ПОӘК 042- 14-5 01. 20. 5/01 -2009 №1 басылым 18. 09. 08. орнына


Өлкенің экономикалық жағдайы



бет4/8
Дата01.08.2017
өлшемі1,4 Mb.
#22452
1   2   3   4   5   6   7   8

Өлкенің экономикалық жағдайы. Соғыс жағдайынан бейбіт тұрмысқа оралу аса күрделі болды. Бірінші империалистік және Азамат соғысы өлке экономикасын қатты күйзелтті.

Ірі өнеркәсіп орындары істен шықты. 1919 жылдың екінші жартысында Риддердің бұрынғы иелері (ағылшын капиталистері – бұрынғы Риддер концессионерлері), Кеңес мемлекетіне ештеме қалдырмау мақсатында рудниктерін суға батырды, құрылғылардың біразын және геологиялық барлау жұмыстарының қорытындылары мен кен өндіру жобалары бар техникалық мұрағат құжаттарын өздерімен бірге алып кетті.

Семей губерниясында қайта қалпына келтіру басталғанға дейін 3233 өндіріс орнының 450-і қалаларда болды, олардың 387-і ғана жұмыс істеп тұрды. Бұлардың көпшілігі механикалық қондырғылары жоқ, жалдамалы азғантай адамдар жұмыс істейтін ұсақ кәсіпшіліктер еді.

Семейдегі 100 өндірістік мекеменің басым көпшілігі 1920 жылдың қарсаңында жабылып қалды немесе әзер жұмыс істеп тұрды. Электр станциялары, Затондағы кеме жөндеу шеберханалары жұмыс істемеді, жөнделмеген кемелерді тот басты. Өндірісте отын, шикізат, жұмысшылар,қаржы болмады.

Кеңес өкіметінің алғашқы шараларының бірі социалистік экономиканың негізі болып табылатын өндіріс орындарын мемлекет меншігіне алу болды. 1918 жылы Зырян, Риддер кеніштері кен байыту фабрикаларымен және Өскеменге дейінгі темір жол тармақтарымен, басқа да шет елдік концессионерлерге тиісті шаруашылықтар мемлекет қарамағына алынды.

Жаңа экономикалық саясатқа сәйкес ірі өнеркәсіптердің бөлімдері шаруашылық есепке көшірілді: диірмендер, Безымянный бұлағындағы хутордағы тері зауыты, механикалық зауыт және басқалары. Бұл өнеркәсіптер кожмехтрест бірлестігін құрады. Жеке адамдарға сыра қайнату зауыты, губерндік одаққа – тері зауыты, механикалық зауыт пен диірмендер берілді. Осы кезде қалада 950 ұсақ кәсіпшілердің шеберханалары жұмыс істеді: етік тігу, іс тігіу, ұстаханалар, слесарлық шеберханалар, былғары киімдер тігетін шеберханалар және басқалар. Олар халыққа ең алдымен қажет бұйымдарды дайындады.

Мемлекет меншігіне алынған өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету үшін 1921 жылы қаңтарда жалпығаортақ еңбек ету міндеттілігі губерниялық комитеті құрылды. Мұндай комитеттер уездер мен болыстарда да құрылды. Қаңтарда комитет 18 бен 50 жас аралығындағы құрылысшы, кемежасаушы, ағаш шебері, токарь, механик, ұста, дәнекерлеуші және т.б. мамандығы бар барлық ер адамдарды 6 айға жұмысқа алу туралы шешімді жариялады. Міндетті жұмысқа инженерлік-техникалық мамандар, оның ішінде 18 бен 40 жас аралығындағы архитектор, техник, инженер, жер өлшеуші, бухгалтер, есепші, машинист мамандығы бар әйелдер де тартылды.

Өндіріс пен ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына халық шаруашылығы губерниялық кеңесі басшылық жасады. Работой по восстановлению промышленности и сельского хозяйства руководил губернский совет народного хозяйства. Қондырғылардың, құрал-саймандардың, шикізаттың, адамдардың жетіспеушілігіне қарамастан өлке тұрғындары өте ауыр жағдайда, жартылай аш, жалаңаш жүріп, адам айтқысыз ауқымды шаруаларды іске асырды.

Затонның кеме жасау щеберханаларында жөндеу жұмыстары қолға алынып, Ертістегі жүзу маусымы басталғанда семейліктер ашаршылық жайлаған аудандарға астық тиелген екі кемені шығарды. 1920 жылдың маусым айында Риддердегі кен өндіріле бастады, екі ағаш кесу өндірісі іске қосылды, бу-турбина станциясының құрылысы басталды, 1922 жылдың жазында алтын байыту фабрикасы жұмысқа қосылды. 1923 жылы шілдеде электролит тәжірибе зауыты пайдалануға берілді. 1924 жылы желтоқсан айында іске қосылған циан зауыты Риддердің ірі жеңісі болды. Алтын өндірісін қалпына келтіру өлкенің экономикалық жағдайын едәуір нығайтты.

1924 жылдың 1 қаңтарына дейін Семейде 800 адам жұмыс істейтін 16 ірі өнеркәсіп мекемелері қалпына келтірілді. 1925 жылдың қарсаңында Өскемен, Семей, Павлодар уездері біршама дамыған уездер қатарында болды. Өскемен уезінде Ақжал алтын кеніштер тобы, Риддер тау-кен мекемесі, Алтай алтын кеніштері тобы, жұмыс істеп тұрды. Азамат соғысынан кейінгі алғашқы бесжылдықта Затонда орналасқан кеме жасау зауыты металл өңдеу құрылғыларымен жабдықталды, флот бұрынғыдан қуатты кемелермен толықты.

1927 жылдың соңында Риддердің дамуына 10 млн. сом қаржы бөлінді. Осы уақыт аралығында кеніш қалпына келтіріліп, байыту фабрикасы жабдықталып іске қосылды. Тәжірибелік электролиттік қондырғы орнатылды, мұнда елімізде алғаш рет электоролиз әдісімен катодтық мырыш алынды. 1927 жылдың аяғында Риддерде қорғасын зауыты салынды, бірінші қазақстандық қорғасын алынды. Риддер теміржол тармағы қалпына келтірілді, Хайрюзов су электр станциясы салынды. Сондай-ақ сақтық үшін бу электр станциясы да салынды.

1927 жылдың аяғына қарай облыстағы өнеркәсіпті қалпына келтіру жұмыстары негізінен аяқталды.



  1. Өлкені индустрияландыру. Өлкені индустрияландыру жағдайында жергілікті халықтың алдында техникалық-экономикалық артта қалушылықты жою үшін күрделі мәселелерді шешу керек болды.

КСРО халық шаруашылығының сұранымына және табиғи байлығына байланысты бұл жақта тамақ пен жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ түсті металлугия дамыды.

Өлкеде геологиялық барлау жұмыстары кеңінен жүргізілді. Кендерлік кендеріндегі көмірді, сланецті өнеркәсіптік мақсаттарға пайдалану, Известковое ауылы маңындағы извест тасты цемент өндірісіне пайдалану мүмкіндіктері жайлы зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1926-1927 жылдары Семей округінде ірі өндірістік құрылыстар салу кезеңі басталды. Өлкенің шаруашылығын кеңінен игеруде Түркістан-Сібір темір жолын салу маңызды рөл атқарды.

1927 жылы Сесейден Түркістан-Сібір теміржолын салу құрылысы басталды. К маю 1929 жылдың мамыры қарсаңында солтүстікте 562 км, ал оңтүстікте 350 км жол тартылды. 10 мамыр 1929 жылы тұрақты жүретін алғашқы жолаушылар пойызы Семейден Сергиопольге (Аягөз) Ертіс үстінен салынған алып көпір арқылы қатынады. Көпірді салуда 850 жұмысшы жұмыс істеді және оның құрылысына бір жарым мың тонна тас жұмсалды. Көпір құрылысы 1929 жылы наурызда аяқталды. Сол жылдың мамыр айында оның салтанатты ашылуы болды. Оған Коминтерннің өкілі жапон коммунисі Сен Катаяма қатысты. Оның ұсынысымен көпірге «Коминтерннің 10 жылдығы атындағы» аты берілді. Пойыз Аягөзге дейінгі жолды 1,5 сөткеде жүріп өтті. Аягөзде сол кездегі жалғыз локомотив депосы салынды.

Индустрализацияландыру мақсаттары түсті металлургияны қарқынды дамытуды қажет етті, сондықтан халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдығында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жөндеуге және жаңа өндіріс орындарын салу үшін бұл салаға көп қаржы қарастырылды. Түсті металлургияны дамытуда Қазақстанда ғана емес бүкіл еліміздегі Риддердің алатын орны ерекше болды.

Соғысқа дейінгі бесжылдықтарда Риддерде кен өндіру 10 есе, қорғасын балқыту 15 есе өсті. Бұл – ілеспе өнімдерді қоса өңдейтін, өндіріс айналымы толық аяқталған полиметалл комбинаты болатын. 1931 жылдан бастап Зырянда кен өндіріліп, қорғасын комбинаты іске қосылды. Ертіс мыс қорыту зауыты салынды.

1935 жылдың қаңтарында Риддер электролит тәжірибе зауытында шығарылған алғашқы кеңестік кадмийді берді. 1939 жылдың қарашасында осы қаланың өнеркәсіп орындарымен студент кезінен таныс Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Риддер кенішінің директоры болып тағайындалды.

Тұтас алғанда Кенді Алтай КСРО экономикасында ерекше рөл атқарды. Өйткені, түсті металлдарсыз халық шаруашылығының басқа салаларының, әсіресе электр энергетикасы, машина жасау, байланыс жүйесі, стратегиялық маңызы бар қорғаныс өнеркәсіптерінің дамуы мүмкін емес еді. Сонымен бірге еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Бұл кезеңде өндіріс мекемелерінің жалпы саны жағынан Семей қаласы алдыңғы орында болды, олардың көпшілігі жергілікті өнеркәсіптерге жататын. Солардың ішіндегі ең ірілері Семей қаласындағы механика зауыты мен бар-жоғы 30 адам ғана жұмыс істейтін Затондағы шеберхана болды. Уездерде ағаш дайындау, май, тері зауыттары, 5 диірмен мен екі мал соятын орын жұмыс жасады.

Өлке сол шикізат қорын беретін ірі мал шаруашылығы өңірінің орталығы болды.

Кеңес билігінің алғашқы күндерінен бастап өлкеде тері илеу өндірісі дамыту жұмыстары қолға алынды. 1920 жылы Озерки ауылында қой терісін өңдейтін зауыт ашылды. 1926-1928 жыл аралығында Семейде тері зауытының жаңа корпусы салынды. 1936 жылдың желтоқсанында Семей тері зауыттары тобы (сол кезде мекеме осылай аталған) «Тері-тон комбинаты» болып қайта құрылды. Өндіріс қой терісі зауыты мен тон тігетін фабрикамен толықтырылды.

1925 жылдың сәуірінде губерния атқару комитеті үкіметтен Семейде мал сойып-тоңазытатын кәсіпорын салуды сұраған болатын. Бірақ мәселенің шешілуі созылып кетті. 1929 жылы Москвадан келген арнайы комиссия мұқият зертеулер жүргізгеннен кейін, жайылымы мол, кеме қатынайтын су жолы мен Түркісіб теміржолы тармағы бойындағы Ертіс өзенінің сол жағалауы ет комбинатын салуға қолайлы орын деп шешті. 1931 жылдың мамыр айында Семейдің сол жағалауындағы алаңқайда құрылыс жұмыстары басталып кетті. 1932 жылдың жазында ет-май өндірістік корпустары, тоңазытқыш пен ТЭЦ салынып бітті. Москва, Ленинград, Баку, Киев, Минск және т.б. өндірістік қалалардан келгендер комбинат құрылысына қатысты. Комбинат құрылысын салушылардың жартысынан астамы жергілікті халық өкілдері болды. Олардың көпшілігі ауылдардан келді. 16 қараша 1934 жылы «Прииртышская правда» газеті КСРО тамақ өнеркәсібі халық комиссариаты Семей ет-консерві комбинатын қабылдады деп хабарлады. Ет комбинатымен қатар ірі ұн тарту комбинаты да салынып жатты. Жаңасемейдің шет жағында жылына 4 млн. кірпіш шығаратын механикаландырылған кірпіш зауытын салуға байланысты дайындық жұмыстары аяқталды.

Ұлы Отан соғысының алдында біздің аймақтың маңызды транспорттық артериясы – «Шығыс шеңбері» автомобиль жолы салына бастады.

Шығыс Қазақстанның Өскемен-Бұқтырма-Мало-Красноярка және Семей облысының Самар-Көкпекті-Георгиевка елдімекендерін байланыстыру үшін орталықтың қаржыландыруынсыз «халықтық құрылыс» әдісімен 444 шақырымдық жол салынды.

Жаңадан салынған ірі өндірістік ғимараттар өлке қалаларының архитектуралық келбетін қатты өзгертіп жіберді. Аймаққа жұмысқа келген мамандар үшін алғашқы көп қабатты тұрғын үйлер салынды. Қаланы безендіру мен көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Шығыс Қазақстанның шекарасы 20-шы жылдары қалай өзгерді?

  2. Қайта қалпына келтіру кезінде өңірдің еңбекшілері қандай табыстарға қол жеткізді?

  3. Индустриализацияның негізгі бағыттары мен жетістіктері қандай?


Дәріс 8. Шығыс Қазақстан ҰОС жылдар және одан кейінгі кезеңдерде


  1. Соғыстың басталуы. Гитлершілердің 21 маусым 1941 жылы Кеңес Одағына тұтқиылдан жасаған шабуылы еліміздің барлық жерлеріндегі сияқты еңбекшілерінің наразылығы мен ашуын туғызды, қарсылық митингілерінің толқыны барлық жерлерде өтіп, бұрын болып көрмеген патриоттық өрлеуге жетеледі. Митинглерде сөйлеушілер Отанға, Қызыл Армияға деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншіліктерін білдірді. Зырянның кеншілері митингіде – «Біз қазіргі қиын жағдайда елімізге металлдың қаншалықты қажет екендігін білеміз және оны екі есе қылып береміз» - деп мәлімдеді.

Әр түрлі мамандық иелері фронтқа тезірек жіберуді өтінген арыздар жазып жатты. Семейлік Тихон Федорович Агарков өзінің әскери комиссариатқа берген өтінішінде: «Мен 1918 жылдан партия мүшесімін. Мені Қызыл Армия қатарына алуды сұраймын. Фашистерді 1918-1919 жылғы соғыс кезінде жауларымды соққандай соғатын боламын» деп жазды. Өскемен қаласында өткен жастар митингісінде: «Отан-ана бізді өсіріп жеткізді, сондықтан біздің өміріміз соған арналады» деп айтылды.

Ұжымдық өтініштер де көп болды. Педагогикалық институттың студенттері, физиоинститутың медбикелері, тері комбинаты мен теміржолшы қыздары майданға алу туралы өтініштер берді. Семейдің Ленин аудандық әскери комиссариатына Н.Г. Чернышевский атындағы № 1 мектептің оқушылары Николай Добровольскийден, Александр Бирюзовскийден, Леонид Афанасьевтен майданға жіберуді сұраған өтініштер түсті. Теміржолдың Защита тармағындағы жұмысшылардың төрттен үші, «Иртышгэсстрой» әскерилендірілген күзет ұжымы тұтасымен майданға баруға тілек білдірді. Лениногор тау-кен техникумының студенттері директоры О.С. Шмаринмен әскери комиссариатқа бірге келіп: «Фашистерді толық талқандау жолында қанымызды да, жанымызды да аямауға ант етеміз. Майданға қазір кетуге даярмыз»" – деп мәлімдеме жасады. Өлкеміздің әйелдері мен қыздары өз еркімен майданға аттанып жатты. Семей физиоинститутының бір топ медбикелері: «Бізді майданға алуларыңызды сұраймыз, өйткені біз Отанымызды алдыңғы шепте қорғағымыз келеді» деп жазды.

Отбасылық өтініштер де жиі түсетін. 28-ші жол торабының бухгалтері П.П. Шаповалов пен әйелі, олардың Предгорненский ауданының аулшарартелінде жүмыс істейтін колхозшы 4 ұлы майданға сұранып өтініш жасады.

Соғыстың алғашқы аптасының өзінде Семей облысының аумағында екі атқыштар дивизиясы жасақталды. 26 қыркүйек 1941 жылы Батыс майданға 238-ші атқыштар дивизиясы аттанды, ол 16 қазанда 49-шы армияның құрамына енді. 1941 жылдың күзінде Семейде 8-ші атқыштар дивизиясы жасақталып, жаттығулар өткізді. 375-ші танкіге қарсы жойғыш артдивизион, 96 Гвардиялық, 837, 237, 238 атқыштар полкі Өскеменде жасақталды.

Маңызды мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халықты әуе шабуылынан қорғануға даярлау үшін, парашютті десанттармен Германия тарапынан болуы мүмкін диверсиялардан, әуе шабуылынан қорғануды үйрену шаралары басталды. Мекемелер мен ұйымдарды, тұрғын үйлерді, колхоз, совхоздарды қамтитын оқыту пункттері ашылды. Қалалық және аудандық комитеттер ГТО1, ГСО2, ПВХО3, Қызыл Крест, винтовка мен пулемет үйрену, автомобиль ісі және т.б. ерікті үйірмелердің жұмыстарын жандандырды. 1941 жылы шілде айының алғашқы жартысында Семейдің 68 ұйымында ПВХО-ның 146 тобы жұмыс істеп, оған 4211 адамды қамтыды.

Өлкеде экономикалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы отрядтар құрылды. Қалалардағы тұрғын үй секторында, өнеркәсіп орындарында мен мекемелерде өзін-өзі қорғау топтары құрылды. Тұрғындардың барлық әскери даярлығы «соғыста не болып жатса соны үйрен және соғыста жүргендей үйрен» деген ұранмен өтті.

17 қыркүйек 1941 жылы Мемлекетік Қорғаныс Комитетінің «СССР азаматтарының әскери істі жалпыға бірдей міндетті оқуы туралы» қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес аймақтарда жалпыға бірдей әскери оқулар басталды. Өскеменде бір айда 1809 комсомолдар мен одаққа кірмейтін жастар әскери білімді меңгеріп шықты. Жалпыға бірдей әскери оқу еткомбинатында, теміржолда, теміржолда, кеме жасау зауытында ұйымдасқан түрде белсенділікпен жүргізілді.

1941 жылдың қарашасында Харьковтен Лениногорға 325 курсантымен 15-ші арнайы артиллерия мектебі көшірілді. Кейінірек мұнда Қазақстанның көптеген облыстарынан келген курсанттар даярланды. Мектептерде жалпы білім беру пәндерімен қатар әскери пәндер: әскери қызмет негіздері, артиллериялық құрылғылардың құрылысы мен атылуы, атыс құралдары оқытылып, лагерлік жиындар өткізілді. Артиллерия мектебінің түлектері артиллерия училищелеріне оқуға түсті. Онда жеделдетілген оқу курстарын (екі жылдың орнына 3-6 ай) өтіп, майданға кетіп жатты.



Соғыс кезіндегі экстремальдық жағдайдағы өлке экономикасы. Ұлы Отан соғысы жылдарының алдында Семейде жеңіл және тамақ өнеркәсіптері – ет комбинаты, жүн өңдеу фабрикасы, тері-тон комбинаты жұмыс істеді. Шығыс Қазақстан аумағында 150 өндірістік мекеме, оның ішінде Лениногор қорғасын және Ертіс мыс балқыту зауыттары, Лениногор, Сокольный, Зырян, Белоусов кеніштері, Лениногормен Зырян кен байыту фабрикалары сияқты металлургияның алып нысандары жұмыс істеді. Соғыс өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы жұмыстарын соғыс жағдайына қарай қайта құруды талап етті. Әрбір қазақстандық үшін: «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» ұраны заң болды. Бұл міндеттерді орындау адамдардың, көліктердің, майданға кетуіне және шикізат пен материалдардың жетіспеушілігіне байланысты көптеген қиындықтарды жеңуге тура келді.

Осы бір қиын жылдарда өндірістік мекемелердің ұжымдары өнеркәсіпті соғыс жағдайына сай қайта құру жұмыстарын бастады. 1941 жылдың қыркүйегінде семей ет-консерві комбинатында майданға қажетті өнімдер шығару жолға қойылды: «суп-пюре» концентратын шығаратын цех іске қосылды, гуляш шығарылды. Комбинат сондай-ақ медициналық препараттарды да шығара бастады.

Тері комбинаты, «Пимокат», Н.К. Крупскоя атындағы, «Красный кожевник» артельдері әскери киімдерді жаппай шығаруға ауысты. Қаладан майданға тұлыптар, мех жилеттер, қолғаптар, шинелдер, гимнастеркалар, шалбарлар, сырылған шалбарлар және басқа да құралдар жіберілді. 1941 жылдың тамызында-ақ Семейдің өнеркәсіптері майданға 60 түрлі бұйымдар жасап шығарды. Қызыл Армияға керекті өнімдерді шығаруға Шығыс Қазақстан мекемелері де көшті. Майданға жіберілетін сухарларды шығару бастамасын Лениногор нан зауыты бастады. 1942 жылы Лениногор қорғасын зауытының механикалық шеберханасында оқ-дәрілер жасайтын цех ашылып, онда 76-миллиметрлік снарядтар жасау игерілді.

Халық шаруашылығының барлық салаларын соғыс жағдайына байланысты қайта құрумен қатар өлкенің еңбекшілері СССР-дің батыс және орталық аймақтарынан көшірілген өндірістерді қабылдау мен орналастыру мәселелерін де шешті.

Семейге Калинин облысынан Осташков тері зауыты, Харьковтен «Большевичка Украины» тігін фабрикасы, Донбасстан Володарский атындағы, Киев пен Азов аяқ киім фабрикалары және басқалары көшірілді. Семей облысы Қазақстанға көшірілген жеңіл өнеркәсіп мекемелерінің үштен бір бөлігінен астамын қабылдады. 1941 жылдың күзінен бастап Өскеменге көшірілген мекемелер мен кәсіпорындар келе бастады. «Алтайстрой» тресінің алаңында Симферопольдың мотор жөндеу зауыты орналасты. 1942 жылы Орджоникидзе қаласының «Электроцинк» зауытын қондырғыларын тиген эшелондар келе бастады. Ленинград облысынан «Иртышгэсстрой» трестіне 434 вагон түрлі жабдықтар әкелінді.

Лениногорға Люберецкий электротехника зауыты, Москва энергетика институты көшірілді. Зырянда Ленинградтан келген Бүкілодақтық өсімдіктерді қорғау институты жұмыс істеді.

Өнеркәсіп мекемелерін көшіру негізігі өндіріс қорларын сақтап қана қоймай, күн санап өсіп келе жатқан майдан қажетін қанағаттандырып жатқан Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтерді. Қиыншылығы сол соғыс жылдары көшірілген зауыттар мен фабрикаларды қалпына келтірумен қатар жаңадан өнеркәсіп орындары да салынды.

Өскемен ГЭС-інің құрылысы одан әрі жалғасты. Семейде Киев пен Воронеж құрама-жем зауыттарының жбдықтары қойылған құрама-жем комбинаты пайдалауға берілді. 1941 жылдың қараша айында Серпуховтың «Пролетарий» шұға фабрикасының, Москваның П. Алексеев атындағы, Карель-Фин шұға фабрикасының қондырғылары пайдаланылған ірі мәуіті-шұға комбинатының құрылысы басталды. Барлығы соғыс жылдарында Семейде 9 фабрикалар мен зауыттар тұрғызылды, қалпына келтірілді, пайдалануға берілді. Семей ірі жеңіл және тамақ өнеркәсібі орталығына айналды.

1942 жылдың өзінде-ақ көшірілген мекемелер қалпына келтіріліп, майданға қажетті өнімдерді шығара бастады. Бұл кезде кадр мәселесі аса өткір болды. Мекемелер ұжымдарындағы инженер-техникалық кадрлардың көпшілігі көшірілген қондырғылармен бірге келген кадрлар болатын. Өскемен қаласына екі мыңнан астам жұмысшылар, инженер-техникалық қызметкерлер отбасымен келді. Жергілікті халықтан маман кадрлар даярлау қиындығы ең алдымен солардың мойындарына түсті. Ер адамдардың көпшілігісоғысқа кеткен. Өндіріске мыңдаған жасөспірімдер мен үй шаруасындағы әйелдер келді. 1941 жылдың екінші жартысында өндірістегі жұмысшылардың жалпы санының 80% құрады. Қысқа мерзім ішінде олар қажетті мамандықтарды меңгеріп, әрқайсы майданға кеткен екі адамның, кейбіреулері үш адамның жұмысын атқарды. Олар бетоншы, слесарь, электр монтері, машинист болып жұмыс істеді.



Колхоз шаруалары да жұмысшы табының қатарынан қалыспады. Ауыл еңбеккерлері армияны азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етудің барлық ауыртпашылығын көтерді. 26 шілде 1941 жылы Үржар ауданы «Красные горные орлы» ауылшарартелінің мүшелері республика колзозшыларына: «Жауды толық талқандағанша ұлы еңбек вахтасына тұрыңдар!» деген үндеу тастады. Олар өздеріне: «Біз әрбір колхозшы таң атқаннан күн батқанға дейін, машиналар сөтке бойы тоқтаусыз жұмыс істесін. Түскі үзіліс екі есе қысқартылсын. Түскі ас дала қосында жасалсын. әрбір минутты қадірлейік. Бейбітшілік кездегі жұмыс нормасы енді бізді қанағаттандырмайды. Біз өз жұмысымызды айлап, апталап емес, оның әрбір сағатын, әрбір минутын есептейтін боламыз» деген міндеттеме қабылдады.

Тракторлар мен машиналардың, комбайндардың тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету үшін МТС директорларына, колхоз төрағаларына қыздар мен әйелдерді тракторшы, комбайншы, жүргізуші мамандығына оқытуды қолға алу тапсырылды. Тракторлар мен комбайндардың штурвалын енді әйелдер ұстады.

Орасан қажырлылықтың нәтижесінде Шығыс Қазақстанда майдан қажетін өтеуге бағытталған барлық жағдайлар жасалынды.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап аймақ басшылығының алдында тұрған негізгі мәселелерді атаңыз?

  2. Өлке еңбекшілерін әскери іске үйретуде қандай шаралар іске асырылды?

  3. Өлкенің салалық құрылымына көшіріліп әкелінген мекемелер қандай өзгерістер енгізді?

  4. Аймаққа соғыс кезінде әкелінген қандай өнеркәсіп орындары қазір жұмыс істеп тұр?


Дәріс 9. Шығыс Қазақстан 60-80-ші жылдарда дамуы.

  1. Өлкенің салалық құрылымы. Табиғат жағдайларының алуан түрлілігі, пайдалы қазбалардың орналасуы, өлкенің геосаяси орны, сондай-ақ тарихи қалыптасқан экономикалық құрылымы Шығыс Қазақстан экономикасының әрі қарай даму бағыттарын анықтап берді. Бұл аймақта Қазақстанның ағаш қорының жартысына жуығы орналасқан, жер қойнауы түрлі-түсті металлдарға, қалайы-вольфрам мен ванадий рудаларына бай, мол далалық және тау жайылымдары бар.

Өлкенің өнеркәсіптік құрылымы негізінен шикізат пен кен өндіруге және тамақ, жеңіл өнеркәсіптердің дамуына бағытталған.

50-80-ші жылдары Шығыс Қазақстанда өнеркәсіптегі маңызды сала түсті металлургия, ал Кенді Алтай СССР-дің аса ірі, болашағы мол аудандарының бірі болып келді. Мұнда барланған мырыш, қорғасын, алтын, күміс, сирек металлдар мен шашыраңқы элементердің жалпыодақтық қоры шоғырланған еді. Бұл аймақта 1959 жылдың қарсаңында түсті металлдарды өндіру мен өңдейтін тұтас өндірістік кешен қалыптасты.

Соғыстан кейін салынған Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Лениногор түсті металл және Зырян қорғасын комбинаты, Ертіс химия-металлургия зауыттары түсті металлургияның ірі өнеркәсіптері қатарына жатады. Олар түсті металл, сирек кездесетін элементтер өндірудің алдыңғы қатарлы техникасы мен технологиясын есепке ала отырып салынды. Олардың маңыздылығын одақтық бағынатындығынан байқауға болатын. Өскеменде түсті металлургиядан басқа металл өңдейтін және машина жасау мекемелері бар болатын. Қалада тамақ өнеркәсібі, оның ішінде май айыру да жақсы дамыды. Онда Шығыс Қазақстанның барлық өңірлерінен келетін күнбағыс дәні өңделетін. Тамақ өнеркәсібінің басқа салалары – ет, сүт пен сыра қайнату – олардың жергілікті маңызы ғана болды.

Шығыс Қазақстанда металлургияның дамуы тек көп компонентті түсті металлдың мол пайдалы қазбаларына ғана байланысты емес, соған сай энергетикалық базасының болуынан да еді.



Ертісте және оның оң жақ салаларында арзан электр қуатын өндіретін бірнеше су электр станциялары салынды. Олардың ішіндегі қуаттысы - Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен су электр станциялары болды. Семей қаласының өнеркәсіптері үшін Шығыс Қазақстаннан семейге жоғарғы кернеулі электр желісінің тартылуының маңызы зор болды. Бұл Семей мен Шығыс Қазақстан облысының барлық өндіріс орындарын электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен қатар бүкіл Алтай өлкесі бассейініндегі өнеркәсіптерді де қамтыды. Өскемен ТЭЦ-нің үшінші және төртінші кезегінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, Лениногор мен Зырян жылу электр орталықтарының мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейтілді. Бір-бірімен жоғары кернеулі электр желілерімен байланысқан су және жылу электр станциялары қуатты Алтай энергия жүйесін құрады.

Семей облысының экономикалық дамуы басқаша бағытта болды, «Б» тобындағы өндірістік топтардың, алдыменен тамақ және жеңіл өнеркәсіптерінің ұлғаюы есебінен дамыды. Мұнда, тамақ пен жеңіл өнеркәсіптен басқа, энергетикалық, ағаш өңдеу, құрылыс материалдары өндірісі, сондай-ақ түсті металлургия салалары дамыды.

Семейдегі қала құраушы басты мекемелер ет комбинаты мен аяқ киім фабрикасы болды. Соғыстан кейінгі жылдары Семей қаласында ірі-ірі тері өңдейтін, тігін, тоқыма өнеркәсіптері орналасты. Бірнеше ірі өндірістік кәсәпорындар іске қосылды. 1953 жылы қала маңынан силикат кірпіш жасауға қажетті кварцті құм табылды. СССР Министрлер Кеңесінің 1954 жылы қаланың солтүстік жақ шетінде силикат зауытының құрылысы басталып, 1958 жылдың күзінде сынақ кірпіштердің алғашқы партиясы шығарылды. Соғыстан кейінгі ірі құрылыстың бірі 1958 жылыпайдалануға берілген цемент зауыты болды. 1960 жылы кабель зауыты тұрғызылды, ол сол кездегі республикадағы осындай өнім шығаратын бірден-бір зауыт болды. Облыста шын мәнінде жаңа сала – құрылыс материалдары өндірісі пайда болды.

60-шы жылдардың басында Семейдің өндіріс орындары ірілендіріле бастады. Ұсақ фабрикалар мен зауыттар салалық комбинаттарға біріктірілді. механика зауыты мен темір бұйымдары зауыты механика–құю зауытына, цемент зауыты мен асбест-цемент зауыты цемент-шифер зауыты болып бірікті. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласындағы мекемелер: тері, тері-шикізат және мех комбинаттары «Былғары-мех бірлестігі» фирмасы, мақта-тақыма және шұлық фабрикалары – шұлық-тоқыма комбинаты, ұн тарту және құрама-жем зауыттары – ұн-құрамажем комбинаты болып бірікті. Семей облысындағы кен өндіру саласын «Алтай алтын» тресі біріктірді. «Семипалатинскэнерго» комбинаты құрылды.

Өлкедегі орман және ағаш өңдеу өндірісінің республиканың басқа аудандарымен салыстырғанда үлес салмағы басым болды. Ірі ағаш дайындау орындары Үлбі өзенінің аңғарында, ал кішіректері – Бұқтырма, Нарын, Күршім өзендерінің бойларында, Белағаш даласының қарағайлы орманында орналасты.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет