Филировка, Портаменто жаттығулары.
Филировка – атауы француз тілінен filer un son – дыбысты созу деген мағнаны беретін сөзінен алынған. Филировка әдісі дыбыстың созылмалы динамикасын қаттыдан (forte) , ақырынға (piano), ақырыннан қаттыға жайлап бірте-бірте ауысу. Филировканы жақсы меңгеру – дауыстың табиғилығын дұрыс қойылғанының көрсеткіші іспетті.
«Кім филировканы жақсы меңгерсе – сол жақсы ән салады» - дейді орыстың атақты әнші педагогы И.П.Пряничников.
Филировка жаттығуларын дауыстың күшін, қаттылығын, дауыстың созылмалалағын біршама меңгерген соң бастаған жөн. Себебі, күші жоқ ,әншілік тынысты меңгермеген, дауысының созылмалылығы жоқ әнші филировка әдісін ешқашан да жасай алмайды.
Дыбысқа филировка жасау әдісі әншілік өнерде шығарманы орындауда нюанстар жасаудың басты құралы болады. Ән салғанда филировканы жоғары деңгейде еркін жасау, дыбысты ұзақ созылмалы филировка жасау әншілік өнердің ең ұзақ уақыт жаттығу арқылы үлкен қиыншылықтармен меңгерілетін әдісі. Филировка әдісі әншінің өмір бойы қолданатын өмір бойы сол әдісті жетілдіруге еңбектенетін жаттығуының ең бастысы. Бұл жаттығу кез келген шығарманы көркемдеп орындаудың негізгі әдістемесі.
Филировканы меңгеру үшін алдымен бір дыбысты ұзақ уақыт терң тыныста жоғары резонаторда форте әдісімен жеке айтып жақсы меңгеріп, сол дыбысты енді пиано әдісімен жеке орындап дағдылану керек. Екі әдісті жеке-жеке әбден меңгергеннен кейін, бір дыбыста филировка жасау жеңілге түседі. Ол туралы ұлы педагогтардың пікірлері ортақ.
Филировканы меңгеруге арналған - № 65.66.68.69.70.72 – жаттығуларды күрделігіне қарай педагогтың таңдауымен қолданған жөн.
* * *
Портаменто атауы – италиян тілінен - portare la voce (портарэ ля воче) дауысты (басқа нотаға) апару немесе тасымалдау деген мағнаны беретін сөздерінен алынған. Портаменто жеке ән салуда және ысқылы (смешковый) музыкалық аспаптарда бір дыбыстан келесі дыбысқа сырғанап ауысатын әдіс. Нота текстінде композитордың міндеттеуімен орындалатын глиссандодан, Портаментоның айырмашылығы оны орындаушы өз қалауынша орындайды. Портаментоны шамадан тыс қолдану манерлік орындаушылыққа ұрындырады. Одан құтылу әншіге қиынға соғады. Портаменто әншілік өнердегі өте күрделі әдістердің бірі.
Ноталық текстте портаменто белгісі доға екі нотаны қосып тұрады. Портаменто әдісі терция интервалынан бастап жоғары қарай қолданылады. Портаменто әдісінде доғамен жалғасқан екі нотаның арасындағы барлық ноталарды жоғары, төмен сырғанатып біргелкі орындау керек. Егер екі дыбыстың арасындағы дыбыстардың бір-екеуі таза болмаса портаментоның дұрыс орындалмағаны. Онда ол тыңдаушыға жағымсыз әсер етеді. Портаменто мелодияға, мазмұнға бір қосымша мағна беру үшін қолданады. Шығармада портаментоны көбінесе нәзік сезімді, мұңлы сезімді суреттеу кезінде немесе күлкілі әзіл-қалжыңды, қайғыны ерекшет көрсету үшін қолданады. Портаменто әдісін меңгеруге – 67.71-жаттығулар берілген.
Мелизмдер жаттығулары
(Трель, форшлаг, группетто)
Мелизм – атауы гректің - melismos (мелисмос) - әншіліктің ерекше әдісі деген мағынаны беретін сөзінен алынған.
Мелизм – мелодиялық айналымның жеке бір дыбысына әсемдік әуен беруге арналған арнаулы белгілеулер. Мелизмдер 17 ғасырдан бері қолданып келе жатқан - форшлаг, группетто, мордэнт, трель белгілері.
Трель – аутауы италияның - trillo (трилло) немесе trillare (трилларе) – дірілдеу ,тербелу деген мағнаны беретін сөздерінен алынған. Трель вокалдік музыкада әуенді әсемдеу, сәндеу үшін қолданатын екі қатар тұрған тез орындалатын дыбыстардан құралған. Оның интервалы жарты тон немесе бір тон болады. Трель астынғы дыбыстан басталса , негізгі дыбыс астынғы болады, үстіңгі дыбысы қосалқы дыбыс болады. Егер трель үстінгі дыбыстан басталса, үстінгі дыбыс негізгі, астынғы дыбыс қосалқы дыбыс болады.
Трель италияда Белканто заманында колоратуралық әншілік орындаудың бір түрі болды. Ол кезде трельді барлық дауыстар қолданды. Осы заманда трельді көбінесе жоғарғы дауыстар лирико-колоратуралық және колоратуралық сопранолар репертуарларына байланысты жиі қолданады. Трельдің нағыз вертуоз шеберлері- италияның кастрат- әншілері болған. Трельді орындау үшін көмейдің тербелісімен еркіндігі өте қажетті әдіс. Трельді меңгері үшін алдымен секунданың жарты және бір тондық дыбыстарын жай орындап, бірте-бірте тездету қажет. Трельді меңгеуге -
73.74.75.76.78.82.83.84.86.89-жаттығулары берілген.
* * *
Форшлаг – атауы немістің vorschlag (воршлаг) – алдыңғы соққы деген мағынаны беретін сөзінен алынған. Форшлаг вокалді музыкада, аспаптық музыкада негізгі әуенді (мелодияны) әсемдеумен сәндеудің бір түрі. Форшлаг ұсақ нотамен негізгі нотаның алдына жазылады. Оның размері тактыға кірмейді. Егер форшлаг қысқа әрі сызылған нота болса, онда ол алдыңғы нотаның ұзықтығына кіреді. Егер форшлаг ұзақ нота болса, ол өзінен кейінгі нотаның ұзақтығына қосылады. Форшлаг бір, екі ,үш дыбыстардан тұрады. Форшлагта трель тәрізді көбінесе жоғары дауыстардың репертуарларындағы шығармаларда қолданылады. Форшлагты меңгеруге – 77.79.81.85.87.88.- жаттығулары арналған.
* * *
Группетто – атауы италияның – gruppetto (группетто) – кішкене топ деген мағна беретін сөзінен алынған.
Группетто мелодиядағы бір дыбысқа әсемдік беру үшін төрт дыбыстан тұратын тез орындалатын қосымша әуен. Егер группетто белгісі нотаның тура үстінде тұрса, онда группетто сол нотадан секунда жоғары басталады. Ал, егер группетто белгісі нотаның оң жағында тұрса, онда группетто сол нотадан кейін орындалады. Группеттоның ұзақтығы (размері) негізгі нотаның ұзақтығының ішіне кіреді. Группеттоны таза орындау үшін әншіге ұзақ дайындық қажет. Группеттоға арналған жаттығулар – 79.80.
Аралас жаттығулар
Вокалдік аралас жаттығулар жас әншінің алдыңғы – гамма,арфеджио, хроматикалық гамма, лигато, стокатто, филировка, портаменто, мелизмдері бар жаттығуларды жеке-жеке меңгергеннен кейін, дауысын біршама қалыпқа келтірген соң орындайтын жаттығулары. Себебі, бұл жаттығулар мелодия, ритм, диапазон ,орындау әдістері жағынан күрделі жаттығулар. Бір жаттығуда бірнеше вокалдік әдістемелер қолданылады. Жаттығуларда орындау екпіні (темп) қойлмаған. Екпін жылдамдығын оқушының мүмкіндігін ескере отырып педагог өзі белгілейді. 90- номерден 101- номер жаттығулары аралас жаттығулар.
Cұрақтар:
1.Вокльдік жаттығулар туралы анықтама беріңіз?
2.Legato, non legatoлық жаттығуларына анықтама бер?
3.Стокатто, моркатталық жаттығуларға анықтама бер?
Қолданған әдебиеттер:
1.Бейсембеков А. «Вокальдік жаттығулар мен вокализдердің дауыс қоюдағы маңызы» 2012 жыл Талант баспасы Семей
2.Пряничников И. «Советы обучающимся пению» Москва 1958ж «Музгиз»
3.Доливо А.Л. «Певец и пение» Москва 1958г «Музгиз»
Жеке сабақ №3-4
Әншілердің дауысын қоюдағы вокализдің қызметі.
Жоспары:
1. Хроматикалық гамма жаттығулары.
2. Мелизимдермен жұмыс
3.Вокалдық жаттығулар жасау.
Вокализді репертуарға таңдау.
Жоспары:
1.Вокализді сольфеджио орындау.
2.Вокализді дауысты дыбыстармен орындау.
3.Вокалдық жаттығулар.
Вокалдік педагогикада вокализдің алатын орны ерекше. Вокализдер академиялық әншілерді дайындау кезінде оқу бағдарламасында бірінші курстан бастап соңғы курсқа дейін қолданыста болуы қажет. Себебі вокализ әншінің даусын қою кезеңінде дауыс қыздыру, дауыс жетілдіру, дауыс шынықтыру жаттығулары мен поэзиялық тексті бар вокалдік шығармалар, әндер, романстар.Ариялардың арасын жалғастыратын алтын
көпірі іспетті. Вокалдік жаттығулардан кейін, педагог оқушысына вокализдерді орындатады. Себебі, вокализдер дауыс қоюға арналған жаттығулардың күрделенген бір түрі. Вокализдің ән мен романс тәрізді мелодиясы (әуені) болады.Бұл да музыкалық шығармаға жатады.Бірақ, вокализ нотаның атымен сольфеджио түрінде, көбінесе дауысты «А» , «О» дыбыстарымен орындалады. Вокализдің атқаратын міндеті – дауыстың диапазонын кеңейту, дауыс техникасын шыңдау, интонация тазалығын сақтау, екпінімен созылмалығын жетілдіру, көркемдік орындаушылықты меңгеру тәрізді тағы басқа әншілік өнердің қыр-сырын меңгеруге жас әншіні тәрбиелеу.
Вокализ атауы латынның Vocalis –дауысты деген сөзінен алынған.
Әншілерге арналған вокализдер, аспапта ойнаушыларға арналған этюдтер тәрізді әншінің орындаушылық техникасын жетілдіруге арналған. Дауыс қоюға арналған вокализдердің ең көрнекті авторлары – Маркизи, Рубини, Пановка, Конконе, Абт, Ваккай, Бардоньи, Риччи, Аспелуна, Лютген, Варламов, Глинка т.б. педагог әнші-композиторлар. Вокализдердің концерттік түрлері де бар. Ол вокализдердің көркемдік дәрежесі жоғары классикалық музыкалық шығармалар қатарына жатады. Әнші даусына арналған концерттік вокализдер М.Равелдің «Хабанерасы», С.Рахманиновтың «Вокализі», Р.Галиэрдің «Дауыспен оркестрге арналған концерті», С. Прокофьевтің «Сөзсіз бес мелодиясы» т.б. көпке танымал шығармалар.Концерттік вокализдер негізінен дауысты «А» дыбысымен немесе бірақ сөзбен орындалады. Мысалы В.А Моцарттың дауысқа арналған «Alleluia» шығармасы бір ғана. «Аллелуя» деген сөзбен орындалады.
Қазақ композиторлары да концерттік вокализдер жазған. Олар – С.Мұхаметжановтың «Дауысқа арналған концерті», Е.Рахмадиев «Вокализ» т.б. Ал, қазақтың халық әндерінде фольклорлік жырлар мен термелерде вокализдер ежелден кең түрде қолданады.
Әншілердің даусын жаттықтыруға арналған жаттығулар мен вокализдер он жетінші ғасырда Италияндық вокалдық педагогтарымен композиторлардың, кастрат - әншілердің творчествасында бастау алды. Олар- Порпора, Амадори, Реди, Този, Бернакки, Маркези, Фарнелли, Гвиданни, Котумаччи, Мантуоли, Лео, Мартини т.б.
Бұл композитор - әнші, педагогтардың кейбіреуінің вокалдық жаттығуларымен вокализдерін вокалдік педагог композитор – Виктория Риччи батыс Европаның кітапханаларынан тауып, оған фортепианоның сүйемелдеу партиясын жазған. Сол вокализдер жинағын алғаш рет 1912-жылы Лондон қаласында вокалдік педагог Джозеф Вильямс бастырып шығарған. Содан бері бұл вокализдер жинағы Европа елдеріне және Россияға тараған.
Мен сол жинақтан алып, осы оқу құралына итальян композиторларының 17-18 ғасырлардағы жазылған вокализдерін кіргізіп отырмын.Себебі, бұл вокализдер өзінің стильдік және музыкалық терең мағыналығымен, қарапайымдылығымен, түсініктілігімен Италияның ескі вокалдік мектебінің алғашқы қалыптасу кезеңіндегі озық үлгілерімен ерекшеленеді. Бұл вокализдер әншілерді оқыту кезеңінің бастапқы қурстарында қолдануға қажетті оқу құралы. Өйткені, вокализдердің диапазондары шағын, ритмдік күрделілігі де шамалы, әуендері де жағымды. Вокалдік техниканың алғашқы қадамдарын меңгеруге, интонациалық тазалыққа, форшлаг, группетта, трельдерді меңгеруге тәрбиелеуге таптырмайтын материал.Бұл жинаққа вокалдік педагогтардың әншілер тәрбиелеудегі жиі қолданатын авторлары – Франц Абттың, Гаэтена Зейдлердің, Джузеппе Конконенің, Генрих Пановканың таңдамалы вокализдерде кеңінен кіргізілді. Бұл вокализдер бір жарым ғасыр уақыт бойы әншілер тәрбиелеуде ерекше маңызға ие болып келеді.
Дауыс қоюға арналған вокализдерді Кеңес одағы көлемінде музыка училищесі мен концерваториядағы ән бөлімінің оқу бағдарламасына кіргізу мәселесі 1940 жылы Москвада өткен бүкіл одақтық вокалдік педагогтар конференциясында бір – екі педагог қозғаса, ал 1949-1954 жылдары өткен бүкіл одақтық конференциясында вокализді оқу бағдарламасына міндетті түрде кіргізуге шешім қабылданды. Жас әншілерді тәрбиелеудегі вокализдің маңызы туралы белгілі педагогтар өз тәжірибелері мен бөлісті.
Қазақ халық әндерінде, термелерінде, жырларда, жоқтауларда, ,бақсылардың науқасты емдеу зікірінде – «Аха-хай», «Ги-ги-гай», «Ди-ди-дау», «Ха-лә-ләй», «А-хау», «Ей-ей-ей», «Ай-ай-ай», «Ох-ох-ох» деген дауысты және дауыссыз дыбыстарды қосып әннің басында немесе қайырмасында ұзақ вокализдер қолдану өте жиі кездеседі. Қазақтың вокалдік фольклерінде вокализдің алатын орны өте ерекше. Әсіресе вокализдер халық әндерімен халық композиторларының әндерінде өте жиі қолданылады. Сөзім дәлелді болу үшін, өзім білетін әндердің ішіндегі вокализдері бар әндерді атап өтейін.Халық әндері – «Кербез сұлу», «Дайдидау», «Көгөкөк», «Аңшының әні», «Сұржекей», «Шәпибаяу», «Қызыл бидай», «Балқурай», «Назқоңыр», «Жиырма бес», «Әупілдек» т.б, Халық композиторларың әндері – Біржанның әні – «Жамбас сипар», Үкілі Ыбрайдың әндері – «Гәкку», «Юран-ай», Ақан Серінің әні – «Сұршақыз», Естайдың әні – «Сандуғаш», Майраның әні «Майра», Кененнің әндері – «Көкшолақ», «Бозторғай», «Қайран елім қайда?», Жаяу Мұсаның әні – «Ақсиса», «Ақылбайдың әні», «Молдабайдың әні», «Ағашаяқтың әні», «Исаның термесі» тізе берсең жалғаса береді.Бұл әндер қазақ ән өнерінің нағыз інжу – маржандары. Ал, Қазақстан композиторлары – А.Жұбанов, М.Төлебаев, Е.Бруссиловский,Л.Хамиди, Н.Тілендиев, Ә.Еспаев, С.Мұхаметжанов, Е.Рахмадиев, Х.Мусин, Е.Хасанғалиев, Т.Базарбаев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов т.б. сазгерлердің көптеген әндерінде вокализдер кеңінен пайдаланады.Қазақ академиялық әншілік өнерінің қалыптасуына байланысты профессионал композиторлар әншілердің дауыс мүмкіндігіне орай, әсіресе сопрано дауысты әншілерге арналған колоратуралық вокализдерді кеңінен қолданып, әншілердің дауыс техникасын және диапазонын көрсетуге мол мүмкіндік туғызды. Ол әндер – Г.Бруссиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Ержановтың «Қуанамын», Л.Хамидидің «Бұл-бұл», «Жаулауым бақша жайнаған», «Қазақ вальсі», М.Төлебаевтің «Ақмарал сұлу еркем-ай», Е.Рахмадиевтің «Әнші бақыты», Н.Тілендиевтің «Ақшағала», «Кел еркем Алатауыма», «Жансәулем», С.Мұхаметжановтың «Көктем» т.б. әндері қазақ әншілерін өнер көгіне жұлдыз болып жарқырауына жол ашқан мәңгі өлмес туындылар.
Әншілердің даусын жаттықтыруға арналған жаттығулар мен вокализдер он жетінші ғасырда Италияндық вокалдық педагогтарымен композиторлардың, кастрат - әншілердің творчествасында бастау алды. Олар- Порпора, Амадори, Реди, Този, Бернакки, Маркези, Фарнелли, Гвиданни, Котумаччи, Мантуоли, Лео, Мартини т.б.
Бұл композитор - әнші, педагогтардың кейбіреуінің вокалдық жаттығуларымен вокализдерін вокалдік педагог композитор – Виктория Риччи батыс Европаның кітапханаларынан тауып, оған фортепианоның сүйемелдеу партиясын жазған. Сол вокализдер жинағын алғаш рет 1912-жылы Лондон қаласында вокалдік педагог Джозеф Вильямс бастырып шығарған. Содан бері бұл вокализдер жинағы Европа елдеріне және Россияға тараған.
Сұрақтар:
1.Дауыс қоюдағы вокализдің маңызы туралы анықтама бер?
2.Кең тараған вокализдердің авторлары туралы анықтама бер?
3.Вокализдің түрлері туралы айтып бер?
Қолданылған әдебиеттер:
1.Коррадетти Ирис «О мастерстве вокалиста». Сборник статей «Вопросы вокальной педагогики Москва 1976г «Музыка»
2.Голубев П. «Советы молодым педагогам вокалистам» Москва 1956г.
3.Бейсембеков А. «Вокальдік жаттығулар мен вокализдердің дауыс берудегі маңызы» 2012 ж «Талант» баспасы Семей.
Жеке сабақ № 5-6
Дауыс қою пәнінде халық әндерін қолдану.
Жоспары:
1.Халық әндерінің тарихы туралы түсініктеме.
2.Халық әнінің музыкасы және мәтінімен танысу.
3.Халық әндерінің түрлері.
Халық әндерінің дауыс қоюдағы қызметі.
Жоспар:
1.Халық әнінің мәтіні мен музыкасының авторлары туралы түсініктеме.
2.Халық әніне музыкалық анализ жасау және орындау.
3.Фольклерлік халық әндері.
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды.Фольклор деген сөз ағылшын тілінен алынған. Ол «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Фольклор шығармалары халықтың әр дәуірдегі тұрмыс – салтымен, наным – сенімімен, күнделікті тіршілігімен тығыз байланыста туады. Оларда өмірде болып өткеннің ғана емес, халықтың «осылай болса екен» деген арман, үміттері де бейнеленіп, табиғат, өмір құбылыстарына баға беріледі.
Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылыды. Көне заманнан келе жатқан ән – күй туралы халықтың аузында қалыптасқан көптеген мақал – мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы. Халықтың: «Сөз күміс - ән алтын», «Ел көркі – қыз, той көркі - ән», немесе «Ән өмір ұзартады» деген асыл сөздері осы өнерге арналған.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да ән мен күйдің құдіретін жырлап:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй – деген.
Ән мен күй шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болды. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген диуаналар, бақсылар, жыршылар, сал – серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерді, айт пен той – томалақ, түрлі ойын – сауық, отырыстардың көркі болды. Ақын - әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, ақынның келген ауылы оған зор сый – құрмет көрсеткен. Олардың аты аңыз - әңгімеге айналып, ауыздан – ауызға, ұрпақтан – ұрпаққа жетті.
Өз мазмұны бойынша, тұрмыстағы орнына сай қазақтың халық әндері бірнеше түрге бөлінеді:
1.Халықтың ескілікті наным – сенімінентуған әндер.
2 .Еңбек пен шаруашылық кәсібіне байланысты туған әндер.
3.Тұрмыс – салт әндері.
4.Эпикалық жырлар.
5.Тарихи әндер.
6.Лирикалық әндер.
7.Айтыс.
Лирикалық әндер
Халық композиторлары мен ауызекі ән шығармашылығында лирикалық әндердің түрлері ерекше орын алады. Бұл әндер өзінің музыкалық байлығы, әсем де әсерлі ән-әуезімен көркем-өнердің жоғары дәрежелі үлгісі болып саналады.
Лирикалық әндер басқа халық әндерінің түрлерімен салыстырғанда, кейінірек шыққан туындыларға жатады. Олар мазмұны жағынан өте бай және халықтың ең сүйікті ән түрлерінің бірі.
Лирикалық шығармалардың әуендері ерекше сазды, әуезді, кең ауылқымды болып келеді. Бұларға күрделі ырғақ пен көлемді құрылым тән. Лирикалық жанр адамның ой-сезімі мен толғаныс, көңіл-күйінің түрлі қырларын суреттейді. Шығармадағы жеке адамға тән мінез бен сезім көпшіліктің көңілінен шығып, ол ән халықтың рухани мәдениетіне еркін енеді.
Лирикалық әндердің мазмұны мен тақырыбы әр алуан. Бұлар махаббат сезімін, сүйікті адамның асыл қасиеттері мен ажарлы көркін («Назқоңыр», Абайдың «Айттым сәлем, қалам қасы», Мәдидің «Үш тоты құсы», Біржанның «Ақ тентегі»); сүйгеніне қосыла алмаған жастардың қайғы-зарын («Ақбөпе», Ақанның «Сырымбеті», Абайдың «Татьянаның сөзі»), толғайды. Бұл әндердің енді бір үлгілерінде сұлу табиғаттың көркем суреттері бейнеленеді(Абайдың, «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып»әндері). Лирикалық әндерде албырт жастық шақ, адамның өмірдегі орны туралы терең философиялық ой-толғамдар үлкен тебіреніспен жырланады(Абайдың «Қарашада өмір тұр», «Сұлғылт тұман дым бүркіп», Естайдың «Дүние-айы»)т.б. әндерді үлгі ретінде келтіруге болады.
Жақын адамның не жақсы көретін құсының, атының өліміне арналған зарлы әндерде қайғылы сезім, мұң әсерлі беріледі(Ақан серінің «Құлагері», «Қараторғайы»).
Осындай мазмұндық байлығына қарай лирикалық әндер екі негізгі топқа бөлінеді:
Махаббат лирикасы және табиғат лирикасы
Махаббат лирикасының мазмұны мен тақырыбы әр алуан да өте бай. Мысалы, Сегіз серінің «Назқоңыр» әні сүйген жардың көркем келбетін суреттесе, халық әні «Ақбөпе» кедей жігіттің қалың мал төле алмай, сүйген қызынан айрылып қалган күйініш сезімін бейнелейді.
Халық әнші-композиторларының сүйікті жарын суреттеген туындыларының тілі айшықты, өрнегі мол, метафора, теңеулерге өте бай. Мысалы, Ыбырай Сандыбайұлының «Гәкку» әнінде қыз бейнесі аққуға теңеледі:
Түрленіп тоқсан түрлі ән саламын,
Жай тастап құлашымды, кең аламын.
Түскенде сен есіме, ерке Гәкку,
Құлпыртып осынау әнді толғанамын.
Қазақтың бай табиғаты халық ақындары мен композиторларын әдеби-музыкалық суреттерді шырқауға шабыттандырды. Табиғат суреттері адамның шындық өмірімен оның ой-толғауларына, шаттығымен күйінішіне тығыз байланыста туды. Мысалы, халық әні»Айкөке» адамның жер анаға деген махаббаты мен қуанышын анық сездіреді:
Сырымбет биік асыр қатар кезең,
Жарасып таудан құлай аққан өзен.
Ұқсаған биқасапқа көк шалғыны,
Көк орай қайың мен тал-бәрі де әсем.
Табиғат лирикасының тағы бір әдемі үлгісі-«Япырай» әні. Бұрыннан авторының есімі белгісіз бұл шығарма қазргі кезде аты халқымызғақайта оралған тамаша ақын, жазушы, ұстаз Мағжан Жұмабаевтың әні деп танылды.
Бұл әсем де назды әнде табиғат көркемдігі және туған жерін, жарын сағынғанадамның нәзік күйінішті көңіл-күйі бейнеленген:
Жаратылыс дүниесінің толып жатқан құпия сырларына табыну, табиғат құбылыстарының дүлей күшінен қорқып, соған еріксіз сыйынып, жалбарынудан туған әндер тобына Бақсылар сарыны, Бәдік, Арбау әндері жатады. Адам баласы табиғаттың қорқыныш тудыратын үрейлі құбылыстарының бәрін тәңірге санап, күнге, бұлтқа, желге табынып келген.
Ескілікті наным – сенімнен туған әндердің бір алуаны – бақсылар сарыны. Бақсылар сарынының негізгі мақсаты – түрлі ауруларды емдеу. Бақсы жын, пері, албасты басты делінетін ауруларды қобыз арқылы сарнап, көшіреді.
Қазақтың емшілік кәсібінен туған бәдік әндерінің өз заманы үшін өмірлік мәні болған. Өйткені, ол адам баласына қас күштер мен әртүрлі ауру, індет «иелерін» әсерлі, сырлы сазбен көшіріп, көндіруге болады деген сенімнен шыққан еді.
Еңбек және шаруашылық әндері.
Халықтың ән шығармаларының ең көне жанрының бірі – еңбек жырлары – ел тұрмысының шындық суреттемесін, қарапайым шаруалардың күнделікті өмірін бейнелейді. Еңбек және шаруашылыққа байланысты туған өлең – жырларға төрт түлік туралы, аңшылық және наурыз әндері жатады. Еңбек және шаруашылық өлең – жырларының ішіндегі ең көп тарағаны – төрт түлік мал туралысы.
Үйлену тойының дәстүрлі әндерінің бірі – беташар. Бұл ән келін күйеуінің ауылына келіп, жаңа үйге түскен кезде айтылатын жыр. Қазақтың көне дәстүріне байланысты жаңадан түскен келіннің бетін көрсетпей, желекпен жабады. Бет ашу дәстүріне үлкен мән берілетін. Сондықтан бұл жырды орындау үшін арнайы шешен ақын шақырылып, ол жиналған топқа келіннің бетін әнмен ашады.
Халық әндерінің дауыс қоюдағы ерекшеліктерін ескере отырып, қазақтың халық әндерінің негізінде онға тарта вокализ жаздым. Осы жинаққа
«Елім-ай», «Дайдидау» әндерінің негізінде жазылған екі вокализді кіргіздім. Әрбір қазақ баласы тілі шығып есі кірген соң, бірінші айтатын әні «Елім-ай» әні болатын.Әрбір қазақ баласы қолына домбыра алғанда, бірінші ойнап үйренетіні де «Елім-ай» әні болатын. Себебі, «Елім-ай» әні үйренуге өте оңай, диапозоны бір октаваға жетпейтін алты дыбыстан ғана тұратын ән. Әннің құрылымы да дауыс жаттығуы тәрізді минорлық гамма түрінде басталып одан кейін сол гамманы қайталаудан және бір ғана жерінде терция интервалы бар, басқа құрылымы дыбыстардың жоғары, төмен рет -ретімен қозғалуынан тұрады. Менің бірінші вокализ етіп «Елім-ай» әнін алғаным, жас әншінің дауыс мүмкіндігіне өте ыңғайлылығын пайдалану мен бірге, әр -бір өнер жолына аттаған қазақ баласы, қазақ халқының сонау«Ақтабан шұбырынды» заманынан бергі ән ұранына айналған «Елім-ай» әнін білуге тиісті екендігін мақсат еттім.
Ал, «Дәйдидау» әні вокалдік жаттығулардың элементтері мен вокализдік шығармаларға етене жақын әуендік құрылымының үндестігімен ерекшеленеді.Өзі дайын тұрған вокализ.Бұл вокализ ортаңғы, жоғары дауыстарға, дауыс диапозонын кеңейтуге, кантилена әдісін меңгеруге ,дауыс екпінін жетілдіруге қажетті жаттығу болады.
Сұрақтар:
1.Халық әндеріне анықтама бер?
2.Халық әндерінің қандай түрлері бар?
3.Лирикалық әндер туралы не білесің?
Қолданған әдебиеттер:
1.«Гаухар тас» әншілік өнерге арналған хрестоматия 1-ші том Алматы 2009 жыл «Өнер» баспасы.
2.«Сұршақыз» әншілік өнерге арналған хрестоматия 2-ші том Алматы 2010 жыл «Өнер» баспасы.
3.Затаевич А. «Қазақ халқының 1000 әні» Москва 1963 жыл «Музыка» баспасы.
Жеке сабақ №7-8
Сахана тілі және дикция.
Жоспар:
1.Сахана тілі туралы түсінік
2.Шығарманы орындау кезіндегі фразировкамен жұмыс.
3.Дыбыстардың алмасуы.
Вокалдық шығармаларды орындаудағы поэзиялық мәтінді дикциялық, артикуляциялық анықтығы мен жұмыс істеу.
Достарыңызбен бөлісу: |