ПОӘК 042-16-02 32/03- 2013 №2 басылым 30. 09. 2009


Тақырып 2 Түркілік ортағасырлық мемлекеттікті құрудағы тарихи тұлғалар саясаты



бет2/6
Дата28.01.2018
өлшемі1,43 Mb.
#34667
1   2   3   4   5   6

Тақырып 2 Түркілік ортағасырлық мемлекеттікті құрудағы тарихи тұлғалар саясаты

1.Сатұқ Боғра ханның Қарахан мемлекетіндегі ролі

2.Қыпшақ қағандарының тарихи тұлғалары

3.Монғол ханы-Шыңғыс хан туралы

Тараз қаласының қақ ортасындағы Әулиеата Қарахан атымен белгілі билеушінің мазары осы кесене ішінде кім жатқандығы
туралы талай зерттеушілерді толғандырғандығы сөзсіз. Тіпті сонау қытай еліндегі небір сен тұр - мен атайын деген ғалымдар да Қарахан әулетінің шығу тегі және атауы туралы бірнеше ғасырдан бері қалам тербеп келеді. Мәселен, қытай ғалымдары Гын Шымин Қарахандар тарихына қысқаша шолу жасаса Вэй Лянтао Қарахан әулетінің шығу тегі мен оның атауы туралы жазған, ал сол мақалаларды қазақстандық ғұлама Қойшығара Салғараұлы «Таным тармақтары» атты жинақта жариялаған еді (Алматы ,«Санат», 1998). Вэй Ляңтао «Қарахан әулеті біздің жыл санауымыз бойынша 840-1240 жылдар аралығында билік құрды», деп жаза келе әулеттің шығу тегі туралы әлем зерттеушілерінің еңбектеріне тоқталады. Ал, Гың Шымин «Ислам тарихы материалдары (жергілікті тарихи материалдарды қамтиды) бұл әулетті «қаған әулеті» немесе «хан әулеті», яғни «Афрасияб әулеті» деп атайды. Кейінгі атаудың тегі парсының әйгілі дастаны «Шаинаманың» аңызындағы Тұранның батырының аты деп айтылады.

Сөйтіп Афрасияб атын түрік тіліндегі Алып Ер Тоңамен сәйкестендіреді. Осындағы «тоңа» атауы қарахандар әулетінің билігі белгісі ретінде үнемі қолданылатын атауы «табғашпен» қатысты. «Табғаш» деген атау -(күшті, пәрменді мағынасында) Қытайдың Солтүстік Вій патшалығын құрған алтай тіл жүйесінде сөйлейтін «жыба» деген ұлттың аты. Кейін келе бұл атты түріктер мен хуйху адамдары «қытай» деген атты білдіруге қолданған. Қарахандар әулеті билеушілерінің бұл атты қолдануы олардың шығыстағы отанын әсте ұмытпағанын білдіретіндігімен қатысты»,- дейді.

Қарахан әулеті қытайлықтар ғана емес, бүкіл дүние жүзі, оның ішінде Қазақстан ғалымдары да жазып жүргеніндей, IX ғасырдан бастап билік құрған болса, Афрасияб бұл дәуірден әлдеқайда бұрын - қазіргі жыл санауымыздан жеті ғасыр бұрын өмір сүргендігі белгілі. Афрасиябтың ата-тегін ғұлама бабамыз Дулат Мұхаммед Хайдар мырза да жазған. Мадай- Алып Ер Тоңаның өз әкесі - Пиш, атасы -Дад Нишин, бабасы -Тұр, ал арғы бабасы - Афридун. Осы төрт ұрпақтың өмір сүру жылдарын қосса, жүз жылдан ары кетеді ғой. Олай болса, Қарахандар әулетінің тарихы да 2800 жылдан асады.

Қарахан әулетінің негізін салушы ұлы бабамыз Мадай - Алып Ер Тоңа біздің дәуірімізге дейінгі 626 жылы осылай мерт болыпты. Қарахан атауының шығуы жөнінде қытай ғалымы Гын Шымин «Зерттеушілер кейінгі кезде: «қара» деген сөз байырғы түрік тілінде «солтүстік жақ» деген мағнаны білдіретін, кейін «басқыш», «ең жоғарғы» деген ауыспалы мағынаға ие болған деген пікірді көбірек айтып, соған қорыған тәрізді», деп жазады.

Осы орайда «хан» мен «қаған» сөздерінің түп төркіні туралы да айта кеткен жөн болар.

Осы орайда Әулие ата атанған қарахан кім деген сауал өзінен өзі туындайды. Қытай ғалымы Гын Шымин Қарахандар әулеті шамамен 1041/42 жылдары бақталастық салдарынан екіге бөлініп, шығыс, батыс тараптардағы түріктерге билік жүргізе бастады дейді. Шығыс Қарахан әулеті Қашқарды Ордакент деп атап, Баласағұнды астана еткен. Қашқарлық Махмұд ғұлама да, атақты «Құтты білік» дастанын жазған баласағұндық Жүсіп хас хажиб те осы шығыс қарахан әулетінен шыққандығы белгілі. Ал, батыс қарахандар әулетінің орталығы Самарқанд болды. Біздің Тараз қаласы шығыс қарахандар әулетінің билігінде еді. Сатук бураханның ұрпағы Махмұд бен Жүсіп қытай деректеріне қарағанда 1059 жылдан 1075 жылдар аралығында бипік жүргізген. Ол Тоғрул қарахан деп аталынған. Оның бір лақап аты - мемлекеттің заң түзілімі. Дәл осы Махмұдтың Ша-Махмұд деген есіммен 1059 жылдан бастап күміс теңге шығарғандығын австриялық ғалым Отто Прицак жазса, ресейлік ғұлама В. В. Бартольд оның отқа табынушы қара қытайларға қарсы соғыста үлкен жеңістерге жеткендігін, бірде өзі қырған сол моңғол тұқымдас қара қытайлардың өліктері Талас өзенінде қойша тоғытылғанын көргенде, жүрегі айныған соң тағын тастап, сопылық жолға түскендігін, жер астынан үңгір қазып алып, мінәжет етумен өмірден өткендігін жазған еді. Сондықтан да ол Әулиеата атанған

Міне, ең соңғы қарахан Мұхаммед бен Жүсіп атақты Айша бибінің жұбайы болғандығын басқа деректер арқылы дәлелдеуге болады.

2 Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген.

ҮІІ-Х ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді. Бір ескертіп айтатын жәйт кимектер мен қыпшақтар бір халық деп осы кезге дейін айтылып келген пікір қате, өйткені тарихи жазба деректер бойынша бұлар екі халық, бірақ түркі тілді туыс тайпалар болған.

XI ғасырдың орта кезінен бастап кыпшақтар кәзіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер «Дешті қыпшақ», яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.

XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты есті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжүқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы селжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннаи кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті.

Алайда, осыған қарамастан XI ғасырдың соңғы ширегінде қыпшақтар Маңғыстау мен Каспий теңізінің шығыс жағалауында бұрынғыша өз билігін жүргізіп тұрды. 1096 жылы "Құдіретті" хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

XI ғ. аяғы - XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Дегенмен XII ғ. алғашқы жартысында осынау қалалар қыпшақ хандары мен соларды қайтсе де басып алғысы келген Орта Азияның билеуші мұсылмандық әулеттері арасындағы қиян-кескі ұрыс алаңына айналады. Хорезмшахы Атсыз (1127-1156 жж) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз кыпшақтарды ойсырата жеңеді. Тап осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің қүрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді.

Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мүхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оньң немере інісі Алып - Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172-1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып кетеді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады.

1198 жылы Текештің үлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Дерекке көшті. Алайда, ол Хорезм шахтарына қарсы тәуелсіз саясат жүргізді.

Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысыида Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезм-шахқа тәуелді болып шықты. Хорезм шахтары қаңлы, кыпшақ, имек, ұран тайпалары топтарының жетекшілерін әртүрлі қызметке тартты. Бұдан басқа туысқандық үшін қалыптасқан дәстүрге сай, Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған. Мысалы: ХШ ғ. бас кезінде хорезмшахы Аладдин Мұхаммед қаңлылардың басшысы Әмин Мәліктің қызына үйленген. Міне осыған байла-нысты Әмин Мәлік Хорезм-шахтар сарайында маңызды рөл атқарған.

Хорезм шахы Мүхаммед /1200-1220 жж./ өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы қажырлы күресін жалғастыра берді. Бұл кезде хорезмшахы Мұхаммед Дешті Қыпшақ еліне бірнеше рет жорық жасайды. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қадырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл монғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп монғол басқыншылығының дәуірі басталады.


3 Татар-моңғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, Моңғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол тарихтағы бір деректер бойынша 1162 жылы, екінші бір деректер бойынша 1155 жылы ірі ноян Есукей баһадүрдің отбасында туған. Темучин ер жете келе негізгі қарсыластарының барлығын жеңіп, Моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің кол астына біріктірген.

1206 жылдың көктемінде Онон өзенінің сағасында Темучинді жақтаушы-моңғол ақсүйектерінің құрылтайы болып, онда ол салтанатты жағдайда Шыңғысхан деген атпен моңғолдардың әміршісі болып жарияланды. Осыдан кейін Темучин өзін хан көтерген ақсүйектердің ішкі тартысын тоқтату мақсатында көрші елдерді жаулау, оларды талау-тонау үшін үлкен әзірлік жүргізді.

Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алды. Елдің бүкіл жері мен халқы он қанат /барунғар/, сол қанат /жоңғар/ және орталық /гол/ атты үш әскери әкімшілік округке бөлініп, әрбір округте он мың адамнан түратын бірнеше түмгелер /түмен-дер/ болды. Олар өз кезегінде "мыңдық", "жүздік", "он-дықтан" кұрылды.

Өте қатал тәртібі, мүқият қүрылымы бар әскер басында моңғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдері-нойондар, багадурлар, мергендер, сечендер түрды. Шыңғысханға бүлардан басқа, өзіне шын берілген, 10 мың таңдаулы жауынгерлерден тұратын кешігі /үланы/ қызмет етті. Онын көмегімен Шыңғысхан нойондар мен феодалдарды өзіне тәуелді етіп ұстады.

1207-1208 жылдардың қысында Шынғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдін оңтүстігіндегі басқа да "орман халықтарын" бағындырды.

1208-1209 жылдары Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, таңғұттық Си Ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қаһарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар моңғолдарға ез еркімен бағынды. Олардың ел басшысы Баршық өзін Шыңғысханның бода-нымын деп мойындаған. 1211 жылы Шыңғысханның қолы Солтүстік Қытайға бет алды, 1215 жылы олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды /Пекинді/ бағындырды.

Қытайда моңғолдар соғыс ісінің сол замандағы жоғарғы техникасымен танысты. Қытайдан көптеген қару-жарақ, қамал бұзатьн машиналарын және оны қолдана білетін адамдарды, қолөнершілерді алған. Шыңғысхан өз әскерінің санын көбейтіп, жауынгерлік дайындығын одан ары жетілдірді.

Сөйтіп, ол Шығыс Еуропа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу жорығына жан-жақты әзірленді. Бүл үшін ол мүсылман көпестерінен, моңғолдардың қол астында болған босқындардан мәліметтер алып, Қарақытайлар мемлекетінің, содан кейін Хорезм шахындағы ішкі жағдай мен әскери күштер туралы деректерге қанықты, соның негізінде ойластырылған іс-қимылдың бағдарламасын жасады.

Шыңғысхан Қазақстан мен Орта Азияға жорықты Жетісу арқылы жүргізбекші болды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлік ханды талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған 1218 жылы Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді. Жетісуды Шыңғысхан әскері қарсылықсыз оңай басып алды. Моңғолдарға қарсы түруға жарамай қашып кеткен Күшлік ханның мұсылмандарды қудалауы, қаталдығы, жігерсіздігі, салықпен зар илеткен зорлық-зомбылығына ыза болған жергілікті халық Шыңғысханға мойынсынатынын білдірді. Жетісуды бағындырғаннан кейін Шыңғысханның Мәуеренахрға, сол кезде бүкіл Орта Азияны билеп отырған Хорезм мемлекетіне қарсы жорыққа жолы ашылды. Көп кешікпей оған сылтауда табылды.

1218 жылы көктемде Шыңғысхан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. 500 түйеден тұратын керуенінде монғол жансыздарын қосып есептегенде барлығы 450 адам болатын. Көп адамы бар керуен 1218 жылдың жазында Отырарға келіп жетті. Отырардың билеушісі Қайырхан Иналшық көпестерді тыңшылық жасады деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырды. Шыңғыс-хан Хорезм шахынан Қайырханды ұстап беруді талап етті. Бірақ Хорезм шахы бұл талапты орындамады, Шыңғысхан жіберген елшілерді өлтіруге әмір берді. "Отырар апаты" деп аталатын бүл тарихи оқиға Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғысын тездетті.

Орта Азияны бағындыру үшін Шыңғысхан өзіне тәуелді елдерден алған жасақтармен қоса жалпы саны 150 мыңға дейін адамы бар қалың қолды бастап шықты. Моңғол әскері Отырарға таяп келгенде моңғолдардың басшысы Шағатай мен Үгедей бастағаи бірнеше түменді қаланы қоршау үшін қалдырып, әскерлердің Жошы бастаған басқа бір шоғырын Сыр бойымен төмен бағыттады. Жебе мен Сүбедей басқарған үшінші шоғырға Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыру міндетіп жүктеді. Шыңғысхан кіші ұлы Төлемен - екеуі әскердің негізгі күштерімен Бұхараға бұрды.

Хорезмнің шахы Мұхаммед моңғолдарға қарсы тұруға дайын емес еді. Өзін онша жақсы көрмейтін жергілікті феодалдардың күш біріктіріп езіне қарсы шығуынан корыққан ол әскери күштерді әр қалаға бөліп ұстап отырған. Мұның өзі Шыңғысханға қалаларда түрған шағын-шағын шоғырларды оп-оңай қарсылықсыз құртып жіберуге мүмкіндік жасады.

1219 жылдың күзінде Шыңғысхан орасан зор армияны бастап Жетісу арқылы Мәуеренахрға аттанды. Оңтүстік Қазақстанның жергілікті халқы моңғол басқыншылығына қатты қарсылық көрсетті. Мұнда Шыңғысхан әскерлері Отырар қаласына келіп, оны қоршауға алды. Қайырхан басқарған қалада 80 мыңдай әскер бар еді. Отырар қорғанысы Қазақстан мен Орта Азияның халык бұқарасының моңғол басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресінің айқын көрінісі болды. Қарамағында қамал бұзатын техника-сы, соның ішінде жанып кететін күбіршіктер, ататын машиналары болса да, моңғолдар бұл қаланы алты ай бойы ала алмады. Қаланың құлауына опасыздық себеп болған еді. Монғол шапқыншылығынан кейін 1220-1224 жж. қазақ даласында Шыңғысханның ұлыстары құрылды. Кейіннен монғол ұлыстары өз алдына тәуелсіз иеліктерге айналды.
Тақырып 3: Қазақ хандары мен қазақ билері,

қазақ батырлары

1.Қасым хан және оның заманы

2.Есім хан және Тәуке хандар: оның заманы мен қазақ заңдарының мазмұны

3.Қазақ билері: олардың тарихтағы рөлі

4.Қазақ батырлары: Қабанбай, Бөгенбей т.б
Жәнібекұлы Қасым хан (1445-1518) – қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңлісі.

Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады. Сол кездің куәгері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» деп жазады. Бірақ Қасымның тәуелділігі Бұрындықтың ел басқарудағы қабілетсіздігіне араша түсе алмайды. Ақыры ол хандығын тастап, Самарқандағы қызына кетуге мәжбүр болады. Сонда қаза табады. Осыдан кейін барып, Қасым билікті өз қолына алады.

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Саид ханмен достық қатынас орнатады. Сондай ақ ол таяу көршілерімен ғана емес, сырт елдермен, мысалы, Мәскеу мемлекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі кінәзі ІІІ Василиймен байланыста болған.

Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәнті болған көрші елдердің тынымсыз қақтығыстан мезі болған ру-тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар араснда ерекше әйгілі болды» деп жазады Әлихан Бөкейханов.

Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жаюымен, «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конституциялық құжатының негізін жасауымен әйгілі болған ұлы хан.

Ол қартайып барып, Сарайшық қаласында өз ажалынан 1518 жыл (кей деректе 1523/24 ж.) қайтыс болады. Тарихшы А.П.Чулошников Қасымханның Сарайшықтағы мазарының ХVII ғасырдың басында құламай аман тұрғанын жазады.



Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды. Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.

Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды. Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.

Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.

Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.

Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты.

Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627-жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:

«Ей, Қатаған хан Тұрсын!

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді жылатып,

Жер тәңірісің, жатырсың,

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың!

Алтын тақта жатсаң да

Қазаң жетті қапылсың!

Еңсегей бойлы ер Есім,

Есігіңе келіп тұр,

Шашқалы тұр қаныңды,

Кешікпей содан қатарсың!»

Есім хан шошып оянған Тұрсын ханның басын алады.

«Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, Есім хан 1628-жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645-жылы қайтыс болған делінеді.

Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.

Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып - өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса - береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез - халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.

Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына келді.

Қазақ билері: олардың тарихтағы рөлі

Әлібекұлы Төле би (1663-1756) - қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар «қарашоғыр» атанған қара шаруа болған» деген дерек береді.

Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдішімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.

Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан, жыл сайын өтетін бүкіл халықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Бұл Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы шиеленісіп тұрған кез болатын.

Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен, саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан» кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым-салық төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды аңғартқандай.

Төле би Россия мен Қазақ хандығы арасындағы қарым қатынасты қалыптастыруға күш салды. 1749 жылы Орынбор губернаторы И.И. Неплюевке өзінің жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, Россияға қосылу ниетін білдіреді.

Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ таласын өршіте қолдап, ежелгі жаудың іштей әлсіреуіне ықпал жасайды. Абылай хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нояндарын алма-кезек қолдай отырып, ақырында Жоңғар хандығының құлауын қамтамасыз етеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе жүргізген сырт саясатының ірі нәтижесі еді.

Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: « Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп, айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет