ПОӘК 042-05-14-5-05. 3/03-2013 2013 жылғы №3 басылым 26 беттің -шісі 5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған



бет2/9
Дата31.01.2018
өлшемі2,07 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Алтай дәуірі

  2. Хун дәуірі

  3. Көне түркі дәуірі (V-Х ғасырлар)

  4. Орта ғасыр дәуірі (Х-ХV ғасырлар)

  5. Жаңа түркі дәуірі (ХV-ХХ ғасырлар)

Әдебиеттер:

1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.

3. Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. А., 2002

4. Қайдаров Ә., Оразов М. Түркологияға кіріспе. А,1986.

5. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. А,1993.

6. Сағындықов Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. А,1994.

7. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А,1986.

8. Айдаров Ғ. Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі. А,1995.

9. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А,1966.

10. Қордабаев Т. Тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. А,1982.

11. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. А, 1993.

12. Айдаров Ғ. Күлтегін. Алматы, «Ғылым», 1997.

13. Аманжолов С. Тарихи грамматика курсына керекті материалдар. Алматы, «Ғылым», 1964.

14. Аманжолов С. Түркі филологиясы және жазу тарихы. Алматы, «Санат», 1996.
3 - Дәріс

Тақырыбы: Қазақ тілі тарихын зерттеудің әдістері

Жоспар:


  1. Қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны

  2. Түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи тәсілмен зерттеу

  3. Салыстырмалы-тарихи зерттеулерге қойылатын негізгі талаптар

Мақсаты: Тіл тарихын зерттеуде қолданылатын басты әдістерді қарастыру.

Мазмұны: Тілдің тарихи дамуын зерттеуде қолданылатын басты әдіс - тарихи-салыстырмалы әдіс. Түркі тілдерінің тарихын жасау сонау Менинский, Шотт, кейінгі Радлов заманынан-ақ осы тарихи салыстырма әдіс арқылы жүріп келе жатыр. Бұл әдістің басты шарты – жай салыстыру, қалай болса солай салыстыру емес, тілдердің, тілдік фактілердің тарихи байланысы мен жүйесін сақтай отырып салыстыру. Тарихи-салыстырма әдістің қолданылатын мынадай негізгі орындары бар: 1) бір тілдің әр кезеңге қатысты, бірақ бір жүйеге жататын, қызметі мен семантикалық жағынан бір-біріне эквивалент болатын фактілерін салыстыру; 2) бір уақытта өмір сүрген, өмір сүретін, бір-біріне тілдік, тарихи жақындығы бар тілдер материалдарын салыстыру. Алайда, бір топқа жататын тілдердің өзара байланысы, бір-біріне қатыс дәрежесі бірыңғай болып келмейтіні еске алынады. Бір тілдің екінші бір тілмен ұқсастығы, жақындығы мол да, үшінші бір тілмен байланысы одан гөрі алыс, ал төртінші бір тілмен байланысы одан да алыс. Оның үстіне, олардың тарихи жағынан бір-бірімен ұштасуы да әр түрлі. Кейде бір-бірімен өте ұқсас, өзара жақын тілдер тарихи жағынан бір-бірімен өте алыс кезеңде ғана ұштасады. Мысалы: қазақ тілі мен қарақалпақ, ноғай тілдері, қазақ тілі, ноғай тілі арқылы татар, башқұрт тілдерімен немесе бүкіл қыпшақ тілдерімен ұштасады, қазақ тілі қыпшақ тілдері арқылы оғыз тілдерімен ұштасады, содан кейін ғана якут немесе чуваш тілдерімен салыстыруға мүмкіндік туады. Ал екінші ерекшелікке қазақ тілі мен қырғыз тілдерін жатқызуға болады.

Тарихи-салыстырма әдісті қолданудың мақсаты – қазіргі тілдегі дыбыстар мен морфемалар жүйесінің алғашқы сипатының жобасын (реконструкция) жасау.

Қазіргі түркі тілдерінің арасындағы фонетикалық, морфологиялық, лексикалық айырмашылықтарды анықтап, оларды сол тілдер құрамындағы диалектілік айырмашылықтармен салыстыра отырып, сол тілдердің көне дәуір ескерткіштеріне қатысын айқындауға мүмкіндік туады. Бұл ретроспективтік тәсіл деп аталады. Тарихи-салыстырма әдісті ретроспективтік тәсілмен іске асыру – зерттеудің негізгі бағыттарының бірі. Екінші сөзбен, зерттеу бүгінгі тілдің сипатын айқындаудан басталып көне дәуірге қарай жүреді. Мысалы: айақ~адақ, шор: азақ, якут: атах, көне түркі: адақ. Сон-да й~з<д/т дыбыс ауысуы келіп шығады. Қазіргі тілдердің ішінде якут тілі ғана көне түркілік сипатқа жақын қолданысты сақтаған. Олай болса, қазақ тіліндегі ел адақтау тіркесі де көненің «қалдығы», айақ сөзімен түбірлес, бірі ескі күйді, бірі жаңа дәуірді танытады. Ретроспективтік тәсіл, сонымен, туыс тілдер фактілерін көне мұралар тілі фактілерімен салыстыруды мақсат тұтады. Салыстырылатын фактілер семантика, функция, грамматикалық жақтарымен қатар, диахрондық езгерістер тұрғысынан да қарастырылады. Бұл тәсілдің бір тіл фактілерін синхрондық тұрғыдан салыстыруға негізделген түрін іштей реконструкция тәсілі деп атайды. Іштей реконструкция тәсілі синхрондық фактілерді салыстыру арқылы диахрондық қорытынды жасауды көздейді. Бұл тәсіл бойынша тіл құрамындағы элементтер өзара салыстырылады да, өзгерістің бағыты мен түрі айқындалады. Мысаяы, Ііе-л, ке-т және бе-рі, ә-рі, алдыңғыларда ортақ түбір ке-, екінші топ сөздерде қосымшалар ортақ, түбірлердің ортақтығын түсіндіру үшін жазба ескерткіштер мен туыс тілдер фактілеріне жүгіну керек: бұ жақ, о жақ, со жақ, ана жақ ортақ түбір екі түрлі: о~а және бұ~ со. Алдыңғы ортақ түбір соңғымен (бұ)~(со) салыстырғанда ерекше көрінетіндер б, с элементтері. Бұ және со сөздерінің екі түрлі мәнде ұғынылуы да (бұ - осы жерде - менің айналамда, со - сол жерде, сенің айналаңда) б және с элементтеріне байланысты. Осылардың бәрін еске алсақ, бұ және со сөздерін екі түрлі элементтерден құралған: б, с - локативтік мән бергендер, ұ және а - сілтеулік мән бергендер деп қарауға әбден болады. Дегенмен, тілдің бір саласына ғана қатысты синхрондық фактілерді салыстыру ретроспективтік тәсілге жатады. Өйткені, әдеби тіл мен диалектідегі бір-біріне эквивалент фактілер әр түрлі кезең мен өзгерістердің (тіпті таза лингвистика емес, экстралингвистикалық, әлеуметтік жағдайлардың нәтижесі) нәтижелері болуы мүмкін.

Зерттелетін мәселенің ерекшелігіне қарай типологиялық салыстыру әдісі қолданылады (бұл жердегі салыстыру сопоставление: хронологиялық жүйе сақталынбайды). Типологиялық салыстыру әдісі жеке морфемаларды, жеке тілдік элементтерді қарастырмайды, материалдық элементтердің ұқсас, ұқсас еместігіне қарамай, жүйелік қатынастар (системные отношения) арқылы керінетін тілдік ярустарды салыстыруда қолданылады. Қазіргі түркологияда қыпшақтық вокализм, оғыздық вокализм, алтайлық (қырғыз) вокализм, қарағас вокализмі тәрізді дауысты дыбыстар жүйелерін анықтау кебіне-көп типологиялық салыстыра қарастырудың нәтижесі. Түркі вокализмінің аталған түрлерін анықтау сол тілдердің фонологиялық жүйелерін синхрондық түрғыдан салыстыруға негізделеді.

Тілдің грамматикалық құрылысы тарихын зерттеуде қолданылатын әдістің бірі – ареалдық әдіс. Ареалдық әдіс арқылы тілдердің, диалектілердің өзара ықпалдасу процесінің сыпаты мен дәрежесін, ондай процестің орны мен таралу аймағын айқындап, ол нәтижелерді тілдің тарихи өзгерістерінің бір түрі (немесе өзгерістердің бір тобы) ретінде тілдің тарихи грамматикасына енгізуге болады. Ареалдық әдіс кейде изоглостарды тарихи түсіндіру әдісі деп те аталады. Олай деп атауға себеп – ареалдық әдіс туыс, бір-біріне жақын тілдердің белгілі бір регионда шектесуінің нәтижелерін ғана зерттеп қоймайды, географиялық орналасуы жағынан өзара шектесетін туыс емес тілдердің де өзара ықпалдасуының нәтижелерін іздестіреді. Тілдер мен диалектілердің ықпалдасу процесінің бағыты мен орнын айқындауға ареалдық әдіс археология мен этнографиялық мәліметтерді де пайдалана алады. Мысалы, қазақ тілінің батыс говорлар тобына түрікмен, ноғай, татар тілдерінің ықпалы болғандығын айқындау ареалдық әдісті қолдану арқылы жүреді. Батыс говорлар тобы дегенде бірыңғай, бірөңкей қарастырылмай, оңтүстік-батыс, батыс, солтүстік-батыс тәрізді региондарға жіктеп, олардың әрқайсысына тән тарихи-әлеуметтік, этникалық ерекшеліктер болғандығы еске алынады. Оңтүстік-батысқа орналасқан қазақ тайпалары оғыз тектес рулармен шектессе, батыстағы олардың ағайындары ноғайлармен, башқұрттармен араласты. Солардың барлығы да қазақ тіліне ықпал етті, із қалдырды. Ал ондай өзгешеліктер бізге белгілі ескерткіштерде өз көрінісін таба берген жоқ. Сонымен қатар, батысты мекендеген қазақ тайпалары жайында айтқанда, қыпшақ (қуман)-славян байланыстарын, кейінгі ғасырлардағы қазақ-орыс байланысын назардан тыс қалдыруға болмайтындығы айқын. Ал оңтүстікке орналасқан қазақтардың тілі туралы зерттеулер қазақ-өзбек байланысымен қоса, араб-парсы тілдерін де назардаи тыс қалдыра алмайды.

Тілдің динамикалық жүйелі тарихын жасау үшін оны әр түрлі өлшем түрғысынан жан-жақты қарастыру керек болады. Зерттеуші сондай мақсат қойғанда қолданбай кетпейтін әдіс – синхрондық сипаттау әдісі. Синхрондық сипаттау әдісі белгілі бір дәуірдегі тілді жан-жақты сипаттауға құрылады. Екінші сөзбен, белгілі бір мұралар тілін сипаттау жолымен ол тілдің актив заңдылықтарымен қатар өнімсіз құбылыстарын, тілдік жүйесіне түгелдей не ішінара әсер ететін езгерістермен қатар, ондай ықпалсыз бейтарап өзгерістерін, қысқасы бүкіл механизмін түгелдей дәлелдеп шығу синхрондық сипаттау әдісінің үлесіне тиеді. Бұл әдіс диахроникалық зерттеуде синхрондық әдісті қолдану болып табылады. Бұл арқылы тілдік фактілер бір-біріне бағынышсыз, оқшау алып қаралмайды, белгілі жүйені құрайтын тәсілдер ретінде қарастырылады. Бұндай зерттеулердің нәтижесінде тілдің динамикалық тарихы, яғни, тілдік функциялар мен қатынастардың даму, өзгеру тарихы, тіл семантикасының даму, өзгеру, жаңару тарихы жасалуға тиіс болады.

Тіл тарихын зерттеуде әр кез қолданыс табатын немесе ойда болатын әдістердің бірі – типологиялық модификация немесе тілдік универсалий әдісі. Қазіргі заманғы лингвистика ғылымы тіл-тілдер бір-бірінен өзіндік ерекше заңдылықтар арқылы ерекшеленіп, оқшауланумен бірге, олардың көпшілігіне тән ортақ заңдылықтардың да бар екендігін дәлелдеп отыр. Ортақ заңдылықтар ортақ ерекшеліктер түрінде екі түрлі семьяға жататын тілдерде кездесуі мүмкін немесе белгілі бір семья тілдерінің ерекше белгісі деп қаралатын құбылыс (не құбылыстар) басқа да семьялар тілдерінде ұшырасуы мүмкін. Ғылымның бүгінгі қорытындылары ретінде белгілі болған сондай заңдылықтар қай тілдің тарихын зерттеуде де есте болады, зерттеу үстінде белгілі болған қүбылысты түсіндіруде қолданыс табады. Айталық, сөздің қатаң дауыссыздардан басталуы баскы буынның екпінді болуымен ұштасып жатуы тек түркі тілдерінің ерекшелігі емес, герман тілдерінде де бар заңдылық. Сондай-ақ сөздің анлауты мен инлаутында й - ж (дж) дыбыс сәйкестігі, немесе дыбыс ауысуының болуы түркі тілдерімен қатар Индия мен Иран тілдерінде де бар. ХХ ғасырдың 20-жылдарында-ақ Е. Д. Поливанов айтқан, дамудың барлық немесе кепшілік тілдерге ортақ себептері мен принциптері болатындығын бүгінгі лингвистика жоққа шығармайды, қайта дәлелдей түседі. Әрине, Е. Д. Поливанов 1928 жылы бұл пікірді өзбек тілінің ирандық ықпалға ұшыраған говорларына байланысты айтқан еді.

Біздің заманымызда бұл көзқарас тек фонетика ғана емес, грамматика құрылысында да барлығы дәлелденіп отыр.

Қазақ тілінің грамматикалық қүрылысының даму тарихын зерттеп, түсіндіруде осы аталған зерттеу әдістерінің қайсысы да қолданылып келеді.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:


  1. Тарихи-салыстырмалы әдіс

  2. Ретроспективтік тәсіл

  3. Іштей реконструкция тәсілі

  4. Типологиялық салыстыру әдісі

  5. Ареалдық әдіс

  6. Синхрондық сипаттау әдісі

  7. Типологиялық модификация немесе тілдік универсалий әдісі

Әдебиеттер:

1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.

3. Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. А., 2002

4. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. А,1993.

5. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А,1966.

6. Қордабаев Т. Тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. А,1982.
4 – Дәріс

Тақырыбы: Тарихи фонетика. Қазақ тілі фонетикалық жүйесі дамуының негізгі ерекшеліктері

Жоспар:


  1. Дауысты дыбыстар жүйесінің дамуы

  2. Жеке дауыстылардың даму ерекшеліктері (ә, о, ө, ү, ұ)

  3. Дауысты дыбыс сәйкестігі. Дифтонгтардың дамуы

  4. Сингармонизм

  5. Буын

  6. Екпін

  7. Дауыссыз дыбыстардың тарихы

  8. Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі тарихи өзгерістер

  9. Фузиялық өзгешеліктер

Мақсаты: Тіл дыбыстарының функциялық қызметін мағыналық

тұрғыдан бір-бірінен саралап, жіктеп, ажыратып тұратын қызметі жағынан қарастыру. Дауысты дыбыстар жүйесінің даму ерекшелігін, заңдылықтарын анықтау. Дауыссыз дыбыстардың тарихы, дауыссыздар жүйесіндегі тарихи өзгерістер, фузиялық құбылыстарды қарастыру.



Мазмұны: Фонетикалық зерттеу объектісі – сөйлеу тілі. Фонетика тілдің дыбыстар жүйесі мен ырғақ – дыбысталу сипатын бірге қарастырады. Яғни, фонетика саласы аталған құбылыстарды функциялық қызметі, дыбыстар жүйесі мен ырғақ – дыбысталу әуенінің дыбыс комплекстерін мағыналық тұрғыдан бір-бірінен саралап, жіктеп, ажыратып тұратын қызметі жағынан қарастырады. Фонетикалық зерттеулер фонологиялық мақсаттарға бағындырылады, оған фонологиялық сипат беріледі.

Зерттеудің фонологиялық бағыты тілдегі фонемаларды, фонемалар жүйесін анықтауды мақсат тұтады. Бұл үшін зерттеудің әр түрлі әдістері қолданылады. Жиі қолданылатын әдіс – оппозиция әдісі. Бұл әдіс бойынша бір-бірінен мағыналық айырмашылығы бірен-саран дыбыс өзгешелігіне негізделген сөздер зерттеу объектісі ретінде алынады. Екінші әдіс – коммутация әдісі. Бұл әдіс бойынша объекті ретінде алынған сөз құрамындағы бір дыбыс басқадыбыспен ауыстырылады да, оның сөз мағынасына әсері зерттеледі. Фонетикалық зерттеулерде дистрибуциялық талдау әдісі де қолданылады.

Қазақ тіліндегі дауыстылардың саны әр түрлі көрсетіліп отыр. Біраз зерттеулерде 9 дауысты фонема бар дейтін тұжырым айтылады. Қазақ тілінде 12 дауысты фонема бар деушілер дифтонгоид дауыстылар немесе аса қысаң дауыстылар дейтін топты көрсетеді де, оған бу, ки/ киім қи тәрізді сөздер құрамындағы дыбыстар тіркестерін жатқызады. Дұрысында бұлар жалаң дауысты дыбыстар емес, қысаң дауыстылар мен дауыссыздардың қосындысы, тіркесі. Олай болса, қазақ тіліндегі 9 дауысты бар дейтін көзқарас шындыққа сай.

Дауысты дыбыстардың санын, сол сияқты сапасы мен ерекшеліктерін анықтау үшін оларды фонетикада қалыптасқан принциптер бойынша топтарға жіктеу қажет.

Дауысты дыбыстар жасалу орындарына қарай, дыбысталуына, еріннің қатысына қарай және дыбысталу процесінде тілдің көтерілу дәрежесіне қарай жіктеледі: 1) Дауыстылардың ашық және қысаң түрлері. Бұл дыбыстау мүшелерінің ашылу дәрежесіне негізделеді. Артикуляциялық мүшенің ашылу дәрежесіне сай дыбыстардың естілуі де екі түрлі: а, е, о, ө - ашық дауыстылар, ү, ұ, ы, і – қысаң дауыстылар. Бұл топтар қазіргі түркі тілдерінің бәріне тән. 2) Дауыстылардың жуан және жіңішке топтары дыбыстың айтылу тонының көтеріңкі не бәсең болуына негізделеді. Бұл принцип бойынша дауыстылар бір-біріне пар болатын екі топқа бөлінеді: а, о, ұ, ы – жуан, е, ө, ү, і – жіңішке фонемалар. Алайда қазіргі түркі тілдерінің барлығында да осы принцип түгел сақталмайды. 3) Дауыстылардың еріндік және езулік топтары. Еріндік дауыстылар түркі тілдерінің барлығында кездескенмен, көпшілік тілдерде сөз ішінде бірінші, екінші буындардан аспайды.

Қазақ тілі дауыстылар жүйесінің дамуын Ж.Аралбаев үш түрлі кезеңге бөліп қарайды: көне түркі кезеңі, орта түркі кезеңі және жаңа түркі кезеңі. Осы аталған дәуірлерде түркі тілдеріқұрамында кейін заңдылыққа айналып кеткен фонетикалық өзгерістер келіп шықты. Көне түркі кезеңінде, Ж.Аралбаевтың айтуынша, түбір сөз бір дауысты фонемадан (г), дауысты және дауыссыз фонемалардан (ГС), дауыссыз және дауысты фонемадан (СГ), дауыссыз-дауысты-дауыссыз фонемалардан (СГС) құрылған. Бұл кезеңде фонетикалық буын лексика-грамматикалық морфемамен сәйкес болған. Соған орай үш дауысты фонема: а, ы, у болған. Қазіргі қазақ тіліндегі байырғы сөздердің де басым көпшілігі осы дауысты фонемалармен айтылады. Осы кезеңде дауыстылардың еріндік-езулік жіктелуіне негізделген қосарлы түбірлер (сарт-сұрт) де қалыптаса бастайды. Ал мұндай түбірлердің қалыптасуы дауыстылар гармониясы заңдылығының бастауы еді.

Орта ғасырда жоғарыда айтылған дауыстылар негізінде жаңа е, і, ү дауыстылары келіп шықты. Бұл фонемалар алдыңғы түбір құрамындағы а, ы, у фонемаларының екінші түбір құрамындабейтараптануы, яғни, семантикалық қызметінің әлсізденуінің нәтижесі болды. Тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде ғана бұл дауыстылар фонемалық айырым белгілерге ие болды. Түркі тілдері вокализмінің 8 дауыстыдан тұратын жүйесі осы кезеңде қалыптасса керек.

XV-XVI ғ. арасында дауыстылар жүйесі ә, и, у дыбыстарымен толығады. Ә дауыстысы шығыс тілдерінің ықпалының нәтижесі болса, и, у дыбыс қосындылары тіл құрамында болған дыбыс өзгерістерінің нәтижесі.



Ә дыбысының тарихы. V-VІІІ ғ. жазбаларының тілінде де, орта ғасырдың алғашқы кезеңіне қатысты жазбаларда да мұндай фонема ұшырамайды. Қазақ тілінің фактілеріне қарағанда, ә фонемасы шығыс тілдерінің әсерімен қалыптасқан деген пікір дұрыс болса керек. Араб, парсы тілдерінің өзінде ғ, х немесе соларға жақын дыбыстардан басталатын сөздер қазақ тілінде ә-ден басталып айтылып қалыптасқан. Қазіргі қазақ тіліндегі Әкім, Әлі, Әли т.б. сөздердің шығыстық нұсқасына жақын түрі Әкім, Ғали. Бұл пікірдің дұрыстығына тағы бір себеп – бұл фонема қазақ тілінде тек сөздің басқы позициясында ғана айтылады. Оңтүстік қазақтары тілінде ә дыбысы өте жиі кездеседі. Бұл, сіра Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда, сол аймақ тұрғындары тілінде арабизм мен парсизмдердің мол болуына байланысты болса керек.

Әр сөзінің арғы түрі һар екені мәлім. Осы түбірден тараған сөздер де сондай: әркім, әрдайым, әралуан, әркез, әрқилы т.б. Ал әскер, әуе, әуел сөздері өз нұсқасында ғаскер, һауа, һауал түрінде дыбысталған. Қазіргі қазақ тілінде байырғы қазақ сөздерінің де ә дыбысынан басталатыны кездеседі: әпер, әкел. Бұл жердегі ә дыбысы екі түбірдің бірігіп, бір фразалық екпінге бағынуының салдарынан болған кейінгі ықпалдың нәтижесі: алып бер, алып кел күрделі етістіктері бірігу процесінде кейінгі буынның әсерінен жіңішкеріп кеткен. Ә дыбысы қолданатын үшінші бір орын – жәй, шәй сөздерінің құрамы. Әдетте ж, ш дыбыстарынан кейін айылатын жуан дауысты дыбыс жіңішкеруге бейім болады. Мұндай бейімділікке қосымша әсер – сөздің й-ге аяқталуы. Осы сөздердің жуан дауыстылармен айтылатын варианттары да бар. Сонымен қатар ә дыбысы Күләш тәрізді бірен-саран кісі аттары құрамында да айтылады. Бұл жердегі ә прогрессивтік ассимиляцияның нәтижесі, өйткені сөздің алдыңғы буынының құрамындағы к дауыссызы жіңішке дауыстыны қажет етеді.

У, И, Ұ, Ү, О, Ө дыбыстарының тарихы. Су, бу, келу, кету сөздерінің құрамындағы у дыбысын қазақ тілі грамматикасында дифтонг дыбыс деп қарайды. Дифтонг деп танылуы алдынан көмескі болса да бірде ұ, бірде ү естіледі. Қазіргі тілдердің материалдарын салыстырсақ: хақас: суғ, тува, шор: суг, башқұрт: һыу, қазақ: су, қырғыз: суу т.б. Бұл фактілерден мына дыбыс сәйкестігін көруге болады: уғ// ыу// уу// у. Сонда қазақ тілінде уғ > у өзгерісі болған. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі елу сөзін көне түркі тіліндегі елліг сөзімен салыстырғанда да іг >у сәйкестігі байқалады. Сонымен, у дифтонг дауыстысы көне түркі тілінде қолданылған уғ (кейде іг) дыбыс тіркесі негізінде қалыптасқан болып шығады.

Көне түркі тілінің фактілерін салыстырайық: йығ – жи, йығыл – жиыл т.б. Қазіргі қазақ тіліндегі у, и дыбыстары о баста дауыстылар мен ғ, г дауыссыздары тіркесінің қазіргі жалғасы болып табылады. Ғ дыбысы жуан дауыстылармен, Г дыбысы жіңішке дауыстылармен тіркескен. Соған орай, солардың негізінде қалыптасқан дифтонгілер де бірде жуан, бірде жіңішке естіледі.



И дифтонг дыбысының қазіргі тілде монофтонгіге айналу процесі де байқалады. Н.Жүнісов, С.Омарбеков Шымкент, Ташкент, Шу алқабы тұрғындары тілінде ый, ій қосар дыбыстарының ы, і түрінде қолданылатынына мынадай фактілер келтіреді: қымыл (қимыл), әр қылы (әр қилы), інабат (ійнабат), ықтымал (ықтимал), ұқта (ұйықта), мырас (мирас), пығыл (пиғыл) т.б. Зерттеушілер бұндай сөздер көбіне басқа тілдерден ауысып, орныққанын атап өтеді. Сонымен, қазақ тіліндегі у, и дифтонгілерінің қалыптасуы қазіргі кейбір тілдердегі (қырғыз, алтай) созылыңқы дауыстылардың пайда болуымен ұштасып жатқан құбылыс. Екінші жағынан, бұл қазақ тіліндегі таза у, и дыбыстары жоқ екендігін көрсетеді. Алайда, қазақ тіліндегі о, ө, е дыбыстарының сөз басындағы дифтонгілік сыпаты у, и дифтонгілерімен негіздес емес. О, ө, е дыбыстарының дифтонг тәріздес қолданысы сөздің абсолют басында ж дауыссызын қолданатын және о, ө, е дыбыстарының функциялық жағынан у, ү, і дыбыстарына қарсы қоятын тілдерге тән.

Қазақ тілі дауыстыларының ішінде оқшау тұратын дыбыс – ұ. Түркі негіз тілінде сөздің абсолют басында у дауысты дыбысы айтылғандығын қазіргі тарихи түркология дәлелдеді. Түркі тілдері салыстырмалы-тарихи фонетикасының авторлары у дыбысынан басталған деп 10 түбір сөз келтірген: у (ұйқы), у (ұ - сақ), удз (ұй - қас), уқ (ұқ), ул (ұл-тан), ур (ұр), ут (ұт), уч (ұшы, бір заттың ұшы), уч (ұш). Бұл сөздер қазақ тілінде ұ-дан басталады. Көне түркі тілінде сөздің басқы буынында айтылған у дыбысы қазақ, т.б. қыпшақ тілдерінде қысқа айтылатын, о мен у немесе у мен ы арасында естілетін жуан дауыстыға ауысқан. V-VІІІ ғ. жазбалары тілінде: қул-құл, уйа-ұя, уруш-ұрыс, соғыс, ур-ұр, утру-ұтыры, кезі, дәл кезі т.б. МҚ: улуғ-ұлық, ұлы, улаш-ұлас, бір-бірімен жалғас, уйат-ұят. «Түрікше-арабша сөздік»: кулағ-қулақ, құлақ, кулан-құлан, кулач-құлаш, кулун-құлын т.б. бұл фактілерге қарағанда, қазақ тіліндегі сөз басында айтылатын ұ-ның арғы түбі көне түркілік осы позициядағы у дыбысы болады.

Қазіргі қазақ тілінде ұ дыбысы сөздің тек басқы позициясында тек бірінші буында ғана айтылады. Кейінгі буындардағы ұ қазақ сөзінде ы-ға жақын естіледі де, жазуда еленбейді. Бұл ерекшелік қазақ тіліндегі ерін үндестігінің әлсіздігінен туған – ерін дауыстысы езулікке айналады. Сөйтіп еріндіктен басталған сөздердің екінші буынындағы езулік ы дыбысы көбінесе көне түркілік у дыбысының көрінісі болып келеді у (ұ) – ы сәйкестігі түбір сөздер құрамында да ұшырасады: олдуруғ – отырық, оғулсуз – ұлсыз, баласыз т.б. Екіншіден, қазақ тіліндегі сөз басындағы ұ дыбысы көне түркілік оғ, уғ, ығ дыбыс тіркестеріне сәйкес айтылады: оғлан-ұлан, оғыл-ұл, оғры-ұры т.б. Алайда, оғ дыбыс тіркесінің қысқа, жуан дыбысқа айналуы тілдің құрамындағы барлық сөздерді түгелдей қамтымаған процесс. Көне түркі жазбаларының тілінде оғша (Құтты білік), оқша (Манихей ескерткіші) мағыналас сөздері кездеседі. Қазақ тілінде осының екеуі де сақталған: ұқса, оқса. Алдыңғысы әдеби норма да, соңғысы – диалектілік ерекшелік. Бұл фактілер көне түркілік о қазақ тілінде кейбір реттерде ұ-ға сәйкес келгендігін көрсетеді. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінде әдеби тілдегі о дыбысына ұ-ның сәйкес келуі жиі кездесетін құбылыстардың бірі: құлдану-қолдану, ұяну-ояну, сұрақы-сорақы. Керісінше, әдеби тілдегі ұ дыбысына о сәйкес келеді: оқсайды-ұқсайды, орпақ-ұрпақ, арық-торық – арық-тұрық т.б.

Алайда, көне түркілік о дыбысы барлық уақытта қазақ тіліндегі ұ дыбысына сәйкес бола бермейді. О дыбысының ұ-ға сәйкестігі жеке сөздерді ғана қамтыған.

Сөздің абсолют басында не бірінші буынында айтылатын ө, ұ дыбыстары көне түркі тілінің осындай позицияда қолданылған дыбыстарына сай келеді: өч-өш, өкүн-өкін, өл, өлүг-өлік, үчүн-үшін т.б. Сөздің екінші буынында байқалатын еріндік ықпал (ө, ү тәрізді) соның салдары.

Көне түркі тілінде ү дыбысы екінші, үшінші буындарда да айтылған. Кейінгі буындарда айтылған көне түркілік ү қазақ тілінде әбден қысқарып делабизацияға ұшыраған. Мысалы: өкүнүч, түгүнчүк, күмүш, үчүн, үгүр, түшүр тәрізді сөздер қазақ тілінде өкініш, түйіншек, күміс, үшін, үйір, түсір тәрізді дыбысталады. Бұлардың құрамындағы ү қысқарып і-ге айналған. Сонымен, көне түркілік ө, ү дыбыстары негізінен бұрынға сапасында сақталған да, жеке сөздер құрамында ғана кейбір өзгерістерге ұшыраған. Қазіргі түркі тілдерінің құрамындла а-ның жуан ы-ға сәйкестігі ұшырасады. Мысалы: тува тілінде – тырт, ындығ, ында, хырын, басқа тілдерде – тарт, андағ (андай), анда, қарын, якут тілінде – сыт, сырдых, ый, ыл, ыт. Мұндай пікір авторлары түркі негіз тілі құрамында бір тайпа тілінде а-ның орнына ы айтылған болу керек дейді. Тайпа тілдері біртұтас тілге ұласу барысында сөздің бір позициясында екі түрлі дыбыстың жарыса қолданылуы болады да, кейін сол екеуінің бірі басым қолданылатын болып қалыптасады. Соның нәтижесінде көпшілік тілдерде а орнықты да, азғана тілдерде ыорнықты. Сонымен қатар, ы дыбысы дамуының екінші бір жолы да бар: у>ұ> ы: турна-тұрна-тырна. Қазақ тілінде: анда-мұнда, анда-мында, тұмақ-тымақ, шұбар-шыбар.

V-VІІІ ғ. жазбалары тілінде е-і сәйкестігі болған. Бір ғана сөз бірде е, бірде і дауыстысымен айтылған. Мұның өзі әлгі екі дыбыстың бір буынды сөзде құрамында немесе бірінші буын құрамында, тайпа тілдерін бір-бірінен ерекшелейтін белгі болғанын көрсетеді. Қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде бір кездегі түркілік е дыбысы өзгеріске түсіп, қысаңға айналған: басқа тілдерде е-мен келетін сөздер қысаң і-мен ғана айтылады. Ал қазақ тілінде е дыбысы сақталған, қысқармаған. Көне түркі тілінде ег, егіл, егу сыпатында айтылған сөздер қазақ тілінде ій, ійіл, ійгі түрінде айтылады. Мұнда көне түркілік е қазақ тіліндегі і-ге сәйкес. Е-і сәйкестігі қазақ тілінде де кей сөздер құрамынан байқалады. Керпіш-кірпіш, зерек-зійрек т.б.

Зерттеушілер қазақ тілінде ы, і монофтонгтарының дифтонгіге айналу фактілерін атайды: отырыйып, кеійп, тасыйп, жатыйп, кійійп (отырып, келіп, тасып, жатып, кійіп). Мұндай ерекшелік Шымкент, Ташкент облыстары мен Қарақалпақстан тұрғындары тілінде кездеседі. Мұндай құбылыстың ы, і дыбыстарына й дауыссызының қабаттасуы дифтонг дыбыстар сыпатын байқатады.



Түркологияда әр кез еске алатын бір пікірге қарағанда да қазақ тіліндегі і қысаң дауысты дыбыстың этимологиялық жағынан е ашық дауыстымен байланысы барлығы айқын. Бұған тіл дамуының барысында фонетикалық өзгеріске ұшыраған байырғы түбірлер де дәлел болады. Көне түркі тіліндегі кед, ейгү, ег, егрі, егрім сөздері қазақ тілінде дифтонгілер арқылы қалыптасқаны мәлім. Бүгінгі қолданыста кій, ійгі, ій, ійір, ійірім түрінде дыбысталып, әлсіз і дыбысы айтылады.

Сингармонизм. Дауыстылар гармониясы: 1) платальдық гармония немесе дауыстылардың жуан және жіңішке жағынан үндесуі. Көне түркі тілінде дауыстылардың жуан-жіңішке үнднсуі сөздің басынан аяғына дейін сақталады; 2) лабиалдық гармония немесе дауыстылардың еріндік үндесуі. Түркі тілдерінің көпшілігінде-ақ дауыстылардың еріндік үндесуі жүйелі түрде сақталмайды. Мысалы, қазақ тілінде еріндік үндесу екінші буыннан аспайды, кейінгі буындарда еріндік мәнер әбден көмескіленген, сондықтан жазуда ескерілмейді. Ал түркі ескерткіштері тілінде сөз құрамында еріндік үндесудің біркелкі келетін жүйесі сақталмаған. Ол тілде бір сөз құрамында бірінші буындағы ерін даустысының кейінгі буындағы дауыстыға ықпалы болса, екінші бір сөзде ондай ықпал байқалмайды: буңсуз, буңсыз. Онан соң, кейінгі буындардағы дауыстыларға бірінші буындағы ерін дауыстысының ықпалы да алдыңғы дауыстылардың сапасына қарай болып отыратыны байқалады. Енесей ескерткіштерінде кейінгі буындағы ы, і дауыстылары басқы буындағы еріндік дауыстының ықпалымен еріндікке айналды. Бірақ осы позициядағы ашық дауыстылардың еріндік ықпалға ұшырауы кездеспейді. Қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі ерін үндестігі жүйелі сақталатыны – қырғыз тілі ғана. Қырғыз тілінде лабиализация заңдылығының кең таралатындығы соншалық, кейінгі буындағы ашық дауыстылар да алдыңғы еріндіктің әсерімен еріндік мәнералады. Қазақ тілінде лабиализацияның бұл түрі тек диалектілік ерекшелік ретінде ғана ұшырасады. Бұған қарап, қазақ тіліндегі кейінгі буынның делабиализациясы кейінгі процесс деп қарауға болар еді. Бірақ диалектілік ерекшеліктің барлығы байырғылық емес. Кейде жаңа құбылыстың таралып үлгермеуі де диалектілер құрамында сақталып қалады. Сонымен қатар, көне түркі тілінде қосымшалар құрамында айтылған еріндіктер қазақ тілінде езулікке айналған немесе езулікпен ғана айтылады, ал сондай сөздердің басқы буында айтылған еріндік сол сапасын сақтаған: олур-отыр, ордун-орда, ортун-орта, қузғун-құзғын, өлүг-өлік. Бұл ретте мына жағдайды да ескеру керек: қазақ орфографиясы бойынша өлік, құзғын сөздері осы сыпатта жазылғанмен, орфоэпиялық норма бойынша соңғы буын құрамындағы ы, і дыбыстары айтылуда ұ, ү түрінде естіледі. Ал ежелгі ескерткіштер тілінде де осыған ұқсас фактілер ұшырасады: «Кодекс куманикусте» - бөрү, боғуз т.б. Бір буынды, екі буынды сөздерде ерін үндестігінің қалыпты норма екені байқалады. Абу-Хайиан грамматикасында ерін үндестігі бірде графикалық тәсілмен берілсе, бірде олар езулікпен берілген. Мұндай фактілер, әрине, ерін үндестігінің жүйелі екенін танытпаумен қатар, ол тілдерге әсте жат құбылыс екендігін де аңғартады. Оның үстіне, Абу-Хайиан жеке сөздердің бірде езулікпен, бірде еріндікпен айтылуын тайпа тілдерінің ерекшелігі ретінде түсіндіреді (қыпшақша темір, оғызша демүр). Дегенмен, қосымшалар құрамында еріндіктердің қолданылуы жайлы айтқанда, көне жазбалар тілінде кездесетін әр түрлілікті де ескерту керек. Қашқари – түріктер: бардым, арғулар: бардум, ал оғыздар: бардам деп сөйлейді деп ескертеді. Ибн-Мұхаммед Салих жедел өткен шақ тұлғасы езулікпен айтылады дейді де, сөзге әуезділік беру үшін ерін дауыстыларымен айтуға да болады, ескертеді (-ду, -ды). Ал қыпшақ сөйлеу тілінің ескерткіші «Кодекс куманикусте» - көрдүк (көпше І ж.), көрүнді (ІІІ ж.), иолуқту (ІІІ ж.), көрду (ІІІ ж.). Сөйтіп Қашқари мен Абу-Хайиан еңбектерінде қосымшалардың еріндік не езулікпен келуі тайпа тілдерінің ерекшелігі ретінде түсіндіріледі де, Мұхаммед Салих сөздің экспрессиялы болуының тәсілі деп қарайды. Сол сияқты «Кодекс» тілінің фактілерін де әр түрлі тайпа тілінің көрінісі деп қарауға мүмкіндік бар. Мұхаммед Салих ескертпесін басқа тіл өкілінің субъективтік естуі деп қарауға болады. Олай болса, қазіргі қазақ тіліндегі қосымшалардың құрамында еріндік дауыстылардың естілуі де бір кездегі субстрат тілдің ізі.

Дауыстылардың гармониясы заңдылығы қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздер мен формаларға таралады деп қарауға болмайды. Тілдің сөздік қоры тек қана таза қазақ не түркілік сөздерден құралмайды, әр кезде әр түрлі жағдаймен байланысты басқа тілдерден енген сөздер мен формалар бар екені белгілі. Ал мұндай сөздердің көпшілігі гармония заңдылығына бағына бермейді: кітап, мұғалім, коммунизм тәрізді сөздер сондай. Сол сияқты, әдеби, рухани сөздердің құрамындағы –и, асхана сөзінің құрамындағы –хана аффикстерін осы заңдылық бойынша өзгертуге келмейді. Бұлардан басқа өз тіліміздің табиғатында пайда болған –паз, -қор, -нікі тәрізді аффикстер де бұл заңдылыққа бағынбайды.

Сингармониялық параллельдер. Дауыстылар гармониясы заңдылығының табиғаты мен түрлері жайлы болгар зерттеушісі Моллова, сингармонизм мен дауыстылар гармониясы дейтін терминдер бір ғана құбылысты білдіреді деп қарамайды, олардыңі айтуынша сингармонизм – буын құрамындағы дауысты мен дауыссыз бірдей қатысты

Буын. Алтай тілдерінде, оның ішінде түркі тілдерінде, буынның негізгі екі түрі кездеседі: 1) ашық буын, 2) бітеу буын.

Н.А.Баскаковтың айтуынша, түбір сөздердің ішіндегі ең байырғысы бітеу буын да, қалғандарының бәрі осы түрдің әр түрлі модификациясы. Бұл ретте қазіргі түркі тілдерінің құрамында сақталып қалған кейбір сөздердің ескі формалары және көне дәуірде қолданылған жазу түрлерінің қайсысы да сөздің фонетикалық сыпатын түгелдей бере алмайтындығы еске алынады. Мәселен, қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында су түбірі кездеседі, кейбірде суғ түбірі кездеседі. Сол сияқты, йу, жу//йуғ, сы, сын//сығын т.б. Сонда осы көрсетілген сөздердің қай вариантын көне, байырғы деп айтуға болар еді? Әрине, дауыссызға, дауыссыз болғанда да тарихы «әлсіз» деп есептелетін дауыссыздарға біткен варианттарын көне деп қарауға тура келеді. Олай болса, көне түркі тілі ескерткіштерінің кейбірінде кездесетін сы, су, бі (қазақ бие), йу тәрізді дауыстыға біткен біткен екі дыбысты түбірлер ескі түрі емес, жаңарған (әр түрлі фонетикалық өзгеріске ұшыраған) түрі деп қарау дәлелді.

О баста «әлсіз» дауыссызға біткен түбірлердің соңғы дауыссыз дыбысы не алдыңғы дауыстарға ұласып созылыңқы дауысты құраған немесе түгелдей жойылып кеткен. Ал созылыңқы дауыстылар көпшілік тілдерде әдеттегі дауыстыға айналған. Осыдан барып дауыссыз-дауысты дыбыстардан ғана құралған түбірлер пайда болған деп қарауға болады.

Бұл теорияны ұсынушылар де//те, же//йе тәрізді етістіктер де о баста й дауыссызына біткен деп есептейді. Яғни, олардың ойынша, де, те етістігінің алғашқы түрі тей, же етістігінің алғашқы тұлғасы жей. Бұл ретте олар ұйғыр, ноғай тілдерінде осы етістіктерден жасалатын қимыл есім формалары дейиш, жейиш түрінде, ал қазіргі түркі тілдерінде не түрінде айтылатын есімдік М.Қашқари сөздігіне нен, сол сияты бірсыпыра түркі тілдерінде бү түрінде айтылатын есімдік кейбір тілдерде (қазақ, қарақалпақ) бұл тәрізді дыбысталатынын да дәлелге келтіреді.

Сонымен, түркі сөзі ең алғашқыда үш дыбысты түбірден (дауысссыз-дауысты-дауыссыз) жасалған деп қарайтын көзқарасты ұсынушылар екі дыбысты (дауысссыз-дауысты) түбірлердің көне түркі ескерткіштерінде де кездесуін соңғы «әлсіз»дауыссыздардың (р, л, н, ғ) алдыңғы дауыстымен ұласуынан, сөйтіп созылыңқы дауыстының пайда болуынан немесе сол дауыссыздың түгелдей түсіп қалуынан пайда болған деп есептейді. Сондай-ақ мұндай түбірлердің (дауыссыз-дауысты-дауыссыз) басқы дауыссызы түсіп қалуы да кздеседі. Мысалы, оңтүстік тілдердегі ол//бол. Кейде бұрынғы байырғы буынға (түбірге) сөз жасаушы элементтердің қосылуы арқылы да буын күрделенеді: айт, қайт (сонғы т). Осы сөздерді мыналармен салыстырсақ: айқай, қайыр, алдыңғы түбірдегі т дыбысы жоқ. Н.А.Баскаков ұсынған пікір көп ыңғайда көне түркі тілдерінің материалдарымен де деңгейлесіп қалады. И.А.Батмановтың зерттеулері бойынша Енесей жазуының ескерткіштерінде дауысты-дауыссыз түрімен қатар дауыссыз-дауысты-дауыссыз сипатты түбірлер бар да, соңғы түрі өте көп кездеседі.

Түркітануда, сонымен бірге, дауыссыз-дауысты буыннан тұратын сөздер байырғы деп қарайтын да болжам бар. Мұндай болжам авторлары мынадай фактілерге сүйенеді: қо+/й/ қо+/зы//қо+/шақан/, кө+/з/ - (двойств, число) т.б. Сондай-ақ, ба (байлау) сү (әскер) тәрізді көне түркі материалдарын да осыған жатқызуға болады.

Көне түркі түбірі екі дыбысты ашық буыннан тұрған деп есептейтіндердің бірі поляк ғалымы В.Котвич орыс тілінде «Исследование по алтайским языкам» деген атпен басылған зерттеуінде қазіргі алтай тілдеріндегі (тұңғыс-маньчжур, түркі монғол) түбірдің фонетикалық құрамын салыстыра келіп, тұңғыс тілдерінде екі дыбысты ашық буыннан тұратын түбірлердің көптігін, ал түркі мен монғол тілдерінде екі дыбысты ашық буыннан және үш дыбысты бітеу буыннан құралатын түбірлердің арасалмағы шамалас екенін айтады. Бұдан ашық буынды түбірлер қалайда байырғы болуы керек дейтін қорытынды шығады. Олай болса, екі дауыссызға бітетін бітеу буыннан тұратын түбірлердің пайда болуын қалайша түсіндіруге болар еді? Екі дыбысты ашық буынды түбір теориясын жактаушылар, оның ішінде Котвич, монғол және түркі тілдері материалдарын тұңғыс-маньчжур тілдерімен салыстыра отырып, соңғыларда мұндай сипатты түбірлердің бүтіндей кездеспейтіндігін айтады. Олай болса, түркі тілдері мен монғол тілдерінде бір фонетикалық сипатта, бір мағынада қолданылатын қырық-қырға, шаш-сачу (етістік) тәрізді параллельдердің бірінде екі буынды, бірінде бір буынды болуын қалай деп қарауға болар еді? В.Котвичтің айтуынша, түбірдің мұндай сипаты алтай тілдеріне жат еді, сондықтан қалайда бұдан құтылуға тырысты (мүмкін тұңғыс тілдерінің өзгешелігі осының салдары болар). Сол себептен және екі дауыссыздың қосарлануынан құтылу үшін түркі-монғол тілдері қатар айтылған екі дауыссыздың арасына дауысты қойып айтуға немесе ең соңына дауысты дыбыс қосып айтуға мәжбүр болды. Монғол тілдері соңғы тәсілді пайдаланған да, түркі тілдері алдыңғы тәсілді қолданған. Сондықтан монғол тілдерінде көк емес көке, аб, ау емес, аба, ер емес ере, түн емес түне, қыр емес қыра т.б. Ал қазіргі түркі тілдерінде кездесетін бұлыт, тарақ о баста екі дауыссыз дыбысқа аяқталған бітеу буынды түбір болуы керек, яғни, бұлт, тарқ. Осы ізбен көне түркі тіліндегі балығ (қала), кергек (керек) сөздерді де балғ, керг болып айтылған деп қаралады. Өйткені монғол тілінде бұл сөздер балғасун, кергег түрінде айтылады екен.

Түркі тілдерінде дауыссызға біткен түбірлерге монғол тілдерінде көбінесе а, е, у, ү дауысты дыбыстары қосылып айтылады. В.Котвичтің байқауынша түркі тілдерінде аффрикатқа бітетін сөздерге монғол тілінде қысаң дауыстылар қосылып айтылады да, басқа дауыссыздарға біткен сөздерге ашық дауыстылар қосылып айту жүйесі бар. В.Котвич монғол тілінің мына ерекшелігін көрсетеді: монғол тілінде сөз аяғы көбінесе үнді болып отырады. Ал түркі тілдері болса, сөз аяғында көбінесе қатаң дауыссыздарды (қ, к) қолданады да, сол позицияда ұяңдардың (ғ, г) айтылуы сирек кездеседі. Сөйтіп монғолдар қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздардың ара жігін ашып айтуға бейім болады да, осы мақсатпен сөз аяғын дауысты дыбысқа бітіруге ұмтылады. Өйткені, соңғы жағдайда ғана ұяңдар мен қатаңдардың ара жігі айқын көрінеді.

Сонымен, В.Котвичтің дәлелдеуінше, монғолдық формалар, яғни, дауысты дыбысқа (ашық буынға) біткен формалар кейінгі дамудың жемісі де, ал түркілік қысқа формалар тарихи тұрғыдан әлдеқайда ескі болуы керек. Оның айтуынша, сөз соңында бір кезде қатар айтылған екі дауыссыздың ортасына дауысты дыбыс қойып бөліп айтуға бағытталған тенденция етек алған, соның салдарынан екі дауыссызға аяқталған түбірлердің саны, әрине, едәуір азаюға тиіс. Алайда түркі сөздері о баста үш дыбысты (дауыссыз-дауысты-дауыссыз) болған деп есептейтін ғалымдар В.Котвич келтірген фактілердің біразын түбір мен қосымшадан құралған негіз деп есептейді. Н.А.Баскаков бұлт, кергек сөздерін бұл-ұт, керг-ек деп қарайды да, соңғы буындарды есім жасайтын аффикс деп есептейді.

Сонымен бірге, түркі-монғол тілдеріндегі сөздің буын құрамы туралы айтылған, ескерілуге тиіс пікірлердің бірі – белгілі монголист Владимирцовтың пікірі. Ол түркі-монғол параллельдерін салыстыра келіп, тарихи тұрғыдан ескісі және негіз тілге жақыны дауысты дыбыспен аяқталатын ашық буынға біткен монғолдық варианттар деп қарайды. Осы пікірді белгілі дәрежеде Н.К.Дмитриев те қайталады. Бұл олсыдан бұрын айтылған пікірге қарама-қарсы екені белгілі.

Жоғарыдағы көзқарастар қазіргі түркі тілдеріндегі, оның ішінде қазіргі қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздерді ескеріп отырған жоқ. Еліктеуіш сөздер шығу, қалыптасу тұрғысынан мұндай тарихи болжамдарға тиек бола алмайды. Еліктеуіш сөздердің жасалуында артикуляциялық дыбыстау органдарының күшті қарқынмен жұмыс істеуіне байланысты көмескі айтылған дауыстылар түсіп қалады да, сөз екі дауыссыз дыбысқа аяқтала береді. Бірақ бұл құбылыстан тарихи өзгеріс байқалмайды.

Сонымен, фонетикалық сипаты қандай болса да, аяқ, ауыз тәрізді сөздер көне тілде де осы құрамында (екі буынды) кездеседі. Кейбір дыбыстық өзгерістерді ескермесек, буын санының не азайып, не көбейіп кетпегендігін көреміз. Сөйтіп екі буынды сөздердің көпшілігі туралы кесіп айту қиын. Алайда, үш буынды сөздерден бастап түркі сөздері тарихи тұрғыдан туынды түбірлер болып келеді. Сарқыншақ, тұндырма, кимешек т.б. сөздер байырғы сөздер. Енді осы сөздерді үйірлес сөздермен салыстырып көрейік: сарқыншақ, сарқы, сарқыт, тұн (тын), тұндыр, тұнық, киім, ким (е) шек.

Сөйтіп ұялас түбірлерді салыстырғанда, осы сөздердің барлығы да о баста бір, я екі буынды сөздер болып шығады. –шақ, - шек бір кезде есімдер құрамында кішірейткіш мәнді туғызудың өнімді тәсілі болған. Ал киім (е) шек сөзінің құрамындағы –е – екі дауыссыздың арасындағы (түбір мен қосымша жігіндегі) жалғастырушы дауысты ма,әлде монғол тіліндегі ұзартпалы дыбыс па (мысалы, көк, монғ. көке) – ол жағын ашып айту қиын.

Қазіргі қазақ әдеби тілінде көп буынды сөздердің мол қолданылуын екі түрлі жағдаймен түсіндіруге болады: 1. Түркі тілдері агглютинативтік жүйеге жатады. Аглютинация – склеивание, яғни, жалғамалы деген сөз. Осы жүйеге сай о бастағы бір буынды, екі буынды сөздер жұрнақтар арқылы, кейде жалғаулар арқылы күрделі құрамды болып қалыптаса береді. 2. Шеттен енген сөздердің басым көпшілігі үш-төрт және одан да көп буынды болып келеді: телефон, динамика, пролетариат т.б. Қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылығына байланысты дауыссыздар тіркесінен басталатын не аяқталатын сөздердің құрамы о баста бір, екі буынды болуына қарамай, айтылуда көп буынды болып шығады: стол, >ыс – тол, почтамт>поч-та-мыт т.б.

Сөздің грамматикалық тұлғасының өзгеру, дамуын дыбыстарды тарихи тұрғысынан қарастырғанда ғана айқын түсінуге болады. Сондықтан сөз тұлғасын сөз етіп, оның буындық құрамы жайлы әңгімелегенде дыбыстардың тарихи ауысу, өзгеру жолын да еске алу керек. Сонда ғана сөздің байырғы түбірі мен кірігіп кеткен қосымша не түбірді айыруға болады. Әрі, бері, кері сөздері құрамындағы байырғы түбірлер ә, бе, ке, және рі – (рі ескі барыс тұлғасы) дегенде, ашудас сөзі о баста ащы тас тіркесі (фразалық екпін әсері) дегенде де біз сол фонетика заңдылықтарының тарихи өзгеру жолдарын ескереміз.

Біздің қазіргі заманғы тіліміз даму барысында қайта құрылған, өзгеріске түсіп, жаңарған жүйелер тобымен бірге, «қайшылықтар», тілдің басқа жүйелік заңдылықтарымен үйлесе бермейтін құбылыстар тобынан тұратыны белгілі. Тіл механизімінің логикалық жетілгендігі соншалық, тіл қолданушылар ондай «үйлеспеушілікті» байқамайды. Тарихи грамматика сондай «үйлеспеушіліктердің» тарихи сырын ашу арқылы тіл жүріп өткен жолды бағдарлайды. Мәселен, қазіргі қазақ тіліндегі қысаң дауыстыларға, -қ, -к дауыссыздарына аяқталатын есімдер (көбіне сын есімдер), құрамында (сөз ортасында) нт, лт, рт, рқ тәрізді сонорлар мен қатаңдардың тіркесі бар екі буынды есім түбірлер, ғ, г, з дыбыстарынан басталатын есім сөздер, барғысы келеді тәрізді күрделі етістіктер т.б. қазақ тілі жүріп өткен жолды мегзейді, оның фонетикалық, грамматикалық құрылымында, лексикалық қорында болған өзгерістерге сілтейді.

Диалект халықтың бір ғана тобының территориялық, не әлеуметтік тілдік ерекшелігі деп қаралады, ал халық қалыптасқанға дейінгі дәуірде әрбір диалект бір тайпаның, рудың тілі болған. Сондықтан бүгінгі тіл құрамындағы диалектілік айырмашылықтар көбіне тілдің көне дәуірінің біртұтас халық тілі қалыптасқанға дейінгі сипаты болып келеді. Диалектілік айырмашылықтардың бір тобы тілдің кейінгі дәуірлерінде пайда болуы да

мүмкін. Соңғы топ әдетте тілдік байланыс, қатынастардың (языковые контакты) немесе экстралингвистикалық факторлардың жемісі болуы әбден ықтимал. Диалектілік ерекшеліктердің осы екі тобы да тіл тарихын, тілдің құрылымдық тарихын жасау үшін аса қажетті материал болады. Мәселен, диалектілік айырмашылықтар жазба ескерткіштер тілі ерекшеліктерін салыстыратын, сол арқылы тілдік өзгерістер айқындалатын тірек. Диалектілік ерекшеліктердің алдыңғы тобын ескерткіштер тілімен салыстыру арқылы тарихи құрылымдық өзгерістер айқындалса, соңғы тобын салыстыру арқылы тілдің экстралингвистикалық ықпал арқылы дамуы анықталады. Кей мәселелер жөнінде диалектілік ерекшелік тіл тарихын зерттеуде сүйенетін жалғыз ғана көз болады. Мысалы: ж~ш~н: шайқал, найқал, бұл сәйкестіктің арғы түбі й-ге барып тірелетіні айқын, сонда й~ж//ш~н, әлде й~н~ж~ш, о~ұ, арғы түбі у, сонда у~ұ~о; барулы~баратын, барамын екен~барады екенмін; барамыз екен~барады екенбіз, баралы~барайық т.б. Бұндай тұлғалар мен дыбыстық сәйкестіктер қазақ тілінің этногенезін, оның құрамына енген ру-тайпа тілдерін, оның қандай құрылымдық өзгерістерді басынан өткізгендігін айқындайды.

Тілдің құрылымдық тарихын зерттеп білуде дәйек болатын бір сала – ономастика. Ономастикалық материал тілдің лингвистикалық және экстралингвистикалық даму жолдарының бірлікте болатынын дәлелдейді. Ономастикалық атаулар көбіне тілдің қалыптасқан сөз өзгеру жүйесінің аумағына сыймайды. Олар тілдің даму барысында жоғалып кеткен сөз өзгерту модельдері бойынша жасалған болып келеді не ұмытылып кеткен мағынаны өз бойында сақтауы мүмкін. Мысалы: Ақсу – ақ ~ аққан су: бұл сөздің құрамынан синкретикалық түбір (ақ – етістік және есім) мен сөздің ұмытылған қолданысын (ақ етістік түбірдің есімдерше қолданысын) көруге болар еді. Ономастикалық материалдардың мынандай екі тобы бар: бір тобы – микротопонимдер мен антропонимдер. Микротопонимдер (шабындық, жайлау, қыстау, ұсақ өзен атаулары) мен антропонимдер (кісі аттары т.б.) құрамында өздері пайда болып, қалыптасқан аймақ, өлке тұрғындары тілінің белгілері сақталады. Ондай тілдік айырмашылықтар сол аймақты, өлкені мекендеген ру-тайпа тілдерінің негізгі белгілерін айқындауға мүмкіндік туғызады. Ономастикалық материалдардың екінші тобы – топонимдер. Топонимдер тілдік байланыстың, тілдік ықпалдасудың ерекше бір түрінің куәсы, соның нәтижесі де болып отырады. Мәселен, географиялық атаулар мыңдаған жылдар бойы, сол географиялық аудандағы тұрғындар ауысып жатса да, өзгермей қала беруі ықтимал. Бұл жағдай белгілі бір тілдің тарихындағы субстрат тілді анықтауға бірден-бір мүмкіндік туғызады. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Қазақстан түп негізі монғол тілдеріне барып тірелетін атауларға толы. Мысалы: Зайсан, Тарбағатай, Талғар, Түрген т.б. Бұл атаулар осы аймақтың алғашқы тұрғындары (немесе осы аймақта алғаш көшіп-қонып жүргендер) кімдер болғанын анықтайды. Топонимикалық атаулар бір аймақта әр түрлі тарихи-әлеуметтік себептермен әр сипатты мәдени-тілдік топтардың тоғысуының куәсы, нәтижесі де болады. Мысалы, Қырым түбегінде гректер, осман түріктері, қыпшақтар мен оғыздар, кейін орыстар мен украиндықтар орнығып, мекендеді.

Тарихи грамматикалық зерттеу, сондай-ақ басқа тілдерге ауысқан сөздерге және басқа тілдерден қазақ тіліне ауысқан сөздерге де негізделеді. Қазақ тілінен басқа тілдерге сөз ауысудың екі кезеңін айтуға болар еді: бірінші кезең қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі дәуірлерде жеке ру, тайпа тілдерінен басқа тілдерге ауысқан сөздер. «Игорь полкі туралы сөздің» тілін зерттеуші түрколог Менгес сол заманғы шығыс славян тілдеріне ықпал жасаған тілдердің бірі қыпшақ-половец тілі екенін айтады. Науаи «Екі тілдің айтысы («Мухакамат әл-лұғатайин») атты еңбегінде келтірілетін, парсы тілдеріне ауысқан түркі сөздері. Ол сөздердің көпшілігі-ақ бүгінгі қыпшақ тобына жататын тілдерде, әсіресе, қазақ тілінде өзгеріссіз айтылады.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:



  1. Тарихи фонетика. Дыбыстардың даму тарихы

  2. Дауысты дыбыстар тарихы

  3. Дауыссыз дыбыстардың тарихы

  4. Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі тарихи өзгерістер

  5. Фузиялық өзгешеліктер

  6. к, қ, н, ң, р, л дыбыстарының дамуы

  7. ш, т, д, ж, з, м дыбыстарының дамуы

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу