ПОӘК 042-05-14-5-05. 3/03-2013 2013 жылғы №3 басылым 26 беттің -шісі 5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған



бет3/9
Дата31.01.2018
өлшемі2,07 Mb.
#37056
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Әдебиеттер:

1.Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.
5-Дәріс

Тақырыбы: Тарихи лексикологияның зерттеу нысаны, салалары. Қазақ лексикографиясының тарихы

Мазмұны: Тарихи лексикология тілдің сөздік құрамын, шығуын, замандар бойында қалыптасуын және дамуын, лексиканы құрастырушы арнала және олардың тарихы тұрғысынан зерттейді.

Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздердің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Этимолгиялық зерттеулердің жеке сөздердің шығу төркінін ғана емес, сонымен бірге жалпы тілдің тарихын танып білуде маңызы өте зор.

Тілдің тарихы мен ондағы сөздердің тарихы халықтың тарихымен тығыз байланысты болады. Осыған орай, сөздердің шығу төркіні жайындағы этимологиялық зерттеулер тарихи және этногенетикалық мәселелерді қарастырып шешуде де айрықша маңызға ие. Сөздер бір тілден басқа бір тілге ауысып енуге икем келеді. Көне замандарда бір тілден екінші тілге еніп, әбден қалыптасып кеткен кірме сөздер бойынша әр түрлі халықтардың ерте дәуірлерде бір-бірімен жасаған қарым-қатынастарының түрлерін айқындауға болады. Сөздердің өзгеріп даму тарихынан, әсіресе олардың мағыналық жақтан даму тарихынан, адам ойлауының табиғат құбылыстары мен қоғам құбылыстарын ғасырлар бойында танып білуге ұмтылып күш салуының тарихы көрінеді. Осыдан этимологиялық зерттеулердің екі түрлі проблемаға қатысы келіп туады: оның бірі – тіл мен тарих проблемасы, екіншісі – тіл мен ойлау проблемасы.

Лексикологияның енді бір саласы – салыстырмалы лексикология туыстас тілдердің сөздік құрамын, ондағы сан алуан сөздерді бір-бірімен салыстыра отырып зерттейді. Салыстырмалы лексикология туыстас тілдердің лексикасын салыстырып қана қоймайды, оларды тарихи даму, өзгеру тұрғысынан қарастырады. Сондықтан ол, әдетте, салыстырмалы-тарихи лексикология деп аталады. Салыстырмалы-тарихи лексикологияның маңызы мынада: тілдің ерте кездегі шағын сөздік қоры талай замандар бойында, біріншіден, талай өзгерістерге ұшыраса, екіншіден, өрбіп, өсіп, сан мыңдаған сөздер қосылып, бұл күнде оның аумағы да, арнасы да кеңіді. Қазіргі тілдердің лексикалық байлығы дамудың барысында замандар бойында қор жинау жолымен жасалды. Тілдің лексикасының замандар бойында қалыптасып жасалуының заңдылықтарын және оның тарихын танып білу туыстас тілдердің сөздік құрамын тарихи тұрғыдан қарастырып, бір-бірімен салыстыра зерттегенде ғана мүмкін болмақ.

Тілдің лексикасындағы әрбір сөзде белгілі бір мағына бар. Сөздердің мағыналық жақтары семисологияда қарастырылады. Семисология сөздердің мағыналарын және ол мағыналардың өзгерілу жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейтін арнаулы бір сала болып саналады. Семисология – лексикологияның ең басты және маңызды саласы.Семасиологияның лексикографиялық жұмыста да (сөздіктер жасау) маңызы айрықша. Сөздіктерде сөздің мағыналық жақтары талданады. Семисологиялық зерттеулердің топшылаулары мен қорытындылары сөздік жасау жұмысын ғылыми және практикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмектесіп, бағыт-бағдар сілтейді.

Лексикологияның семасиология тарауымен тығыз байланысты бір саласы – ономосиология деп аталады. Ономосиология зат немесе құбылыс ұғымының белгілі бір сөзбен аталуының себебін қарастырады. Нақтырақ айтқанда, ономосиологиялық тұрғыдан қарастырғанда, ұғымның сөзбен аталу, белгілену жағына назар аударылады.

Ономосиологияның диалектологияға да қатысы бар. Ономосиологияның диалектологияға қатысы әсіресе лингвистикалық географиядан айқын аңғарылады. Әр түрлі тілдердің диалектологиялық атластарының лексикологиялық картасы ономосиологиялық негізге сүйеніп жасалады да, бір заттың немесе құбылыстың диалектілердегі әр түрлі атауларының таралу шегі көрсетіледі.

Ономосиологияның айрықша бір саласы – ономастика жалқы есімдерді зерттейді. Ономастика өз ішінде екі салаға бөлінеді: антропонимика кісі аттарын зерттеу объектісі етіп алса, екіншісі – топонимика географиялық атауларды зерттеу объектісі етіп қарастырады.

Лексикография сөздіктерді құрастырудың ғылыми методикасы дегенді білдіреді. Сөздіктерді жасау үшін , тілдегі сөздер мен фразеологиялық оралымдарды жинау үшін оларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сөздік жасау жұмысы лексикографиялық жұмыс деп аталады.

Сөздіктердің тіл-тілде бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәдени қажеттілікті өтеу үшін жасалады. Лингвистикалық сөздіктер жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді.

1) Сөздіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін қамтып сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздіктер тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше, сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер қазіргі тілдің сөздіктері деп аталады.

2) Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздік деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді емес, оның белгілі бір дәуіріндегі сөздерді немесе лексиканың белгілі бір саласын қамтитын сөздік түрінде жасалады. Мұндай сөздік кіші сөздік немесе толық емес сөздік деп аталады. Сөздіктердің бұл түріне арнаулы сөздіктерді де (терминологиялық, синонимдер, фразеологиялық) жатқызуға болады.

3) Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: олардың алғашқысы – бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі – екі тілдік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.

4) Сөздіктер оларда берілген сөздердің алфавит тәртібімен көрсетілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет-ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді: 1. дыбыстық немесе алфавиттік сөздіктер; 2. идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі.

Сонымен сөздіктерді төрт түрлі топқа бөліп қарауға болады.

І. Сөздердің шығу тегі мен олардың семантикасының дамуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұларға жататындар: 1. Этимологиялық сөздік. 2. Тарихи сөздік.

ІІ. Қазіргі тілдердегі сөздердің мағыналарын түсіндіріп, олардың қолданылуы жайлы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Түсіндірме сөздік. 2. Аударма сөздік. 3. Терминологиялық сөздік. 4. Диалектологиялық сөздік. 5. Фразеологиялық сөздік. 6. Синонимдер сөздігі.

ІІІ. Сөздердің дыбыстық құрылысы мен олардың жазылуы туралы мағлұмат беретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Фонетикалық сөздік. 2. Орфографиялық сөздік.

IV. Заттар мен құбылыстардың ұғымдарын айқындап түсіндіретін сөздіктер. Бұлардың қатарына енетіндер: 1. Энциклопедиялық сөздік. 2. Иллюстративті сөздік.

Сұрақтары:


  1. Сөздік қорға қандай сөздер жатады?

  2. Сөздік құрамға қандай сөздер енеді?

  3. Этимологияның нысаны

  4. Салыстырмалы лексикологияның қарастыратын мәселелері

  5. Сөздіктер тарихы

Қолданылған әдебиеттер:

1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.

3. Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. А., 2002

4. Қайдаров Ә., Оразов М. Түркологияға кіріспе. А,1986.

5. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. А,1993.

6. Сағындықов Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. А,1994.

7. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А,1986.

8. Айдаров Ғ. Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі. А,1995.

9. Ағманов Е. Қазақ тілінің тарихи синтаксисі. А,1986.

10. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А,1966.

11. Қордабаев Т. Тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. А,1982.

12. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А., 1997

13. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. А., 1971.

14. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. А, 1993.
6- Дәріс

Тақырыбы: Тарихы морфология

Жоспар:

1.Сөз түбірінің дамуы

2.Түбірдің дамуындағы процестер /фонетикалық, морфологиялық/

3.Түбірлердің синкретизмі

Мазмұны: Тілдің морфологиялық құрылымының тарихи даму оның туыс тілдер матеиалдарымен, тілдік тарихи ескерткіштер фактілерімен салыстырып зерттеу арқылы ғана емес, сол тілдің өз құрамында қалыптасқан тілдік элементтерді зерттеу арқылы да ашылады. Қазіргі қазақ тілінің осы күнгі морфологиялық құрылымының бүгінгі қалыпқа жету жолын да аталған әдістерді қатар қолдана отырып зерттегенде ғана айқын түсінуге болады.

Егер қазіргі қазақ тілінің фактілерін тарихи ескерткіштер фактілерімен салыстырсақ, онда бүгінгі тілімізде негізгі, я алғашқы түбір делініп жүрген біраз түбір сөздердің өзін алғашқы түбір мен өлі қосымшаға айыруға болатынын көреміз.

Морфологиялық элементтердің динамикалық дамуын қарастырғанда белгілі бір тілге тән тұлғаларды, мүмкіндігіне қарай, көне заман ескерткіштері фактілерімен де, туыс тілдер фактісімен де салыстыра қарау қажет.

Тілдің морфологиялық құрылысының даму кезеңдерін білуде жергілікті ерекшеліктерді әдеби тіл нормаларымен, көне дәуір ескерткіштерімен және туыс тілдер материалдарымен салыстырып қараудың маңызы зор. Бұл тұрғыда мына жай еске алынады: жергілікті ерекшеліктер барлық жағдайда тілдің көне дәуірінің қалдығы бола бермейді. Олардың едәуір бөлігі кейінгі кезеңдерде көрші халықтармен жиі қарым-қатынас жасап, араласудың салдары болуы да мүмкін. Алайда, мына жай да ескерілуі тиіс: халықтың этникалық негізі көптеген ру-тайпалардан құралғандықтан, қазіргі уақытта кейде оғыз тілдерінің белгісі, қарлұқ тілдерінің элементі деп жүргендердің біразы-ақ халықтардың құрамына енген сол тайпалар тілдерінің қалдығы болуы да мүмкін. Сол себептен де жергілікті говорларда кездесетін бірсыпыра грамматикалық (морфологиялық) ерекшеліктердің тіліміздің морфологиялық құрылымының тарихи даму жолдарын зерттеуде бағалы материал болуы әбден ықтимал жай.

Тілдің морфологиялық даму заңдылықтары жайлы сөз болғанда грамматикалық тұлғалардың дамуындағы кейбір факторлардың мәні ерекше. В.А. Богородицкий оларға қарапайымдану (опрощение), морфологиялық ығысу (морф. переразложение), аналогия және халықтық этимология, дифференциация, сөз мағынасының өзгеруі тәрізді құбылыстарды жатқызады. Бұл факторлар тілдің морфологиялық құрылымының дамуына үнемі әсер етіп отырады. Алайда ол сөздерді бүгінгі қолданушылар олардың құрандылығына немесе олардың әр бөліктерінің бір кезегі мағыналарына зер салмайды, қазіргі қолданыста ол сөздердің әрқайсысы – беретін мағынасы тұрғысынан бөліп жаруға келмейтін бір ғана түбір. Мысалы, қазіргі тілімізде бар ашудас, ай қабақ, ақ табан, алаөкпе,, бізқұйрық, бірқазан т.б. сөздерді немесе Жанұзақ, Тоқсанбай тәрізді кісі аттарын қолданғанда олардың құрамы және о бастағы мән-мағынасы туралы ойланып жатпайды.

Түбір мен қосымшаның өзара жымдасып кетуі кейде бастапқы түбірдің өзінің дербес мағынасын жоғалтып, ескіруінен болуы мүмкін. Мұндай жағдайда түбірдің бастапқы сипаты басқа сөздермен салыстыру арқылы, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, қосымшаның құрамы арқылы анықталады. Мысалы, ілгері, айт, жоры, алда, байла, арт, сан т.б. Осы сөздердің қай-қайсы да жоғарыда айтылғандай, түбір мен қосымшаның жымдасып кетуінен пайда болған.

Қазіргі тілімізде байырғы түбір деп қаралатын толып жатқан бір буынды сөздердің морфологиялық қарапайымдану (А.Н. Кононов мұны фузия, яғни жымдасу, Рамстедт сращение деп атайды) процесінің нәтижесінде барып қалыптасқанын көреміз.

Алайда морфологиялық жымдасу (қарапайымдану, фузия) тек түбір мен қосымшаның бірігіп, бөліп-жаруға келмейтін ұғымға ие болуына ғана әсер етіп қоймаса керек. Бір фонемадан ғана тұратын алғашқы қосымшалардың фузияның нәтижесінде өзара жымдасып, бірігіп кетуінің салдарынан осы күнгі бір буынды (кейде екі буынды) аффикстер қалыптасса керек, А.Н. Кононов осындай топқа – ғылтым (-ғы+л+ты+м), - сымақ (-сы+ма+қ), - мтыл (-м+ты+л) аффикстерін жатқызады. Бұл аффикстерді ол, қазіргі түркі тілдерінің фактілеріне сүйене отырып, кішірейткіш және ұқсастыру (уподобление) аффикстерінің жымдасуынан қалыптасқан деп қарайды.

Сөйтіп фузия – түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің морфологиялық құрылысына үлкен із қалдырған процестің бірі, фузия арқылы жеке түбірлер, түбір мен қосымшалар, қосымшалар мен қосымшалар бір-бірімен жымдасып, ажыратып болмастай күйге жеткен. Көп ретте фузияға ұшыраған тілдік элементтер өзінің о бастағы дербестігінен айырылып қалады.

Морфологиялық құрылымның дамуы барысында бір ғана тұлғаның әр түрлі варианттары грамматикалық және мағыналық жақтарынан дифференцияланып, әрқайсысы өзінше, грамматикалық және семантикалық дербес мәнге ие болатын кездері де бар. Қазіргі тілімізде қыстақ, қыстау, бақ, бау, тақ, тау, адыр-айыр, адақтау-аяқтау тәрізді бір грамматикалық классқа жатқанмен, әр түрлі дыбысталатын сөздер бар. Бұлардың бір-бірінен грамматикалық айырмашылығы жоқ. Бар айырма – олардың мәнінде, қазіргі қолданылуында.

Сөздердің белгілі бір морфологиялық тұлғада қалыптасуы кейде аналогия жолымен де болады. Тілді қолданушылардың санасында ұқсас, орайлас сөздердің морфологиялық жағынан ыңғайлас қолданылатын кездері бар. Қазіргі қазақ тілінде жирманшы – жиырмасыншы деген жарыспалы сөздердің пайда болуында аналогияның ізі байқалады.

Морфологиялық тұлғалардың тарихи өзгерісін байқауда фонетикалық заңдылықтардың мәні зор. Дыбыстардың тарихи ауысулары мен сәйкестіктері, редукция және элизия құбылыстары, екпіннің ықпалы т.б. сөздің құрылысына, морфологиялық тұлғаға әсер етпей қоймайтыны айқын. Сонымен бірге, сөз құрамында дивергенция және конвергенция құбылыстарының да ізі кездесіп отырады. Дивергенция, яғни, бір дыбыстың бірнеше вариантқа ыдырауы сөздің немесе грамматикалық тұлғаның да бірнеше вариантта айтылуына негіз жасайды. Дивергендік варианттардың мысалы ретінде қазақ тілінде ертеден сақталып қалған жер-су аттарының құрамындағы кейбір аффикстер мен олардың қазіргі тілде өнімді қолданылатын варианттарын салыстыруға болар еді. Шідерті, Өлеңті, Мойынты тәрізді атаулар құрамындағы –ты//-ті мен қазіргі тілдегі –лы//-лі бір ғана аффикс.

Сөздің, гармматикалық тұлғаларды бойында кездесетін кейбір өзгерістердің себебі – дыбыстардың конвергенциясы. Богородицкий конвергенция деп атаған бұл құбылыс генезисі жағынан әр түрлі топтарға жататын сөздер мен тұлғалардың дыбысталуы жағынан бірыңғай, бірдейлігін білдіреді. Ол баста әр түрлі генезистен тараған, соған орай бір-бірінен өзгеше дыбысталған кейбір сөздер мен тұлғалар дыбыстардың акустикалық заңына негізделіп, бір ғана фонетикалық пішін алады да, сырттай қарағанда морфологиялық бір ұя, бір тұлға тәрізді көрінеді.

Морфологиялық категориялардың ішіндегі ең бастылары – сөз таптары.

Түркі тілдерінің өте көне дәуірінде осы күнгідей сан салалы, жіктелген сөз таптары айқын көрінбеген. Орхон-Енесей жазба ескерткіштерінде қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптарының бәрі бірдей кездеспейді. Және барларының өзі де осы күнгі тіліміздегідей дамыған, сараланған дәрежеде емес. Ол тілде бір-бірінен айқын сараланған сөз таптары зат есімдер мен етістіктер. Есімдер тобында басқалардан айқын жігін ашқаны – сан есімдер.

Түбірлердің синкретизмі. Тілдің морфологиялық құрылысының даму ерекшелігі туралы айтқанда бір ескеретін жай – түбірлердің синкретизмі мәселесі. П.М.Мелиоранский Күлтегін ескертішіне байланысты бірсыпыра қосымшалардың есім түбірге де, етістік түбірге де жалғануының себебі сірә түбір атаулының омонимдес болуынан шығар деген ой айтқан. Кейінгі уақытта да түркі тілдеріндегі есім, етістік түбірлердің омонимдігі проблемалық мәселе ретінде жиі сөз болып жүр. Түбірлердің бұл ерекшелігі көбіне контекст құрамында айқындалады. Етістік түбірдің есім мағынасы тұрақты тіркестер құрамында ұшырасады.

Э.В.Севротян келтірген материалдарға негізінде қазақ тіліндегі мынадай ұқсас түбірлерді көрсетуге болады: аң түбірінен қазақ тілінде аңсыз (байқамсыз) сын есім, сол түбірден аңда (кейде аңлау), аңса етістіктері жасалған. Бұлармен түбірлес аңсар сөзі аңсарым ауды тұрақты тіркесінде ғана сақталған. Аңды туынды етістігі – актив сөз. Сол сияқты, аш – етістік, ашық – сын есім (әрекеттің нәтижесі), ашық – сын есім (түсті білдіреді), аш – сын есім. Егер осы келтірілген мысалдарды байырғы түбірлер деп қарасақ, есімдер мен етістіктердің түбір сәйкестігін – бір ғана түбірден (немесе фонетикалық құрамы бірдей түбірлерден) әрі есім, әрі етістік жасалғанын көреміз.

Енді бір алуан түбірлер түрлі ыңғайда ұшырасады. Мысалы, кең, кеңіс, кеңістік, тын, тыныш, тыныштық, ұят, ұял, ұялу, ары, арық, арықтық, сен, сенім, сенімді, көн, көк, көнікті т.б. сөздерін шартты түрде екі топқа: алдыңғы екі сөзді (кең және тын) бір топқа, соңғыларын екінші топқа ажыратуға болар еді. (әрине, тағы да қазіргі тілдің нормасы бойынша). Өйткені кең және тын қазіргі қазақ тілінде тек қана есім есебінде ұғынылады. Бірақ бір өзгешелігі: кеңіс, тыныш сөздерінің құрамындағы –іс, -ыш аффикстері - әсте есім түбірлерге жалғанбайтын қосымшалар. Бұл фактілердің бәрі есім және етістік түбірлердің көп ретте бір-біріне ыңғайланып отыратынын байқатады. Бұл сәйкестік тек алғашқы түбірлер ғана емес, кейінгі, екінші дәрежелі түбірлер тұлғасында да байқалады. Э.В.Севоротян бұларды синкретикалық негіздер деп атайды.

Н.К.Дмитриев етістіктердің тарихи қалыптасуының үш түрлі сатысын көрсетеді: 1) етістік түбірлердің қазір байқауға болатын ең алғашқы кезеңі де, оның ерекшелігі есім мен етістік негіздерінің тұлғалық сәйкестігінен көрінеді. Мұндай негіздер лексикалық единицалар тәрізді дербес тұрып бөлектенбей, тек қана контекс құрамында синтаксистік единицалар есебінде бір-бірінен жіктеліп түсінілген; 2) есім мен етістік негіздердің бір-бірінен фонетикалық алмасулар арқылы жіктелуі; 3) етістік жасаудың тұрақты және негізгі жолы – аффиксация қалыптасқан, осы арқылы етістіктер мен есімдер бір-бірінен грамматикалық жағынан жіктеліп бөлінген. Сөйтіп бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: тіл құрамында есім негіздер мен етістік негіздердің жіктелуі – фонетикалық ұқсас негіздердің тарихи даму барысында қалыптасқан құбылыс. Сол себепті де бір-біріне ұқсас сөздер ежелгі дәуірде әсте дербес лексемалар емес, қайта контекс құрамында ғана бір-бірінен ерекшеленетін синтаксистік элементтер ғана болған.

Алайда есім мен етістік негіздерінің синкретизмі туралы айтқанда, олардың арасындағы мағыналық байланысты ұмытуға болмайды.

Етістік пен есімдердің синкретизмі үш түрлі болып келеді: синкретикалық байырғы түбірлер, синкретикалық туынды түбірлер және синкретикалық қосымшалар.

Синкретизм немесе синкретикалық түбірлер – грамматикалық мәні мен қызметі жағынан бірдей болмайтын сөздер. Фонетикалық құрылысы жағынан синкретикалық түбірлер бір-бірінен ерекше де болуы мүмкін. Алайда олардың арасындағы фонетикалық айырма түркі тілдерінің дамуы барысында қалыптасқан дыбыс сәйкестігінің ізі немесе түркі тілдерінің өте ескі дәуіріндегі дауыстылардың «тұрақсыз» қолданысының қалдығы болуы мүмкін. Қазақ тіліндегі көз, көр сөздері дауыссыз дыбыс сәйкестіктері негізінде қалыптасса, тура, түзу, тер, тіз сөздері әрі дауыссыздыбыс сәйкестіктері, әрі дауыстылардың «тұрақсыздығы» нәтижесінде қалыптасқан.

Синкретикалық түбірлердің пайда болуын конверсия құбылысының нәтижесі деп қарауға әсте болмайды. Өйткені түркі тілдеріндегі сөздердің бір кездегі екі жақтылығы сол күйінде қалып қойған жоқ, әрі қарай екі бағытта бір тобы есімдер, бір тобы етістіктер болып, арнайы морфологиялық тұлғаларға жіктеліп дамыды. Кейде түркі тілдерінде конвергенсияның екінші түрі – Богородицкий айтатын фонетикалық конвергенция құбылысы ұшырасатыны бар. Негізі де, семантикасы да бір-біріне ешбір ұқсамайтын сөздер фонетикалық өзгерістің нәтижесінде бір ғана сипат алады. Синкретикалық түбірлер бұл құбылысқа да жатпайды.

Синкретикалық түбірлердің табиғатын тануда айрықша назар аударуды қажет ететін мәселе – олардың өзара семантикалық байланыстары. Әдетте синкретикалық етістіктер мен есімдер бір-бірімен себептілік байланыста болып отырады. Мысалы, ауыр дейтін етістіктен сол процестің нәтижесі болып саналатын ұғым атауы ауыру есімі келіп шығады.

Синкретикалық түбірлер мен негіздерді шолу мынадай қорытындыларға алып келеді: ең алдымен, етістіктер мен есімдердің грамматикалық формалар арқылы өз алдарына грамматикалық кластар есебінде қалыптасуы – тіл дамуының барысында пайда болған тарихи құбылыс. Тілдің өте ежелгі дәуірінде бір-бірінен синтаксистік қоршау арқылы ғана ажыраған сөздер келе-келе жеке грамматикалық форманттарға ие болып, лексикалық, синтаксистік жағынан да ажыраған. Олай болса, тарихи тұрғыдан сөздердің етістік жәе есім деп аталатын грамматикалық кластарға жіктелуі тілдің грамматикалық құрылысының дамуымен, соның нәтижесінде аффиксация тәсілінің пайда болуымен байланысты. Алайда аффиксация тәсілінің пайда болуынан кейін де түбірлердің синкретизмі жойылып кете қоймаса керек. Оның себебін алдымен аффикстердің екі түрлі қызметінен қарастырған жөн. Аффикстердің белгілі бір тобы есімде, етістік те жасау арқылы бұрынғы синкретикалық қалыпты жалғастырса, енді бір тобы айқын есім мәнінде қалыптасқан түбірлерге де, айқын етістік мәнінде қалыптасқан түбірлерге де жалғанып, грамматикалық диффузия қалпында қала береді.

Қазіргі тілде байырғы түбірлер деп қаралатын біраз сөздердің құрамын салыстыра талдағанда, олардың қайсысы да ежелгі түбір (қазір өзінің мағыналық, грамматикалық дербестігін жоғалтқан) мен қосымшаларға ажырайтыны байқалады. Өлі түбірлердің үлкен бір тобы –с қосымшасымен келеді: үлес есімі бар, жаңа сөз жасауға негіз де болады: үлестір, үлестіруші т.б. Көне түркі тілінде үле түбірінің үлеш, үлештір, үлет тұлғалары, яғни, етіс тұлғалары қолданылғын: Көне «түркі сөздігінің» авторлары оларды былай түсіндіреді: «үлеш – совм. От үле...», - екінші сөзбен ортақ етіс тұлғасы, «үлештүр – совм. побуд. от үле...», «үлет – побуд. от үле» (ДТС, 624). Сөйтіп ол тілде үле түбірі еркін, дербес қолданылған да, етіс қосымшалары сол түбірге тікелей қосылған. Дегенмен, қазақ тілінде үлес есімінің омонимі ортақ етіс мәнінде жұмсалатын үлес етістігінің тұлғалық бірдейлігі фонетикалық конвергенцияның нәтижесі. Ұлас (ұласу) етістігі қазақ тілінде тек осы сипатында ғана жұмсалады.

Қазіргі тілде түбір деп қаралатын едәуір сөздер тобы –қа (-ға), -ке (-ге) тұлғалы болып келеді. Олардың едәуір көпшілігі етістік түбірлер. Радлов «Сөздігінде» «булан – быть смешанным, сделаться мутным, темнеть... буланықылық – мутность, темнота..., буланық – смешанный, взболтанный, мутный, возбужденный..., буландыр – болтать, мутить» - деп түсіндіреді де, осман түріктері мен Қырым татарлары тілдеріне сілтеме беріледі. Оның үстіне, Радлов булан сөзін була-н деп талдайды. Егер осы фактілерді еске алсақ, қазақ тіліндегі бұлға етістігі мына тәріздес элементтерге ажырайтын болады: бұла-ға>бұл-(а)+ға>бұл-ға. Негіз тұрғысынан бұл етістік буалдыр есімімен түбірлес болып шығады.

Қазіргі тілімізде түбір деп қаралатын бірсыпыра сөздер –р (ыр, -ір) формантымен келеді. Жасыр етістігі қазіргі тіл тұрғысынан құрама элементтерге ажырамайды, оның себебі –ыр қосымша екенін білсек те, жас дейтін дербес мағыналы түбір жоқ. Ал көне түркі тілінде: «йаш – скрываться: ол мені көрүп йашты – он увидев меня, скрылся» (ДТС, 246). Елір етістігінің құрама екені өзімен түбірлес еліт сөзімен салыстырғанда байқалады. Екеуіне де ортақ түбір – елі – і/р – і/т қосымшалары ажырайды. Алайда қазақ тілінде дербес қолданылатын мұндай түбір жоқ.

Қазіргі қазақ тілінде –н қосымшасымен қалыптасқан сөздер де үлкен топ. Б.Юнусалиевтің белгілі зерттеуінде осы аффикс арқылы қалыптасқан 7-8 түбір сөз келтіріледі: келін, сауын, сан, жалын, құйын, жақын, жуан. Б.Юнусалиев этимологиясын негізінен қостай отырып, кейбір жерлерде дәлдік қажеттігін айтпасқа болмайды. Қырғыз тіліндегі жоон, қазақ тіліндегі жуан бір ғана түбірдің екі түрлі фонетикалық варианты екені айқын. Көне түркі тілінде осы мәндес сөздің үш түрлі варианты кездеседі: йаған (Малов, 383), йоған (Малов, 389), йоғун (ДТС, 270).

Қазіргі тілімізде түбір деп қаралатын бірсыпыра сөздер – т тұлғасында келеді. Бұл тұлға да осыдан бұрын әңгіме болған қосымшалар тәрізді етістіктер құрамында да есімдер құрамында да кездеседі. Айт, көне түркі тілінде: «ай – говорить, рассказывать, указывать распоряжаться...» (ДТС, 25), «айыт – побуд. от ай... айтыш – побуд. совм. От ай...» (ДТС, 29-80). Бірақ кейінгі дәуірлерге қатысты қыпшақ жазбаларында: айт (АФ. «Ат - тухват», ПД.), яғни, түбір мен қосымшасының тұтасқан түрі ғана қолданылған: қайт, көне түркі тілінде: «қай – поварачиваться, оборачиваться... қайыт – свернуться, поклониться в сторону... қайыш – совм. от қай - ...» (ДТС, 406,407). Бірақ:ПД, СС, Абух., қайт, түбір мен қосымшасының тұтасуы.

-т тұлғалы есімдер де бар. Олардың қай-қайсысы да етістік түбірден жасалғандығы байқалады. Кейбірі мына төмендегідей: үміт, көне түркі тілінде: «ум – надеяться, ожидать...» (ДТС, 616).

Сонымен бірге, тілімізде –а, -е қосымшаларымен қалыптасқан түбірлер кездеседі. Мысалы, түзе, осы етістікпен түбірлес түзік сын есім де бар, екеуіне ортақ түбір – тұз, көне түркі тілінде – «түз – 1, приводить в порядок, наводить порядок, устраивать, улаживать, 2, ровнять выравнивать» (ДТС, 602). Қазақ тіліндегі түзе тарихи негізі алғашқы түбірдің осы мәндерінің бәрін де бойында сақтаған.

Тілімізде –л тұлғалы түбірлер де бар. Бұл тұлғада қалыптасқан түбірлер де бірде есім, бірде етістік болып келеді. –л тұлғалы жасыл, қызыл, жегіл сөздері туралы түркологиялық зерттеулерде әр кез айтылып келе жатыр. Зерттеушілер қызыл сын есімін қыз етістік түбірі мен –л қосымшасына, жасыл, жеңіл сөздерін де жас , жең түбірлері мен-л қосымшасына ажыратады. Және мұндай талдаулар түркі тілдерінің барлығына дерлік ортақ екенін айтады. Дегенмен, осы тұлғалы кейбір есім сөздерге тоқталу артық емес. Қазақ тілінде батыл, қатал сын есімдері қолданылады. Көне түркі тілдерінде «бат – быстро, скоро... бата – тотчас...» (ДТС, 88-89). Қатал сын есіміне негіз болған түбір қазіргі тілде де актив қолданылады. Көне түркі тілінде де: «становтиься твердым, твердеть...» (ДТС, 432). Алайда қатал сын есімі тікелей қат түбірінен жасалмаған. Радлов «Сөздігінде» орта ғасыр әдеби тілдерінде қолданылған қатаған, қыпшақ, осман түріктері тілдеріндеқолданылған қаты тұлғасы көрсетіледі. Қазақ тіліндегі қатаң тұлғасын ескерсек, қатал сын есіміне негіз болған таза түбір емес сол етістік түбірдің көсемше тұлғасы деуге дәлел бар.

Етістіктер құрамында да –л қосымшасы жиі кездеседі. Қазіргі тілдегі –л етістік түбірді ырықсыз етіске айналдырады, яғни, қимыл-әрекет, істі істеушінің еркінен тыс орындалатын сыпатты білдіреді. Осы тұлға қазіргі тілімізде түбір деп есептелетін етістіктер құрамынан да кездеседі. Осы орайда бір ескеретін жай мынандай: қазіргі қазақ тілінде осы тұлғалас кейбір етістіктерсырт көзге есім түбірден жасалған тәрізді көрінеді. Өйткені сондай есім түбірлер қазіргі тілде дербес актив қолданылады. Мысалы, тіріл, тарыл етістіктерін тірі, тар сын есімдерінен жасалған деп айтуға сондай негіз бар. Бірақ көне түркі тілінде «тіргүд – оживлять...тіргүр – оживлять... тіргүз – оживлять... тіріг – живой... тіргілік – жизнь... тіріл – жить, оживать, воскресть...» (ДТС, 562). Бұлардың барлығы бір ғана түбірден тарағандар. Олай болса, қазақ тіліндегі тіріл етістігіне негіз болған сын есім мәнін берген түбір емес, етістік түбір. Түбір мен қосымша аралығындағы қысаң (ы) жалғастырушы дауысты. Ал тірі сын есімі соңғы дыбыстың (г) түсіп қалуының нәтижесі. Соның салдарынан етістік түбір мен сын есім тұлғасы сыртқы пішіні жағынан бірдей болып шыққан. Екінші сөзбен, бұл жерде фонетикалық конвергенция құбылысының нәтижесін көреміз.

Қазіргі тілде бірсыпыра түбірлер –ра//-ре тұлғалы болып отырады. Сан жағынан бұлар аса үлкен топ та емес. Кейбір фактілерге қарағанда, -ра екі түрлі аффикстің қосындысы. Мысалы, ажыра етістігі соны дәлелдейді. Көне түркі тілінде адыр, соның фонетикалық бір варианты ажыр//аджыр. Онда соңғы –а негіздің ескіруімен байланысты қосылған қосымша болып шығады.

Байырғы түбірлердің біразы –ы//-і аффиксімен күрделенген. Фактілерге қарағанда, бұл аффикс арқылы күрделенген түбірлер есімдер тобынан да, етістік тобынан да табылады. Жоры, көне түркі тілінде: «йор –объяснить, толковать», «жор-ы». Қазақ тіліндегі негіз байырғы түбірдің мағынасын сақтап қалған.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:


  1. Тарихи морфологияның зерттеу нысаны, мақсаты

  2. Түбірдің сипаты. Түбірлердің синкретизмі

  3. Сөз мағынасының дамуы, конверсия құбылысы


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет