ПОӘК 042-05-14-5-05. 3/03-2013 2013 жылғы №3 басылым 26 беттің -шісі 5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған



бет8/9
Дата31.01.2018
өлшемі2,07 Mb.
#37056
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Әдебиеттер:

1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.

3. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А,1986.



13-Дәріс

Тақырыбы: Етістіктің рай, шақ категориясы

Жоспар:

  1. Етістіктің райлары

  2. Шақ категориясының тарихы

Мақсаты: Етістіктің морфологиялық құрылымы бойынша болымды-болымсыз, рай, жақ, шақ және сан категорияларына бөлінуін, түркі тілдеріндегі етістіктер сыпатының бірыңғайлығын, қазақ тіліндегі етістік категорияларының түбір мен туынды түбір қалпы басқа түркі тілдерінде де қайталанып, сол дәрежеде көрінуін, кейбір айырмашылық жеке тұлғалардың синтаксистік қолданысы мен семантикасында ғана болу жайын қарастыру

Мазмұны: Етістік морфологиялық құрылымы бойынша болымды-болымсыз, рай, жақ, шақ және сан категориялары бар, синтаксистік жағынан сөйлем баяндауышы қызметіне бейім, лексикалық мағынасы — қимыл мен әрекет болатын сөздердің грамматикалық класы ретінде есімдер тобынан айрықшаланып түрады.

Түркі тілдеріндегі етістіктер сыпаты бірыңғай. Екінші сөзбен, қазақ тіліндегі етістіктердің категориялары, түбір мен туынды түбір қалпы басқа түркі тілдерінде де қайталанып, сол дәрежеде көрінеді. Кейбір айырмашылық жеке тұлғалардың синтаксистік қолданысы мен семантикасында ғана бар.

Етістіктердің дербес грамматикалық топ ретінде жіктелуі түркі негіз тілі дәуірінде басталып, кейбір іздері оның жеке тілдерге ыдырау дәуірінен кейін де жалғасады. Соның бір көрінісі — қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде-ақ жақтық қосымшалар етістіктер мен есімдерге бірыңғай жалғанады. Мысалы, қазақ тілінде инже-нер-мін, бара-мын, инженер-сің, бара-сың. Осымен бірге, жақтық косымшалардың «қысқарған» варианты да бар: бар-ды-м, бар-ды-ң. Осындай сыпат басқа тілдерде де сақталған: ноғай тілі ала-ман, ала-саң, тува тілі алыр сен, алыр біс, т. б. Етістіктің жедел өткен жақ тұлғасына қосылатын жалғауы есімді тіркестер құрамында да қайталанады: (менің) кітаб-ы-м. Қазақ тілінде (баска да түркі тілдерінде) етістіктің есімше түрленуі бұл айтылғандармен бітпейді. Айталық, қалау рай деп қаралатын (өйткені сондай мән туғызып, сондай қызмет атқарады) -ғы (кимыл есім) + көмекші етістік тіркесі де есімдерше өзгереді: барғым келді, бар-ғың келді.

Тарихи — түркологиялық зерттеулер қазіргі тілдердегі етістік тұлғаларының арғы негізі қимыл есімдері деп дәлелдеді. Қимыл есімі атауы тарихи грамматикада шығу тегі, мерзімі жағынан бүкіл етістіктермен немесе етістік деп аталатын грамматикалық категориямен бірге қалыптасқан топ деген мәнде қолданылады. Қимыл есімдері есім мен етістік қызметін қоса атқарған синкретикалық түбірлерден жіктеліп шыққан топ, сонда көш, той, ақ тәрізді синкретикалық түбірлердің сөйлем құрамындағы бір қызметінен іс-әрекеттің уақыт — мерзімге қатысын, сөйлеушінің іс-әрекет пен оның орындаушысы арасындағы қатысына көзқарасын білдіретін, екінші сөзбен, шаққа, райға жіктелетін сөздердің грамматикалық класы қалыптасты. Қысқасы, қимыл есімдері шақ пен рай тұлғаларының семантикалық көп түрлілігіне негіз болды. Түркі тілдерінің тарихынан белгілі қимыл есім тұлғалары да есім мен етістік қызметтерінде қатар қолданылады (әрине, олардың бұл ерекшелігі алғашқы синкретикалық түбірлерге қарағанда әлдеқайда бәсең). Жалпытүркілік аяда қолданылатын қимыл есімдерінің негізгі түрлері мынадай: -ғы, -ынч (-ынш), -мақ, -ма, -ыш (-ыс), -ық (-ығ), -ы (-у), -а, -ыт, -ын, -мыш (-мыс), -ғын, -ған, -дық, -ыр, -ар, -ғыр. Бұлардың қазіргі тілдерде таралу дәрежесі бірдей емес. Қазақ тілінде -мыс, -ынш, -ғын, -ідық тұлғалары актив қолданылмайды, сондықтан олардың шақ тұлғаларын жасауы да кездесе қоймайтын құбылыс. Оның үстіне, бұл тұлғалардың шақтық парадигма жасау дәрежесі де бірдей емес: -ған, -ар, -а тұлғалары бұл қызметте актив болса, -ыр, -ғы, -ы, -мақ тұлғалары пассив, кейбір етістіктер кұрамында ғана қолданылады. Ал -ыс, -ыт, -ық, -ғын, -дық тәрізді тұлғалар шақ жасауға қатыспайды. Түркі тілдерінің кейінгі дәуірлерінде осы тұлғалардың негізінде екінші дәрежелі қимыл есім тұлғалары қалыптасты: -ығчы (>-ушы), -мақчы (>-мақшы), -ығлы (>-улы), -галы, -асы, -ажақ, т. б.

Қимыл есімдерінің кейбір түрлері қолданылу процесінде субстантивтер мен адъективтерге айналып кетті, біразы вербализацияға ұшырады. Вербализацияға ұшырағандар біздің бүгінгі тілімізде есімше деп ұғынылатын топтар -ғалы тәрізді бірен-саран тұлғалар ғана көсемшеге айналды. Ал субстантив пен турур (тур етістігінің есімше тұлғасы) етістігінің тіркесі жаңа дәуірде осы процеске ұшыраса, жатыс жалғаулы қимыл есімдерінің вербализациясы біздің заманымызда қалыптасқан құбылыс: жеңудеміз, жетуде-міз, т. б.

Қимыл есімдерінің семантикалық жіктелісі әрбір тұлғаның бір мәнде тұрақталып, басқа мән-мәнерден ажырау жолымен жүрген. Бұл процестің сыпаты жеке тілдерде бірыңғай болмаған. Сондықтан да рай түрлерінің жеке тілдерде қолданыс мәні мен қызметі де бірдей бола бермейді. Айталық, -асы тұлғасы қазақ тілінде тек қана қимыл есімі, ал якут тілінде рай жасайды, азербайжан тілінде істі істеуге ниеттілікті білдірудің тәсілі болып қолданылады.

Тілдің даму барысында қимыл мен күйдің атауы болған қимыл есімдерінен қосымшасыз түбір тұлғалы етістіктер II жақ бұйрық мәнін беретін семантикалық топ болып жіктеліп шықты. Мұның нәтижесінде тіл құрамында атау тұлғасына негізделген есімдер мен II жақ бұйрық рай тұлғасына негізделген етістіктер жүйелері сараланды, ал етістіктің өз ішінде бұйрық рай мен ашық рай жүйесі жіктелді. Кейінгі даму барысында II жақ бұйрық рай тұлғасы, яғни, қосымшасыз тұлға басқа рай түрлеріне негіз болды.

Қимыл есімдерінің ашық райлы етістік ретінде біржолата қалыптасуына екі түрлі қүбылыс себеп болды. Ол, біріншіден, сөз қолданудың қатаң орын тәртібі немесе сөздердің позициялық қолданыс заңдылығы. Тілдің әлі балаң дәуірінде тіркестер есімдер негізінде құралды да, компоненттерінің арасындағы қатынас сыпаты сөздердің орналасуы, орын тәртібі және айтылу интонациясы арқылы айқындалды. Қимыл есімдері зат, сын атауларымен салыстырғанда семантикалық жағынан нредикативтілікті білдіруге әлдеқайда бейім болды. Ондай сөздердің семантикалық осы айрықшылығы сейлем соңында тұрақты қолданылу арқылы предикатив қызметінде бекінуіне себеп болды. Сөйтіп бұл жерде сөздің семантикасы мен оның қолданыс орны тұтасып келіп вербализацияға негіз болды. Қимыл есімдерін предикативтілікте тұрақтандырған екінші құбылыс — оларға жіктеу есімдіктерінің тіркесуі. Сөйлемнің жақтық мәні оның соңында айтылған жіктеу есімдіктері арқылы белгіленген. Предикатив қызметіндегі қимыл есімінің грамматикалық көрсеткіші қызметінде айтылған жіктеу есімдіктері айтылу интонациясының әсерімен тұлғалық өзгерістерге түсіп, қимыл есім құрамына еніп, жақ пен санды білдіретін тәсіл болып қалыптасты. Сөйтіп бұл процесс қимыл есімін қимыл мен әрекет мәнінің белгілі бір уақыт пен жаққа қатысын білдіретін сөздердің грамматикалық класына айналдырды, екінші сөзбен, ашық райлы етістік немесе етістіктің жіктелетін тобы қалыптасты.

Тілдің даму барысында есім мен етістіктің ара жігін ашып, таза етістік қасиетін молайта түсетін жаңа категориялар қалыптасты, болымды-болымсыздық категориясы, сабақтылық пен салттық мәннің грамматикалық тәсілдер арқылы жіктелуі, қимыл-әрекеттің объектілік және субъектілік қатынасы, таза етістік жасайтын аффикстер тобы, т. б. категориялар жіктеліп, жүйеге айналды. Сонымен қатар, қимыл есімдері де предикатив қызметінде тұрақты да актив қолданылумен қатар, есім мәнін де жойған жоқ. Қазіргі тілдегі есімшелердің басым кепшілігі есімдерше түрленеді, сонымен бірге предикатив қызметін атқарады, етістіктерге тән тұлғалар бойынша өзгереді. Оған орай есімшелердің синтаксистік қызметі де көп түрлі: есімдерге тән қызметте де, етістіктерге тән қызметтерде де қолданыла алады.

Қазіргі қазақ тілінде етістіктің бес түрлі райы бар деп қаралады. Рай деп әдетте етістіктің модальдық мән беретін түлғалары аталады. Сонда рай аталатын етістік категориялары әрі грамматикалық класс, әрі семантикалық топ құрайды. Арнаулы грамматикалық көрсеткіштер райлық топ құрайды. Алайда кейде бір ғана грамматикалық көрсеткіш екі түрлі рай мәнін беріп, екі түрлі қолданылуы да мүмкін. Бір жағынан мұндай құрылыс рай мәндерінің бір-бірімен тығыз байланыстылығын көрсетсе, екінші жағынан олардың бастапқы генезистік бірлігін де байқатады.



Бұйрық райдың негізгі берілу тәсілі етістік түбірлері екені мәлім. Бүл тәсіл көне туркі тіліне де тән: Етістіктің түбір тұлғасы арқылы... едгүті есід. Кейде осы тұлға көпшемен де қолданылғаны байқалады: Тоқуз оғуз беглері будуны, бу сабымын едгүті есід, қатығды тыңла. Бұл сөйлем бір ғана кісіге емес, көпшілікке арналса да, етістік түбіріне арнаулы қосымша жалғанбаған. Әдетте етістіктің жалаң түбірі деп түркі тілдерінде бұйрық райдың II жақ анайы (немесе қатаң бұйрық) тұлғасы айтылады, Сонда, айналып келгенде, қазақ тіліндегі бұйрық райдың II жақ тұлғасы дегеніміз, сонымен бірге, етістіктің түбірі деп те ұғынылады. Көне түркі тілдері ескерткіштерінің материалдары қазіргі түркі тілдеріне тән осы ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Орхон-Енисей жазбалары тілінде де жоғарыда айтылғандай, етістіктің түбір қалпы екінші жағынан бұйрықтық мән беретін тәсілдің бір көрінісі есебінде қолданылған. Алайда осы ретте кейбір тарихи ескерткіштер тілінде, сондай-ақ, қазіргі тілде ұшырасатын мынадай ерекшелік бар: Тарихи тұрғыдан етістік түбір атаулының бәрі бұйрық мәнін беріп, бұйрық райдың II жақ тұлғасы есебінде ұғынылуы бұлжымас заң болмауы ықтимал. Э. Наджип XIV ғасырға жататын қыпшақ ескерткіштері фактілерінің негізінде осындай ерекшелікті көрсете отырып, «Гүлстан» поэмасы тілінде қолданылатын ачып етістігінің тубірі ач (аш, аш адам) бұйрық рай мәнін бермейді. Бұйрық рай мәні осы түбірден жасалған ачық тұлғасы арқылы ғана берілгенін мысалға келтіреді. Қазақ тілінде де нақ осы етістік түбірден бұйрық мәні тумайды. Сонымен қатар, Э. Наджип тат, аң, арқа, қары, қартай сөздерін ескерткіштер тіліне сүйене отырып, әрі етістік, әрі есім, яғни, етістік ретінде бұлардың қай-сысы да бұйрық мәнін бермеген деп түсіндіреді. Қазақ тілінде олардың біразы-ақ басқаша сипат алғанын байқауға болады. Тат — етістік түбірі болып ұғынылады да, есім мәнінде туынды тұлғасы (татым) жұмсалады. Аң сөзі нақ осы күйінде қазақ тілінде ұшыраспайды, осы түбірден жасалған етістік— аңда, аңда-ма, ал есім — аңсыз, аңдаусыз (аңсыз қалды, аңдаусыз қалды). Арқа — тек қана зат есім, туынды етістік — арқала. Тоз түбірі нақ осы күйінде қолданылмайды (тек тоз-тоз қос сөзін ескермесек), бірақ осы түбірден жасалған тозаң зат есімі, тозаңдат етістігі бар. Қары сөзі осы тұлғасында сын есім, қартай тек қана етістік. Бұдан шығатын қорытынды: бір кезде әрі етістік, әрі есім болып ұғынылған түбірлер айқын бұйрық мәнін бермеген. Кейінгі дәуірде олардың кейбірі тек етістік ретінде қалыптасады да, аффикстер арқылы есімге айналады немесе есім есебінде қалыптасады да, аффикстер арқылы етістікке айналады, сөйтіп айқын бұйрық мәніне ие болады. Қазіргі қазақ тіліндегі тарыл, тарық етістігі мен тар есімі тәрізді фактілер де жоғарғыдай. Олай болатыны, егер айталық, бір кезде түбір екі жақтылы болмаса, тар есіміне етістікке жалғанатын етіс қосымшалары қосылмас та еді. Түбірдің о бастағы екі жақты мәнінің нәтижесінде етістікке тән мән туу үшін етіс қосымшалары қажет болды. Кейін қолдану барысында ол да түбір есебінде қалыптасып кетті. Бұл жай бұдан бұрын айтылған етістіктер мен есімдердің синкретизмімен ұштасады. Қазақ тілінде бұйрық райдың II жақ көптік түрінің қосымшасы құрамында келетін, ал өзбек тілінде II жақ жекеше турін білдіретін -ң, -ың, -ің қосымшасы көне жазбалар тілінде ұшырасады: Сү барың тіді, Алтун йышда олурың тіді. И. Батманов бұл қосымшалар бұйрық мәнін жұмсарту, ыңғайластыру мақсатында көбіне көпше, кейде жекеше де мәнде қолданылғандығын айтады. Сол сияқты, ол тілде етістік түбірге -ғыл қосымшасы жалғану арқылы да бұйрық мәні беріледі: Қарағу едгүті урғыл. Бұйрық райдың III жағы -зун -зүн қосымшасы арқылы берілген: Сү басы Йнел қаған Тардуш шад барзун тіді. Ортағасырлық жазбалар тілінің фактілерін осы айтылғандармен салыстырып қарағанда, үлкен айырмашылық байқалмайды. Осы айтылған тұлғалар кейбір өзгерістермен қайталанып отырылады. Ортағасырлық түркі тілдерінің кейбір ерекшеліктерін М.Қашқари былай түсіндіреді: «бұйрық тұлғасына -ғыл, -қыл, -гіл қосымшаларының жалғануы тыңдаушы біреу болғанда ғана мүмкін. Тыңдаушы екі не одан көп болса, бұл қосымшаларды жалғауға болмайды. Оғыздар мен қыпшақтар бірлікте бар, көптікте барың дейді... Бұйрық тұлғасы барлық тілдерде бірдей, бір-бірінен айырмашылығы жоқ». Бұған қарағанда оңтүстік қазақтарының тілінде ұшырасатын барың тұлғасы Қашқари айтып отырған қыпшақ тілінің ерекшелігі. Қашқари материалдарына қарағанда, III жақ қосымшасының басқы дауыссызы орта ғасырға дейін-ақ қатаңға айналды деп қарауға болар еді (-зун>-сун). Жазбалар тілін зерттеушілердің кейбірі (Щербак, Батманов) -сун, -сүн (-зун, -зүн) тұлғалары айқын бұйрық мәнді бермеген деп қарайды да, пожелательная форма деп атайды.

Қазіргі қазақ тілінде де III жақтық бұйрық рай деп танылып жүрген тұлғаның контекстік қолданылуында кейде бұйрықтан гөрі ұйғару, шешім мәні басым болып отыратыны бар. Бұйрық райдың III жағы ежелгі түркі тілдеріндегідей еріндік дауыстылармен емес, езулік дауыстылармен айтылады. А. М. Щербак еріндікпен (-сун) айтылуы шығыс түркістандық тілдерге тән де, екеуі жарыса қолдану батысқа орналасқан тілдерге тән болса керек деп пайымдайды. Егер осы пікірді қолдасақ, қазақ тілінде езуліктермен айтылу тайпалық кезден қалыптасқан деп қарау мақұл. Қазіргі оңтүстік-шығыс тілдерінде ұшырасатын, сол сияқты қазақ тілінің Жетісу говорында кездесетін -ғын тұлғасы тек қана XIV ғасырдан кейінгі уақыттағы жазбаларда қолданылған. Алайда кейбір мәліметтерге қарағанда -ғыл және -ғын аффикстерін екі түрлі тайпа өкілдерінде қолданылған варианттар деп есептеуге де мүмкіндік бар. Алтын Орда ескерткіштерінде тек қана -ғыл қолданылған. Ал «Мухаббат-нама» тілінде -ғын варианты ұшырайды. Қалай болғанда да, қазақ тілінің жетісу говорында кездесетін -ғын аффиксі батыс тілдерінің қалдығы емес, шығыс түркі тілдерінің әсерінен пайда болған деуге дәлел бар. -ғыл, -ғын аффикстерінің_ генезисі жайлы бір кезде Ж.Дени айтқан, кейін Котвич қостаған пікірді де еске түсіру орынды. Дени -ғыл, -ғын аффикстерінің арғы түбі -қыл етістігі деп қарайды. Егер осы пікірді тарихи тұрғыдан шындыққа жақын десек, негізгі етістіктің грамматикалық мәндерінің көрсеткіші есебінде айтылған көмекші етістік аналитикалық қолданылу салдарынан аффикске айналған. Ондай процестердің схемасын былай беруге болар еді: бар + қыл (синтаксистік тіркес) >барғыл>барғын. Котвич мынадай қосымша дәлел айтады: Моңғол тілінде -цыл етістігі -ңы түрінде айтылады. Егер моңғол тілі осы етістіктің өте архаикалық тұлғасын сақтаған деп қарауға болса, онда түркі тілдеріндегі сыпаты тарихи тұрғыдан түбір мен қосымшадан (-л) тұрады деп білу керек. III жақ аффиксі -сын жайлы әзірге мынаны ғана айтуға болар еді: аффикстің алғашқы элементі -сы моңғол тілінде де ұшырасады және ол тілде II жақты білдіреді: олай болса III жақтың тұрақты форманты болмаған. Ал Н.А.Кононов -сын аффиксі III жақтың тәуелдік жалғауына ұқсас дейтін пікірді қостайды. Бұл екі пікірдің бір-біріне қайшылығы жоқ, қайта бірі екіншісін толықтырып тұр. Якут тілінде осы аффикс -ты түрінде I жақ қосымшасы есебінде жұмсалатынын ескерсек, о баста III жақтың тиянақты қосымшасы еместігін байқауға болады. -сы элементінің жеке түркі тілдерінде әр түрлі ұғынылуы, яғни, әр турлі жақты (бірде II, бірде III) білдіруі де оның о баста айқын етістік қосымшасы болмағандығын дәлелдейді. Түркі тілдерінің көпшілігінде -сы(н) қосымшасы III жақтың форманты екені мәлім. Осыларды ескерсек, бүйрық рай қосымшасы мен тәуелдіктің III жағының семантикалық байланысы бар сияқты. Екеуі де бөгде жақты, көз алдында көрініп тұрмаған субъектіні білдіреді. Семантикалық байланыс әдетте бір ғана форманттың әр түрлі бағытта дамуының белгісі болып отырады.

Бұйрық райдың III жағының қосымшасы -ың да о баста II жақ тәуелдік жалғауы дейтін де болжам бар. Тәуелдіктің II жағымен бұл тұлғаның сырттай ұқсастығы, әрине, айқын. Н.А.Кононов осман түріктері тілінде қолданылатын осы тұлға жайлы былай деп жазады: «Предполагают, что первоначально формально не дифференцированное имя-глагол, используемое в повелительном значении, отличалось от имени ударением, двусложное слово име-ло в таком случае ударение на первом слоге».

Сонымен жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды мынау: айқын бұйрық мәнін беретін бұйрық рай қосымшаларының қайсысы да шығу, қалыптасу тегі тұрғысынан тәуелдік жалғауларымен байланысты. Тұлғалық жағынан жіктелмеген есім-етістік түбірге қосылған ондай қосымшалар бұйрық рай мәнінде екпінсіз болған. Сонымен, бұйрық рай қосымшалары генезистік жағынан тәуелдік жалғауларымен, олар арқылы жіктік жалғауларымен байланысып жатады да, есімдіктермен келіп ұштасады.

Бұйрық раймен семантикалық та, грамматикалық та тығыз байланысты болып келетін — қалау рай. Түркологияда кейде қалау райдың бірсыпыра тұлғаларын бұйрық рай деп немесе керісінше бұйрық рай тұлғасын қалау рай деп қараудың да сондай объективтік себептері бар. Контексте кейде бұйрық рай тұлғасы қалау райлық мәнде қолданылады да, қалау рай мәнін беретін болады. Алайда мұндай құбылыс грамматикалық тұлғаның контекстік мәні ғана екені белгілі жайт. V—VIII ғасыр ескерткіштері тілінде қалау райдың I жағы -айын, -ейін, -йын, -йін жекеше, -алым, -лым көпше аффикстері арқылы жасалған: Түрк будун өлтүрейін, уруғсыратайын. Осы аффикстер еш өзгеріссіз осы мәнде орта ғасыр жазбаларында да ұшырасады. Орта ғасыр жазбаларында, әсіресе, Алтын Орда әдеби тілі ескерткіштерінде бұлардан басқа -ғайым, -гейім, -ғайын, -гейін (жекеше), -ғалым, -гелім, -ғалың, -гелің, -ғалы, -гелі түлғалары бар. Э.Наджип соңғы аффикстердің «Мухаббат-нама», «Гүлстан» поэмаларының тілінде жиі қолданыс тапқанын айтады. -ғай-ын күрделі формантының алғы бөлігінің құрамынан ғ элементінің түсіп қалу салдарынан барып -айын тұлғасы қалыптасқан. Сонда барайын тұлғасының құрамындағы түбірге тікелей жалғанған көсемше форманты емес, қалау рай тұлғасының қысқартылған түрі болып шығады. Егер түркологияда кең таральш жүрген осы пікірді ұстансақ, барғай едім құрамындағы -ғай мен -ай, -ын құрамындағы -ай генезистік тұрғыдан бір ғана тұлға болып шығады. Қазақ тілінде -айын тұлғасының варианты да бар. Махамбет шығармаларындағы -ман болымсыздық қосымшасы мен -йын қосымшаларының бірігіп, редукцияға ұшырауының нәтижесі: бар-ма-йын, бар-ма-н. Қазақ әдеби тілінде барғай едім тұлғасы норма да, барғаймын тұлғасы архаикалық элемент. Бұл тұлғаның көпше түрі -айық (барайық). Айырма соңғы элементтерінде ғана, жақтық қосымша болумен бірге сандық та қосымша. Бірсыпыра түркі тілдерінде оның орнына -мыз (м-ыз, -з көптік қосымшасы) аффиксі жұмсалатыны белгілі, -айын аффиксінің құрамындағы -ын — жіктеу есімдігінің рефлексі. Бұл жердегі өзгеріс тіл құрамында болған тарихи фонетикалық тенденциялармен байланысьш жатыр. Оны былай деп түсіндіруге болар еді: -ғай + мын>(ғ)ай + (м)ын>ай + ын>а + йы'н. Сонымен, бұл жерде фонетикалық өзгерістің нәтижесінде морфологиялық ығысу процесі де орын алған: алдыңғы қосымшаның құрамындағы дыбыс соңғы қосымшаның құрамына ауысып, орныққан.

Қалау райдың I жақ көпше, жекеше түрлерін салыстырғанда, айырмашылық тек соңғы элементтерінде ғана (-ын және -ық) еке-ні, ал алдыңғы злементтерінің бірдейлігі (-ай) көрінеді. Сөйтіп қалау рай жасайтын қосымша бұл ыңғайда біреу ғана, жекелік, көптік мән арнаулы аффикстер арқылы беріледі. Қөне түркі тілінде, сондай-ақ қазіргі кейбір түркі тілдерінде I жақ көпше мән беретін -алым қазақ тілінде осы сипатта ұшыраспайды. Тек говорлық ыңғайда соңғы элементін өзгертіп, -алық түрінде айтылады. Осы тұлғамен байланысты ескере кететін бір факт мынадай: «Кодекс куманикус» тілінде осы аффикс -алым түрінде берілген. Ал шағатай тілі ескерткіштерінде бұл тұлға кейде -алы түрінде, яғни, соңғы элементінсіз де кездеседі. Қазіргі қазақ тілінің батыс және оңтүстік говорларында да осы сипатта (-алы) айтылады. Қөне жазбалар тіліндегі -алым құрамындағы жақтық қосымша. Қазақ тілінде жақтық қосымша сақталмай, көптік қосымшамен (-қ) және -й -мен айтылатын вариант қана (-айық) сақталған.

Қазақ тіліндегі қалау райлық мән -қы, -кі тұлғалы етістіктердің көмекші етістіктермен тіркесі арқылы да беріледі. Барғым ке-леді, барғың келеді, барғысы келеді тәрізді синтаксистік тіркестер айқын тілек, қалау мәнін берудің негізгі тәсілі есебінде біздің тілімізде аса жиі қолданылады. М.Қашқари ниет, мақсат мәнін беретін бір алуан етістік тіркестері жайлы былай деп жазады: «Сөйлемде хабар беріліп отырған істі істеу оның хақы екенін білдіретін сөздер. Мұны істеуші бір істі істеуге ниет қойғанын білдіретін сипат десе де болады. Бар бұйрығынан оның хақы, оның мақсаты деген мазмұнды беру үшін барғулуқ түрінде жасалады. Сондықтан барғулуқ ерді — оның баруы керек еді, бару оның хақы, ол баруға ниетті делінеді. Ол мұнда турғулуқ ерді — бұл жерде тұру оның хақы, оның мақсаты осы жерде тұру еді». Қашқари айтып отырған тұлға күрделі, оның құрамында біздің тіліміздегі -қы қосымшасы айқын жіктеледі. Екінші жағынан Қашқаридың ол тұлғаны сипат, яғни, сын есім деп түсіндіруі назар аударуды қажет етеді. Қашқари түсінігіндегі сипат екінші жағынан қимыл есімі де. Қимыл есімі тұлғаларының мұндай қолданысы (-ғу) немесе (-қы) тұлғасымен ғана шектелмесе керек. Қашқари осындай ережені -ғлы тұлғасы туралы да айтады: «Істеушінің өз ойында сол істі істеу мақсат екенін білдіретін сипат. Бұл бұдан бұрын айтылған сипатқа істі қалай да істеу ниетінде екенін білдіру жағынан жақын... Мен сеңе барығлымын — мен саған бармақшымын, баруды ойлап жүрмін, ойымда бару ниеті бар,— дейді. Ол мүнда тұруғлы — ол бұл жерде тұрмақшы, тұрып қалмақ ойы бар. Ол меңе келгілі турур — ол маған келуі керек, келуге жазған, келуді ойлап жүр дегені». М.Қашқари көрсетіп отырған -ғулуқ, -ғлы аффикстері құранды: -ғу-\-луқ, -уғ-\-лы элементтерінен құралады. Соңғы элементтері (-луқ, -лы) бір аффикстің тарихи екі варианты, Қашқари материалдары қалау райдың жасалу жолдарын ғана көрсетіп қоймайды, қазіргі кейбір грамматика оқулықтарында ниет есімше деп аталатын форманттардың да жасалу тәсілдерін айқындайды. Осының қайсысында да міндеттілік мәнер бар. Сонымен, қалау райдың бұл түрі таза етістік түбірден емес, қимыл есім тұлғасынан жасалуы ежелгі құбылыс. Қазіргі қазақ тіліндегі барғым келеді тәрізді тәсіл де нақ осы із.



Барғым келеді тұлғасының қалау мәнінде тұрақталуын форманттардың семантикалық жіктелуімен байланыстыруға да болар еді. Атап айтқанда, етістік қимыл есім түлғасында дербес қолданудан қалып, көмекші етістікті тіркес құрамында ғана айтылатын болған. Бұл құбылыс, бір жағынан, есім мен етістік арасында болған тұлғалық жіктелуге (есім мәнінде бұл тұлға дербес айтылады: соққы, турғы, т. б.) де байланысты болса, екінші жағынан тұлғаның қолданылу аясының тарылуының нәтижесі де. Бір кезде етістік есебінде де, есім есебінде де қолданыс тапқан тұлға есім сөздің морфологиялық форманты болып толық қалыптасқан дәуірде етістік форманты ретінде дербес қолданыла алмайды. Бұл ыңғайда Богородицкий айтатын, морфологиялық жіктеліс заңын көруге болар еді.

Қазак тілінде -ғай тұлғасының жіктелуі арқылы да қалау рай жасалады. Бұл тұлға сонымен қоса, келер шақ мәнін де береді. -ғай тұлғасының ежелгі қолданысы шақ мәнін беру Орхон-Енисей жазбаларында сирек, бірақ қалау, тілек мәнінде келер шақ жасайтын тұлға ретінде қолданылған. Ал М.Қашқари -ғай тұлғасын келер шақ жасайтын тұлға деп түсіндірген. -ғай тұлғасының басқалардан айырмашылығы қалау, тілек мәнін білдіруінде. Кейінгі дәуірге қатысты «Кодекс куманикус» тілінде де айырмашылық байқалмайды: біз көңүл көзүбіле байқайбыз, иігейбіз,



жөплегейбіз, бірге күлтебегні бағлағайбыз. -ғай тұлғасының әрі шақ, әрі рай мәнінде қолданылуы ұйғыр жазуының ескерткіштері тілінде, кейінгі дәуірге қатысты Абулғазының «Шежіре-и түркін-де» де байқалады. Ал «Аттухватуз» авторы бұл тұлғаны келер шақ деп түсіндіреді. Қазақ тілінде -ғай тұлғасының шақ мәні әлсірегенде, оның қалау, тілек мәні негізгіге айналған. Мұндай трансформацияға семантикалық негіз де бар: қалау, тілек қашан да болашаққа, алдағы уақытқа қатысты айтылады.

Қазақ тілінде қалау рай барсам екен, барсаң екен конструкциялары арқылы да жасалады. Мұны Қашқари көрсететін барығсақ ерді тұлғасымен байланысты деп қарау мақұл: барығсақ ерді> бар (ығ) + са/қ ерді>барса еді. Түркі тілдеріндегі ғ, г дыбыстарының тарихи өзгерісіне келіп саяды. Сонымен, қазақ тіліндегі барсам екен тәрізді қалау рай тұлғалары етістік түбірге шартты рай қосымшасының жалғануы арқылы емес, қимыл есім тұлғасында -сақ қосымшасының қосылуы арқылы қалыптасқан. Әрине, -сақ қосымшасының езі де күрделі:. -са-қ, алдыңғы элементі етістік жасайтын аффикс. Қысқасы, барсам екен қимыл есім тұлғасынан қалыптасқан.



Шартты рай тұлғасы -са, -се V—VIII ғасыр ескерткіштерінде (Орхон-Енисей жазбаларында) -сар, -сер түрінде ұшырасады: ол ііергерү барсар, түрк будун, өлтечісен. Бұл тұлғаның қазіргі тілдегі осындай тұлғадан бір айырмашылығы — тәуелдік жалғауларды қабылдамаған. Қай жақта айтылғаны постпозициялық қолданыстағы жіктеу есімдіктері арқылы берілген. Көне түркілік -сар аффиксі кейінгі дәуірлерге қатысты жазбалар тілінде соңғы -р-сіз кездеседі. М.Қашқари сөздігінде, «Аттухватузда» тек қана -са. Бұған қарағанда, шартты рай тұлғасына жақ жалғаулардың қосылуы оның құрамынан элементі түсіп қалғаннан кейін ғана болса керек. М.Қашқари Диванында бұл тұлға шарт мағынасымен қоса мезгіл мәнін берген. Контекстік қолданылуына қарай бірде шартты, бірде істің істелуге тиіс уақыт, мезгілін білдіріп отырған. Көне түркілік -сар аффиксінің элементі түсіп қалу кезеңін дәл айту, әрине, қиын. Орта ғасыр жазбаларында тек қана -са күйінде кездессе, V—VIII ғасыр жазбаларында тек қана -сар. Алайда «Алтун яруқ» (X ғ.) тілінде -сар, -са тұлғалары жарыспа қолданылған. Малов -са түуіғасын қалау рай деп қарайды да -сар тұлғасын шартты рай деп түсіндіреді. Бұған қазіргі қазақ тіліндегі суса (су-са), қауса (қау-са), қақса (қақ-са) тәрізді есімнен осы тәрізді аффикс арқылы жасалған етістіктер де дәлел болса керек. М.Қашқари сөздігінде -са екі түрлі тұлғада жалғанатыны келтіріледі. Бірі, жоғарыдағыдай, етістік түбірге жалғану, екіншісі — қимыл есімге (көбіне -ығ тұлғалы) жалғануы. Қашқари сөздігінде соңғы тәсілге мынадай фактілер келтіріледі: «ер қурурсады — адам құртты тіледі (кұрт жегісі келді). Қөзүрседі ол меңе тон көзүрседі — ол маған тон кигізгісі келді. Татығсады ер татығсады — кісінің көңілі тәттіні тіледі. Сатығсады — сатқысы келді. Ер атын сатығсады — кісі атын сатқысы келді. Ьарығсады — барғысы келді. Ол ев-ге барығсады— ол үйге барғысы келді. Туруғсады — тұрғысы келді. Ол мұнда тұруғсады — оның осы жерде тұрғысы келді». Осыдан бұрын әңгіме болған -ығсақ тұлғасының да бұдан ешқандай айырмашылығы жоқ (Қашқаридың өзі солай түсіндіреді). Екінші бір ретте -ығсақ тұлғасы туралы «Есім сөздер арқылы сол мағығынаны (қалау, ниет) аңғартпақ болғанда, кісіні сол сөзбен байыптайды. Сондықтан ол ер ол тауарсақ — ол кісі дүниені ғана тілейді, дүниені дос тұтады»,— деп жазады. Сонда -ығсақ тұлғасы да екі түрлі түбірлерге, бірде етістік түбірге, бірде есім түбірге жалғанатын болып шығады. Есім түбірге жалғануына қазақ тіліндегі сусақ, уйірсек, жемсек тәрізді сөздер мысал бола алды. М.Қашқари тағы бір жерде — істі істеу тілегінде екенін білдіруші сипат мынадай формада қолданылады: тобуғсақ ер — іс қызметті тілеуші, сүюші кісі дейтін де ескертпе айтады. Айналып келгенде, -ығсақ тұлғасы қимыл есімі, сондықтан да ол анықтауыш қызметінде қолданыла алады.

Енді осы тұлғаларды сырттай салыстырып байқайық: -сар, -/ығ/ + сақ, -/ығ/ + са. Егер алдыңғы қимыл есім тұлғасын былай қойсақ, бәріне ортақ элемент -са келіп шығады. -сар құрамындағы де -сақ құрамындағы сияқты (оның қимыл есім тұлғасы екенін қазіргі тілде осы формада айтылатын есім сөздер дәлелдейді) қимыл есім, есімше форманты. ауыспалы келер шақ жасайтын қосымша екені барлық жазба ескерткіштер тілінен белгілі. Бүкіл тұлғаның (әуелі -сар, кейін -са) келер шақтық мән алуына бір жағынан бұл да себеп болса керек. Сонымен, шартты рай форманты -са, -се бір кезде түбір және -ығ тұлғалы туынды есімнен етістік жасайтын аффикс, жай түбір етістіктің аналогиясы арқылы етістік түбірге де жалғанып, оның модальдық түрін жасайтын болған: -ығ фонетикалық жағынан тұрақсыз, сондықтан да ол көп түркі тілдерінде сақталмаған. Соның салдарынан, -сар немесе -са аф-фиксі тікелей етістік түбірге жалғанатын болды. Ал тува тілінде -ықса сипатында ұшырасады. Яғни, ол тілде -са аффиксі тікелей етістік түбірге қосылмай, туынды тұлғаға — қимыл есім тұлғасына жалғанады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет