Олар баланы  өз ортасында, өз құрбыларымен қатар  өскендіктерін қалайды. Сол себепті  бала кішкентай кезінен бастап  өз өзіне жауап бере алатын және әлеуметтік жауапкершілігі бар тұлға болып қалыптасады.

Ағылшын жасөспірімінің   білімі аз болғанымен,  қарым-қатынаста адамгершілік қасиетінің жоғары екенін, үлкендер арасында   басқа  шет елдік құрбыларынан гөрі өзін өте жақсы ұстай алатындығын көрсете біледі. Өзінің жанұясына жақындығы да аз сезіледі, алайда  қоршаған әлеуметтік ортада өзінің  құқығы мен міндеттерін жақсы біледі.

Әлеуметтік жауапкершілікке  тәрбиелеу  Британияда ең басты адамгершілік характердің бірі болып есептеледі. Саяси-қоғамдық жауапкершіліктер белгілі бір жаттығулар мен оқытудың арқасында емес, олар бала бойына ағылшын біліміне бағытталған тәрбие мен әр түрлі  бағыттағы еркін еңбектің өмірлік тәжірибелері арқылы сіңіріледі.

Өз қалау бойынша  еңбекке араласу  ағылшындықтар үшін  кең таралған және  игі іс болып есептеледі. Өз сөздеріне қарағанда ағылшындықтар  қызметтік міндеттемесі жоқ кез- келеген жұмысқа  өте үлкен  ықыласпен беріледі, ал қоғамдық міндет олар үшін  «әлеуметтік хобби».

Қорыта айтқанда, ағылшындықтарУ.Черчиллидің : «Егер жалғыз ағаш тірі қалса, ол мықты болып өседі» деген сөзін көп қолданғанды жақсы көреді  екен. Ал Лондонда: Француз жанұя мен мемлекет тұрғысынан  ойласа, ағылшындықтар үшін жеке тұлға мен қоғам ең басты бағыт.  Бүгінде  жаңашыл  Ұлыбритания мектептерінде адамгершілік пен ұлтжандылық тәрбие мәселелерін қарастыратын  жаңа реформа жасалған.

Негізгі ұғымдар: жанұялық тәрбие, әлеуметтік орта, ұрпақ, ата-ана, қазақ отбасы.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Отбасы тәрбиесінің мәні..

2.Қазақ отбасының ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз.

Әдебиеттер:

1.Эйдемиллер Э, Юстицкис В. Психология и психотерапия семьи. СПб.,1999.

2..Жарикбаев К.Б., Озганбаев О., Чистов В.В. Семейная жизнь молодоженов. /Психология и этика. Учебник. А., 2001

3.Ақпарова Ж. Жанұялық метадологиялық негіздері Ұлт тағылымы 2004- №4 53-57 б



Тақырып. Отбасының құрамы және түрлері.

Дәріс жоспары:

1. Отбасы құрамы, түрлері.

2.Басқарылу стиліне байланысты жаңұя түрлері.


Дәрістің қысқаша мазмұны.
Отбасы өзiнiң құрамына қарай толық отбасы, толық емес отбасы және үлкен (күрделi) отбасы болып бөлiнедi. Толық отбасыларында ерi, әйелi, балалары болады. Толық емес отбасыларда тек ерлi-зайыптылардың бiреуi балаларымен болады. Үлкен (күрделi) отбасыларында бiрнеше ұрпақ өкiлдерi бiр шаңырақ астында өмiр сүредi. Мысалы, ата-әжесi, ата-анасы, балалары мен немерелерi және т.б. Американдық әлеуметтанушы Мэрдок «нуклеарлық отбасы» деген түсiнiктi енгiзедi. Ондай отбасыларында мiндеттi түрде ерi мен әйелiнiң болуы шарт. Балалар саны шектеусiз, тiптi ондай отбасыларында балалардың тiптен болмауы да мүмкiн.

Отбасындағы адамдардың бiр-бiрiмен өзара қарым-қатынасының сипатына қарай М. Галагузова оларды авторитарлы, демократиялық және эгалитарлық деп бөлдi. Авторитарлық отбасы өзiнiң қарым-қатынастағы қаталдығымен сипатталады. Мұндай отбасыларында әйел ерiне бағынышты немесе ерi әйелiнен аса алмайды және балалары ата-аналарының дегенiнен шыға алмайды. Демократиялық отбасыларындағы қарым-қатынас толық өзара түсiнiстiк пен сыйластыққа негiзделедi. Мұнда отбасы мүшелерiнiң үйiшiлiк қызметтерi қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне қарай тең бөлiнген, отбасындағы әрекеттердi ұйымдастыру мен атқаруға бәрi жұмыла қатысып отырады. Ал эгалитарлық отбасылары ондағы ересектердiң тең құқылығымен ерекшеленедi. Мұндай отбасыларындағы адамдар үшiн отбасы проблемаларына қарағанда жеке басының проблемалары бiрiншi орында тұрады. Мысалы, жұмыстағы жетiстiктер және т.б. Мұндай отбасыларында үйiшiлiк жұмыстар тең бөлiнген, барлығы ұжым болып жабыла кiрiсiп атқарады және шешiм қабылдайды. Бос уақытты да бiрге өткiзуге тырысады. Мұндай отбасыларындағы қарым-қатынастың кемшiлiгi отбасы проблемаларын шешуде кейбiрiнiң жеке мүддесi немесе қызығушылығы ескерiлмесе, кикiлжiң тууы мүмкiн.

Отбасындағы адамдардың әлеуметтену процесі оның типіне байланысты. Қазіргі психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде отбасының көптеген типологиялары ұсынылып жүр. Солардың ішіндегі мынадай отбасы типінің классификациясын қарастырып көрейік:


  1. Отбасындағы балалардың санына қарай: баласыз отбасы, аз балалы отбасы, көп балалы отбасы;

  2. Отбасының құрамына қарай: толық емес отбасы, жай, яғни нуклеарлық отбасы, күрделі отбасы (бірнеше ұрпақ өкілдерінен тұратын отбасы), үлкен отбасы, аналық отбасы, қайталанған некелі отбасы;

  3. Құрылымына қарай: бір некеден туылған балалар (әкелері бір, бірақ шешелері бөлек), ата-анасының біреуінен туылған (әкесінің бұрынғы әйелінен туған балалар мен шешесінің бұрынғы күйеуінен туылған балалары бар) әртүрлі туыс балалары бар отбасылар;

  4. Отбасындағы лидерлік позициясына қарай: эгалитарлық (демократиялық) және дәстүрлі (авторитарлық) отбасылары;

  5. Отбасындағы адамдардың ұлттық құрамына, мамандығы мен білім деңгейіне байланысты әлеуметтік құрамының біркелкіліне қарай: әлеуметтік-гемогендік (біркелкі) және гетерогендік (әркелкі);

  6. Отбасылық тәжірибесіне байланысты: жас жұбайлар отбасы, жас отбасы, орташа жастағы жұбайлар отбасы, ересек жұбайлық отбасы, егде жұбайлар отбасы;

  7. Отбасындағы психологиялық климат пен қарым-қатынасының сипатына қарай: қолайлы, тұрақты, қолайсыз, педагогикалық әлсіз, тұрақсыз, ұйымшыл, ауызбіршілігі жоқ отбасылары;

  8. Географиялық ерекшеліктеріне байланысты: қалалық, ауылдық, оқшауланған отбасы;

  9. Тұтынушылық мінез-құлқына байланысты: «физиологиялық» типтегі тұтынушы отбасы, «интеллектуалдық» типтегі тұтынушылар отбасы, аралық типтегі тұтынушылар отбасы;

  10. Отбасылық өмірінің ерекше жағдайына байланысты: студенттік отбасы, некесіз отбасы, некелі отбасы;

  11. Бос уақытын өткізу ерекшелігіне байланысты: ашық-жарқын отбасылары және оқшауланған отбасы, жабық (бос уақыттарын тек өз отбасыларымен ғана өткізетін) отбасылары;

  12. Әлеуметтік бейімділігіне байланысты: реактивті, белсенді және орташа белсенді отбасы;

  13. Отбасылық өмірінің байланыс деңгейіне қарай: дәстүрлі, ұжымдық және жеке-даралық отбасы;

  14. Отбасының психикалық саулығына қарай: салауатты отбасы, невротикалық отбасы, виктомегендік отбасы.

Енді осы қарастырылған отбасыларының ішіндегі бірқатар отбасы типтеріне сипаттама беріп, тоқталып өтейік:

Жас отбасы. Бұл отбасылар жұбайлық өмір дамуының алғашқы сатысында және жұбайлық таңдау міндеттерін жүзеге асыру кезеңінде. Бұл кезеңде олар бір-бірін енді танып біліп, мінез-құлықтарындағы алшақтықты түзетуге, үйреншікті өмір сүру салтынан жаңа өмірге бейімделу кезеңін бастан кешіреді.

Жас отбасыларының үш типі ғылымда айқындалған.

Бірінші тип – дәстүрлі. Мұндай отбасыларындағы адамдар жұбайлық қарым-қатынастарында екі баладан тұратын отбасы құндылықтарына негізделеді. Отбасы басшысы формалды болса да, міндетті түрде ер адам болып табылады. Әйтсе де, отбасындағы лидерлік позициясы оның отбасындағы шаруашылық-тұрмыстық жұмыстарға қаншалықты қатысты болатындығымен айқындалады (қаржы, үй тұрғызу және т.б.). Отбасылық достарының шеңбері мұндай отбасыларында ортақ болады және шектеулі болады. Бос уақытын көбінде өз отбасыларында өткізеді.

Екінші тип – мұндай отбасыларындағы жұбайлар негізінен жеке бастарының тұлғалық дамуына көп көңіл бөледі, кіші отбасы құрамын қамтиды. Мұнда әлеуметтік-рөлдік тенденция басым байқалады. Бұл отбасылары араласатын микроортаның ерекшелігіне қарай ашық та, тұйық отбасы да бола алады. Отбасындағы билік отбасы өмірінің тіршілік әрекетінің сферасына қарай демократиялық бағытты ұстанатын болады.

Үшінші тип – көңіл көтеруге бағытталған жас отбасы мүшелері. Мұндай отбасы иелерінің ері мен әйелі ортақ достарға да, жеке өз достарына да ие. Олар негізінен балалы болуды жоспарламайтындар немесе аз бала жоспарлайтындар. Отбасындағы билік авторитарлық немесе демократиялық болуы мүмкін.

Орташа жастағы жұбайлар отбасы. Қарым-қатынастарына қарай мұндай отбасыларына тәрбиеленушілерді тәрбиелеушілік айқындалатын өзіндік ұжымдық сипат тән. Көптеген жұбайлар бұл жас кезеңінде тек сөз ғана емес, отбасындағы іс-әрекет пен ерлі-зайыптылық өнегесінің тәрбиелік ықпалын қолданатын өздерінің жеке тәжірибелеріне сүйенеді. Олар балаларының бойында қандай да бір жағымды қасиетті қалыптастыруды мақсат етсе, ең адлдымен өздері сол қасиетке ие болуы керектігін жете түсінеді. Мұндай отбасыларындағы ең басты мәселе отбасы өмірінің бірқалыптылығы, ішпысарлық және үйреншікті тіршіліктің қалыптасуы болып табылады. Мұндай отбасыларындағы өмір тыныш, өйткені отбасылық проблемалар өз шешімдерін тапқан, жұбайлар өздерін еркін де қауіпсіз сезінеді. Сондықтан да белсенділік төмен. Әйтсе де, өмір белсенділігін жұбайлар өздерінің алдарына жаңа да күрделі міндеттерді қою арқылы көтере алады.

Ересек жұбайлар отбасы. Мұндай отбасыларына өздері жеке немесе ересек балаларымен және немерелерімен тұратын жұбайлар отбасы жатады. Оларға зейнеткерлікке шыққан жұбайлар жатады. Мұндай отбасыларының мәселелеріне олар жаңа мекенжайға көшкенде бейімделудің қиындығы, жұмыс орнын ауыстыруға байланысты туындаған қиыншылықтар және т.б. жатады.

Баласыз отбасылары. Әдетте мұндай отбасыларына он жылдан бері некелерінде бала болмаған жағдайда осылай аталады. Әрбір үшінші баласыз отбасы ерінің бастамасымен ажырасады. Әйтсе де ажырасу арыздарын бергендер олардың ішінде аздаған бөлігі ғана баланың болмауын ажырасу себебі ретінде көрсетеді, көп бөлігі көрсетпейді екен. Олар негізінен мінез-құлқымыздың келіспеуі деп көрсетеді. Олай болса, отбасында баланың болмауы ерлі-зайыптылар арасын суытып және қарым-қатынастың қолайсыздығына алып келеді.

Баласыз отбасыларындағы жұбайлардың өмір жағдайлары олардың тұлғалық қалыптасуын белсенді етуге және өз-өзін көрсете білуге жоғары мүмкіндік туғызады.



Көп балалы отбасы. Мұндай отбасыларына төрт баласы бар отбасылар кіреді. Мұндай отбасылары өздерінің ауызбіршілігімен ерекшеленеді және ажырасу көрсеткіштері де салыстырмалы төмен болады. Мұнда едәуір қиын отбасылық проблемалар мен шаруашылық қамқорлықтарды өз жауапкершілігіне алатын әртүрлі жастағы және балалар ұжымы қалыптасады. Үлкен отбасыларында негізінен үлкенге құрмет көрсету басым байқалады. Сонымен қатар, билік те ересектер қолында болады.

Әйтсе де, біздің бүгінгі жағдайымызда статистикалық мәліметтер көп балалы отбасыларының дені аз қамтылған, әлеуметтік тұрғыдан мұқтаждық көріп отырғандығын көрсетеді.



Аз балалы отбасы. Бұл қазіргі кезде ең көп тараған отбасылар, оларға екіден немесе жалғыз баласы бар отбасылар жатады.

Бұл отбасыларына тән позитивтік аспект отбасында балалар мен ата-аналар бойында әлеуметтік-психологиялық қасиеттерді (сапаларын) қалыптастыруға (бауыр басушылық, ұйымшылдық, лидерлік), сонымен қатар өзінің әрекетіне жауапкершілік қасиеттерін әлеуметтік бақылауға алуға қолайлы жағдайлардың болуы.

Сонымен қатар, ғалымдар отбасында жалғыз баланың болуының оны тәрбиелеудегі әлеуметтік-психологиялық тұрғыдағы теріс аспектілерін де атап көрсетеді. Оның өз құрдастарымен қарым-қатынас жасауға деген мүмкіндігінің шектеулігі, одан да жаманы эмоционалдық қасиеттерінің дамуының төмендігі деп көрсетеді. Қарым-қатынасы мен сезім мәдениеті кешеуілдеп дамыған балалардың ата-аналары өте мейірімді, көп кешіретін, барлық қылықтарына төзімді болып келеді. Ондай жағдайда бала өзінің ерекше қамқорлықтағы рөліне тез бейімделеді де, өзгелерге қамқорлық жасау қажеттілігін сезінбей өседі. Аз балалы отбасылары өмірі мен тіршілігінің мазмұнына тән нәрсе оның отбасы мүшелерінің жеке бастарының мүдделерін іске асыру бойынша әрекеттердің, нақты қызметтерінің айқын болуында. Ең болмағанда кәсіби, оқу (педагогикалық) немесе тәрбиелік сферада өзін-өзі жетілдіруге талпынысы байқалады. Оларда отбасы мүшелерінің қарым-қатынас шеңбері шектеулі, көбінесе туған-туыстарымен, кәсіби қызметтегі әріптестерімен, кейде қажетті тұлғалармен ғана араласады. Мұндай отбасыларындағы лидерлік әрекет отбасындағы бала тәрбиесімен және шаруашылық-тұрмыстық жұмыстармен айналысатын жұбайлардың біріне беріледі. Соңғы жылдарда мұндай отбасыларындағы қолайлы өмір сүру деңгейі де күрт өзгеріп отыр.

Күрделі отбасы. Бұл бірнеше ұрпақ өкілдерінен тұратын толық отбасыларын, тіпті бірнеше некелік отбасыларын қамтитын ұжым. Оны жұбайлардың ата-аналары, жұбайлардың өздері және олардың балалары құрайды. Жыл өткен сайын мұндай отбасыларының саны азайып барады.

Күрделі отбасыларына тән өмір сүру ерекшелігінің маңыздылығы ондағы ұлтаралық қарым-қатынастардың тұрақтылығында, тұрмыстық тіршіліктің орнықтылығында, жас жұбайлар үшін бала күтімі мен тәрбиесіне деген қамқорлық пен кеңес алудың жоғары мүмкіндігінің боуында. Мұндай отбасыларында психологиялық-адамгершіліктік атмосфера өзінше қалыптасады. Күрделі құрылымдағы отбасына жаңа өзінің өмірлік талғамы мен психологиялық мінезі тұрғысында өзгеше жаңа отбасы келіп қосылғанда отбасы қарым-қатынасы да күрделі бола бастайды. Ондағы қарым-қатынастарда бірқатар қиыншылықтар мен түсінбеушіліктер орын алуы мүмкін. Әйтсе де, ондағы мүшелердің әлеуметтендірушілік ықпалы біртіндеп жаңа отбасы мүшелерін ретке келтіреді. Себебі көпшіліктің көзқарасы маңызды рөлді атқаратындықтан және дәстүрлі қалыптасқан отбасыларындағы қалыпты қарым-қатынас талабы екінші тарапқа тәрбиелік ықпал етеді.



Қолайлы отбасы. Мұндай отбасыларына жас отбасылар, орташа жастағы, ересек жастағы жұбайлар отбасы және т.б. кіреді. Сонымен қатар, мұндай отбасыларына баласыз, көп балалы, күрделі отбасылар және т.б. да енеді. Отбасының қолайлығы тек қана материалдық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар тұрмыстың әлеуметтік-психологиялық компоненттерін де қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан келгенде қолайлы отбасына ондағы ерлі-зайыптылар мен басқа да мүшелерінің бір-бірін жоғары бағалауы, отбасындағы отағасының беделін жоғары бағалаған отбасылары жатады. Отбасында кикілжің орын алмайды, кездескен қайшы көзқарастар керіссіз оң шешімін тауып отырады, ерлі-зайыптылар отбасында туындаған мәселелерді өзара келісе отырып шешеді. Қолайлы отбасыларындағы мүшелер бір-біріне үнемі көмектесетіндігін және көмекке қандай жағдайда да дайын екенідігіне сенімді болады.

Қолайлы отбасыларына психологиялық салауаттылық, отбасылық құндылықтардың жақындығы, отбасы мүшелерінің әлеуметтік-рөлдік бейімделуі мен отбасында әлеуметтік-қанағаттанушылық, ұзақ отбасылық өмірге талпыныс пен микроәлеуметтік қарым-қатынастағы бейімділік тән.

Әйтсе де, отбасындағы жағдай қаншалықты қолайлы болса да ол әлеуметтік ортамен байланыспайынша автономды түрде өмір сүруі мүмкін емес. Керісінше ондай отбасыларында қоғамдық құбылыстармен белсенді байланыс орнайды да, кез келген отбасы секілді қазіргі қоғамның көптеген әлеуметтік факторларының ықпалының күшіне ілігіп жатады.

Қолайсыз отбасы. Қолайсыз отбасыларына нақтылы бір уақыт барысында отбасыаралық және отбасыішілік тұрақсыздық қалыптастырып келген ықпалдарға қарсы тұруға қабілетсіз отбасыларын жатқызамыз. Оларға аралас немесе некесіз отбасылар, толық емес отбасылар, проблемалы отбасы, кикілжіңді отбасы, дағдарысты жағдайдағы отбасылары, невротикалық отбасы, педагогикалық әлсіз отбасылар, отбасы өмірі теріс ұйымдастырылған және т.б. отбасылары жатады.

Мұндай отбасыларында көбінесе адамның жеке мүддесі, эгоистік қызығушылығы, отбасындағы әрбір адамның назарының тек өзіне аударылғандығын қалау басым көрінеді. Олардың қарым-қатынас жасау ортасы әртүрлі, тұрақсыз, шектеулі және отбасы тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмек көрсетуге қабілетсіз болып келеді.

Қолайсыз отбасыларындағы адамгершіліктік-психологиялық ахуал «қиын балалардың» пайда болуына алып келеді. Мұндай отбасыларынан шыққан балалардың 90%-ының мінез-құлқында қалыпты жағдайдан ауытқу құбылысы байқалады. Олар үшін қоршаған ортамен және отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынаста психологиялық сәйкессіздік тән, олар үшін ұйымшылдық, ауызбіршілік, бедел, абырой, басшылық деген түсініктерді өздерінше қабылдайды. Олардың қарым-қатынастағы айтатын әңгімелерінің тақырыптары да шектеулі, ал қарым-қатынас стилі ерекше эмоционалды. Сондықтан көп жағдайда кикілжіңді жағдайға бару олар өмірінің тұрақты стилі мен өмір сүру мазмұнының созылмалы сипаты ретінде көрінеді.

Қолайсыз отбасыларында проблемалық мәселелер әртүрлі. Олар ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынаста, ата-аналар мен балалары арасындағы қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтардың орын алуында, балалар тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлінің және көзқарастарының бірдей болмауында, яғни өзара келіспеушілігінде, ата-аналарының екеуінің де немесе біреуінің сұранысының екіншісін қанағаттандармауында және т.б. көрініс береді.

Негізгі ұғымдар: жас отбасы, баласыз отбасылары, көп балалы отбасы, аз балалы отбасы, ересек жұбайлар отбасы, күрделі отбасы.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:



  1. Қоғамда отбасының алатан орны қандай?

  2. Отбасы түрлеріне сипаттама беріңіз.

  3. Қолайлы емес отбасының типологиясын және ондағы қарым-қатынасты реттеудiң мүмкiн болатын жолдарын өзiңiздiң тұжырымыңыз бойынша ұсыныңыз.

Әдебиеттер:

1.Ковалев С.В. Психология семейных отношении. М., 1987

2.Гребенников И.В. Основы семейной жизни. Учебн. Пособие- М., 1991

3.Ковалев С.В. Психология современной семьи. М., 1998

4.Владин В.Е., Капустин Д.З. Гармония семейных отношений. А., 1991




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет